Теориялық конференция материалдары



Pdf көрінісі
бет6/27
Дата28.12.2016
өлшемі2,24 Mb.
#597
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27

Екіншісі,  сол  кеңістікте  өмір  сүріп  жатқан  өзіндік  дəстүр-салты,  əдет-ғұрпы  бар 
жұртымызды  жаһанданудан  сақтап  қалып,  оның  шын  мəніндегі  ұлттық  тəуелсіздігін 
қамтамасыз ету. 
Тіл, сол тілде жасалынған ұлттық мəдениет - сол ұлтты айқындайтын басты ерекшелігі, 
төлқұжаты, генетикалық коды. Төлқұжатынан, яғни ұлттық мəдениетінен айрылған ел есепке 
алынбайды  да,  жеке  ұлт  ретінде  көзге  түспейді  де. «Генетикалық  кодынан  айырылған  ел – 
қаңбақ.  Тамырынан  үзілгендердің  бəрі  тексіз.  Бүгінде  мемлекеттігі  мен  туған  тілін  сақтап 
отырғандар – сол  текті  елдер» (А.  Смайыл.  Мəңгілік  елдің  тұғыры – мықты  мемлекет. 
«Егемен Қазақстан», 25.02.2015).  
Қаза берсең, шыға береді. Бүгінгі таңда соның ең бастысы – ана тіліміздің мемлекеттік 
мəртебесін  күшейтіп,  бүкіл  дүние  жүзіндегі  мəдени  ұлттық  экономикалық,  əлеуметтік 
дамудағы озық үлгілерді өз бойымызға терең сіңіріп алу болып тұр. 
Республикамызда  ұлтаралық  татулық  бүгінде  өз  жемісін  берді.  Бұл  да  біздің  ұлттық 
идеямыздың  маңызды  бір  саласы  еді.  Ендігі  мəселе  ұлттық  рухымызды  тексіз 
космопалитизмге айырбастап алмауымыз керек. 
Қазақтың  ұлттық  идеясын  аспаннан  іздеп  керек  жоқ.  Бəрі  де  Абайда  тұр.  Қанағат. 
Еңбек.  Талап.  Ой.  Рахым.  Абай  бес  нəрсеге  асық  бол,  бес  нəрседен  қашық  бол  деп  тегін 
айтпаған. Біздің қазақ Абай айтқан бес нəрседен қашып, бес нəрсеге асығуы керек. Ұлттық 
идея, міне, – осы!» (ақын Серік Ақсұңқарұлының фейсбуктегі жеке парақшасынан). 
Ұлттық саясат жүргізу тікелей ұлттық идеологияға сүйенеді. Ал ұлттық идеология бір 
ұлттың  басқа  ұлттарға  диктатуралық  жолмен  өктемдігін  жүргізу  үшін  емес,  керісінше 
солардың  да  қамын  жауапкершілікпен  ойлай  отырып,  мемлекетті  құрып  отырған  ұлттың 
мүддесін  қорғау,  барлық  ұлттардың  тату-тəтті  қатар  бақытты  өмір  сүруін  қамтамасыз  ету, 
соңында барлық халықтармен бірге мемлекетті күшейту үшін қажет.  

49 
 
«Əсіресе  жас  мемлекетке  идеология  керек.  Себебі:  біріншіден,  біздің  ұлттық 
мəдениетіміз,  санамыз  заман  өзгерген  сайын  сырттың  ықпалына  түсті.  Күлтегін  мен 
Тоныкөктің  сына  жазуындағы  ұлы  идея - тəуелсіздік  идеясы  бүгінгі  заманға  сол  қалпында 
жеткен жоқ. Өзгерістерге ұшырады (Жұртбай Т. Біртұтас алаш идеясы. Алматы, -2014, 3-бет; 
Сүре сөз. Алматы, -2005, 134-бет). 
Қазақстан  жағдайында  елімізде  ұлттық  идеология  мемлекеттік  идеология  негізіне 
алынып,  ең  алдымен,  көпшілік  халықтың,  содан  кейін  басқа  да  этностардың  мүдделері 
қорғалғанда  барып,  қоғамымызда  тыныштық  орнап,  қалыпты  дамитын  боламыз.  Дəл  қазір 
қазақ қоғамында осындай жағдай бар деп, айта алмаймыз.  
Ұлт  үшін  аса  маңызды  осы  бір  мəселе  хақында  белгілі  мемлекет,  қоғам  қайраткері, 
профессор Мырзатай Жолдасбеков «Ұлтты сақтайтын – ұлттық идея. Ол ұлттың өмір сүруі, 
тiлегi,  ниетi,  ойы  дегенге  саяды.  Ұлттық  идеясы  бұлыңғыр  елдегi  билiк  оңай  қателесуге, 
ырысы шайқалып төгiлуге бейiм тұрады. Яғни, билiк үнемі ұлттық идеяны ұлықтап, қазақты 
қалғытпай  қамшылап  отыруы  керек.  Біздің  түпкілікті  идеямыз,  арманымыз,  мемлекеттік 
идеологиямыз – Мəңгілік Ел орнату. Мəңгілік Ел болу үшін мінсіз ұлт болуымыз керек. Ұлт 
боламыз,  іргелі  ел  боламыз  десек,  ендігі  жерде  қазаққа  көзқарасты  өзгерту  керек,  билік 
орындарына  мемлекет  тілін  жетік  білетіндерді,  қазақ  халқының  тарихын,  мəдениетін, 
əдебиетін,  ғұрпын  жақсы  білетіндерді,  ішкі-сыртқы  саясатты  игергендерді,  өз  саласының 
білгір  мамандарын,  нағыз  мемлекетшілдерді  тағайындау  керек.  Ұлттығыңды  ұлықтау, 
дəстүріңді дəріптеу, ата-ананы ардақтау, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу – қазақ арасында 
бұлжымас  заңға,  өзгермес  қағидаға  айналуы  керек» (Мырзатай  Жолдасбеков.  Бұл  сөз 
айтылуы керек еді. «Егемен Қазақстан», 07.04.2015) депті.  
Талдаушылардың байқауынша, қазіргі қазақ қауымында ұлттық мемлекеттік идеология 
жоқ.  
Тəуелсіз  елдің  басты  бір  ерекшелігі - сол  мемлекетті  құрған  титулды  ұлттың  болуы. 
Мемлекет сол титулды ұлттың мүддесін қорғайды; оның мəңгілік сақталуына қызмет етеді. 
Қалай  десек  те  Қазақстан  мемлекетін  құрған – қазақ.  Сондықтан  да  қазақ  еліндегі  барлық 
мəселе осында бірге өмір сүріп жатқан диаспоралардың да жағдайын да ойластыра отырып, 
негізінен,  қазақ  халқының  болашағына  орай,  яғни  «Мəңгілік  ел»  болуын  қамтамасыз  ету 
тұрғысынан шешілуі тиіс.  
Қазақстан  қазақ  ұлтының  атынан  құрылған  ұлттық  мемлекет  бола  тұра  күн  бүгінге 
дейін  ұлттық  идеологиясыз  өмір  сүріп  келді  деуге  болады.  Оның  басты  себептері  елімізде 
тұрып  жатқан  өзге  де  ұлттардың  қамын  жеу,  басқа  этностардың  қазақтарға  деген  оң 
көзқарасын сақтау, ұлтаралық шиеленістердің алдын алу болатын. Ұлтқа, мемлекетке қызмет 
ететін ұлттық идеологияны жасап, оны іске қосу бүгінгі күннің аса маңызды мəселелерінің 
бірі  болып  күн  тəртібінде  тұр.  Міне,  ұлт  үшін,  Қазақстан  мемлекетінің  болашағы  үшін  аса 
маңызды осы бір толғағы əбден жеткен мəселе саяси тұрғыдан өз шешімін табар күн де туған 
сияқты.  
Орыстың  ұлы  жазушысы  Ф.М.  Достоевскийдің  «Асқақ  идеясыз  адам  да,  ұлт  та  өмір 
сүре алмайды» деген болатын. Шындығында да үлкен жетістіктер алға үлкен мақсаттар қою 
арқылы  ғана  қол  жеткізеді.  Əр  адам  өмір  бойы  арман  қуалап  өмір  сүріп,  бақытына  қол 
жеткізетін  болса,  ұлт  та - осылай.  Əрбір  ұлттың  қоғамдық  даму  жолын  дұрыс  айқындауы 
ұлттық идеялар арқылы ғана жүзеге асады. Осы уақытқа дейінгі Қазақстан жел қалай қарай 
соқса, солай қарай ығатын ескексіз қайықты көзге елестетсе, енді барар жері де, басар тауы 
да анық, оған қалай барудың жолдарын да, қандай қиындықтар кездессе де оны қалай жеңуді 
білетін демократиялық зайырлы мемлекетке айналары анық.  
«Ұлттық  идея  дегеніміз,  халықтың  басым  бөлігі  қабылдаған  ұлттық  құндылықтар 
жүйесі  болып  табылады.  Ал  ұлттық  идеяның  құндылықтарын  ұлттық  саясат,  ұлттық 
мəдениет, ұлттық мүдде, ұлтқа қоғамдық бетбұрыс құрайды» (Ə. Қайдарова, Рухы күшті ел 
ғана мықты мемлекет бола алады. «Айқын», 05.02.2014).  
Сонымен,  орынды  пайдалана  білсе,  ұлттық  идеялар,  сол  ұлттық  идеялардан  тұратын 
ұлттық  идеология - қоғамның,  оның  ішінде  ұлттар  дамуының  бағыт-бағдарын  дұрыс 

50 
 
көрсетіп  тұрар  бірден-бір  шамшырағы.  Ұлттық  идеясыз  бір  де  бір  ұлт  өмір  сүре  алмайды; 
одан бас тартқан ұлттың болашағы жоқ. 
Тарихқа  көз  жіберсек,  қоғамдық  өмірдің  қарқынды  даму  жолына  түсіп,  аз  ғана 
уақыттың ішінде тамаша табыстарға қол жеткізіп, бүгінгі күндері əлемдік өркениеттің көшін 
бастап  отырған  елдердің  барлығы  да  осы  ұлттық  идеологияны  ту  етіп,  оның  бар 
мүмкіндіктерін пайдалана білгендігін көреміз.  
Ұлттық идеологияда туған жердің, қазақтардың барынша қасиетті санаған атамекеннің 
амандығы,  қазіргі  сөз  саптаумен  айтқанда,  территория  тұтастығы  негізгі  мəселе  болып 
табылады.  Өйткені,  тұратын  «үйі»,  яғни  тіршілік  ететін,  өсіп-өнетін  жері  болмаса,  ондай 
ұлттың  болашағы  жоқ.  Жер  бетінде  алты  мыңдай  тіл,  яғни  ұлт  бар  десек,  соның  екі  жүзге 
жуығында  ғана  мемлекеттігі,  демек  жері  бар.  Сонда  тілдердің  көпшілігінің,  сонымен  бірге 
оларды  сақтауға  тиіс  ұлттардың  да  ертеңгі  күні – бұлыңғыр.  Əлемдегі  барлық  соғыстар 
ұлттардың тіршілік ету үшін ұлттарақтай жер үшін таластарынан туындаған десе де болады.  
Сондықтан  да  бір  тілде  сөйлеп,  сол  тілде  жасалынған  рухани  құндылықтармен, 
материалдық  байлықтарымен  өмір  сүретін  ұлт  құрған  мемлекеттің  ең  алдымен 
ойластыратыны, шешіп, жүзеге асыратын саясаты территориялық тұтастықты сақтау болып 
табылмақ.  Сондықтан  да  туған  жерін  сүюге,  отаншылдыққа  тəрбиелеу,  қажет  болған 
жағдайда  қасық  қаны  қалғанша  өзі  өскен  елін,  жерін  қорғауға  дайындау  сияқты  мəселелер 
ұлттық идеологияның негізін құрайды. 
Осы уақытқа дейін Қазақстанда қалыптасқан тарихи жағдайға байланысты мемлекеттік 
идеология  ретінде  көпұлтты  республиканың  тұтастығын  сақтайтын  ұлтаралық  келісімге 
барынша  мəн  беріліп,  барлық  ұлттардың  құқықтары  бірдей  қорғалып  келсе,  енді  еліміздегі 
демографиялық  ахуалдың  өзгеруіне  байланысты  қазақ  халқының  мүддесіне  басымдық 
беретін  кез  келген  сияқты.  Бұл  дегеніміз - əрине,  басқа  ұлттардың  есебінен  деген  емес, 
керісінше, оларға да жағдай жасай отырып, мемлекет құраушы ұлттың мүддесіне басымдық 
беру деген сөз. Өйткені, ұлттық идеология – ата-бабалар мекенінде ғасырлар бойы өмір сүріп 
жатқан қазақтардың арман-аңсарларын жүзеге асыратын, бақытты болашаққа бастайтын, ең 
соңында бақытты қоғамға қол жеткізетін бірден-бір үміті.  
Қазақты  сақтайтын  бірден-бір  қорған - ұлттық  идеология.  Оның  болмауы,  немесе 
əлсіздігі  халықты  ұлтсыздануға  соқтырып,  мұның  аяғы  ұлттың  жойылуына  алып  барады. 
Өкінішке  орай,  қазіргі  қазақ  қоғамында  ұлтсызданудың  кейбір  нышандары  өріс  бере 
бастады. Ұлттық тілдің, ұлттық мəдениеттің əлсіреуі салдарынан ұлттық намыс, ұлттық рух 
сияқты  ұлтты  өрге  сүйрейтін  ұлы  күштер  жоғала  бастады.  Ал  «Ұлтсыздану – ұлтты  бір-
біріне қарама-қарсы, ымыраға келмейтін жікке қақ бөледі. Өз ұлтының тамырынан ажыраған 
бейбақтар  пиғыл-ниетімен,  тілімен,  күнделікті  өмір  тұрмысымен,  жүріс-тұрысымен, 
қылықтарымен  оқшауланып,  туған  ұлтының  мəдениетіне,  дəстүріне,  жатжұрттың,  бөтен 
елдің түсінігімен қарап, көзге шыққан сүйелдей көрінеді... Біздің қазіргі билікті «қазақшыл» 
деуге  мүлдем  келмейді.  Жалпы,  Ұлтсызданудың  басшылықтан,  əкімшіліктен  бастау  алып, 
олардың  отбасылары,  туған-туыс,  көрші-қолаң,  атқосшылары  арқылы  жалпақ  жұртқа 
«жұқпалы  сырқаттай»  тарайтындығын  жоққа  шығаруға  болмайды.  Сосын,  ұрпақ  алмасқан 
сайын жат болмыс, бөтен тіл, бөгде мəдениет күшейіп, өз ұлтының тілі мен ділі, салт-дəстүрі 
əлсіреп,  жойыла  бастайды» (Достан  Қ.  Ұлтымызды  ұлықтайтын – қазақтың  қара  баласы. 
«Айқын», 26.12. 2012). 
Ұлттық  идеология  орынды  қолдана  білсе,  сілтегенін  кесіп  түсер,  пайдалана  алмаса, 
өзіне  де,  өзгеге  де  зақым  қылар  алмас  қылыш  сияқты.  Əсіре  қызыл  ұлттық  идеялардың 
шовинизмге, нəсілшілдікке апарып ұрындыратыны əрдəйім есте болғаны лазым.  
Қазақстан  Республикасы  Президентінің 2014 жылғы  халыққа  жолдауында 
мемлекетіміздің саяси даму бағыты «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ 
тағдыр – бұл  біздің  Мəңгілік  Ел,  лайықты  əрі  ұлы  Қазақстан!  Мəңгілік  Ел – жалпы 
қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. 
Мен  қоғамда  «Қазақ  елінің  ұлттық  идеясы  қандай  болуы  керек?»  деген  сауал  жиі 
талқыға  түсетінін  көріп  жүрмін.  Біз  үшін  болашағымызға  бағдар  ететін,  ұлтты  ұйыстырып, 

