Тәшімбай салтанат қуатбекқызы «Мухаббат-наме» ескерткішінің (ХІV ғ.) лексикасы



бет64/126
Дата23.02.2022
өлшемі0,97 Mb.
#26246
түріДиссертация
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   126
Байланысты:
Ташимбай дисс посл (1)

Бірінші тарау бойынша тұжырым

1 «Мухаббат-наме» ескерткіші 1924 жылдан бастап ғылымға танылып, зерттеу нысанына ілікті. Түрколог ғалымдардың ескерткіштің тілі жөнінде білдірген пікірлері сан алуан. Ескерткіштің тілі Алтын Орда дәуірінде жазылған басқа да ескерткіштер тілімен салыстырылып зерттелді. Жазба ескерткіш тілі ескі шағатай тілінде жазылған деген пікірдің негізсіз екені зерттеу еңбектерде дәлелденді. «Мухаббат-наме» қыпшақ-оғыз әдеби тілінде жазылған деген пікір қалыптасты. Демек, қазіргі қыпшақ тобындағы қазақ тіліне тікелей қатысы бар өте құнды мұра болып есептеледі.

2 Ескерткіштегі түркі сөздерінің барлық тұлғалары қазақ тіліне тән деп айта алмаймыз. Ескерткіш тілінде фонетикалық көрінісі жағынан түркі тілдерінің әрқайсысына жататын сөздердің жарыса қолданылғаны аңғарылды. Мн жазба ескерткішінің тіліне және қазіргі қазақ тіліне ортақ сөздерді фонетикалық тұрғыдан салыстырып қарастырғанымызда өзгешеліктер байқалды. Бұл дыбыс айырмашылықтары белгілі бір заңдылықтарға бағынған.

Дауысты дыбыстар арасындағы айырмашылықтар жуан дауыстылардың жіңішке дауыстыларға өзгеруінен, еріндік дауыстылардың езулік дауыстыларға ауысуынан туындаған. Дауыстылардың жуан-жіңішке болып үндесуі көп буынды сөздің алғашқы буынына қарай орайласып келген. Яғни бірінші буында жуан дауысты дыбыс болса, келесі буындарында да жуан дауыстымен келіп үйлестік тапқан. Кей тұстарда ауытқушылық байқалады.

Дастанның Сыр жағалауында жазылғанын ескерсек, оның тіліне негіз болған осы жердегі қыпшақ ру-тайпалары болғандықтан, оның тілінің фонетикалық көрінісі қазақ тіліне өте жақын болғандығы заңды.

3 Ескерткіш тіліндегі дауыссыз дыбыстардың фонетикалық жүйесі қазіргі қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстардың фонетикалық жүйесімен сәйкес келеді. Біз қарастырып отырған ескерткіште дауыссыз дыбыстардың кейбір мынадай ерекшеліктері бар. Қазақ тілімен салыстырғанда сөз басында г, з, ң дыбыстары қолданылмайтынымен ұқсас келсе, ескерткіште кейбір сөздердің сөз соңында ғ дыбысының келуімен ерекшеленеді.

Ескерткіште сөз құрамында дыбыстық өзгерістер, оның ішінде кейбір дауысты дыбыстардың сөз ортасында түсіріліп айтылуы кездеседі. Дауысты дыбыстар мен дауыссыз дыбыстардың түсіріліп қолданылуы ескерткіш тілінде де, қазіргі қазақ тілімен салыстырғанда да байқалады. Дауыссыз дыбыстардың ішінде қ, к, ғ, г сөз соңында қолданылған болса, қазіргі тілімізде түсіріліп айтылады. Мысалы, қатық ~ қатты, ұлық ~ ұлы, кичик ~ кіші, тирик~ тірі, еллик ~ елу. Қатаң дауыссыздардың ұяң дауыссыздарға айналуы ескерткіш пен қазіргі қазақ тілінің арасында ерекшелік жасаған. Мысалы, йақа ~ жаға.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бір ғана (дауысты, дауыссыз болсын) дыбыс ерекшеліктері бар сөздер саны – 134. Екі дыбыс айырмашылығы бар сөздер –79. Үш дыбыстық айырмашылығы бар сөздер саны – 25.

Ескерткіште қолданылған сөздің соңғы буынының жуан, жіңішкелігіне қарай оған жалғанатын қосымшалар да жуан, не жіңішке болып, үндесіп жалғанып отырған. Дыбыстық құрамына қарай топтап жіктегенде, Мн тілінде түпкі түбір тұлғаның бір буынды болып келетін Г түрі де, ГС, СГ, СГС, ГСС негіз түбірлердің екі, үш буынды болып келетін түрлері де анықталды.

