Дәріс тақырыбы: Тәрбиенің әдістері мен құралдары.Адамгершілік сананы қалыптастыру әдістері
1. Тәрбие әдіс- тәсілдері ұғымының мәні
2. Тәрбие әдістері және олардың жіктелуі
3. Тәрбие құралдары
4, Адамгершілік сана сезімді қалыптастыру әдістері
Негізгі әдебиеттер: 1.ҚР Үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы, 2009ж.
2. ҚР Білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған тұжырымдамасы, 2016 ж.
3. Құрманалина Ш. Х. Педагогика А., 2017
Қосымша әдебиеттер: 1. Ш.Д.Дүйсембекова. Тәрбие процесінің ерекшеліктері. Семей -2003
2.Сейдалиев Т. Тәрбие теориясы А.1986
3.Школа как воспитательная система / под ред.А.В.Гаврилина М.1997.
1. Тәрбие әдістері, тәсілдері, құралдары туралы түсінік
Тәрбие әдістері- тәрбие мақсатына жету жолы.
Тәрбие әдісі дегеніміз - оқушылардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара байланысты педагогикалық жұмыс тәсілдері.
Тәрбие әдісі (гректің "методос" — жол деген сөз) — бұл мектеп тәжірибесінде тәрбиеге қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдаланылатын жол, тәсілдер - тәрбиелеу саласына, еркіне, сезіміне, іс-әрекетіне әсер ету шаралары.
Тәрбиелеу мақсаттарына әртүрлі жолдармен жетуге болады.Тәрбиеші тәрбиеленушімен, олардың күшқуатына, мүмкіңдіктеріне, ынталарына сүйене отырып,істеген жұмысында қанша жол тапса, сонша тәрбие мақсатына жету тәсілі ашылады. Әрине, кейбір жолдар басқасына қарағанда мақсатқа тезірек жеткізеді. Тәрбиешінің алдында тәрбиеге сай келетін, көзделген жетістікке тез апаратын және аз күш жұмсайтын жаңа, қолданылмаған жол табу міндеті тұрады. Құрастыру, тандау және тәрбие әдістерін дұрыс пайдалану - кәсіптік педагогиканың асқар шыңы болып есептеледі.
Тәрбие тәсілі - жалпы әдістің бөлігі, жеке дара әрекет (әсер ету), нақты іс. Тәсілдер — бұл тәрбиешінің қойылған мақсатқа тез жету үшін тәрбиеленушімен бірге салатын соқпақ жолы деуге болады. Егер оны басқа тәрбиешілер де пайдалана бастаса, біртіндеп ол соқпақ үлкен жолға -әдіске айналады. Тәрбие әдістері мен тәсілдерін тану, оларды дұрыс қолдану - бұл педагогикалык. шеберлік деңгейінің маңызды сипаттамасын білдіреді. Тәрбие әдістері мен тәсілдері тығыз байланысты.