51 
 
ұлы  мақсаттарға  жетелейтін  идея  бар.  Ол – Мəңгілік  Ел  идеясы...  Қазақ  Елінің  ұлттық 
идеясы – Мəңгілік  Ел!»-деп  айқындалды.  Қоғамдық  дамуымыздың  осылайша  айқындалуы 
еліміздің  ұлттық  даму  жолына  түсуіне  үлкен  серпін  əкелер  елеулі  тарихи  оқиға,  рухани 
өміріміздегі жаңа дəуірдің басталуы деп түсіндік.  
Бұл  жерде  мына  бір  жəйт  əрдəйім  есте  болуы  керек:  біз  алға  қойған  ұлттық 
мақсатымызға  елімізде  бірге  қатар  өмір  сүріп  жатқан  бауырлас  халықтарды,  басқа  да 
этностар мен ұлыстарды топтастыра білсек қана жете аламыз. 
Сонымен,  ата-бабаларымыз  ғасырлар  бойы  қасиеттеп  келген  тілімізді,  сол  тілде 
жасалынған  не  бір  асыл  рухани  құндылықтарымызды,  жалпы  ұлтымызды  Батыстан  аузын 
арандай ашып келе жатқан жаһанданудың аранына түсіп кетуден қорғап, сақтап қала алатын 
–  тек  ұлттық  идеология  ғана.  Біз  «Мəңгілік  ел»  боламыз  десек,  оған  саяси,  экономикалық, 
рухани дамуымызда тəуелсіз болу арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Мұны ұлттық идеология 
ғана  қамтамасыз  ете  алады.  Сондықтан  да  «мен  қазақпын»  дейтін  əрбір  саналы  азаматтың, 
одан қалды біртұтас ұлттың қазіргі заманға лайықты қалыпты өмір сүруін қамтамасыз етіп, 
жеріміз  бен  еліміздің  тұтастығын,  тіліміз  бен  дінімізді,  ұлттық  дəстүрлерімізді  сақтап, 
дамытып, өркениетке қарай бастап отыратын толыққанды ұлттық идеологияның қажеттілігі 
бүгінгі аумалы-төкпелі заманда аса зəру мəселе ретінде күн тəртібінен түспейді.  
 
Ж.Ж. Тілепов, 
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, 
филология ғылымдарының докторы 
 
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ӨМІРГЕ КЕЛУІНЕ КУƏГЕР ХV ҒАСЫРДАҒЫ 
ЖЫРАУЛАР МҰРАСЫНЫҢ ТАРИХИЛЫҒЫ 
 
Қай заманда да қай халықтың болсын елдік тарихына қатысты деректер ең алдымен сол 
ұлттың өз тумасының шығармаларынан ізделетіні белгілі жай. Бұл тұрғыдан келгенде біздің 
ғылыми  қауым  қазақтың  жыраулар  мен  ақындар  туындыгерлігін  тек  көркем  шығарма  деп 
қана  бағалап  қоймай,  олардың  баға  жетпес  мұраларын  белгілі  бір  дəуірдің  елеулі 
оқиғаларына куəлік ететін куəгерлерінің жəдігерлігі ретінде қабылдауға мүдделі. Осы реттен 
келгенде XIV-XV ғасырларда өмір кешкен Қыдан тайшы мен Асан қайғы жырларын бұдан 
550 жыл бұрын өмірге келген деп есептелетін қазақ хандығының тірлігінен хабардар ететін 
көркем сөзбен өрілген баға жетпес деректер көзі деп қабылдаған жөн.  
Халық аңызы бойынша, ХV ғасырдың екінші жартысында Əбілқайыр ханның иелігінен 
Жəнібек  пен  Керей  (Шаһгерей)  хандардың  қазақ  жұртын  Шу  бойына  бастап  шығуын  да 
төмендегідей гəп бар: Əбілқайырға жақын жүретін, əділ билігіне бола елі сүйсініп Ақжол би 
атаған  Арғынның  Дайырқожа  есімді  азаматы  мен  атақты  Қарақыпшақ  Қобыланды  өзара 
іштей бір-біріне өшігіп жүреді. Қобыланды да Əбілқайырдың сыйлайтын адамы. Ақыры олар 
бір  күні  далада  кездесіп  қалған  сəтте  Қобыланды  Дайырқожаны  өлтіріп  кетеді.  Жəнібек 
«Қобыландыны шариғат бойынша қысас қылып өлтіруге» Əбілқайырдың келісімін сұрайды. 
Ондай  қадам  жасауға  Əбілқайыр  қалың  қыпшақтың  қабағынан  қаймығады  да,  үш  кісінің 
құнын  алып  бітісуге  шақырады.  Қарсы  жақ  оған  көнбейді.  Ағайын  жұрт  екіге  айырылады. 
Сол  кездерде  Дайырқожаның  жасы  тоқсандарға  келіп  қалған  əкесі  Қыдан  тайшы, 
көкірегіндегі шерін мынандай жырмен сыртына шығарған: 
Қара Қыпшақ Қобыландыда  
Нең бар еді құлыным? 
Сексен асып, 
Таянғанда тоқсанға, 
Тұра алмастай,  
Үзілді ме жұлыным?! 
Адасқанын жолға салдың, 
Бұл ноғайлы ұлының. 