Ескерткіш тіліндегі ерекшеліктер жәдігердің өзіне тән ерекшеліктерімен де, қазақ тілімен де салыстырылғанда байқалады. Қазақ тілімен салыстырылғанда ескерткіштің тілі, негізгі белгісін айтқанда, ғ дыбысымен айтылатын тіл: ағыр – ауыр, ағыз – ауыз, бағр – бауыр, бағла – байла. Сөз басындағы й ~ ж сәйкестігі де ескерткіш тілі мен қазақ тілінің аражігін ажыратып тұрған бірден-бір көрсеткіш. Бірақ бұл сол замандағы қыпшақ тілдеріне де, оғыз тілдеріне де ортақ сипат. Мн ескерткішінің тілі фонетикалық тұрғыдан талдағанда түркі тілдерінің й тобына жатады. Жазба мұра тілін фонетикалық тұрғыдан қарастырғанымызда оғыз, қарлұқ-ұйғыр, қыпшақ элементтерінің д дыбысы мен й дыбысының қатар қолдануымен де ерекшеленеді. Мысалы, адақ – аяқ, айақ – аяқ.

4 Ескерткіште қолданылатын жұрнақтардың көпшілігі қазақ тілінде әлі күнге дейін өнімді жұрнақтардың қатарынан орын алады. Мн-де есімдерден есімдер тудыратын, етістіктерден есімдер тудыратын, етістік тудыратын жұрнақтар ұшырасады. Ескерткіште қолданылған сөз тудырушы жұрнақтар оғыз, қыпшақ, қарлұқ тілдеріне тән жұрнақтардың бір түбірге жарыса жалғануы арқылы туынды сөздер пайда болған. Мысалы, көрклүк // көрклү. Ескерткіш тілінде -лық, -лүг, -луғ варианттарынан гөрі -лы, -ли формалы сын есімдер көп ұшырасып, ескерткіштің қыпшақ тілдеріне жақын екенін көрсетті.

Жәдігер тіліндегі сөз тудыратын жұрнақтар қазіргі қазақ тіліндегі сөз тудыратын жұрнақтармен мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да үйлесіп келіп жатқан тұстары басым. Түбір сөзге жалғанып, жаңа сөз жасауда болсын беретін мағыналарында да айтарлықтай өзгешелік аңғарылмайды. Жұрнақтардың сипатынан байқалғаны қыпшақ элементінің көп қолданылғаны. Сөз тудыратын жұрнақтар ескерткіш тілі мен қазіргі қазақ тіліне ортақ. Олардың кейбіреулері фонетикалық өзгешеліктерімен болғанымен мағынасында ерекшелік байқалмайды. Мн ескерткішінде сөз тудыру жағынан қыпшақ элементтері жиі қолданылған.

5 Түркілік лексика құрамында ұшырасатын сөздердің ішінде қыпшақ тобына жатпайтын тұлғалар да көрініс тапқан. Ескерткіш тілінде кездесетін сөздердің бірсыпырасы көне сөздер ретінде танылады. Архаизмге айналған сөздерді қазіргі төл тілімізде аздаған фонетикалық айырмашылығымен сақталынып қалған және қазақ тілінде мүлдем қолданылмайтын сөздер деп бөліп қарастырдық. Олардың кейбіреулері қазіргі басқа түркі тілдерінде қолданылатындығы да ескерілді. Қазақ тілінде ұшыраспайтын көне сөздер оғыз тілдерінде сақталған. Көнерген сөздердің құрамын қазақ тілімен салыстырғанда кейбірінің түбірі өлі, жұрнағы тірі керісінше түбірі тірі, жұрнағы өлі екені анықталды.

Ескерткіштегі көне сөздер фонетикалық белгісі бойынша немесе көнерген жұрнақ, жалғаулары бойынша қазіргі қазақ тілі тұрғысынан архаизм болатыны белгілі болды. Мұндай сөздердің қатарына мыналарды жатқыздық: «адақ-айақ, ағыр-ауыр, ағыз-ауыз». Бұлар д/й, ғ/у фонетикалық белгілері бойынша қайсыбірі көне, қайсыбірі жаңа формада тұр. Сонымен қатар қатығ-қатты, ачық-ащы, күзгү-айна сөздері -ығ, -ық, -гү жұрнақтары арқылы архаизмге айналған. Ескерткіш тілінде көне түркі жазбалары мен көне ұйғыр жазба тіліне тән көне түркілік бити- (жаз-), қамуқ (барлық), ай- (айт-) сөздері де орын алған. Бірақ олар сан жағынан өте аз. Қазіргі қазақ тілі тұрғысынан көнерген сөздер деп танылған қапуқ (есік), дудағ (ерін), қуйаш (күн), армаған (сыйлық), ел (қол) сөздері оғыз тобына жататын тілдерде күні бүгінге дейін қолданылады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   126




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет