ІІ. Жолдағы жидебайшылар
Жас көңілдің желігі таусылған ба... Өресін өлең кернеген өңкей өрен жиылған дәл мынадай сапар үстінде жас кеуденің жалыны әдеттегіден елу есе қоздай түскендей. Бірі Абай жырларын жаттауда, бірі өлең шығаруда, бірі журналдарды ақтарып, Абай мен Мұхтарды енді танығандай ізденіс үстінде. Бір емес бірнеше данышпан тудырған киелі топыраққа әркім өз сыйын ұсынбақ. Бірақ сапарымыздың мұндай бір қалыпты ырғақпен жалғасуы мүмкін емес еді. Вагон ішін азан да қазан етіп ойын да ойнадық, әнде айттық, әңгіме де айттық. Жол үстінде ойнауға болады деген бүкіл ойынды, айтуға келеді деген бар қазақтың әнін, бар әңгімесін біз тауысқандай болдық. Арамызда бізбен бірге оқитын Аякөздік жас ақын қыз да бар. «Төркіндеп келесің» деп оған да қалжыңдап қоямыз.
Қайран, Ертіс.... Қайран, Шыңғыс... Қайран, Жидебай... Қойнауыңа асығып келеміз. Алатаудың бөктерінен алқынып ұшқан балапандарға жай кәне құшағыңды!
Достарыңызбен бөлісу: |