52 
 
Аққан бұлақ,  
Жанған шырақ, 
Жалғыз күнде құрыдың, 
Қара Қыпшақ Қобыландыда, 
Нең бар еді құлыным?! [1]. 
Бұл  жолдардан  біз  Қыдан  тайшының  əрі  жырау  екендігін,  əрі  оның  шамамен 1370 
жылдардың  мөлшерінде  дүниеге  келген  азамат  екендігін  аңғарамыз.  Ал,  осындағы 
Дайырқожаны Қобыланды өлтірді ме, ел іргесі соған бола сөгілді ме деген мəселеге келсек, 
əрине,  Жəнібек  бастаған  топтың  Əбілқайырмен  билікке  бола  араздасып  жүрген  басқа  да 
себептері болуы мүмкін, бірақ, қазіргі уақытта авторы белгісіз деп жүрген, сол кезден бүгінге 
дейін, ноғайлы-қазақтың айырылардағы жыры деп айтылатын: 
Жылау, жылау, жылау күй,  
Жылаған зарлы мынау күй. 
Қазақ пен ноғай айрылды.  
Қазақ сартқа қайрылды.  
Ноғайлының ну елі,  
Күңіренді, қайғырды.  
Қара Қыпшақ Қобыланды,  
Қара орнынан айырды,  
Ел қанаты қайрылды.  
Зор күн туды, зор күндер,  
Кетті күлкі мол күндер. 
Жылау менен қоштасу... 
Келер ме қайтып ол күндер [2, 46-47-бб.] –  
сынды  өлеңнен,  шынында  да,  Қобыландының  Дайырқожа  өліміне  де,  елдің  қара  орнынан 
қозғалуына  да  қаншалықты  болғанда  да  қатынасы  барлығын  аңғарғандаймыз.Өйткені,  бұл 
жырдың  ғасырлар  бойы  елдің  жадында  жүруіне,  Қыдан  тайшының  жоқтауын  тікелей 
Дайырқожа  өлімімен  байланыстыруына  қарағанда  аталмыш  оқиға  негізсіз  емес.  Бұл 
турасында  белгілі  мемлекет  қайраткері  С.  Сейфуллин  Қобыланды  батыр  туралы,  оның 
Тоқтамыс  ханның  Алтын  Ордаға  билік  еткен  заманындағы  тоғыз  ерінің  бірі  болғандығына 
назар  аударатын  зерттеуінде,  жоғарыда  Ш.  Құдайбердіұлы  мен  М.  Əуезов  еңбектерінде 
айтылатын  жайларға  төмендегіше  тоқталады: «Қобыланды  батыр – тарихта  болған  адам. 
Орынбор  архив  комиссиясының  мағлұматы  бойынша,  Елек  қорғанынан  Ойылға  қарай 
жүретін  қара  жолдың  үстінде  «Қобыланды»  деген  бекет  бар.  Соның  жанында 
«Қобыландының бейіті» дейтін бейіт бар дейді, – деп, Қыдан тайшының баласын жоқтаған 
жырын  келтіреді  де, – ақырында  Қобыландыны  осы  жырды  айтқан  кəрі  ақын – Қыдан 
өлтірген дейді» [3, 331-332 бб.], – деп ой қорытады. 
Демек, батырлығына күмəн жоқ, бір елдің санаулы қолбасыларының бірегейі саналып, 
үлкен  эпостың  басты  қаһарманы  ретінде  белгілі  Қобыландының  Елек  бойындағы  зиратына 
дейін [2, 46-б.]  жүздеген  жылдар  бойы  қастерлеумен  келген  халқының  оның  ерлігін  ғана 
дəріптеп қоймай, аяғын мүлт басқан тұсын да ұмыта алмағаны деп білеміз. Өйткені, тарихи 
тұлға неғұрлым ірі болған сайын, оның мінін де елі ескергіш келеді. Бұл əңгіменің өміршең 
болуының сыры осында. Ал, алда-жалда осы жайға қол сілтеп сенбеймін дегеннің өзінде де 
əңгіменің ұзын ырғасын бұл уақытқа дейін солай қабылдап келген халықтың бірнеше буын 
өкілінің  өздерімен  кеткен  иланымын  ешкім  де  өзгерте  алмақ  емес.  Əдебиеттегі  тарихилық 
дегеннің,  фольклордағы  тарихилық  дегеннің  құдірет  күші  негізінен  осындай  жерлерден 
көрінеді. 
Тегінде  авторлығы  жоғалмаған  шығарма  əманда  туынды  иесінің  қай  кезде  өмір 
сүргендігін,  ол  кездегі  жыраудың  немесе  ақынның  елінің  хəл-ахуалын,  билеушісі  кім 
екендігін  анықтауға  жəрдемін  тигізетіндігінде  дау  жоқ.  Бұл  тұрғыдан  келгенде  халқының 
тағдырын  өзінен  бұрын  өмір  кешкен  Қорқыт  атасы  секілді  көп  ойлап,  уайым  жегендіктен 
Асанқайғы атанған [4, 146-б.], тек бір ғана қазақ халқы ғана емес, көршілес қырғыз жұртына 

53 
 
да  белгілі:  Əз-Жəнібек, [5, 327-б.].  Керей  хандармен  бірге  Əбілқайырға  қарсы  күрестің 
басында  болған  қарт  жыраудың  орны  айрықша.  Бүкіл  саналы  тірлігі,  кейінге  қалдырған 
əдеби мұрасы қазақ жұртының өмірінен ажыратып алғысыз болып келетін оны қазақ жырауы 
емес еді деуге ауыз бармайды. Сондықтан да Құрбанғали Халидұғлының Құдабай ақыннан 
жазып алған: 
Асанның асыл түбі Ноғай деймін,  
Үлкендердің айтуы солай деймін.  
Бұл сөзге анық қанық емес едім,  
Естігенім тақсыр-ау былай деймін.  
Тегінде ноғай, қазақ түбіміз бір,  
Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір.  
Орманбет хан ордадан шыққан күнде, 
Асан ата қайғырып айтыпты жыр [6], –  
дейтін  туындыдағы  оны  Ноғай  етіп  көрсетіп,  қазақ  пен  ноғайдың  арғы  жағы  бір  дейтін 
деректемеде де пəлендей қайшылық жоқ деп білген орынды.  
Өйткені,  ол  тұста  қазіргі  қазақ  ұлтын  құрайтын,  кезінде  Жəнібек  пен  Керейдің 
Əбілқайырдан  бөлінуіне  себепкер  болыпты  дейтін  Дайырқожа  мен  Қобыландының 
аталастары Арғын мен Қыпшақ рулары əліде болса Дешті-Қыпшақ ұлысының қарамағынан 
толық шығып кете қойған жоқ-ты [7]. 
М.  Əуезов  сөзімен  айтқанда  бұл – XIII-XV ғасырлардағы  қазақ  руларының  «Алтын 
орда, қазан хандығы, ноғайлы, өзбек бірлігі сияқты хандықтардың бəріне де кірген, солармен 
бірге ыстығына күйіп, суығына тоңып ірі тарихи оқиғаларды бастарынан бірге кешіріскен» 
[2, 46-б. ] тұстары болатын-ды. 
Тегінде  мұндай  атышулы  бедел  иелерін  өзім  деп,  өзге  деп  бағамдауда  халық  өте 
принципшіл.  Ол  көсемім,  ақылгөй  азаматым  аз  еді  деп,  жат  елдің  əруағы  асқан  абыройлы 
перзентін  өзінікі  етуге  тіптен  де  тырыспайды.  Өйткені,  қабырғалы  халыққа  өлермен 
даңғойлық жат. Жаттан жақын жасауға оның елдік ар-намысы жібермейді. 
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,  
Құлан қайтіп күн көрер?  
Аяғы жоқ, қолы жоқ,  
Жылан қайтіп күн көрер? 
Міне, осы жырды қазақ халқы Асанқайғынікі дейді. Қазақта жырау аз ба? Ақылман аз 
ба? Солардың кез-келген біреуіне осы туындыны қия салуға болар еді ғой. Жоқ, мұнда да сол 
кеңнен  ойлайтын,  кемел  ақыл,  үлкен  адамның  сөзі  еді  деп,  оның  пікірін,  əруағын  сыйлап, 
елдік  тұрғыдан  принциптілік  көрсетеді.  Бүгінгі  заман  адамының  түсінігімен  алғанда 
қоршаған  ортаның  фауна,  флорасының  қамын  толғаған,  толғаудың  бір  үзігіне  солай 
қарағанда  халық  оның  ел  басы  Жəнібек  ханға  арнап  айтқан  туындысын  одан  əрмен 
қорғаштап аялары хақ: 
Əй, хан, мен айтпасам білмейсің,  
Айтқаныма көнбейсің. 
Шабылып жатқан халқың бар.  
Аймағын көздеп көрмейсің.  
Қымыз ішіп қызарып,  
Мастанып қызып терлейсің.  
Өзіңнен басқа хан жоқтай,  
Елеуреп неге сөйлейсің?  
Қорған салдың бейнет қып,  
Қызметшің жатыр ішіп-жеп...  
Мұны неге білмейсің?...  
Əй, Жəнібек ойласаң,  
Қилы-қилы заман болмай ма? 

