Төрткүл дүниенің төрт бұрышын түгел билеп, әлемді аузына қаратқан түркі тектес елдің түп атасы – ғұндар кейін көптеген ұлттардың құрамына еніп, мемлекеттерінің өсіп-өркендеуіне негіз болғаны тарихқа белгілі. «Қазақ Совет энциклопедиясында» Ғұндар түркі тайпаларының түп атасы екені ашып айтылған. В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам т.б. ғалымдар да солай дейді. Олар ғұн мен оғыз екеуі бір ел деп дәлелдейді. Оған қарағанда Арғұндар ежелгі ғұндардан таралып, солардың атының этнонимі түрінде сақталғаны байқалады» делінеді. Негізінде дұрысы арғын емес, арғұн немесе арғы(ару)ғұн болу керек. Академик Әлкей Марғұлан жариялаған Еділ (Атилла) патша заманынан бері ел аузында сақталып келген «Алаңқай батыр» туралы жыр-дастанда «Арғы атам менің Арғұнбек, Жалғыз шауып жауды алған» дейді. Осы дастанның құндылығы, біріншіден – Арғұндар атауы Еділ заманынан да бұрын белгілі болуы; екіншіден – ғұн, Еділ заманынан сақталған жазба деректермен астасып жатуы. Яғни, жырда аталатын тарихи тұлғалардың аттарында Еуропаның жазба деректерімен ұқсастық кездесіп отырады. Мысалы, Геродот скифтің патшасы Тарғытайдың үш ұлы болған дейді, олар: Липоксай, Арпоксай, Қолақсай. Осы ұқсастық жырда аталуы: Молақсай, оның баласы Алаңқай – Арпақсай, нағашысы Құлансер – Құлансай – Қолақсай зерттеушіге сырды ашуға мегзейді. Геродот «Мельпонема» кітабында: «... ағаштан істеген үйлері бар, оны ақ кигізбен жабады. Төңіректегі жұрт оларды киелі санайды. Көрші елдердің дау-шараларына төрелік айтады. Бұл халықтың аты аргиппей» деп, басқа да ерекшеліктерін жазады. Птоломей б.д.д. ІІ ғасырда ғұндар (ғұн атауын қателіксіз белгілеуінде) Солтүстік Кавказда отырғанын айтады. Келесі айтылатын бір жәйт, ғұндардың еуропада ертеден мекендегенін қазақтың аңыз-ертегілердегі, ауыз әдебиетіндегі археологиялық скифтердің қорғандарынан табылған заттарындағы мол деректер растай түседі. Сол замандағы оқиғалар Еуропа жылнамашыларының жазба деректерінде көптеп сақталған. Брунгильдтың «Нибелунга дастанында» басты кейіпкер - Еділ. Францияның Мез, Арденны департаменттерінің жерінде Аргонны деген қырат бар. Осы қыраттан ағатын екі өзеннің ортасында Арғұн тоғайы (Аргонский лес) дейтін қалын орман бар. Белгілі қоғам қайраткері Луи Арогон өмірбаянында өзінің осы жерде туғанын, ал Арагон деген ат ертедегі ғұндарға байланысты екенін ашып айтады. Мұндағы айтылып отырғанымыз Луидті ғұнға айналдыру емес, осы жайт Еуропа жұртына белгілі екендігі.
