Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім министрлігі
Семей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті
СӨЖ
Тақырыбы: «Қазақ тілінің фонетикасы»
Тексерген: Калиева С.Е.
Орындаған: Нұрбек Д.Н
Тобы: КЯ-903С
Семей, 2019
Қазақ тілінің фонетикасы
Жоспар:
І. Вокализм мен консононтизм жүйесі, жіктеу принциптері
ІІ. Фонема теориясының негіздері
ІІІ. Қазақ тілінің фонетика, фонологиялық қоры
ІV. Қазақ тілінің просодикалық қоры
І. Вокализм мен консононтизм жүйесі, жіктеу принциптері
Вокализмдер (дауыстылар жүйесі).
Фонологияның негізгі объектісі – фонема. Фонема (грекше phonema – дыбыс, үн деген сөзден шыққан) – сөздің мағынасы мен тұлғасын түрлендіре алатын, əрі қарай бөлінбейтін тілдегі ең кіші айтылым бірлік.
Фонема туралы ілімнің алғаш негізін (1870) салған орыс жəне поляк тілін зерттеуші И.А.Бодуен де Куртенэ болатын. Ол «Некоторые отделы сравнительной грамматики славянских языков» (1881 ж.) атты еңбегінде фонема сөздің фонетикалық бөліктеріне қарағанда бөлінбейтін бөлшек екенін айтады [1]. Ғалымның пікірінше, морфеманың алмасып отыру заңына байланысты бір фонема болу үшін тек қана тұтас бөлінбейтін дыбыс қана емес, сонымен қатар, дыбыс бөлігі, тіпті, екі не одан да көп дыбыстар да бола алады. Себебі олар морфема төңірегінде ауысып отырады. Демек, Бодуен де Куртенэ фонеманы фонетикалық бірлік ретінде емес, этимология-морфология бірлігі ретінде қарастырады, яғни фонеманың антропофоникалық аспектісін морфемдік аспектісінен ажыратып қарастырған. Ғалым келесі еңбектерінде фонема жайлы түсінігін өзгертіп, таза психологиялық тұжырым жасайды. Мəселен, 1894 жылы поляк тілінде шыққан «Опыт теории фонетических альтернаций» деген еңбегінде: «Фонема – единое представление, принадлежащее миру фонетики, которое возникает в душе посредством слияния впечатлений полученных от произношения одного и того языка», - [2,32-б.] десе, 1917 жылы жарық көрген «Тіл біліміне кіріспесінде»: «... Постоянно в нашей психике существующее представление звука, т.е. одновременного сложного комплекса произносительных работ и получаемых от этого представлений, мы будем называть фонемою», - дейді [2, 32-б.]. Сондай-ақ, ғалым фонемалардың өз беттерінше «өмір сүре» алмайтыны жайында: «Фонемалар ... өздігінен ешқандай мағыналарға ие бола алмайды. Олар əр жақты... тілдік элементтердің (ал ондай элементтер - морфемалар) құрамына енгенде ғана, тілдік мəнге ие болып, лингвистикалық тұрғыдан қаралып таныла алады», - дейді [1, 276-б.].
Фонема теориясы туралы ілімді тереңірек зерттеп, ары қарай дамытқан ғалым Бодуен де Куртенэнің шəкірті Л.В.Щерба болды. Л.В.Щербаның фонема теориясы жайлы алғашқы түсінігі ұстазының көзқарасымен үндес келеді. Оның 1912 жылы шыққан «Русские гласные в качественном и количественном отношении» деген еңбегінде фонемаға берілген анықтама психологиялық түсініктен арылмаған. Солай бола тұрса да, фонема жөнінде функционалдық көзқарастың қалыптасқаны аңғарылады. Ол: «Фонемой называется кратчайшее общее фонетическое представление данного языка, способное ассоцироваться со смысловыми представлениями и дифференцировать слова и могущее быть выделяемого из речи без искажения фонетического состав слова», - дейді [2, 32-33-бб.]. Ал «Фонетика французкого языка» деген еңбегінде: «... в живой речи произносится значительно больше, чем мы обыкновенно думаем, количестворазнообразных звуков, которые в каждом данном языке объединяются в сравнительно небольшое число звуковых типов, способных дифференцировать слова и их форм, т.е. служат целям человеческого общения... Мы будем их называть фонемами», - деп фонеманың мағыналық қызметіне баса назар аударды [2, 33-б.]. Демек, Л.В.Щербаны фонема теориясының негізін қалаушылардың бірі деп толық айтуға болады. Ол фонетика мен фонологияны бір-бірінен бөліп қарастыруға қарсы болды. Л.В.Щербаның айтуынша, сөздің жəне сөз тұлғасын ажырататын дыбыс типі, дыбыстық түрі көп, шегі жоқ, бірақ олар орайласып бір дыбыс типін құрайды, оны фонема деп ұғамыз [3,20-б.]. Ғалым өз еңбегінде сөзді жəне сөз тұлғасын ажырататын дыбыс туралы ғана айтып қоймай, фонема жəне оның реңктері жайында да сөз қозғады. Ол жөнінде М.И.Матусевич «В изучении Щерба особенно важен также и второй момент, а именно связь смыслоразличетельной функции с конкретным звучанием, т.е. учение об оттенках фонем» , - дейді [2, 34-б.].