54 
 
Əлгінде  бүкіл  дүниедегі  жан  иесінің  жағдайын  ойлап  тұрған  кемеңгер,  бұл  жолы  Əз-
Жəнібекке  халқыңның  қамын  неге  ойламайсың,  қымыз  ішіп  қызынып,  елеуреп  сөйлеу  не 
теңің, істеген ісіңнің оңып жатқан бірі жоқ, келешегің, еліңнің ертеңі не болмақ, деп күйіне 
тіл қатады. 
Бір  ғажабы:  Асанқайғы  авторлығымен  сақталған  жырлар  мен  ол  туралы  айтылатын 
аңыз-əңгімелердің  мазмұндарында  пəлендей  айырмашылық  жоқ.  Мəселен,  сондай  аңыздың 
бірінде: 
«Бұрынғы  заманда  Еділ  мен  Жайықтың  арасында  бір  үлкен  патшалы  жұрт  болған. 
Ханы Жəнібек хан деген екен. Оның жұртында бір Асанқайғы деген жұрттың қамын ойлаған 
данышпан адам болыпты. Өзінің ақылдылығы сондай екен, ілгері де не болатынын болжап, 
күні  бұрын  халыққа  айтады  екен,  сондай-сондай  болады  деп...  Жəнібек  хан  дегеніне  жетіп 
тұрған кезінде Асанқайғы 95-ке келген кезі екен»... – делінеді де, одан əрі Жəнібектің сарай 
салдыру үшін Ресейден орыс шеберлерін алдырып, ғимаратты бітіртіп той жасататындығы, 
кейін  Қарашаш  атты  күңін  некелеп,  əйелдікке  алып,  құладын  құсты  баулып,  оған  аққу 
ілдіріп,  осылардың  бəріне  той  өткізіп,  соларға  Асанқайғының  риза  болмай,  сарайың  оны 
салған  орыстарға  бұйырар,  күңді  əйел  еткенің  тұқымың  хандықтан  айрылар,  құландынға 
қудың  олжа  болғаны  көліңнің,  жеріңнің  шын  иесінен  айырылып,  жау  жұрттыққа  бодан 
болатындығына көрінер деген болжамдары əңгімеленеді [8]. 
Екінші аңыз да ocыған ұқсас. Тек онда Əз-Жəнібек ханды «ойлы кісі екен» деген тіркес 
бар. Сосын бұл əпсанада Асанқайғының қазаққа коныс етер жайлы мекен іздеп 17 жыл дүние 
жүзін  кезетіндігі  сөз  болады [9, 413-415 бб.].  Ал,  осы  жайларды  Асанқайғы  былайша 
жырлаған: 
Қорған салдың бейнет қып,  
Қызметшің жатыр ішіп-жеп...  
Мұны неге білмейсің?  
Қатын алдың қарадан,  
Айрылдың хандық жорадан,  
Ел ұстайтын ұл таппас,  
Айрылар ата мұрадан,  
Мұны неге білмейсің?  
Құладын құстың құлы еді,  
Тышқан жеп жүнін түледі.  
Аққу құстың төресі  
Аңдып жүрген көп дұшпан,  
Елге жау боп келеді.  
Құладын қуды өлтірсе,  
Өз басыңа келеді!  
Құлың кеп сені өлтірер  
Осыны Асан біледі,  
Мұны неге білмейсің? 
немесе: 
Мұнан соң қилы-қилы заман болар,  
Заман азып, заң тозып жаман болар.  
Қарағайдың басына шортан шығып,  
Бабалардың дəурені тамам болар.  
О күнде қарындастан қайыр кетер,  
Ханан күш, қарағайдан шайыр кетер,  
Ұлың, қызың орысқа бодан болып,  
Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер?.. [10, 111-б.]  
 
Аңызбен  жырау  сөздерін  өзара  салыстырғанда  бірінде  айтылатын  ой  екіншісінде 
түгелдей дерлік қайталанады. Жəне көріпкел жанның айтқандарының кейін барлығының да 

55 
 
іс  жүзінде  дəл  солай  болып  шыққандығы  таңқалдырады.  Шынында  тарихта  Əз-Жəнібек 
қандай сарай салдырды, оны дəлелдерліктей біздің қолымызда дерек жоқ. Бірақ, қазақ аңызы 
Астрахань  шаһарын  Жəнібек  салдырған [11, 57-б.]  деп  есептейді.  Ал,  тарихта  Астрахань 
хандығының XV ғасырдың  ақырында  Алтын  Орданың  күйреуімен  байланысты  өмірге 
келгендігін [12, 371-б.]  ескерер  болсақ,  тегінде  бұл  аңызды  негізсіз  деуге  келмейді. 
Асанқайғы  сөзі  де  соны  тірілтіп  тұр.  Соған  қарағанда  қандай  ғимарат  болса  да  қазақ  ханы 
Əз-Жəнібектің  əйтеуір  елеулі  бір  құрылыстарды  орыс  шеберлерін  алдырып  салдыртқаны 
шындыққа келеді. 
Ал, орыс шеберлерімен, олардың билеушілерімен Жəнібек тұсында барып-келу араласы 
болды  ма  екен  деп  көңілге  күмəн  жүгіруі  мүмкін  десек,  бұл  күдікті  сейілтерліктей  дəлелдер 
жеткілікті.  Біріншіден,  Асанқайғының  Əз-Жəнібекке  ақыл-кеңес  айтып  отырған  мезгілі – 
Жəнібектің  Кереймен  бірігіп 1456 жылы  Моғолстанға,  Хантауына,  елді  бастап  келген 
уақытында  емес, 1465 жылы  оларға  теперіш  көрсеткен  Ақорда-Дешті  Қыпшақ  билеушісі 
Əбілқайырдың  өліп,  Жəнібектің  кері  қайтып  Астраханьда  хандық  құрып [6, 
 
