Тасқында, тау суындай, көңіл жыры, Қазақтың сусындасын ойы қыры



бет4/7
Дата19.04.2023
өлшемі172,38 Kb.
#84311
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
zhansgrov-lager

Балуан бәйге
Құжындап құмырсқадай сала-сала,
Мұнда жоқ қатын-қалаш, бала-шаға.
Ояздың тәртібімен иірілді жұрт,
Бодан ел, «Тақсырлаған», жақ аша ма?
Шытырлап ат байланды қалмақшаға,
Жөңкіліп жаяу халық келді ортаға.
Балуанды түсетұғын тағы жарлап,
Жаршылар жағы сенбей жүр қақсауда.
Алапқа алқа қотан отырды жан,
Жері жоқ ине шаншар, адам тұрған.
Жаяулап тай шаптырдым жерге келді,
Алыста аттар қалды байласырған.
Ояздың тәртіп қылып айтуынан.
Басқарып кісі ықты ата ұлынан.
Көк дөңде дүрбі салып ояз отыр,
Басына көлеңкелеп шатыр құрған.
Кең жазық, майса көгал ортасында,
Жиылды жұрт Қусақтың жотасына.
Күреске кең ашықты сайлады жұрт,
Арналған алыптарға айқасуға.
Ұқсаған жазғы күнгі жауқазынға,
Тізілді ел Ерейменнің алқасына;
Алысып Арғын, Найман күш сынасып,
Атты айдап, азаматпен шайқасуға.
Даурығып қарсы жақта қобырасты,
Балуанның шешіндіріп, дабырасты.
«Тез шығар балуаныңды!» -деген дауыс
Атойлап, қыр көрсетіп, жамырасты.
Ауылды едіреңдеген қымыз масты,
Сескентіп мына думан көңілін басты.
Кей балуан кісі өлгендей жер шұқылап,
Жүрегі жігіттердің үрке қашты.
Балуаны шешінген жақ дікең қақты,
«Кісіңді шығар! Шығар» -деп-ақ бақты.
Шыдамай шешінуге нелер балуан,
Самай тер шекелерден шып-шып ақты.
Аттатып, атандайын алшаңдатып,
Ақситып бір балуанды арсаңдатып,
Аруақтап жетелеген бір қараның
Ноқтасын сыпырды әкеп, талтаңдатып.
Көрмеген мұны халық қалды қатып
«Мынаған шыға алмас-деп-ешкім батып!»
Қораға түскен жалғыз жолбарыстай,
Ол тұрды, көрген көзді таңырқатып.
Бұл асқан алып еді, мықты қара.
Талқандап таудай дәуді жықты қара.
Шошытып бар жігітке мысық болып,
Тышқан қып інен-інге тықты қара.
Бурасан, бұқа мойын, түкті қара,
Күмбездей көрінеді күпті қара,
Борбаңдап жолбарыстай жонын беріп,
Майданға бір тізелеп шөкті қара.
Алдырмас тірі жанға алып, берік,
Шошынды бұл қарадан халық көріп.
Біледі алуан түрлі әдісті де,
Өткізген талай күрес, талай цирк.
Бос шулақ мінген жаршы және келіп,
Балуанды баяндады сөзге теріп.
Тыңдасты астың халқы құлақ қойып,
Бір-бірін басып, жаншып, ентеленіп:
-Мынау, мынау, мынау ер!
Піл сүйекті, бұлаң ер,
Арыстандай айбынды ер,
Жолбарыстай жуан ер.
Ертістің бойын сіліккен ер,
Еділдің бойы үріккен ер.
Ірбіт, Алтай, Мекерже,
Жәрмеңкеде шыққан ер.
Алатаудың алыбын
Алып жерге соққан ер.
Қара таудың алыбын
Қағып жерге тыққан ер.
Аюбайдың асына,
Онда он алты жасында,
Атан жыққан алыпты
Ап жыландай жұтқан ер .
Бұқа мойын, бурасан,
Бұғалық бермес шу асау,
Талайлар қорқып бұққан ер.
Не нәндерді бөріктей
Қағып, сілкіп циркті,
Қалаларды құртқан ер.
Алды-артына бірдей ер,
Алысқанға дүрдей ер.
Адамзатқа сырттан ер,
Қолы құрыш қорғасын,
Алысқаның оңбайсын.
Алып жерге тыққан ер.
Алысқанның көк етін
Сықпа құрттай сыққан ер.