Л.В.Щерба дыбысты үш аспектісі бойынша қарайды: бірі – социалдық немесе лингвистикалық; екінші – биологиялық немесе артикуляциялық; үшіншісі – физикалық немесе акустикалық аспектілері. Оның ойынша, сөз мағынасын өзгертіп тұратын, акустика-артикуляциялық жағынан түрліше айтылатын дыбыстар өз алдына жеке фонема болады да, ал дыбыстар түрліше айтыла тұрып, сөз мағынасын ажыратушылық қызмет атқармаса, онда олар бір ғана фонема болады. Л.В.Щерба түрліше айтылған дыбыстарды оның реңктері деп есептеді. Демек, ғалым фонеманы лингвистикалық аспектіде қарайды. М.И.Матусевич: «Членение речи на отдельные фонемы происходит только при лингвистическом аспекте, акустический же и артикуляционный аспекты в этом плане беспомощный», - дейді [2, 38-б.]. Л.В.Щерба фонеманың варианттары жөнінде дербес қолданылмайды, тек сөзде ғана қолданылады десе, сөз дыбыс тіркесімінен құралады. Ал сөз ішіндегі орнына тағы басқа мəселелерге байланысты дыбыстың əр түрлі варианттары болатынын айтады [3, 24-б.]. Л.В.Щербаның бұл зерттеуі өз мектебінде (Ленинград мектебі) қолдауын тауып, кең орын алды. Ендеше, осы мектептен тəлім алған шəкірттер тіл дыбыстарын басшылыққа алып отыратыны түсінікті. Сондай идея Ленинград мектебінің түлегі академик Ісмет Кеңесбайұлы Кеңесбаев зерттеулерінде де ұшырасады.
Ол фонемаға мынадай анықтама береді: «Сөз мағынасы мен сөз тұлғасын ажыратуға себі бар тілдегі ең кішкентай дыбыстық единицаны фонема деп атаймыз» [4, 221-б.].
Ғалымның анықтамасы Л.В.Щербаның түсінігімен үндес, яғни фонема сөз (не фонема) ажыратушылық жəне мағына ажыратушылық қызмет атқарады. Фонема сөзден тыс тұрып ешқандай мағынаға ие бола алмайтыны белгілі. Демек, фонеманың «өмір сүру» ортасы – сөз. Сондықтан қандай сөз болмасын белгілі бір фонемалардан құралады. Сөзде фонеманың саны аз, көп те бола береді. Сөзден сөз өзгеше болу үшін сөздің күллі фонемалар сапасы өзге болуы шарт емес, бір сөзден бір сөз, біріншіден, фонеманың сапасы жағынан (мал, тал, қал), екіншіден, фонеманың саны жағынан (бала, ала, ал), үшіншіден, фонеманың сөздегі орын тəртібі жағынан (тас, сат, қас, сақ) ажыратылып отырады. Бұл жайында ғалым І.Кеңесбаев: «Сөздердің бір-бірінен айырмасы ол сөздердің тек бір дыбысының өзгешелігімен де байланысты; мысалы, Жамбылдың «Алатау» атты өлеңі мынадай болып келеді:
Тізілген таулары бар Жетісудың,
Ішінде орман, тоғай біткен нудың.
Дариядай тулап аққан сол таулардың,
Көресің тамашасын аққан судың.
Есепсіз тау суреті көз жетпейтін,
Жарлауға қазынасы көп тіл жетпейтін,
Өрік, алма, алмұрт, жиде жемістер көп,
Бір татсаң аузыңнан дəм кетпейтін.
Осындағы нудың деген сөз н дыбысынан басталып тұр да, судың деген с дыбысынан басталып тұр; сол сияқты жетпейтін деген ж дыбысынан, кетпейтін деген к-ден басталып тұр. Мағына ажыратып тұрған осы сөздердің басқы дыбыстары; əр екі сөздің өзге дыбыстары – ортақ (өзінің сапасы мен саны жағынан да, ол дыбыстардың орын тəртібі жағынан да айырма жоқ ). Осы мысалда сөз мағынасының ерекшелігіне ұйытқы болып тұрған басқа дыбыс болғандықтан, оның фонематикалық қасиеті бар. Сөз ішіндегі дыбыстардың саны мен сапасы бір бола тұрып, олардың орын тəртібі ауысса (метатеза болмаған жердің бəрінде ), сөз мағынасы мүлде өзгертіліп кетеді. Сондықтан арнаулы бір мағына туғызу үшін дыбыстардың сапасы, сонымен қатар олардың тіркесу тəртібінің де үлкен рөлі бар. Мысалы, сол «Алатау» өлеңінде былай делінеді:
Қарлы тау басы биік мұнар кетпес,
Сырласып бұлттармен болған кептес.
Аңдар мекен етіп, өніп-өсіп,
Жүреді бір – бірімен боп тілектес.
Осындағы кетпес, кептес сөздеріндегі дыбыстардың сапасы да, саны да бірдей. Солай бола тұрып, дыбыстардың тіркесуі əр түрлі болғандықтан, бұлардың мағынасы да əр түрлі, - дей келіп, - ... фонеманың сапасы өзгерілсе де (нудың – судың, жетпейтін - кетпейтін), саны өзгерілсе де (тегіс - егіс), орын тəртібі өзгерілсе де (кетпес - кептес) сөз мағынасы тиісінше, құлпырып отырады», - деп қорытады [4, 221 – б.].
А.Бақтыгерееваның мына шумағын алайық:
Ұмытсам деп ем мен сені
Жүректе жоқ-ау бағыныш.
Көтертпей қойды еңсені
Билеген бойды сағыныш.
Осындағы бағыныш пен сағыныш сөзіндегі мағына ажыратып тұрған – б мен с фонемалары.
Демек, сөзден сөздің өзгеше болуы үшін оның құрамындағы барлық дыбыстың сапасы өзгеше болуы шарт емес, тек бір дыбысының сапасы өзгеше болуы немесе бір сөз бен екіншісінің құрамындағы дыбыс саны, дыбыстардың тіркесу тəртібі өзгеше болуы жеткілікті. Ал Л.В.Щербаның теориясына салатын болсақ, дауыссыз дыбыстардың жуан – жіңішкелігі бір фонеманың реңктері болмақ. Сөз ішінде кездесетін бір фонеманың түрліше реңкі мағына жəне форма ажыратушылық қызметі жоқ екені айтылған. Бұл жөнінде Р.И.Аванесов: « ... одна разновидность данной фонемы не может отношению к другой разновидности той же фонемы, не может выступать в качестве знака для различия слов. Слова могут различаться только разновидностями одной фонемы по отношению к разновидностям других фонем», - дейді [5, 40 – б.]. Сондықтан жоғарыдағы мысалдағы дауыссыз с, п, л дыбыстарының бірде жуан, бірде жіңішке болып айтылуында сөз (форма жəне мағына) ажыратушылық қызметі, яғни фонематикалық қасиеті болмайды.
Қазақ тіліндегі сингармонизм теориясы қазақ əдеби тілінің орфографиясына ыңғайлы. Дауысты дыбыстар бір – біріне қарсы қойылады (а - ə, о - ө,ы – і, ұ – ү...) жəне жуан – жіңішке сөздің ішінде мағына ажыратушылық қызмет атқарады, сонымен қатар дауыссыздардың жуан – жіңішкелігін көрсетеді. Мысалы: сал – сəл, сол – сөл, тұр – түр.
Сондықтан түркі фонемасын сингармониялық фонема деп те атайды (Жүсіпов). Қазақ сөздері Махмұдов А. көрсеткендей, бір-бірінен дыбыстық құрамы арқылы ғана емес, сонымен бірге Жүнісбеков пен Жүсіпов көрсеткендей, сингармонизм типі арқылы да ажыратылады, яғни мағына ажыратушылық қызметті барлық дыбыстар ғана емес, сингармонизм типі де атқарады.Сондықтан қазақ тілінде сингармониялық тембрларға назар аударылады. Сөз тану жəне сөз тудыру қызметін де атқарады. Жүнісбеков белгілі төрт сингармониялық тембрді келтіреді:
жуан сингармотембар – тас, ал
жіңішке сингармотембар – сіз, бет
жуан еріндік сингармотембар – дос, тұр
жіңішке еріндік сингармотембар – көл, сүт
Сөйтіп сингармонизм типтері қазақ сөзінің негізін құрайды.
Қазақ тіліндегі дыбыстардың бір-бірімен тіркесуінің де табиғи
заңдылығы бар. Яғни сөздің құрамындағы дыбыстардың барлығының да бірдей тембрлі болуы қажет десек, дыбыстар тіркесі сингармонизмге негізделуі тиіс. Осы бағытта С.Мырзабеков байырғы қазақ тіліне тəн дауыссыз үндеспелердің (фонема) өзара тіркесу мүмкіндігін анықтап, олардың тіркесуінің үш түрлі позициясын көрсетеді. Ғалым қазақ тіліндегі сөздің əр түрлі позициясындағы сегменттерін арнайы кесте арқылы көрсетіп, олардың фонологиялық ерекшеліктеріне назар аударады. Қазақ тілі дыбыс жүйесінің жаңа бағытта зерттелуі тіліміздің фонология ерекшеліктері мен əр түрлі қырларын терең тануға мүмкіндік беріп қана қоймай, жаңа міндеттерді де алға тартып отыр.
Фонетика ғылымында дыбыстарды зерттеу басты орын алады, яғни зерттеуші үшін сөйлеу тілі тасқынының жеке дыбысын анықтау маңызды. Сөйлеу тілінің бөлшектенуі лингвистикалық факторға негізделуі тиіс.
Қазақ тілінде кездесетін сингармониялық əралуандылық, ең алдымен, сөйлеу бөлігінің, яғни сингармониялық дыбыс, сингармониялық буын, сингармониялық сөз үздіксіздік нəтижесі болып табылады.
Сингармонизмді Назбиев Ж. үшке бөледі: дауысты сингармонизм, дауыссыз сингармонизм, буын сингармонизм. Дауысты үндесім бірліктер 3 топқа бөлінеді. Олар – қысаң, ашық, дифтонгтар. Қысаң дауысты топта төрт үндесім тембр бар: Ы,І,Ұ,Ү, яғни жуан, жіңішке, еріндік, езулік. Ал ашық дауысты топта бар болғаны екі үндесім (А,Ə, яғни жуан, жіңішке) тембр болса, дифтонг топта оның үш түрі бар: О,Ө,Е, яғни жуан, жіңішке, еріндік, езулік. Бұдан «дауыстылар үндесімі» жеке құбылыс емес, сингармонизмнің бір түрі екенін байқаймыз. Соңғы кезде дыбыс жүйесін жаңа қырынан қарастырып жүрген ғалым Ə.Жүнісбеков қазақ (түркі) тілінде фонологиялық қызметті буын атқарады деп, фонеманың орнына сингармема терминін қолдануды ұсынды. Ғалым қазақ тілінде сөз ажыратушы мен мағына ажыратушы қызметті сингармонизм атқаратынын дəлелдеді. Ол сингармонизм тек дауысты дыбыстардың ғана гармониясы емес, сондай – ақ дауыссыз дыбыстарға да қатысты екенін, олар (дауысты жəне дуаыссыз дыбыстар) сингармониялық тембрдің (сингармотембр) ықпалына бірдей ұшырайтынын, сингармонизмнің басты фонологиялық қызметі – қазақ сөзінің өн бойында біркелкі тембрдің сақталуында екенін, сингармониялық тембр конститутивтік жəне сөз ажыратушы қызмет атқаратынын айтады. Сингармонизмнің конститутивтік қызметі сөзді дұрыс тануды (ажыратуды) қамтамасыз етеді. Мысалы, бас, бес, бос, бөс деген сөздер жуанды – жіңішкелі болып келуімен ғана емес, əр сөздің өзіне тəн бір тембрдің сақталуымен ажыратылады, – дейді.
Қазіргі қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін Ə. Жүнісбек өз еңбегінде дəлелдейді: «Қазақ тілінің төл дауысты дыбыстарының жүйесі 9 дауысты дыбыстан құралады. Олар: А, Ə, Ы, І, Е, Ұ, Ү, О, Ө»
Достарыңызбен бөлісу: |