131-б.]  тұрған 
кезіне  сəйкес  келеді.  Одан  басқаша  жорамал  жасауға  аңыздар  мен  Асанқайғы  өлеңдерінің 
мазмұны мүмкіндік бермейді. 
Екіншіден, «Орманбет хан Ордадан шыққан күнде, Асан ата қайғырып айтыпты жыр» 
деп  Құдабай  ақын  жырлаған  Орманбет  есімін  Тоқай-Темір  тұқымы  ұлығ  Мұхамед  хан  деп 
есептейтін (1419-1432 жылдардағы Алтынорда билеушісі) Шəкəрім Құдайбердиев [13, 76-б. 
], тарихшы Құрбанғали Халидұғлы [10, 74-75 б,.], Қ.И. Сəтбаев [14], М. Мағауин [15, 21-б.], 
Ш. Ыбыраев [16, 161-б.], пікірлеріне ден қойсақ оның Орыс хан шөпшегі Кіші Мұхамедтен 
тізе  бүккеннен  кейін  Солтүстіққе  барып  тəуелсіз  Қазан  Хандығын  құрғаны  мəлім.  Ал,  бұл 
Орыс мемлекетінің іргесі. Асанқайғы біраз жыл бұрынғы билеушісін қимай, соның соңына 
ерген  халқымен  ілесіп  ол  бетте  де  болып  қайтқан.  Орыс  жұртының  құлқын  да,  сол  кездегі 
жыл  өткен  сайын  қайраттанып  келе  жатқан  күшін  де  ел  басшысынан  əрмен  біліп 
отырғандығы сондықтан. 
Əз-Жəнібек  хан – қазақ  халқының  тарихында  есімі  ілтипатпен  еске  алынатын 
хандардың бірі. Оның Əз-Жəнібек атануы да содан. Əбілқайырдан елін бөліп алып шыққан 
да өзіндей еңбек сіңірген деп есептелетін онымен бірге туған бауыры Керей хан туралы не 
Асанқайғы, не басқа жыраудың бір ауыз лебіз білдірмей, разы болса да, наразы болса да тек 
қана Жəнібектің жырлануын да көп мəн бар. Өйткені, тарихи тұлға атаулының бəрі – əдеби 
кейіпкер бола бермейді. Ауызша жырланатын əдебиетте бірнеше ғасыр бойы есімі жоғалмай 
жүру үшін кейіпкер де, авторда сол халыққа айрықша еңбегі сіңген үлкен бедел иесі болуы 
керек. 
Демек, қазақ ұлысының Жəнібекті де, ол хандық құрған кезеңді жырлаған Асан сөзін де 
ұмытпауында осындай сыр бар. 
Біз  Асанқайғының  Əз-Жəнібекке  айтқан  сөздерін  қазақ  жұрты  Шу  бойында  жүргенде 
емес,  Əз-Жəнібек  Астрахань  хандығын  өзіне  қаратып  тұрған  кезде  шығарылған  деп 
есептейміз.  Шынында  осы  жаңылыс  пікір  емес  пе  екен?  Мүмкін,  Моғолстандағы  Иса-Бұға 
ханға келе жатқан бетте айтылған шығар? Міне, осының бəрін анық-қанығын анықтау үшін 
жырау сөзіне құлақ тосу қажет: 
Қырында киік жайлаған,  
Суында балық ойнаған,  
Оймауыттай тоғай егіннің,  
Ойына келген асын жейтұғын,  
Жемде кеңес қылмадың,  
Жемнен де елді көшірдің.  
Ойыл деген ойыңды,  
Отын тапсаң тойыңды,  
Ойыл көздің жасы еді,  
Ойылда кеңес қылмадың,  
Ойылдан елді көшірдің.  

56 
 
Елбең-елбең жүгірген,  
Ебелек отқа семірген,  
Екі семіз қолға алып,  
Ерлер жортып күн
 
көрген  
Еділ деген қиянға  
Еңкейіп келдің тар жерге,  
Мұнда кеңес қылмасаң  
Кеңестің түбі нараду...  
Ақылды белден алдырдың  
Көңілді жаман қалдырдың...  
Нəлет біздің жүріске!  
Еділ менен Жайықтың,  
Бірін жазға жайласаң,  
Бірін қысқа қыстасаң,  
Ал, қолыңды маларсың,  
Алтын менен күміске! 
Жоқ,  көріпкел  жырау  Еділден  бастап  жылжып  жайлы  мекендерді  кейінге  қалдырып 
келе жатырмыз деп қайғырып, қапаланбайды, керісінше Шығыстан Батысқа қарай беттеген 
жолдарында  ордалы  жұрт  болып  орнығуға  ылайықты  Ойыл,  Жем  секілді  сулардың 
бойындағы  шұрайлы  атыраптардан  тоқтамай  өтіп,  бір  қиыр  шеттегі  Еділ  атты  тар  жерге 
келгендігінен,  егер  осында  байырқамаса  шаруаның  түбі  берекелі  болмайтындығынан 
хабардар  етеді.  Көшпенді  елге  Жайық  пен  Еділді  тастап  əрмен  барғанда  береке  табар  жөн 
жоқ, енді осында аялдағын деп кеңес береді.  
Аңызда да солай: Жəнібек ханның жұрты Еділ мен Жайықтың арасында болған дейді. 
Демек,  бұл  жерде  жаңсақ  айтылған  пікір  жоқ.  Бұл  сөздер  шын  мəнісінде 1465 жылы 
Əбілқайыр  өліп,  сол  кезде  қазақтардың  баяғы  өздерінің  ата  жұртына  оралған  кезеңінің 
көрінісі деп қорытынды жасауға толық негіз бар. Жырдың айтылған тұсы қалай болғанда да 
1465 жылдан кейінгі мезгіл: шамамен оны 1465-1470 жылдар арасы деп межелеуге болатын 
болар. Олай дейтін себебіміз: Жəнібек осы жұртта кейін қарамағындағы халқының саны өсіп, 
қарашысы  көбейіп,  хандық  пəрмені  төңірегіне  түгел  жүретіндей  дəрежеге  жетіп,  əбден 
нығайған  тұста,  айрықша  саят  құрып  (құладынға  қу  ілдіріп),  төсек  жаңғыртып,  сарай 
(қорған)  салдырып  бірсыпыра  шаруалар  істейді.  Ол  толғау  Асанқайғының  Еділ  мен 
Жайықтың бойына көшіңді кідіртіп, халқыңды орнықтыр дегенді айтатын, біздің қазір ғана 
сөз  етіп  отырған  жырдан  басқа.  Оны  ілгері  жақта  келтіргенбіз.  Тегінде  осы  жырдың 
мазмұнына  іштей  үңіле  түссек  бұл  тұс  аңызда  айтылатындай: «Жəнібек  хан дегеніне  жетіп 
тұрған  кезі. ...Асанқайғының 95-ке  келген  шағы».  Бұл
 
