Ики алам – екі әлем. Қазақ тілінде екі дүние діни ұғымда екі дүние бар деп есептейді: бірі – тірліктегі кез – жалған дүние, екіншісі – адам өлгеннен кейінгі кез, бұл – шын дүние.
Көнүл алмақ – жұбандыру, көңілін алу. Бұл тіркес түркі тілдерінде кеңінен қолданылатын тіркес ретінде саналады: түрк., gönül(ünü) almak; әзірб., könül almag; башқ., yivandırıv; қырғ., könüln alū; өзб., könglini kötärmák; тат., cuandıru; түркм., könlüni almak, gövnüni āvlamak; ұйғ., könül almak; қаз., көңлін аулау.
Көнүл бер – илану, сену. Қазақ тілінде сену, илану, бой ұру, ден қою мағынасында жұмсалатын көңіл берді [сенді] тұрақты тіркесі түркі тілдерінде сақталған: түрк., gönül vermek; әзірб., könül vermäk; башқ., küŋil biriv; қырғ., aşık bulū, könül berü; өзб., köngil bermák; тат., küŋil birü; түркм., könül bermek; ұйғ., könül bärmäk; қаз., көңіл беру [43, 280-281 бб.].
Мн-де кездесетін фразеологизмдер қазақ тіліне мағынасын сақтап тұрақтаған. Бірсыпыра фраземалар өз дәуірінде жиі қолданылуы мүмкін болса, кейбіреулері автордың «жеке меншігі» ретінде өз жанынан ойлап табуы ғажап емес. Орта ғасырлық көркем шығармада сөз шеберлері тұрақты тіркестерді көркемдік тәсілдердің бейнелі құралы ретінде қолданған. Ғалым Г. Смағұлова фразологизмдерді қолданудың 2 түрін көрсетеді:
Фразеологиялық тіркестерді семантикасы мен құрылымын еш өзгертпей сол күйінде қолдану – бұл узуалдық қолданысқа жатады.
Фразеологиялық тіркестерді семантикасы мен құрылымын өзгертіп, өңдеп, яғни трансформацияланған күйінде – бұл окказионалды қолданысқа жатады [92, 132 б.].
«Хусрау уа Шырын» ескерткішін зерттеуші ғалым Ә. Ибатов Қутбтың сөз қолданысындағы өзіндік ерекше тіркес оралымдары біліг қамчысы, ақыл қулақы, ´ақыл тізгіні, дäулäт аты, жан бағы, зулум қамчысы, көңүл көзгүсі, көңүл қушы, көңүл соңқуры, көнүлі сынық, қадғу тäңізі, сынуқ көңүл, шäкäр ерін деп көрсетеді [46, 277 б.]. Соның ішінде көңүл қушы, шäкäр ерін тәрізді оралымдар Мн ескерткішінде де кездеседі. Бұл тіркес оралымдарын орта ғасыр ақындары молынан пайдаланған көрінеді. Демек, бұлар Ә. Ибатов көрсеткендей емес, халық тілінде ертеден қалыптасқан бірліктер, сол дәуірдің баршасына ұғынықты сөздік қорда болған, орта ғасыр ақындары жергілікті ру-тайпалар қолданысынан алып пайдаланған.
Хорезмидің сөз қолданысындағы өзіндік ерекше тіркес оралымдары ретінде мына мысалдарды көрсетуге болады. Олар: мухаббат кимийасы, көңүллар мақсуди, жанлар мурады, шакар дудағлы, мухаббат нардини, көңүл бахри, мухаббат ганжини, ´алам күванжи, ´алам падишахы, мухаббат нары, көңүл асрарини, көзүң ахусы.
Жәдігер тіліндегі титулдарды білдіретін сөздермен келген жалқы есімдер де тиянақты тіркестердің бір тобынан орын алады. Түркі тайпаларының ең жоғарғы билеушісі көбіне хан титулымен аталады: Жаныбек хан. Келесі бір лауазым бек – Мухамед Қожа бек.
Орта ғасыр жазба мұрағаттың тақырыбы махаббатты жырлауға арналғандықтан, шайыр осы тақырыпқа орай сұлу қызды суреттеу үшін сан қилы айшықты сөз өрнектерін пайдаланған. Мысалы, көркка байы, белиң қыл, сим алма, татлы сөзли, ай йзүлү, йақут еринли, шакар дудағлы, толун ай, йүзі гүл, ужмақ гүли, Йүсип лықасы, Йүсүп жамалы, ширин сөз, ширин сөзли, наргис көзли, қара зүлфүң, шакар ерниң, тар ағыз.
Сонымен, Мн ескерткішіндегі кездесетін тұрақты сөз тіркестерінің көпшілігі қазіргі қазақ тілінде ұшырасады. Бұл фразеологизмдердің жасалуы мен қалыптасу тарихынан берілген дерек төл тіліміздегі фразеологизмдердің пайда болу, қалыптасу, даму жолдарын анықтауға септігін тигізіп, шығу тегі мен қайнар көзінің бір екеніне дәлел бола алады. Бұл бейнелі фразеологизмдердің қазіргі қазақ тілінде жалғастық табуы тілдің негізгі қоры тұрақты екенін көрсетеді.
Қазақ тіл білімінде фразеологизмдерді әр қырынан танып білуде ғалымдарымыз І. Кеңесбаев [93], Ә. Болғанбаев, Ғ. Қалиұлы [94], С. Сәтенова [95], Р. Авакова [96] т.б. еңбектерін арнаған.
Достарыңызбен бөлісу: |