Көшпенділермен алғашқы кездескен эллиндер кейінгі ұрпақтарына салт атта отырған жауынгерлерді бірінші көргенде «кентаврлар» (человек лошадь) деп үрейлі атау қалдырды. Эллин, Рум, Византиялықтар екі теңіздің ортасында мекендеген халықты гипорборейлер, жалғыз көзді құбыжықтар деп атапты. Бұл жердегі бір гәп (жалғыз көз деген сөздің тарихын ашу) ғұндардың қолданған ұранында болуы керек. Шынайы түркі тілінде ғұн, гүн, һүн бір ұғым береді – «күн» немесе «шығыс» деген мағынаға саяды. Басқа елдерге төрт көзді Ғұндар бірлігіне жататын: Арғұнда, Барғұнда, Өрғұнда, Дарғұнда бір ғана ғұндар болып табылады. Төрт ірі тайпадан құрылған бірлестік сыртқы жұртқа бір ғана ғұн болып танылғанымен, өздерінің аумақтық және басқа да себептерге байланысты өзара бір-бірін өрдегі ғұндар (өрғұн, орхұн, орхон ), дара ғұндар (дарғұн, таргин, даргин ), бергі ғұндар (бұрғұн, барғұн, барын ), арғы ғұндар (арғұн, аруғұндар) деп бөлініп отырған. Осы ғұндардың негізгі белгісі - өзінің атына сай және күншығысты мегзейтін күн таңбасы – дөңгелек күн суреті. Әлемге жайылған ғұндар осы таңба арқылы танылған. Бір көз, екі көз, үш көз, төртеуі біріксе, төрт көз суретін салған туларын желбіретіп, көрші елдерге ел бірлігін айбар қылып көрсетіп, бірліктерін осылай бекітіп отырған. Қазақтан қалған мұра сөз - «Төрт көзің түгел болмай...» деген нақыл сол кезден келіп отырған жоқ па? Еуропа елдеріне ишкуз деп атын қалдырған ел – осы ғұндардың үш тайпа бірлігі – үш көз. Монғол ханы Мөңкеге бара жатқан Людовик ІХ – елшісі, монах В.Рубрук Іле алқабында «Эквиус қаласында болдым, одан шығып қарлықтар астанасы Қойлықта болдым. Онда мұсылмандармен бірге, өздерінің шіркеуі бар христиандар тұрады екен»- деп, жазады. Сондағы қазіргі Дунгановка селосының орнында болған Эквиус – ғұндардың Екі көзі болуы мүмкін. Осы ру-тайпалар мен тайпалық одақтардың аты қазақ ішінде қазіргі күнге дейін сақталуда. Әрбір рудың өзіне тән таңбасы және ұраны бар. Бұл таңбаны ерте кезде рудың малына басқан, сол рудан өлген адамдардың моласының басына тасқа ойып орнатқан. Бірнеше ру бірлесіп тоқтам жасасқан жерде тасқа ойып белгі соққан. Ру таңбасы сол рудың нышаны орнында қолданылған, рудың жалауларына салынған. Қазақтың көптеген ру аттары сол рудың таңбасы арқылы аталған. Мысалы: бағаналы, балталы, шанышқылы, ергенекті, тарақты, ошақты және т.б., сол сияқты дулаттың, табынның бір көз таңбасы; арғынның екідөңгелек көз таңбасы ғұндардың тайпа бірлігі емес пе деген ойға жетелейді. Ал енді, қазақты қалыптастырған ру-тайпалардың көпшілігі ежелгі заманнан тартып Еуразияның кең даласында көшіп-қонып өркениет көтерген ұлы түркі тілдес ру-тайпалар екені белгілі. Алайда, сан ғасырлық тарихи дамудың сырын ашуда рудың атауы, олардың таңбасы, түптеп келгенде ауызша тарих-шежірелер мен аңыздарды және көптеген себептерді қолдана отырып сырын ашып отырсақ, тарихымыз барған сайын кемелденіп ақтанды тұстары баянды болушы еді. Яғни, батыс пен шығыстың жылнамаларынан, өзіміздің туындыларымыздан тірнектеп іздеп жүру – қазіргі заманның қажеттілігі, Қазақ деген халқымыздың ортақ тарихын ашу.
Сол кездің жылнамашыларында «түрік сары бодун» деген жазбалар көп кездеседі. Әр түрлі жазба деректерді салыстыра келе, бір ел туралы айтылған түсінік сияқты. «... Монғолия жеріне көшіп қоныстанғанда Түркі мемлекетінде «түрік сары бодун» деген атаулар жиі ұшырасады»- деп, С.Кляшторныйдың өзі де шындыққа баулыйтыны бар. Осы атау бұдан басқа да жазба деректерде көп кездеседі. ХІ ғ. армян тарихшысы Матфей Эдесский жылан бапы аталатын елдің «сир» еліне жасаған шабуылы туралы жазады, «сир» деген сөздің мағынасын сары деп береді. Сол заманның тарихшысы Марвази да «қырық рулы» басым елі осы «шары», сары еді деп жазады. Америка ғалымы қытайтанушы П.Будбергтің жасаған тұжырымы бойынша қытай транскрипциясымен жазылған «се» түрік ескерткіштерінде аталатын «сир» деп анықтама береді. Мысалы, Тоныкөк ескерткішіндегі «... түрік сары бодун жерін жат баспасын» дегеніміз, бәлкім күн астындағы түрікелім мағынасын білдіріп отырған болар. Осы күнгі әдебиет тілінде қолданылатын «Дала қазақтары» ұғымын С.Сейфуллин орысшаға «Поднебесные люди» немесе «Люди Небесного происхождения» деп аударды. Бұл жерде дала ұғымын философиялық есебінде шешсек, үш қасиет: Тәңір, Жер, Дала - тіршіліктің негізгі мазмұндарын білдіреді. Ол болса, Тенгризмнің (немесе зороастризм) сарқыншағы, арий дәуірімен астарласып жатқан байланыс - сабақтастық.
Шығыстағы көршісін славяндар деректерінде поляне (половцы), аргивяне деп атаған. О.Сүлейменов «Азия» деп аталатын кітабының «Половец» бөлімінде былай дейді: «Существует только одно толкование утвердившееся в науке. От русского половый – светло-желтый, блеклый». Мысалға алсақ, Пикульдың «Фаворит» аталатын кітабында орыстың бірнеше летопистерінен алған осындай деректер бар. Славян деректері басым (басымыл) елінің хан тұқымынан шыққан осы сарылар Дунай бойындағы половцыйларда сақталып, 1187 ж. Бұлғарлардың екінші хандық әулетін (династиясын) өрбітті, олар шары – Ашена, Ашеней – Асеней деп анықтама береді. Бұл мәліметтерді С.Кляшторный өзінің еңбегінде баяндайды. Бәлкім, Көк ТүрікҚағанатының құрылуындағы Ашина әулеті және Ашена арасында тығыз байланыс болуы мүмкін. Л.Гумилев басымыл елін арғұндар елі деп қарайды. М.Қашқари өзінің сөздігінде Арғұндарды Басым елі деп енгізеді. Сол сияқты Алтай мен Тарбағатайды мекендеген ғұндар ұрпағын өздерімен бауырлас тайпалар қарлы ел, қарлықтар деп атаған. Осы арада қарлықтардың болат, жүз, ташлы руларынан құрылған тайпалық бірлестігі қалыптасады. Болат қарлықтар, яғни арғы ғұндар орта жүз қазақтарының бабалары болған деп тұжырымдайды Қазақ Совет Энциклопедиясында.
Сонымен, тарихта ғундардың да аты кеңінен жайылған. Жоғалып кеткен осынау халықтың аты жауынгершілікпен, мейірімсіздікпен аттастырылады. Аттила бастаған ғұндар Еуропа елдерін сан рет қан қақсатып, қанға бөктірген еді. Олар халықтардың ұлы көші-қонына ( халықтардың ұлы қоныс аударуы ) түрткі болды, мұның аяғы Рим империясының құлауына әкеліп соқты. Мұның бәрі Еуропа тарихынан баршаға мәлім тұстары. Ғұндар б.д.д. ІV-ІІІ ғғ. мен біздің заманымыздың V-VІ ғасырлар тұсында әлемге әйгілі болған көшпелі өркениетін қалыптастырған қағанаттардың бірі. Тарихи әдебиеттерде олар - ғұндар немесе сюнну деген атпен мәлім. « Хунну үйінің өрлеуі» ( көне жазбаларда бұл оқиға осылай аталады) б.д.д. 206 жылы билік басына келген Модэ шаньюдің есімімен және оның ұлы Лаошаньмен тығыз байланысты. Ол келе-сала жеңісті соғыстар жүргізіп, талай жерлерді жаулап алды. Б.д.д. ІІ ғасырда Қытай (Хань әулеті) Ғұн билігін мойындап «бейбітшілік және туыстық келісіміне» қол қойды. Осы кезде ғұн патшаларының (шаньюй) қол астына қазіргі Кореядан бастап Шығыс Қазақстанға дейін, солтүстігінде Байкалдан бастап оңтүстігінде Тибетке дейінгі кең байтақ жерлердегі елдерді империясына қосып үстемдік етті. Бұл дәлел археологиялық қазба жұмыстарынан көрініс табады. Антрополог Ю.Д.Талько-Гринцевич 1896ж. бесжүзден астам Байкал өңіріндегі әртүрлі конструкциялы зираттарды зерттеп, олар б.д.д. ІІІ ғасырдағы тегі түрік еліне жататын «Ғұн ордасына біріккен қуатты мемлекет» деп тұжырымдады. Келесі экспедиция 1924 жылдары С.А.Теплоуховтың басшылығымен солтүстік Монголиядағы Ноин-Ул тауындағы ежелгі зиратты зерттеуге жіберілді. Оның пайымдауынша Талько-Гринцевич зерттеген зираттар мен Ноил-Ул мәдениетінде тығыз ұқсастық бар және ол тек ұлы ғұндардың мұрағаты болуы мүмкін деген дәйектеме берді. Кеңес Үкіметінің Ұлттық Академиясының ұйғарымы бойынша Г.П.Сосновскийдің басшылығымен Улан-Удэ маңындағы Иволгин қалашығын зерттеп, ғұн мәдениеті жайлы құнды мәліметтерді келтірді. Біріншіден, ғұндар көрші елдерден гөрі алғашқы болып темір металлургиясын игеріп, олардан тұрмысқа қажетті әртүрлі бұйымдар мен қару-жарақ пен әскери сауыт киімін әзірлегені белгілі болды. Қолөнер барынша дамып, соның ішінде зергерлік өнері мейлінше жетілген биік деңгейдегі «аң стилі» - дүниетанымдарының ғажайып көрінісін береді. Екіншіден, қоныстарында қазба жұмыстарын жүргізген кезде, олардың отырықшы бола тұра аралас шаруашылықпен шұғылданып, егін егіп, мал өсірген ірі кәсіби-егіншілік орталықтарды дамытқан мәдениет екені байқалды. Қазіргі уақытта тап осындай мәдени орталықтар Оңтүстік Сібірде, Тува, Алтай, Монғол, Ордос жерлерінде көбінен табылуда. Ғұндардың түрік тілдес болғандығының және өзіндік әріптік жазуының бар екендігінің бір айғағы 1982 жылы моңғол археологтары тапқан – Хунну (Ғұн) жазуы. Алтыннан шекіп жасалған теңгейде (медальон) көне руниканың 9 әрпінен тұратын 4 сөз жазылған: «Ой-сеңгір. Елшінің найзасы». Тарихшы Қ.Сартқожаұлының топшылауы бойынша; «ғұндар дыбыс белгілейтін алфавиттік жазу қолданған және ол ғұндардан бері ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жалғасып, Х ғасырға дейін қолданылды»,- дейді.
Ғұндар жоғары дамыған материалдық мәдениет пен әскери-әкімшілік принциптік түрде ұйымдасқан билік институтын және мәдени катализатор қызметін атқарған империялық құрылымды қалыптастырды. Мемлекет басында атадан балаға мұра ретінде ауысып отыратын Тәңірдің рақымымен берілген билік лауазымы Шаньюй (Тәңірқұты) басқарды. Оны «Тәңірдің ұлы», «Аспанда туған және Күнмен, Аймен безендірілген» деп таныды. Империяның барлық жері - Шаньюдің меншігі болып есептелді, ал халқын қорғауда - ол міндетті болды. Биліктегі келесі баспалдақ оның кеңесшілері мен әскер басшыларында болды. Төменгі чиндерге – тумэндер, мыңдықтар, жүздіктер, ондықтар жатты. Тумэндерді шаньюдің өзі тағайындап, оған жері мен халқын бөліп беріп отырды. Әр түрлі салық жүйелері мен міндетті түрде еркек қауымның әскер борышын өтеу заңы бекітілді.
Әйткенмен, Ғұн державасы ұзаққа созылмады. Б.д.д. 55 жылы ол екіге бөлінуімен аяқталды. Ғұн империясының дағдарысына қытайлардың тікелей қатысы болды. Олар көрші тайпалардың арасына ылаң салып, қарама-қарсы қойды. Оңтүстік ғұндар Хань әулетіне бағынса, солтүстік ғұндар батысқа қарай қоныс аударды. Осы батысқа қарай қоныс аударған солтүстік ғұндар Алтай тауы мен Іле алқабы, Жетісу өңірі мен Сырдария бойына келіп қоныстанып, біздің дәуіріміздегі ІІ-V ғасырларда Юэбань мемлекетін құрды. Бір бөлігі Еділ мен Днепрден асып, Боспор патшалығын талқандап Римге найзасын тіреді. Қорыта айтсақ, ғұн бастаған «халықтардың ұлы қонысы» әлем тарихында орта ғасырлардың қақпасын ашып, жаңа кезеңге бет бұру дәуірі басталды. Сөйтіп, VI ғасырда Қазақстан территориясына Көк түріктер аяқ басқанда, олар мұнда қаны бөтен жауды емес, бауырлас, түркі тілдес хун ұрпақтарды кездестірді, сондықтан да түріктер мен жергілікті тұрғындардың арасында қантөгіс соғыс болмай, болашақ қазақ жері бейбіт түрде Түрік қағанатының құрамына кірді.
Осыған орай аса ірі шығыстанушы В. Радловтың « Дала адамының көшпенді өмірі осы уақытқа дейін барлық қазақ тайпаларына тән өздеріне лайықты жауынгерлік рухын жоғары көтере түседі» деген сөзін келтіре кеткеннің еш артықшылығы жоқ.
Сонымен, ежелгі көшпенділер дәуіріне қатысты ойымызды тұжырымдайтын болсақ біздің дәуірімізге дейін VІІ-ІV ғасырларда Қазақстанның кәзіргі аумағында сол кездегі аса қуатты сақ бірлестіктері және олармен тектес басқа да тайпа одақтарының құрылғанын көреміз. Ал біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырдан біздің дәуіріміздің V ғасырына дейінгі кезеңде ол тайпалардың бір-бірімен қоғамдық байланыстары тереңдеп, нығая түскенін байқаймыз. Сақ, савромат, киммер, кушан, ғундар, үйсіндер, сарматтар және қаңлылар сияқты тайпаларының өзара бірігуі тап осы кезеңге сай келеді. Соның нәтижесінде біздің дәуіріміздің V ғасырына қарай осы күнгі Қазақстанның орасан зор аумағына Көк Түріктердің тайпалары қоныстанып, емін-еркін жайлап кетеді. Бұл тайпалар VI ғасырда түркі деген ортақ атқа ие болып, Еуразияның Орталық Азия аумағында ортағасырлық империялық қуатты мемлекет құрылымын – Көк Турік Қағанатын дүниеге әкелді.
Осы ерте көшпенділердің Еуразия Даласында мәдени ырғақтары қандай болды деген сауал-сұрағына тоқталайық. Шексіз далада қимылсыз жату көшпелілік тіршілікке сәйкес келмейді. Ол - бір заңдылыққа бағынып, табиғаттың құрамдас бөлігі есебінде даланы игеруге бағыт ұстады. Кеңістікті меңгеру ісінде жылқының ерекше қызметіне назар аударып, оны адам еркіне көндірді. К.Ясперс айтқандай: «тағылықтан өркениетке өтуде жер суару жүйелерін жасаумен қатар ... жылқыны пайдалана білу адамзат үшін өте маңызды болды»,- деді. Бұл әртүрлі мәдениеттердің сұхбаттасуына мүмкіндік берді және А.Вебердің пікірі бойынша: көшпелілер «Ұлы қоныс аударуы» атты құбылысты әкелді. Бұл өзге өркениеттердің қалыптасуына үлкен себебін тигізді. Мысалы, мұны грек мифологиясынан көруге болады: кентавр Хирон (көшпенді скифтің метафорасы) досы Прометейге көмек беру үшін мәңгілік өмірден бас тартады. Шумерлік жырдағы осы байланысты Гильгамеш пен Энкидудың (Энкиду – Ұлы Далада туған батыр бейнесі) достығынан да аңғарылады. О.Сүлейменов «Аз и Я» кітабында шумерлік және түріктік мәдениеттерінің туыстығы жөнінде айғақты гипотеза келтіреді. Сонымен, А.Вебердің айтқан пікірімен ерте көшпенділер дәуірін толастасақ: «техногендік өркениет пайда болғанға дейін көшпелілер кеңістікте мәдени катализаторлар қызметін атқарды». Яғни, далалық өркениет әлемдік дамудың бір қозғаушы күші болғанын дәлелдейді.