толғаудан  Асан  Атаның  «Тіл  алсаң 
іздеп қоныс көр, Желмая мініп жер шалсам, тапқан жерге ел көшір, Мұны неге білмейсің?... 
Қош,  аман  бол,  Жəнібек,  енді  мені  көрмейсің!» – деп  Жəнібектің  жоғарыда  аталған  үш 
қылығына  риза  болмай,  басқа  жақтан  қоныс  іздейтіндігіне,  хан  бұған  ермесе,  өзінің  оған 
жолдас бола алмайтындығын айтып ат құйрығын шорт кескендігіне куəлік табамыз. 
Шындығында мұны қалай деп білуге болады? Əбден билігі нығайған хан Жəнібеққе 95 
жастағы  қария  Асан  Ата  риза  емес. Heгe?  Сол  уақыттан 4-5 жыл  ғана  (əрине,  мұның  бəрі 
болжам  ғой)  осы  тұсқа  еліңді  орнықтырсаң  дұрыс  болады  деп  отырған  жан,  неліктен 
Жəнібектен шошынады? Мейманасы тасқандығынан ба, ақылының қашқандығынан ба? Оны 
дəйектерлік қандай дерек бар? 
Біздіңше,  бұл  да  тарихи  шындықтан  онша  көп  алшақ  кетпейтін  жай.  М.  Тынышбаев 
өзінің  белгілі  еңбегінде  сол  дəуірді  зерттеген  тарихшылар  еңбегіне  сүйене  отырып, 1465 
жылы  Əбілқайыр  өлісімен  Жəнібек  пен  Керейдің  Моғолстанда  жүрген  жұрты  кері  қайтып, 
оларға Əбілқайырдан қалған қазақ рулары қосылып, айбыны асқандығын, кейін Астраханьды 
билеген  Жəнібектің 1477 жылы  Қырым  хандығына  пəрменін  жүргізгендігін,  сол  жақтан 
Ресей жұртына барып ақыры сонда қаза тапқанынан құлағдар етеді [7, 131-б.]. 

57 
 
Демек,  Əз-Жəнібек  ұлысының  Еділ-Жайық  атырабында  саны  өсті,  əлеуетті  елге 
айналды,  малы  көбейді.  Жаны  өсіп,  малы  өскен  елге  қоныс  тарлық  етті. «Бір  жігіттің 
қайратына  қырық  жігіт  мас  болар»  дегендей,  Əз-Жəнібек  енді  байтақ  ұлыстың  билеушісі 
болып алғаннан кейін Қырымға көз алартты. Бірақ, Қырымдағы тұрақты жұртты ығыстыра 
отырып  көшпелі  халыққа  қонысын  кеңейтердей  далиған  жайылым  табу  мүмкін  емес  еді. 
Оның  үстіне  бұндай  тұста  əліптің  артын  аңдып,  ағайынды  қауым  араздаса  қалса,  өз 
пайдасына  асырмақ  болып,  бағумен  отырған  Ресей  жұртының  да  мұндай  кезде  қарап 
қалмасы  ақиқат  еді.  Осының  бəрін  Асанқайғы  жырау  көре  білді.  Жəне  соны  Жəнібекке 
ескертті.  Ханның  қалың  жұрты  береке  табу  үшін  қонысты  басқа  жақтардан  іздеп  кеңейту 
керек деп түсінді. Сондықтан өзінің желмая мініп, жер шолып, егер қоныс тапса, күн сайын 
аумағы өсіп бара жатқан елін сол бетке апару керек деп білді. Бірақ, ол ойын Жəнібек хош 
алмаған. Сонан кейін жырау ашуға мінеді. Бұл атырапқа енді қайырылып соқпайтындығын, 
ханның бетін көрмейтіндігін кесіп айтады. Яки, Жəнібекпен атқұйрығын үзіседі. 
Əрине,  Асанқайғы  жырау  халық  аңызында  желмаяға  мініп,  есіл-дерті  жайлы  қоныс 
тауып берем деп, əбігерге түсіп жүргеніне қарап, оны ел кезген кейуана дəруіш деп ойлауға 
болмайды. Ол соңынан ерер қабырғалы елі бар, берісі ру басы, əрісі кіммен қатар тұрса да өзі 
ешкімнің  де  көлеңкесінде  көрінбей  қала  алмайтын  дағуалы  пікір,  үлкен  билік  иесі. 
Сондықтан  да  оның  қимылдары  адуын,  жалтақтықты  білмейді.  Шоқан  Уəлиханов,  Əлкей 
Марғұлан  жəне  басқа  ғалымдардың  зерттеуінше, XV ғасыр  басында  Сарай,  кейін  Қазан 
қаласында,  бертін  келе  Жəнібек  маңында  болған  ақсақалдың  ақырғы  тұрақ  етіп  тепкен 
қонысы – қазақ  даласы.  Оның  ішінде  Жетісу  өлкесі,  Ұлытау  бойы  болып  суреттеледі. 
Мүрдесі  бірде  Ыстықкөл  жағасында,  бірде  Ұлытау  бойындағы  Ақмешіт  əулие  қорымына 
жерленген  болып  əңгімеленеді [17]. He болғанда  да  осынау  өз  атымен  бүгінге  шығармасы 
жеткен,  елі  үшін  жанын  шүберекке  түйіп,  от  пен  суға  түскен  аруақты  Қазақ  жырауы 1470 
жылдардан кейін Еділ бойына қайтып оралмаған. Сол беті дүниеден көшкен. 
Жыраудың  осы  күнге  дейін  өмір  сүрген  кезеңі  туралы  айтқанда,  жобалап  та  болса  ол 
қай кезде туып, қай тұста дүниеден өтті деген мəселе де көп күмілжитініміз аян. 
Ол  заңды  да.  Бірақ,  бір  нəрсеге  ден  қою  керек  сияқты.  Егер  Асанның  осы  мезгілге 
жеткен  шығармаларының  өзінікі  екендігін,  оның  Əз-Жəнібекке  айтқан  сөздерінің 
деректілігін  мойындар  болсақ,  сол  шығармалардағы  барша  мəліметтерді  Əз-Жəнібек  пен 
Асанқайғы  туралы  əпсаналар  жарыса  баяндап,  көмескіліктің  пердесін  ысырып 
отыратындығы  тегінен  тегін  емес  деп  білу  керек.  Сөйтіп,  əпсананың  берер  дерегін 
мойындасақ, Əз-Жəнібектің абыройы-беделі дəуірлеп тұрған тұс 1460 жылдардың ақырында 
Асанқайғы 95 жаста. Демек, көпті көрген көне көз жырау 1360 жылдардың соңы, берісі 1370 
жылы  дүниеге  келген  азамат  болып  шығады.  Сонда  ол 1432 жылы  Алтын  Орда  тағынан 
тайып  «Орманбет  хан  ордадан  шыққан  күнде,  Асан  Ата  қайғырып  айтыпты  жыр»  деп 
Құдабай  ақын  жырлайтын  Тоқай  Темір  тұқымы  Ұлығ  Мұхамед  (Өр  Мұхамбет,  Өрмəмбет, 
Орманбет  атанып  кеткен)  ханның  Орыс  хан  шөпшегі  кіші  Мұхамедтен  тізе  бүккен  кезінде 
ғана  емес,  оның  алдындағы  Едіге  мен  Темір-Құтлық,  Тоқтамыс  кезінде  де  өмірде  бар,  ат 
жалын тартып мінген ересек кісі болып шығады. 
Бір ескеруге тұрарлық жəйт: тарихшы Құрбанғали Халид Асанқайғының «өз аты Хасан, 
оны  халық  Асан  Ата  деп  кеткен» [10, 93-б.]  деп  жазады.  Сондай-ақ,  Тоқтамыс  ханның 
басынан бағы қайтып 1393 жылы 20 майда Польшаның королі Ягайлаға жазған Жарлығында 
аттары көрсетіліп, елшілікке жіберіліп отырған Котлубаға, Асан (Хасан) есімді адамдар бар 
екенін білеміз. Ол документті А. Казембек, И. Березин, Д. Банзаров, Ш. Уəлиханов [5, 105-
106  бб.],  В.  Радлов [18], секілді  ғалымдардың  тарих  ғылымының  игілігіне  айналдырғанына 
талай уақыт өтті. 
Бірақ, елшілікте жүретін Асанды  қазақтың  тарихына қатынасы бар адам емес пе екен 
деп  ойлауға  кейінге  дейін  заманның,  заңның  қабағына  қарап  келгендіктен  ғалымдарымыз 
тəуекел ете алмай келді. Тіпті, оны былай қойғанда Асанқайғының жыраулық бетін танытқан 
Əз-Жəнібеққе айтқан ақыл сөздерінің өзін кертартпа феодальдық рухтағы тоңмойын кісінің 
лебізі  еді  деуге  мəжбүр  болды.  Өйткені,  дəуірдің  күрзісі – талай  ғұламаны  солай  сөйлеуге 

