Тас дєуірі кезењі, тарихи ескерткіштер



бет18/33
Дата18.11.2023
өлшемі0,9 Mb.
#124303
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   33
Байланысты:
Ұлы Дала өркениеті. Оқу құралы

2.3 Үйсіндер мен қаңлылар

Б.д.д. ІІ ғасырда Қазақстан аумағын мекен еткен тайпалар ерте мемлекеттік билік құрылымын қалыптастырды. Бұлардың этникалық тарихы Орталық Азияны сол кезге дейін үстемдік құрған сақ тайпаларымен тығыз байланысты болған Үйсіндер мен Қаңлылар. Тиграхауд сақтардың жерін мұра еткен үйсіндер Жетісуға Орталық Азияның түкпірінен келген еді. Олардың жерлері өте ауқымды болды: солтүстігінде Балқашпен ұштасса, батысында Таласқа тіреліп Қаңлылармен шектесті, шығысында Ғұндармен шекаралас болды, ал оңтүстігінде Ферғанамен ұштасып жатты. Оның негізгі орталығы Жетісудағы Іле аңғары, ал астанасы Чигучен (Қызылалқап) Ыстық көлдің жағасында орналасты.


Қытай жазбаларында алғаш ежелгі Қазақстан жерінде құрылған мемлекеттерінің шаруашылығы, қоғамдық және мемлекеттік құрылымы, тәлім-тәрбиесі, діні мен әдет-ғұрпы жөнінде бағалы мәліметтер баршылық. Қытай деректерінде үйсін халқында сақ пен юэчжилердің қаны араласқан делінеді.
Үйсін тайпасы жөніндегі ежелгі қытай жазбаларында мәліметтер мен деректер олардың бір кездерде Іле өңіріне келіп қоныстанғаннан кейінгі уақытта аса күшті тайпалық мемлекет ретінде тарих сахнасына шығып, өз тұсында едәуір ықпалды болғанын баян етеді. Соның ең бастылары, мәселен: ертедегі қытай хандары кезеңінде (б.д.д. 475-221 жж.), Чин хандығы құрған тұста (б.д.д. 221-206 жж), Хань хандығы билік құрып тұрған уақытта (б.д.д. 206 жылдан бері қарай) жазылған қытай терістігі мен батыс өңірлерінен мағлұмат беретін тарихи жазба деректерден табуға болады. Онда үйсіндер сэ (сақ) және ұлы жүз (юэчжи) тайпаларын талқандап, олардың елін бостырып, жерін тартып алғаннан кейін, Іле және Ыстық көл өңіріне келіп мекендейді. Осыдан кейін олар аса күшті мемлекет құрған.
Қытай тарихшысы Сыма-Цянь мен Бан Гудың «Ханнамасы» мен «Жылнамасында» мынадай деректер бар: «Үйсін мемлекетінің жері ... ұлан-байтақ кең, әрі жазық, жауын-шашыны көп, ауа райы суық, тауларда қалың қарағай өседі. Егіншілікпен айналыспайды. Малмен бірге жайылым-суат жағдайымен көшіп жүреді. Әдет-ғұрпы ғұндарға ұқсайды. Бұл елде жылқы көп, байларында 4-5 мың жылқы болады. Халқы қайсар, батыр келеді. Сенімсіздік істегендерге қатты өшігеді, ұры-қарысы жоқ. Ең күшті мемлекет. Бұрын хунға (ғұн) бағынышты болған, кейін күшейді де, оның бұғауынан құтылып, оған бағынбайтын болған...» . Мұны біз тарихтағы үйсін тайпаларының тәуелсіз тайпалық бір мемлекетке айналуына басты себеп болған жағдай деп қарасақ, шындығында қытай деректері осы тұстағы жазбаларында қандас тайпаларды ыдыратудың айла-шағын қолдана отырып өз қылықтарына үйлесімді жұмсаған. Мәселен, бұл жөнінде қытай жазбаларындағы «Хань хандығының тарихы» атты кітаптың «Үйсіндер» атты тарауында: «Үйсіндер Шығыстағы атамекендеріне қайтадан көшіп келіп қоныстанатын болса, Хань хандығы қыздарын беріп, құдандалы жекжат болып, хундар (ғұн) бірлігіне қарсы тұрмақшы» деген сөзін арнайы түрде жеткізген.
Б.д.д. 53 жылдары үйсін тайпасы ішінде үлкен алауыздықтар мен таққа таласу басталды. Соның салдарынан үйсін мемлекетін ғұндардың Шөже тәңірқұты қаңлы тайпасымен бірлесе отырып, оларды ойсырата жеңеді. Б.д.д. 44 жылдың екінші жартысында жасаған шабуылында ғұндар мен қаңлы тайпалары үйсіндердің астанасы болған Чигучен қаласын басып алады. Халқын тонап, малын олжалайды. Сонымен үйсіндердің батысындағы мың шақырымдай жер құлазып бос қалады.
Қорыта келгенде, б.д.д. III-I ғасырларда іргелі ел болған үйсін мемлекеті түркі халықтарының түп қазығы екендігіне күмән болмаса керек. Үйсін құрған мемлекетке 120 мың түтін қараған, жан саны 630 мың болып, 188 мың сайлаулы әскер ұстаған. Ең үлкен билеушілері Күнби (гуньмо) деп аталған. Ол елде тұтас әскери және әкімшілік құқықтарды басқартатын мемлекеттік билік түрі болған. Үйсіндердің тайпалық рулары ұлан-ғайыр жерді өздеріне қаратып, нәсілдік жағынан туыстас тайпалардың қуатты одағын құрады. Үйсіндер одағы көршілес тайпалардың экономикалық жаңа саяси өміріне де зор ықпал етті. Мысалы, үйсіндер Солтүстік Қытайдағы Хунну (Ғұн), Хорезмдегі Кангүй (Қаңлы), Памирдегі Кушан тайпаларымен араласты. Үйсіндер жартылай отырықшы ел болған. Кіші Алматы өзенінің сағасынан табылған үйсін қыстауы да бар. «Горный гигант» совхозының тұрған жерінен үйсіндер тұрағы табылды. Оны сол жерден аршылған түрлі ыдыс-аяқтар дәлелдеп отыр. Үйсіндерде мал шаруашылығы мен егіншілік кәсібі қатар дамыды. Құлдық және феодалдық құрылыстың нышандары басым рулық институттары бар ертедегі таптық қатынастар қалыптаса бастады, малға деген жеке меншік нығайды. Малға, салтмінетін аттарға, ыдыс-аяққа сонау сақ дәуірінде пайда болған рулық, қауымдық, жеке меншіктік иелікті білдіретін таңба басу дәстүрі кең тарады.
Үйсін заманының қорғандары үлкен, орташа және кішкене болып бөлінді. Үлкен қорғандарға (Теңлік қорғаны, Талғар обасы, Қаракөл және Буранин қорғандары) бай және атақты адамдар, тайпа көсемдарі, патшалар жерленді, қымбат, бағалы алтын әшекейлер, биліктің белгісі – гүрзі, мөр кездеседі. Орташа қорғандарға (Шарын өңіріндегі Қаратума обасы) қауымның қатардағы мүшелері, жауынгерлер жерленген; қыштан және ағаштан жасалған табақтар, ұсақ қола, кейде алтын, әшекейлер, темір семсер, қанжарлар ұшырасады. Кішкене қорғандарда (жұпыны бұйымдар, бір-екі ыдыс, қола әшекейлер бар, ал қару-жарақ жоқ) кедейлер мен құлдар жерленген. Үйсіндер этнотипінде қазақ халқының қалыптасуына қатысқан кейінгі рулар тобының аттары сақталды.