Айқасқанның терісін
Шаранадай жыртқан ер.
Әзіреті әлінің
Әдісін күшін тұтқан ер.
Жаршының бұл айтқаны бекер де емес,
Осылай етіп отыр көп те кеңес.
Адамның бурасына адам батып
Батылдық күресуге етер де емес.
Жаршының жырлағаны жалған да емес,
Шыны сол өтіріктен зарлау да емес.
Кеңкек төс, кең жаурын, үңгір қара-
Өзге жан бұл тұрғанда балуан да емес.
Келіп еді осы қара әлдеқайдан,
Күрсеті қуғын жігіт кішкентайдан
Қаланы жығып, қырды аралаған
Бір асқан алып еді, заты Найман.
Ас беріп алты арысқа даңқын жайған,
Тауып ед бауырды бұл Сағынайдан.
Жатыр ед күшін әдей көрсеткелі,
Керейде қонақ болып бір-екі айдан.
Шығатын зор қараға бір жан болмай,
Жігіттер қоян болды, жүрек қалмай.
Сібірдің цирктерін сілкіп шыққан
Осынды алып отыр ояз қолдай.
Қаратау көрген емес зорды мұндай,
Жетісу кісі таппай болды жұмдай.
Балық боп Арал, Балқаш аузын ашты,
Қауып қып қорғалады Семей, Торғай.
Қарсы жақ кісі таппай болды жүдеу,
Көк темір болды жасып алмас егеу.
Салбырап бет моншағы балуандардың
Теп-тегіс төмен қарап, болды күйеу.
Бітік көз, үрпек сары, дембел шелеу
Шешіліп қарсы жақтан шықты біреу
Қораштау көрер көзге, балуан дерге,
Аруақтап Оқас жағы қылды тілеу.
Атағы бұл сарының балуан Жақып,
Шыңырудан түйе тартып алған Жақып.
Әдісқой, алысқанда дөңгеленіп,
Топтарды талай жығып, жарған Жақып.
Асына Абақ Керей барған Жақып,
Онда да бас бәйгені алған Жақып.
Мойнын қашағанның үзген талай,
Дейтұғын Баянауыл Таутан Жақып.
Бұл Жақып әлде жалшы, әлде малшы,
Болмаса Оқасқа ерген бір ит аршы.
Жүректі, кім болса да күшті жігіт,
Сияқты би қолында жезді қамшы
Жеп-жеңіл, қаршығадай сары шаршы,
Үйелмен, үлкен дәуге жүрді қарсы.
Айнала көптің алдын қыдырыстап,
Безектеп, таныстырды тағы жаршы:
- Мынау, мынау, мынауым,
Сексеуілден бұрауым.
Алысқанда шақ келмес
Алыбың мен дырауың.
Түсті арғынның тобынан,
Құтылу жоқ қолынан.
Албастысы алыптың,
Әзәзілі әдістің.
Шоршыған да, ыршыған,
Шегіртке сары, оқ жылан.
Бөденелер бөріктей
Қаққанынан соғылған.
Азулысы алыптың
Ашуланса тістеген;
Айласына көз жетпес,
Астына жанның түспеген.
Салған жерден сырттаған,
Еш пендеден ықпаған.
Тиген жерден тіктеген,
Бұғалықтап толғаса,
Қашағанды бүктеген.
Ығына келіп қалғанда
Ықты жарды күтпеген.
Шалуға адам сайтаны,
Шапшыған да шоршыған
Шалқар көлдің шортаны;
Сең соққандай сілкінді.
Балуанға түскенде
Балықтайын бұлқынды;
Ұстау қиын шіркінді.
Басым күшті, ер жүрек,
Балуандардың әкесі,
Таудың тарғыл текесі –
Секірсе сексен қадамға,
Ұстатпайтын адамға.
Қарсы алдына келгенде
Қақпандайын серперлі;
Жан жыққан жоқ өрт ерді.
Алыптарды аударды,
Еңгезерді еңсерді.
Келсап-келсап білектің
Талайын- талай төңкерді;
Алысса бура шөккені.
Адуын алып көк бөрі,
Арыста талай бәйге алып,
Айқасты талай көп көрді.
Айқайда талай түсе қап,
Асқынғанды бөктерді.
Аптықты талай басқындап,
Алыста талай бөксерді.
Айтып- айтпай немене,
Аңсағанға сусаған,
Алысуға дөп келді.