58 
 
душар етті. Ал, шындығында осы кезге дейін Асандікі болып келген сөздердің бəрі де сонікі. 
Ягайлаға  елші  болып  баратын  екеудің  біреуі  де – сол  Асан  ақсақал.  Өйткені, 1393 жылы 
біздің жырауымыз Асанқайғы Сəбитұлы ақсақал жиырманың ішіндегі жігіт. Ал, бүкіл алты 
ғасыр бойы ел есінде жүруге лайықты ақылға, көшелі сөзге ие данышпан азамат жиырманың 
ішінде  өз  қатарынан  озып  шығып,  елінің  елшілігіне  жүретін  екеудің  біреуіне  жарамайды, 
оған  алысты  болжар  кемеңгерлік  кейін  қонған  деп  оңынан  ойлайтын  ешкім  де  дауласпақ 
емес.  Демек,  осыған  қол  қойсақ  Асанқайғы  Сəбитұлы  есімді  абыз  жырау  шамамен 1370 
жылы  дүниеге  келіп, 1470 жылдары  жүздің  төңірегінде  жас  жасап,  өмірден  көшкен  болып 
шығады.  Қысқасы,  Алтын  Орда  заманынан  бастап  өле-өлгенше  елінің,  соның  ішінде,  қазақ 
қауымының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап өткен тарихи тұлға Асанқайғының халқымыздың 
елдік  тарихындағы  сұңғыла  жырау,  мемлекет  қайраткері  ретіндегі  алар  орны  ерекше.  Ол 
1022  жылы  орыс  князі  Мстислав  Владимировичпен  соғысып  жүрген  кезінен  бері  белгілі 
қазақ  ұлысының  (арғы  жағын  айтпағанда)  есіктегі  басын  төрге  шығарсам  деп  күреспенен 
күні өткен өзінің ұстазы Сыпыра жырау секілді мемлекет қайраткері [19]. Ал көмейінен жыр 
төгілген  осындай  дана  тұлғаның  елдік  туралы  жыры – ол  елдің  шежіресі.  Біздің  бұл 
еңбегімізде  сөз  болып  отырған,  Қыдан  тайшы  мен  Асанқайғы  туындыларының,  бүгінгідей 
қазақ хандығының құрылғандығына 550 жылдығы əспеттеліп аталып отырған тұста, ерекше 
назар аудартатындығы да осындай қастерлілігіне байланысты... 
 
Пайдаланылған əдебиеттер: 
1.  Құдайбердіұлы  Ш.  Түрік,  қырғыз,  қазақ  һəм  хандар  шежіресі. – Орынбор, 1911. – 31-
32-бб.; Əуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1984. – 15-том. 
– 48-49-бб. 
2. Əуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1984. – 15-том.  
3. Сейфуллин С. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Қазығұрт, 2007. – 7-том. 
4. Халидұғлы Қ. Тауарих хамса. – Қазан, 1910. – 222-б; Марғұлан Ə. Ежелгі жыр, аңыздар. – 
Алматы: Жазушы, 1985. 
5. Валиханов Ч. Собрание сочинений в пяти томах. – Алма-Ата: ҚСЭ, 1984. – Т. 1. 
6. Халидұғлы Қ. Тауарих хамса. – Қазан, 1910.  
7. Тынышпаев М. История казахского народа. – Алма-Ата, 1993. – С. 127-131. 
8. Дала уалаятының газеті. – 1897, № 47 // Кітапта: Дала уалаятының газеті. Құрастырған: Ү. 
Сұбханбердина. – Алматы: Ғылым. 1990, 509-511 бб. 
9. Дала уалаятының газеті. Əдеби нұсқалар. 1899-1902 жж. – Алматы: Ғылым, 1992. – 413-
415 бб. 
10. Халид Құрбанғали. Тауарих Хамса. – Алматы, 1992. – 111-б. 
11. Мұқанов С. Халық мұрасы. – Алматы: Қазақстан, 1974. – 57-б. 
12.  Валиханов  Ч.  Собрание  сочинений  в  пяти  томах. – Алма-Ата:  ҚСЭ, 1985. Т. 2. 13. 
Шəкəрім қажы. Түрік, қырғыз, қазақ Һəм хандар шежіресі // Жұлдыз. – Алматы, 1991, № 1.  
14. Сəтбаев Қ.И. Ғылым жəне мəдениет туралы таңдамалы мақалалары. – Алматы: Ғылым, 
1989. – 354-б. 
15. Мағауин М. Ғасырлар бедері. – Алматы: Жазушы, 1991. 
16. Ыбыраев Ш. Эпос əлемі. – Алматы: Ғылым, 1993.  
17. Валиханов Ч. Избранные произведения. – М.: Наука. 1986. – С. 29, 265, 346; Валиханов Ч. 
Собрание сочинений в пяти томах. – Алма-Ата: ҚСЭ, 1984. – Т. 1. – C. 327, 407; Валиханов 
Ч. Собрание сочинений в пяти томах. – Алма-Ата: ҚСЭ, 1984. – Т. 2. – Алма-Ата, 1985. – С. 
165;  Марғұлан  Ə.  Ежелгі  жыр,  аңыздар. – Алматы:  Жазушы, 1985. – 144-146 бб.;  Тарақты 
Ақселеу.  Күй  шежіре. – Алматы, 1992. – 154-157 бб.;  Əуезов  М.  Жиырма  томдық 
шығармалар  жинағы. – Алматы:  Жазушы, 1985. – 17-том. – 181-б;  Мағауин M. Ғасырлар 
бедері. – Алматы: Жазушы. 1991. – 24-31 бб. 
18.  Радлов  В.  Ярлыки  Токтамыша  и  Темир-Кутлуга.  Отдельный  оттиск  из  записок 
восточного отделения императорского археологического общества. Т.ІІІ. Вып. І. 
19. Тілепов Ж. Қазақ халқының хандық дəуір əдебиеті. – Алматы: Қазақ университеті, 2013. 
– 3-34 б. 

59 
 
A.B. Temirbolat, 
Head of Kazakh Literature and Theory of Literature’s Department of 
Al-Farabi Kazakh National University,  
Higher Doctorate of Philological Science, Full Professor  
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет