Ат қайтқанда Жасымнан жылқы деме менің жаным,
Атырдым жылқы ішінде өмір таңын.
Жапанда жел жылқының үстінде өскем,
Мекендеп өміріме аттың жалын.
Мал сырлас, аттың сыры маған мәлім,
Жырым- жылқы, жүйрік ат- салған әнім.
Аспан асты, жер жүзі- кең сақара ,
Күн көріп атам қазақ келген мәлім.
Қазақтың жылқы аңсатқан жарлы, байын,
Жарлыны жалғыз атсыз алды уайым.
Сүйген жар, сенген достан жақын жылқы,
Білген жан бекер демес аттың жайын.
Бірге өскен бала күннен құлын, тайым,
Тор құнан көшке мінген күн-күн сайын.
Автода ағарса да сақал, шашым,
Атымды не бетіммен ұмытайын!
Бұл күнде автом да бар, атым да бар,
Бәйге алу самолетпен салтымда бар.
Бізде жоқ Сағынайдың сасық асы,
Тойына Октябрьдің атым шабар.
Сауықты, салты қызық халқым да бар,
Жылқымда асылданды қолтумалар;
Түрленді қазағымның қалың малы
Аттарым асыл тұқым жарқыл қағар!
Қызығы қырдың үлкен бәйге шапқан,
Күңірентіп көк жайлауды атты тартқан,
«Бала деп әрі пысық, әрі жеңіл»
Иесі талай аттың мені тапқан.
Мен дағы мұндай кезде жылмаң қаққам,
Мінгенмін не саңлаққа сумаң қаққан,
Көп атты талай-талай тастап кейін,
Қыр құсын тақымымда қылмаңдатқам.
Сәйгүлік мыңнан озған, өңкей саңлақ,
Қырғындап қайтар жерге жетті шаңдап.
Айдаушы тырна қатар тегіс тізіп,
Қайтуға ыңғайланды айдалған ат.
Қаз-қатар, мың үш жүз ат жайды қанат,
Балалар бір-біріне: «Алақ! Алақ!»
«Ал қайт!» деп қашан қолын сілтейді деп,
Бар бала айдаушыға тұрды қарап.
Шығар деп қашан даусы «Қайт! Қайт!» таған,
Өзім де талай-талай жалтақтағам.
Болар ма ат үстінен қырда қызық,
Жалғанда арман бар ма ат қайтқаннан!
Ат қайтты әлде неше он шақырымнан,
Көп атты қайырмады жақын бұдан.
Жөнелді түтіндеп мың үш жүз ат,
Шаң кетті көкке шапшып сапырылған.
Арыста ағалаған нелер саңлақ,
Қашаннан қатып-сенген бәйгеге арнап.
Ұрандап бәйге шапқан бала халқы,
Күңірентіп жердің жүзін кетті шаңдап.
Шаңы-бұлт, екпіні-жел, аттар-қаңбақ;
Балалар ұран салып, безді зарлап.
Шапқан ат, салған ұран-күңіренді Арқа,
У да, шу, ұлан-азар болды жан-жақ.
Күңірентті ойды, қырды өңшең күлік.
Арқаны дүбірлетті дүбір қылып.
Көшіріп жерді, көкті келеді аттар,
Керілген кең даланы бүліндіріп.
Жер бетін қағып ұшқан құстай шүйгіп,
Адақтап барған сайын шықты жүйрік.
Төртеудің мың үш жүзден мойны озып,
Құлагер келе жатты тістеп құйрық.
Артында төртеуінің мың ат қалды,
Балалар барған сайын шулап қалды.
Жер шіркін барған сайын бауырын жазып,
Шаң шіркін барған сайын будақталды.
Шаң көкке өртенгендей шумақталды,
Ат терге шомылғандай суды ақтарды.
Күн шілгер, адам, айуан судан кеуіп,
Түтігіп талай аттар құлап қалды.
Құдықтан, жерошақтан қазық қазған
Жұлдыздай жалт етеді жүйрік жазған.
Шынайы жел жүйріктер қырға біткен,
Деген сөз былшыл біздің жылқыны «азған».
Төрт тұлпар соқты желдей мыңнан озған,
«Жетсең ал!» деген есеп мұнша созған.
«Армансыз болсын аттар» деп әңгірлеп,
Қазақтар қоюшы ма еді құрты қозған?!