Күрес
Құз қара тұра келді алас ұрып,
Сарыны қораш сынып,баласынып.
Тап берді қара қабан сары мысыққа,
Байғұсқа болды тым-ақ жан ашырлық.
Ышқынтып сыбызғыны, дабылды ұрып,
Екеуін қоя берді шабындырып;
Алысты арс-ұрс етіп екі арыстан
Таласты, бірін-бірі алып, жұлып.
Сарыны өшіктіре, жауықтыра,
Арсаңдап омыраулады алып қара;
Түспеді ол допша қарғып, мысықша арғып,
Дегендей «Күшің болса алып қара!»
Ол дағы өз әлінше алып қана,
Әркімді жығып жүрген шалып қана.
Бұлтылдап жыққан жерде жаппай тұғын,
Басқаға бастырмайтын балық бала.
Желкілдеп қара сақал шудадайын,
Бұлқынды алып қара бурадайын.
Шабынды қаңтардағы күйі түсіп,
Дегендей «Алып соғып, жұлмалайын».
Бұлқынды шайнастырған бурадайын,
Жұлқынды жұтпақшы боп суда жайын.
Тасындай тиерменнің тастасып жүр,
Қарысып құшақтары барған сайын.
Сияқты бірі жуан бірі жұқа,
Өкіріп сүзісіп жүр екі бұқа.
Таласты ел алдында екі арыстан,
Алысып, арс-ұрс етіп сілке, жұлқа.
Сарыны сол жағына алып қымқа,
Қайқайтып қара балуан шалды қырқа.
Жатама, серке сары кетті шошып,
Жерді шаң, өзін қан қып, етін жырта.
Жейдедей жалаңаш ет жыртылуда,
Сөйтсе де ол, ойланып жүр ұмтылуға.
Сіресіп оң жағына қырындайды,
Арқалап, қырына алып, жерге ұруға.
Жақыптың жатыр күші оң жағында,
Оңбайды түскен адам ол жағына .
Иыққа «Ап!» дегенде алып қалды,
Сықырлап азар алды қол, қабырға.
Айласын балуан Жақып қылып қалды,
Өңкейіп өгіз қара мініп қалды.
Дөңгелек айналдырып сиреңдетіп,
Жерге алып ноқталыны ұрып қалды.
Ду етіп Арғын жағы күліп алды,
Аңырап Найман жағы тұрып қалды.
Аруақтап, әулекілер айғай салып,
Қорқақтар қояндайын бұғып қалды.
Күрс етіп жүнді қара жерге түсті,
Үстіне балуан сары міне түсті.
Бастырмай тізесімен қақты қара,
Алып қой, бөрі басар ол да күшті.
Екі айғыр бір-біріне салды тісті,
Қараның көрінеді алды күшті.
Таласты тамашаға қос құтырған,
Мәз қылып қырдағы үлкен мәжілісті.
Аударып және Жақып, және басты,
Допша атып бірін-бірі домаласты.
Лақтырып бірін-бірі бөрікше атып,
Екеуі жығыса алмай, қайта ұстасты.
Ұсатты аяқтары басқан тасты,
Көк қырқа жұлмаланып, шаңдақ басты.
Құпақтап отыра алмай қойдай шулап,
Екі жақ «А, құдайлап», аруақтасты.
Сарыны қара көкпар лақ қылды,
Ұршықтай үйіргенде ылақтырды.
Екеуі өлерменге жеткен кезде,
«Айыр!» деп, халыққа ояз жұбап қылды.
Арғын жақ «Жығылды!» деп, шулап тұрды,
Найман жақ «Жыққан жоқ!» деп, жан-жал қылды.
Сірескен шайна сумен екі арланды,
Кереші кісілер кеп екі айырды.
Баян жақ «Бәйге бер!» деп келді оязға;
«Бәйгесін, кім жыққанын жаз қағазға!».
Керей жақ бергізбестен кетті кернеп:
«Итжығыс! Мынаның да жыққаны аз ба?».
Тимеді сөйтіп бәйге Оқас тазға,
Оларға күш қыларлық қайда оязға!
Болмады ояздікі елге бітім,
Мұндай да әңгірлейтін әулекі аз ба?
«Жықты- деп желіккен жақ – біздің қара!»
Болмады омыраулап жан-жал қыла.
Бәйгені біздікі деп тұрып алды,
«Түсті, - деп, -алғаш жерге сары бала!»
Қоймады «Күресем» деп жүнді қара,
Аусарлау әугіп, даңғой жынды қара
«Дәл жықпай даулы бәйгені алмаймын» деп
Байлауды бітпес дауға қылды қара.
Жақыптың жағы жатыр «Күреспе!» деп,
«Жетеді осы абыйыр, тіреспе!» деп.
«О да олжа бас бәйгені бөліп берсе ,
Бұл қара асқан алып, сыр десте»- деп
«Екеуін тағы, тақсыр, күрестір »- деп,
Ояздан Оқас, Шабдан қылды тілек.
«Өздерің білесіңдер!»- деп ояз отыр,
Болды жұрт екуін күрестірмек.
Екі ұдай болып тұрды елдің жағы,
«Шық!, Шық!»- деп жүнді қара шабынады.
«Шықпалап» Баян жағы бәйек боп жүр, -
«Абиыр осы жолы қағылады».
«Шық» деген ер қорлыққа намыстанды,
Шешінді шеге сары алысқалы;
Жаманат қорықты деген, қорлық, сірә,
Күреспей қайда қояр жабысқанды?!
«Шығамын нар тәуекел, тағы барам,
Жықсам алам, жықпасам тағы қалам.
Болмастан өкіректеп ол тұрғанда,
Сесімді көрсетейін менде бәлем.
Мен де адам, расында ол дағы адам,
Бір-бір қой шешемізді қалжалаған.
«Шығар!» деп дәу қараның дікектеуі
Тимейді тіпті жеңіл ол да маған...»
Халқыңның сырын өзің білесің де,
Ісіне күйесі де, күлесің де;
Қаласың кейде кейіп, кейде мәз боп,
Әйтеуір сол халықты сүйесің де.
Созылған сөз құйылды жүйесіне,
Байланды тағы қайта күресуге.
«Ананы еркек болса алып кел!» деп,
Отырды жүнді қара жүресінде.
Тап берді теріс азу бір-біріне,
Бұқадай сүзгіледі жүнді, міне;
Сарт етіп шеге сары іштен шалып,
Қаршыға қазды қағып ілді, міне.
Сарының қаршығадай ілуіне,
Әруықтап Баян жақтың күлуіне,
Қараны қайыстырып бұрағанда,
Күрт етті... бір гәп болды жілігіне...
Сылқ етіп жүнді қара жерге түсті,
Үстіне тұйғын сары міне түсті;
Шегіртке атып кеттті бастан ыршып,
Жүндіге жан жабырлап жүгірісті.
Осыған екідай боп елеуресті,
Үйткені етке тойып, қымыз ішті.
Құтыртып қораз-дайын қырқыстырып,
Дағдырын қос аусардың сүйтіп шешті.
Ыңыранып жүнді жатыр өкпе соғып,
Сермеліп екі қолы, жанын қорып.
Бұралып қалған екен сол аяғы,
Сыныпты жіліншігі күл-күл болып.
Оқас тұр шоқтығы асып, жеңген болып,
Ояз тұр үңірейіп шылым сорып;
Сөйлейді біреу аяп, біреу қажап,
Жаралы жіліншікке шаншу болып.
Көгеріп жатыр балуын қаны қашып,
Көргеннің бәрі аясты, жаны ашып.
Балуаны жыққан Арғын шуылдап жүр,
«Аруақ қолдады» деп, көңілі тасып.
Оязға Оқас кеп тұр маң-маң басып,
«Беріңіз бәйгемді!» деп баяндасып.
Тоғызды түйе басты үлесті жұрт,
Таласып суыртпаққа жанжалдасып.
Бір тайды бара жатыр біреу алып,
Бір қойды кетіп қалды біреу қағып.
Жұлысып бір шаршыға екі сақал,
Бір-екеу ырылдасты ит сықылданып.
Жақын жоқ, жанашыр жоқ, жалғыз қалып,
Құз қара зарлап жатыр, дір-дір қағып.
Бәйгені ас етіндей жұлқылап жүр,
Біреудің жіліншігін малға шағып.
Осындай не дейсіңдер әлеуметті,
Ас беріп алыстырған сол әдетті?
Сөксеңіз, соқсаңыз да болды солай,
Мен өзім осындайдан көрдім көпті.
Сонымен балуанның бәйгесі өтті,
Оташы мертіккенді бебеулетті.
Бұл да бір ел қыдырған есер екен,
Сорлыны атқа өбектеп алып кетті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет