Қайраттыөркендету жолдары 1) Тәрбиеші баланы денесін дұрыс билеп, дұрыс қозғалуға үйретсін. Дене мүшелері қайраттың тез қозғалатың, тез орындайтын қаруы болуға тиісті. Бала мүшелерін теріс қозғап үйреніп бара жатса, тәрбиеші тез түзесін. Сол уақытта бала қандай іске қай мүшені қозғау керек һәм қалай қозғау керек, соған әдеттенбекші. Жазғаңда, тіккенде саусақтарды қалай ұстау сықылды.
Тәрбиеші баланы әсіресе жан істерін қайратқа дұрыс бағындыруға үйретсін. Бала әсіресе тілегіне қожа бола алмайды. Не тілесе, соны жүзеге шығарғысы келеді. Бала болмайтын нәрсе болмайды деп ұғады. Тура мағынасымен аспандағы айға ұмтылады. Тәрбиеші баланы осындай қияңқылықтан сақтауға міндетті. Балаға әрбір тілектің алдын, артын, болдыратын һәм болдырмайтын себептерін салмақтатып, тексеріп үйретуге міндетті. Терең тексеріп келіп, тілекті жүзеге шығару қайраттылық болатыны сықылды, тексеріп келіп, тілекті тоқтатып қалу да зор қайраттылық. Есте болу керек: арыстан айға шапса, мерт болмақшы, өтпес жарлық бойға қорлық болмақшы. Тілектің алдын, артын тексеріп үйренген адам балалықта ебетейсіз еркеліктен, қияңқылықтан, есейгенде есерліктен аман болмақшы.
2) Баланың қайраты күшті болуы үшін тәрбиеші баланың барлық ісін тізгіндей бермей, әрбір істе балаға ерік берсін. Бала өз еркімен денесін қозғап, жүгіріп үйренсін. Әсіресе жанды жұмсап үйренсін. Яғни бала өз бетімен бір нәрсені тілеп, сол тілектің алдын, артын тексеріп, сонан соң иә болдыруға, иә болдырмауға өзі әдеттенсін. Сол уақытта баланың қайраты өркендемек. Әрине, баланың ісі, тілегі пайдасызға, зиянға айналып бара жатса, тәрбиеші кіріседі ғой. Бірақ баланы ылғи тізгіндеуден сақтану керек.
Әдет. Әрбір іс дене ісі болсын, жан ісі болсын, алғаш істелгенде бірталай қиындықпен істеледі. Екінші істелгенде қиыңдық біраз жеңілденеді. Егерде көп істесек, ол істі тіпті жеңіл істейміз. Және сол істі ылғи істегіміз келіп тұрады. Істемесек, бір нәрсені жоғалтқандай боламыз да тұрамыз. Белгілі шарттар болғанда, белгілі бір түрде іс істеу әдет деп аталады. Мысалы, жазған уақытта саусақтарды былай ұстау, әрине, қиын. Оған қанша қайрат жұмсалады. Бірақ біраздан тіпті жеңілге айналады. Ойламай-ақ, ешбір қайрат жұмсамай-ақ, саусақтарымыздың өзі солай икемделе береді. Адам өмірінде әдет көп орын алады. Лейбниц деген ғалым адамның барлық ісінің төрттен үшеуі әдет болады дейді.
Әдеттің адамға көп пайдасы тиеді: 1) Әдет арқасыңда адам белгілі ғана істерді істеп, тақақтап ұшына шығады, анық орындайды. Әрбір істің басын шала бермейді. 2) Істің тиянақты, көрікті болуына себепкер, әдеттенген істі адам тиянақты істейді. 3) Уақытты һәм күшті далаға жібермейді, бәлки үнемдейді. Әдеттенген істі көп күш жұмсамай адам тез һәм жеңіл істейді. Әдеттену болмаса, адам бір істің соңында мыжып отырып қалып, басқа жаңа істерге уақыты болмас еді. Әдет – әсіресе, тәрбиешінің қолында күшті құрал. Әдеттендіру арқасында ғана баланы дұрыс жолға салуға мүмкін. Шекспир: «Жақсы әдет – жақсылыққа бастайтын періште»,– дейді. Орыстың тәрбие ғалымы Ушинский: «Жақсы әдет – өсімге берген ақша, адам өмір бойы соның өсімін пайдаланады. Жаман әдет – борыш, адам өмір бойы сол борыштың бір өсімімен азап шегеді»,– дейді.
Адам өмірінде әдет осындай зор орын алатындықтан, тәрбиеші барлық күшін жұмсап, баланы неғұрлым жақсылыққа әдеттендіруге міндетті. Бала нашарлыққа бір әдеттеніп қалса, оны қайта түзету оңай нәрсе емес, есте болу керек. Ауру қалса да, әдет қалмақ емес. Әдет тым бойға сіңсе, құмарлыққа айналады.