Жарысты өңшең тұяқ жолды сойып,
Төрт кетпен келе жатыр дабылды ойып.
Төрт тұлпар шаңын бөліп, ұзай салды,
Жолшыбай аттың бәрін қырып-жойып.
Өссем де атқа шауып, бала болып,
Айтуға жетпейді әлім мұны толық.
Бір сөзбен бүктеп айтып, байлағанда,
Осы айдау бопты қатты қырғын жорық.
Үстінде Құлагердің қандай бала?
Тастап ек баяндамай оны шала.
Ақанның елден келген бір жолдасы,
Кетелік оны да айта осы арада:
Бұл өзі елдегі бір жетім бала,
Ақанға бауыр басқан өкіл бала.
Көзіндей Құлагердің күтеді Ақан,
Бейбаққа Ақан сері секілді ана.
Ол кезде жетімдер көп қақтығатын,
Мынаны Ақан сүйіп, жақтыратын,
Асырап аш, жалаңаш қалдырмастан,
Біреуге еліндегі бақтыратын.
Бәйгеге қосар болса Ақан атын,
Мінгізіп бұл баланы апаратын,
Тақымы жетімектің құтты болып,
Құлагер қосқан сайын бәйге алатын.
Құланың біліп алған бала сырын,
Серінің келтірмейтін және ашуын.
Қалың ел, аспан, жердің арасында,
Ақан деп білетін ол жанашырын.
Ақан да әкесіндей баласының,
Жоқтығын жоқтатпаған анасының
Қорғайтын ол өмірде үш-ақ затты:
Құласын, баласын, көз қарашығын.
Онымен Ерейменге төрт ат кетті,
Төрт бала барған сайын ұзап кетті.
Қара үзіп қала берді өзге бала,
Қалғанды қорлық теуіп, ыза ап кетті.
Жүйріктер жүндей сабап жолды түтсін,
Ат солай бара берсін, бұл сөз бітсін.
Келейік көмбедегі көпке тағы,
Сарылып кеткен атты қанша күтсін.
Айғай, шаң аттын шыққан көкке кетсін,
Екпіні жел соққандай дүрілдетсін.
Жел жүйрік Сарыарқаны домбыра қып,
Төрт тұлпар тұяғымен жерді шертсін.
Ат шаңы Айнадай мөлдіреген Құсақ көлі,
Осы еді Ерейменде жердің сөлі.
Ел жайлап, мал жайылып, думан болған,
Жайдырған жасыл кілем жұмақ жері.
Төбесі осы көлдің биік жері,
Қусақтың мөлдірі еді Көкше көлі.
Бәйгесі балуанның тарқағанда,
Асықты атты тосып астың еді.
Айдалған астың аты алыс жерге,
Болар ма Қызқашқанды жақын дерге.
Шықты шаң көз ұшында ақ шүйке боп,
Құлдырап ат ойысты Қусақ көлге.
Кім жетсін тау бауырынан соққан желге,
Дәл сондай аңқыды аттар жазық жерде.
Тау төсіп дүсірлетіп, дүбірлетіп,
Таласты осы төрт ат Ерейменге.
Жанына еліміздің жылқы жаққан,
Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан.
Мінсең ат, ішсең қымыз, жесең қазы;
Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан.
Атты артық көрген елміз мінген тақтан,
Қызық – ақ біздің бәйге қырда шапқан!
Шыдар ма қазақ жаны ұшып кетпей,
Аттарға шаң шығарып келе жатқан.
Ұзақ жол, талай қырқа, талай қабат
Тауысып шыққан жоқ па келе жатқан ат!
Қайта ма Қызқашқаннан шауып жылқы,
Жетпесе, тегі бұған ұшып қанат!
Қадалып шыққан шаңға үнілді көз,
Өзара дуылдасқан басылды сөз.
«Кім де кім атқа мінсе жазалы!» - деп,
Жарлықты және берді үңірек ояз.
Жарқырап жатыр Қусақ көлі сайран,
Жас қайың жағасында желмен ойнап.
Шаң қылаң көз ұшында берген кезде,
Қобырай бастады жұрт көзі жайнап.
Тыйды ояз «Тыныштал!» - деп қатты айғайлап,
Қазақты қауызға айдап, жіпсіз байлап.
Қусақтың кер жол асқан кезеңіне
Қылт етіп келе жатқан ат шықты қайнап.
Бұрқ етті кезең асып шұбаған шаң,
Қобалжып қозды құрты астағы жан.
Ойысты үш – төрт қара үздік – создық,
Алдыңғы ат бірі – қылаң, бірі – бараң.
Көргенде көз ұшында келе жатқан
Қараны қоя ма көз күн – түн баққан?
Жасаурап екі көзі тұра алмады,
Құласын құлдыраған танып Ақан.
Созылды осы төрт ат көл айнала,
Алдына екі ат шықты жеке дара.
Өтетін ат қылт етіп Жыланды өзек,
Суы жоқ, бұтасы көп – жырақана.
Күткен көп қайтқан аттан көрсе қара,
Жынданбай жанды қазақ тұра ала ма?
Деп тұрып: «Тоқта! Тоқта! », «Шаппа! Шаппа!»
Топалаң болмаушы ма еді тұра – бара?
Сорғалап сол өзекке ат құлап,
Жоғалды жұрт көзінен келе жатқан ат.
Өзектен үздік – түйдек үш ат шықты,
Алдында қылт еткендей болды бір ат.
Елде жоқ осы кезде ұшар қанат,
Қайтсын – ау қазақ, көңіл құмарланад.
Ақанның не болғанын білгеміз жоқ,
Алдыңғы ат баранданбай қыланданад...
Жұрт көрді ат үшеу – ақ, бірі қалды;
«Баран жоқ бағанағы!» - деп шулады.
Тырмысқан төске таман үш желді аяқ,
Дегенше әні – міне келіп қалды.
Көктұйғын келе жатқан екен алды,
Жануар, қанат қағып өрге салды;
Талассыз керешіден кемел өтіп,
Қайқайып қарақшыға кете барды.
Алтайдың қосқан аты асып аруақ,
Көк аты Батыраштың келді заулап.
Дауысы баласының азар шығып,
Шырылдап өте шықты «Бегайдарлап!»
Аяғы бұраң қағып, бота маймақ,
Айтпақтың күреңі өтті: «Төлебайлап».
«Шормандап» кәр, шор аяқ бурыл өтті;
Лап ұрып, қозып кетті, жұрт айқайлап.
Ел шіркін бұл аттарды қанша күтті,
Ат қайтты алып бар қызық, бар үмітті...
Жүгірді аттарына қаптап жаяу,
Енді ұстау осыларды қылмыс тіпті...
Ұрандап мың үш жүзден үшеу өтті,
Қара жоқ өзгесінен, қайда кетті?
Аспан шу, жердің бетін шаңыт борап,
Біреуді біреу тіпті білмей кетті.
Қысылған бағанадан қысталаң боп,
Тәртібің ояздың ел ұстаған жоқ.
Алуға атын әркім жолдан іздеп,
Жарысып ат алдынан ұшпаған жоқ.
Тек Құла астың алдын шайқаған жоқ,
Бәйге алып, жиын жарып, жайқаған жоқ.
Айырылып Ақаннан да қалдық, міне,
Кеткенін қалай қарай байқағам жоқ.
Жалғыз қазық
Біз енді айналмаймыз астағы елге,
Аты кеп, әңгір қағып жүргендерге.
Би Оқас, кәрі оязға түкіреміз,
Жатқанда сері түсіп сергелдеңге.
Шапқан ел жетті қаптап Қусақ көлге,
Әлгі өзек, ат көрінбей кеткен жерге;
Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болып,
Айталық не болғанын Құлагарге.
Ызғытып келе жатты ат көл айнала,
Ат күткен көмбедегі көрді қара,
Жібермей Құлагерді тізгін тежеп,
Кезеңнен ойысқанша келді бала.
Сырдесте Сері атына шапқан бала,
Бәйгені шапқан сайын қаққан бала.
Құланың құлағында ойнап өскен,
Серіге сенімді боп жаққан бала.
Шаң қауып, желді жұтып, шөліркеген,
Қаңсытып, құрғап таңдай, күн де жеген;
Қалжырап келе жатты үні бітіп,
Ат қағып, шөл меңдетіп, шабу жеңген.
Көргенде көп кісіні Ерейменнен,
Орғытып айналғанда Қусақ көлден;
Қалықытап қобылардан құстай ұшып,
Асқанда бұлдырықтай безіп белден.
Құлагер жеткізсін бе жекпе – жекке,
Келеді басын тартып, қорқып текке.
Көк атты қағып, соғып омыраумен,
Ағындап келіп түсті Көкөзекке.
