Дауысты, дауыссыз дыбыстардың айтылуы мен əріп болып
жазылуындағы түрлі өзгерістер.
Тілде дыбыстар саны көп, олардың барлығы бірдей мағынаға əсер ете алмайды. Осы көп дыбыстар белгілі бір фонеманың құрамына жинақталады. Егер сөз мағынасына əсер ете алатын дыбыс болса, оны фонема деп, ал əсер ете алмайтындары жай дыбыстар деп қана танимыз [8,33-35-бб.]. Мысалы, адыбысын кейбір сөздердің құрамында жіңішке айту кездеседі: шай – шəй, жай – жəй. Бұл жағдайда ə сөз мағынасын өзгерте алмай тұр. Сондықтан ол – осы сөзде фонема емес, а фонемасының құрамындағы көп дыбыстың бірі, дəлірек айтқанда, реңкі болып тұр. Ал қала, дала, сала, бала деген сөздерде алғашқы дыбыс өзгергенде, сөз мағынасы да өзгеріп тұр, сондықтан қ, д, с, б фонема екендігін танимыз. Яғни фонемаларды бір-біріне қарсы қойып, сөз мағынасын ажырататындығын анықтаймыз. Осы мəселені фонология заңдылықтарының бірі ретінде тіл біліміне енгізген, фонема оппозициясы жөніндегі теория Н.С.Трубецкой есімімен тығыз байланысты . Осы орайда, қазақ əліпбиіндегі х дыбысының тіліміздегі фонологиялық қызметі жөнінде айта кеткен жөн. Мысалы, қош – хош, қабар – хабар, т.б. сөздерде х фонема қызметін атқармай тұр. Себебі сөз мағынасына əсері жоқ. Сондықтан бұл дыбыс орыс тілінен енген сөздерде ғана фонемалық мəнге ие болады. Мысалы, химия, цех. Орыс тілінде кейбір дауыссыз дыбыстардың жуан-жіңішкелігі екі фонема болып, фонологиялық қызмет атқарады. Мысалы, мел – мель, угол – уголь; осы сөздер құрамындағы л жуан жəне жіңішке айтылатын екі фонема деп танимыз. Себебі сөз мағынасына əсер ете алады. Сонымен, фонеманың негізгі қызметі сөз мағынасына қатысты. Дəлірек айтқанда, фонема сөз мағынасын ажырату, сөз мағынасын өзгерту қызметтерін атқарады. Қазақ тілінде барлық дауысты фонемаларды қарама – қарсы қойып, олардың мағына айқындау қызметін атқаратындығына көз жеткізуге болады. (Мысалы: жол – жұл, жақ – жық, жөн - жүн). Ал дауыссыз фонемалар өздерінің əр түрлі айырым белгілері арқылы мағына айқындауға қатысады (Мысалы: тал – дал, шақ – жақ, мал - бал ). Дауыссыз дыбыстардың жуан-жіңішке, еріндік-езулік болып бөлінуінің фонематикалық маңызы жоқ, олардың бұлай айтылуы негізгі фонеманың реңктері деп танылады. Демек, фонема туралы айтқанда негзгі фонема, яғни инвариант фонема мен оның реңктері арасындағы айырмашылықтарды білген жөн. Мысалы, т фонемасы сөз құрамында жуан (ты), жіңішке (ті), жуан еріндік (тұ), жіңішке еріндік (тү) түрінде төрт түрлі дыбысталады. Сонда тіліміздегі əр дауыссыз сөз құрамында көрші дыбыстардың, дəлірек айтқанда, дауысты дыбыстардың (буынның) жуан-жіңішкелігіне, еріндік-езулік ерекшелігіне қарай əр түрлі тембрмен айтылады. Бірақ бұл ерекшелігі сөз мағынасын өзгертуге емес, сөздің құрамындағы барлық дыбыстардың бір əуенмен айтылуына қызмет етеді. Осы төрт түрлі дыбысталуын бір дыбыстың, яғни фонеманың реңктері дейміз. Демек, т фонемасының төрт түрлі (ты, ті, тұ, тү) реңкі болады, яғни жуан езу, жіңішке езу, жуан ерін, жіңішке ерін дыбыстарын бір фонеманың құрамына топтасатын реңктері деп есептейміз. Кезінде Қ.Жұбанов: «Ор сөзіндегі о мен р – жуан, ал өр сөзіндегі сол ө мен р дыбыстары жіңішке айтылуы арқылы, басқа айырмашылығы болмаса да, екі сөзді бір – бірінен айырып тұр»,- деп, жуан, жіңішке буындарды қарама-қарсы қойып, тіліміздің фонолгиясы сингармонизмге иек артатындығын тап басып көрсеткен еді [9, 288-289б.].