Тіл Жанның жайын жарыққа шығару жолы. Жанның жайын жарыққа шығару үшін, жанның сырын сыртқа білдіру үшін адамның екі құралы бар: біреуі – мимика, біреуі – сөз. Мимика дегеніміз – жанның сырының дене арқылы сыртқа білінуі (бас изеу, күлу, жылау сықылды). Мимика тілін әркім-ақ ұғады. Бірақ мимикамен бар нәрсені ұқтырып болмайды. Мимика – ішкі сезім тілі. Мимика арқылы ойды жарыққа шығаруға мүмкін емес. Ойдың тілі – сөз. Біз сөз арқылы ғана неше түрлі ойымызды сыртқа білдіре аламыз һәм басқа адамдардың ойларын біле аламыз. Сөз болмаса, адамда білім болмас еді. Атын атап, сөзбен бекітіп тастамасақ, жанда суреттер, ұғымдар тұрмас еді. Сөз болмаса, сөзбен адамзаттың бірін-бірі ұғысуы болмаса, жер жүзіңдегі осы күнгі адамзат тұрмысы деген тұрмыс та болмас еді.
Қысқасы, жан көріністерінің ең қымбаты – ой, ой тілі – сөз.
Тілдің адам өмірінде һәм ұлт өмірінде ұстаған орны. Тіл – адам жанының тілмашы. Тілсіз жүрек түбіндегі бағасыз сезімдер, жан түкпіріндегі асыл ойлар жарық көрмей, қор болып қалар еді. Адам тіл арқасында ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады. Ойлаған ойын сыртқа шығарып, басқаға ұқтыра алса, адамның не арманы бар. Жазушы, ақын деген сөз – ойлаған ойын әдемілеп жарыққа шығара алатын адам деген сөз. Тілі кем болса, адамның қор болғаны. Ойың толып тұрып, айтуға тілің жетпесе, іш қазандай қайнайды да. Қысқасы, адамның толық мағынасымен адам аталуы тіл арқасында.
Тіл әрбір адамға осындай қымбат болса, әрине, ұлт үшін де қымбат. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Казақтың сар даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші. Қазақ тілін қолданбақшы. Осы күнде-ақ айналып келе жатыр. Татардың әдебиет тілі жыл-жыл сайын қазақ тіліне жақындап келеді. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік елінің келешек тарихында қазақ ұлты төрден орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік.
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
Таралған түрік балаларын бауырыңа
Ақ қолыңмең тарта аларсың сен, тілім.