Қара жоқ, мыңдаған ат қалды артта,
Өзге аттар әлдеқайда бұл мезетте;
Құланның басын қоя бермек еді,
Кезікті бір тосқауыл осы өзекте.
Қусақтың осы қылта мойынында,
Аттардың шауып өтер жолы мұнда;
Кек кернеп, жасырынып тұрды біреу,
Бір жаман осы өзекте ой қылуға.
Айбалта ырғай сапты қойынында,
Сол еді мылтығы да, сойылы да.
Алтайдың ақылынан ашуы көп,
Арғынның ес болмайды дойырынды.
Ақ мылтық – ұшқыр боз ат бар астында,
Жау тұрды жасырынып жар астында.
Жол үсті тасқа біткен қарағаңның
Әлгі тұр атты күтіп дәл астында.
Мінгені боз, кигені қара үстінде,
Құлагер тізгіндеген бала үстінде.
Мылтықтың ауызына ұшқан құстай,
Ағызып жетті жаудың дәл үстіне.
Көрінді ат, келе жатыр Көк ат алда,
Қамшылап шырылдайды бала зорға.
Төбелеп басқа, көзге Тұйғын келед,
Шайқалып, шарқ аяқтап, түсті жарға.
Сияқты Көкті соғып, Құла аларға,
Тосқауыл мұны көрген тұра алар ма?
Көмбеге көрінім жер қалғаң кезде,
Құла алса қорлық қатты мұнан бар ма?
Кетіпті тер шүмектеп Көкті жауып,
Құлагер құйысқандас, қылды қауіп.
Терлемей қабағы да Құлагердің,
Келеді іркіп бала, еркін шауып.
Көк атты омыраулайды Құла қуып,
Жендетті ыза ап кетті, ашу буып.
Қанталап екі көзі көрмей кетті,
Қан мұздап сала берді, бойы суып.
Осы өзек – Ақан айтқан мөлшерлі өзек,
Кел деген осы араға тізгін тежеп.
Қайқайып осы өзектен өткеннен соң,
Ұрандап қоя бермек бала безеп.
Қамшылап екі жаққа алма – кезек,
Баласы Көктұйғынның қақты безек.
Көк атты осы арада артқа тастап,
Жөнелер Құлагерге осы кез ед.
Нән, жуан, мен – мен кеуде, намыс ері,
Суық қол Батыраштың жібергені.
Жалт етті жайдың оты жүрегінен,
Кек қайнап, мұз құйылып жүре берді.
Жаудырды көңіліне аспан селді,
Көк дауыл соқты шайқап Қусақ көлді.
Мергеннің бір маралға көзі түсіп,
Секірген бір киікті қасқыр көрді.
Басынан Ерейменнің соқты боран,
Түйілді қара бұлттай қара қыран.
От болып екі көзі көрмей кетті,
Жауды сел – қар ма, қан ба қабағынан.
Қылуға қауіп – қатер бала мұнан,
Аман ғой ақ көңілдің арамынан.
Бөріні бөрік астынан білмей қалды,
Ойнақтап өте берді жау алдынан.
Суық қол, оқтан ұшқыр, тастан қатты,
Ол өткір аспаһанның көк болаты.
Қызғаншақ, қиқар кесел, ұрыншақ, өр,
Қаскүнем қара көңіл жаман таты.
Тұрғаны тығырықтау жердің шаты,
Ақ мылтық – астындағы ақбоз аты.
Ұрымтал жерден оқтай ұмтылғанда,
Бала да білмей қалып, болды қапы.
- А, құдай-ай! Бере көр! – деп ұмтылды,
Ұйтқып кеп соқты өкпеден жел сықылды.
Қыспақ жол, Жыландының жырасында
Қақтығып бір – біріне ат тығылды.
Сап етіп бердең,кеп ұрынды,
- Бере бер, балам, бері шылбырыңды!
Жанасып Құлагерге қалғанында,
Сақ етіп айбалтасы Құланы ұрды...
Шапшып қан шекесінен шыр айналды,
Сылқ етіп Құлагер ат құлап қалды.
Білген жоқ не болғанын, ес қалған жоқ,
Тек бала жерге доптай домаланды.
Құлагер шапшытқанда көкке қанды,
Тек бала шыр – шыр етіп аттан салды.
Жоқ болды ақбоз атты, қара киім,
Тұйғынкөк шыға шауып кете барды.