ІХ. Жер кіндігі - Жидебай
«Еуразия кеңістігінің кіндігі». Дәл осы жазу Жидебайдағы Абай үйінің маңындағы ашық алаңқайға орнатылған пирамида пішіндес құлпытастың төрт қабырғасында төрт тілде жазылып тұрды. Граниттен жасалған шағын мүсіннің биіктігі белуардан аспайды. Бірақ оның орналасқан орны мен сырлы символикасы қоңыр тастың қадірі мен маңызын мың есе арттырып тұр. Еуразия материгінің орталығы Семейде деп естуіміз бар еді. Ал осынау алып құрлықтың кіндігі дәл осы Жидебайдағы Абай үйінің маңында екенін біреу білсе, біреу білмес. Жер кіндігі – Жидебай. Біз Еуразияның қақ төсінде тұрмыз. Біз Абайдың үйіндеміз.
Жалпы бұл сапар жайлы төрт-бес ай бұрын естіген болатынбыз. Содан бері көруге асыға күткен қасиетті мекенге артынып-тартынып жеттік міне. Құнанбай қажы салдырған киелі қара шаңырақтың қақпасын ашқалы тұрмыз. Епті жігіттің қолындағы қап-қара фотоаппарат пен темір есіктің аузындағы қара құлып екеуі бір мезгілде шарқ-шұрқ етті. Есік ыңырана ашылып аула ішіне кірдік. Жан-жағымызға таңдана қараймыз. Гүл отырғызылып, тас төселген, күтімі жақсы аула. Балшықтан салынған көп бөлмелі там үй. Сол жақ қанатындағы ағаш бастырмада бір пәуеске, бір жұмысшы арбасы тұр. Заманында Семей мен Жидебайдың арасында талай шапқылап, қаладағы кітапханадан талай-талай томдарды тасыған киелі пәуеске. Қыр қазағының бар жұмысын тындырған еңбекқор атарба. Абай мінуі мүмкін деген көліктен тірі қалғаны осылар ғана.
Бізді қарсы алған жасы егделеу кісі бірнеше ескерту жасады да, үй есігін ашты. Ауыз үйге терезеден тікелей жарық түспегесін алакөлеңкеленіп тұр. Сол жақ қабырғаға бірімен-бірі тізбектелген Өскенбайдан Абай балаларына дейінгі шежіре өрілген. Әрі қарай өз ісін шебер меңгерген таныстырушының соңынан шұбырап, тірі тарихтың құшағына еніп кеттік.
Ас бөлме, сол замандағы жаңа үлгідегі пештер, күтушілердің құрал-жабдықтары, сыры кетпеген ыдыс-аяқтар. Одан әрі қонақ бөлмесі, жатын бөлме, Абайдың жұмыс бөлмесі, Ділдә мен Әйгерімнің, Еркеженның отаулары, т.т. бір-бірімен жалғасқан әрқайсысы жеке бір тарих болатын жәдігер толы бөлмелер. Жүкаяқтар, сандықтар, тіпті ару біткенді көз тойдырмай өзіне қаратқан сол заманның айнасы. Пәкизаттың құндыз бөркі мен Еркежанның орамалы да бар. Әсіресе, баршамыздың көзімізді алақандай қылған ұлы ақынның қаптама тісі (!) болды. Абайдың өзі ауылға келген шеркес ұсталарына арнайы жасатқан Әйгерімнің күміс ертоқымы, саят құралдары, басқа да тұрмыстық мұралар тұнып тұр. Абай оқыған кітаптар жиылған шкаф бар екен. Әттең бетін ашып, анықтап көруге болмайды. Құнды жәдігерлердің тозып кетпеуі үшін қол тигізбей сақталуы да дұрыс-ақ. Сол бөлмеде ақынның жазу үстелі мен тері қапталған ағаш орындығы да тұр. Қиялдың қанатымен көктеп өтіп, кеуденің теңіздей тасыған толқуларын қара сиямен қағаз бетіне кестелеген қаншама ұзақ түндерін өткізіп, қаншама толғамалы ақ таңдарды осы үстел үстінде қарсы алды екен. Бір бөлмеден бір бөлмеге тамсана, таңдана еніп, құмарымыз қанбай шарлап жүрміз.
Бұл үйде басқалардан ұзағырақ аялдадық. Бірақ алдымызда бұл сапардың бар мәнісін ашқалы тұрған ең басты межеміз бар еді. Оған да асықтық.
Достарыңызбен бөлісу: |