Қазакстан жерінде тарихта елеулі із қалдырған ірі мемлекеттік құрылымдардың бірі - Қаңлы мемлекеті. Бұл туралы алғаш рет б.д.д. II ғасырдағы жазба деректерде айтылады. Осы деректерге сүйенсек, бұл мемлекеттің территориясы Оңтүстік Қазақстанның ауқымды аймағы мен Ташкент ойпаты кіреді. Шығысында Талас бойы, батысында Арал өңірімен ұштасып отырды. Бірлестік билеушісі Дуанның (Ферғана) астанасы Эрти қаласынан солтүстік-батыста ірге тепкен Битянь қаласында орналасқан. Ғалымдардың бірі түркі тілдес десе, екіншілері Иран тілдес халық деседі. Қуатты мемлекеттік бірлестік болған. Б.д.д. І ғасырда құрылған «ерте Хань әулетінің жылнамаларында» Кангюй билеушісінің қол астында 600 мың халқы болып, әскерінің саны 120 мыңға жеткен дейді. Қаңлының ұлы билеушісіне 5 иелік бағынышты болыпты. Қаңлы мемлекеті өз алдына жеке саясат ұстап, көрші елдердің сырт жауларына, басқыншыларына қарсы күрестеріне жәрдемдесіп отырды. Б.д.д. 46-36 жж. Қытай империясына қарсы көтерілген солтүстік ғұндарға көмек беріп, біздің дәуіріміздегі 85 жылы Шығыс Түркістан қалаларын иемденбек болған қытайлықтарға қарсы көтеріліске шыққан Қашғар билеушісіне әскер жіберді. Мұндағы қаңлы саясатының жалпы бағыты Ферғана арқылы Шығыс Түркістанға өтетін сауда жолына ықпалын сақтап қалу еді. 270 жылдардағы мәліметтерге қарағанда мемлекеті жекелеген елдерге елшілік жіберіп отырған. Бесінші ғасырдаң ортасында Қаңлының күш-қуаты кеміп, Эфталит мемлекетінің құрамына енеді. Бұдан кейінгі кезеңде ол тайпа атауымен ғана белгілі. Шаруашылықтың маңызды бір саласы – мал өсіру болған. Хорезм, Арал өңірі, Ташкент оазистерінде суармалы егіншілік жетекшілік орын алды. Дәнді дақыл егіп, бау-бақша өсірген туралы Қытай деректерінен көруге болады. Елді мекендерінің жұртынан бидай, бидай сақтаған ыдыстар, қол диірмен, астық пен бау-бақша өнімдерін сақтайтын құмыралар табылды. Жерді тас кетпендермен өңдеген, жер өңдеуге сүйектен жасалған құралдар да қолданылған. Жетіасар аймағында өзеннен егістікке қарай келте тартылған (40-50 м) арық, атыз, әуіт және кішігірім су бөгендерінің орны табылды. Оған қосымша аң, балық аулауды да кәсіп еткен. Қаңлылардың материалдық мәдениеті негізінен қоныстар мен обалардың орнынан табылған заттар бойынша анықталып отыр.
Орталық Сырдария аймағында (Шаш, Отырар, Қаратау) тараған қаңлы материалдық мәдениеті тарихи әдебиеттерде Қауыншы, Жетісай, Отырар-Қаратау мәдениеті делінсе, ал І-мыңжылдықтың басынан бастап Сырдарияның төменгі ағысында бұлармен тектес Жетіасар мәдениеті деп аталады. Жетіасар мәдениетінің жұрттары көлемінің кеңдігімен, орналасуының айрықшалығымен және материалдық мәдениетінің ерекшелігімен сипатталады.
Қазір ондаған қаңлы қоныстары белгілі. Ең ірі ескі қоныстардың бірі – Алтыасар. Ол трапеция пішінді болып келген төбе секілді. Алтыасар, Ақтөбе, Қарауылтөбе т.б. қоныстарды зерттеудің нәтижесінде оны мекендеген халықтардың өмірін, мәдени табыстарын байқауға мүкіндік туды. Қауыншы мәдениетінің неғұрлым жақсы зерттелген ескерткіштерінің бірі – Шардара маңындағы Ақтөбе конысы. Қаңлы қоныстарында көптеген тұрғын үйлер мен шаруашылыққа қажетті құрылыстар болған. Олардың сыртына дуалдар соғылып, ор қазылған. Кірпіштен тұрғызылған монументальді құрылыстар, архитектурасы күрделі ғимараттар мен ою-өрнектер ежелгі қаңлылық мәдениетінің жоғары дәрежеде болғандығының бір айғағы. Үй шаруашылығы кәсіпшілігінен ұсталық пен қыш ыдыстар жасау ісі, түрлі зергерлік өнер мен тас, сүйек өндеу өнері кеңінен таралған. Жазба деректер мен археологиялық қазбаларға қарағанда Қаңлы мемлекеті Орта Азия мемлекеттерімен, Кавказ, Рим, Қытаймен қарым-қатынаста болған. Б.д.д. II-I ғасырларда қаңлылар өздерінің шаҺарларын соққан. Қаңлы тайпалардың саяси бірлестігі мемлекеттік құрылысқа тән көптеген белгілер орын алды деген қорытынды жасауға негіз бар.
Қаңлылар одағында дамыған әлеуметтік-саяси иерархиялық құрылым археологиялық қазбалардан айқын көрінеді. Оларға сан-салалы әкімшілік-саяси аппаратпен байланысып жатқан жоғары дамыған әскери ұйым да тән болды. Осы негізде үйсін және қаңлы тайпалық одақтарына - мемлекеттік құрылымға тән жекеленген белгілермен ерте мемлекеттік нышандары бар: әкімшілік, күштеу аппараты, әскери ұйым биліктің мықты жүйесі қалыптасты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет