VІІ. Күшікбай бұлағы Күшікбай батыр туралы қазақтың көп баласы білуі тиіс. Әуезовтың «Қорғансыздың күні» атты әңгімесін оқыған адам оны танымауы мүмкін емес. Қаладан шыққан бетте алдымен жазық далаға кезіккен едік. Енді ол да артта қалып, адырлар мен өркеш-өркеш төбелердің арасына еніп барамыз. Сол қалың шоқыға кіреберісте қос қақпа іспетті қос жотаның ортасын тіліп өткен тас жолдың бойында манағы Күшікбай батырдың бұлағы бар екен. Суының дәмі тіл үйіреді. Одан сусынды бір қандырып алып, жолдың арғы бетіндегі төбеде орналасқан батырдың зиратын зиярат еттік. Жарықтық, ауылын жаудан қорғаймын деп, арқадағы жарасына қарамай осы төбеде қасқайып тұрып жан тапсырған деседі ғой. Оның басына орнатылған төбесі найза сияқты сүйірленіп келетін алып мүсін сол қайсар батырдың кейпін елестетеді.
Елде батырлардың көп болғаны жақсы ғой. Тірі батырлар болса тіптен...