2.2 Дыбыстық құрамы да, мағынасы да толық сәйкес келетін атаулар
Қазақ тілінің лексикасы қазіргі қыпшақ тобындағы тілдермен өте жақын, үйлес келетінімен ерекшеленеді. Бұл тілдердің лексикалық қабатының ортақ тұстары да көп. Сол себепті қазақ тілінің сөздік құрамын қыпшақ тіліне тікелей қатысы бар ескерткіш тілінен қарастырған орынды деп ойлаймыз.
Біз алдыңғы тарауда «Мухаббат-наме» ескерткіші тіліндегі бүкіл фонетикалақ өзгерістерге түскен сөздерді саралап көрсеткен болатынбыз. Ол лексемалардың фонетикалық ерекшеліктері болғанымен мағынасы жағынан бірдей екені анықталды. Алайда сөздердің барлығы бірдей фонетикалық өзгерістерге ұшырай бермейді. Тұлғалануы мен мағынасы жағынан толық сай келетін сөздердің тамыры көне дәуірден бастау алады.
Мн лексикасынан дыбыстық құрамы да, мағынасы да сол қалпында сақталып қазіргі тілімізге келіп жеткен сөздер қазақ тілінің тамырының тереңде екенін көрсетеді. Дастан жазылған уақыттан бастап жеті жүз жыл өтсе де ешбір өзгеріске түспей келіп жеткен сөздер саны жүзден асады. Олар әртүрлі сөз таптарын құрайды. Ескерткіш тілінде ешбір қосымшасыз түбір тұлға күйінде жалаң қолданылған сөздер мыналар: қара, аз, саз, сөз, өз, көз, түз, ай, ей, қой, бек, көк, оқ, ал, мал, тал, кел, ол, қол, қыл, қан, мен, сен, он, тон, күн, түн, таң, мең, тең, көп, тар, Сыр, қат, ет, от, төрт, су, тағы, оқы, бары, алты.
Фонетикалық тұлғасы да, мағынасы да толық сәйкес келетін атаулар. Зат есім сөздер. Бір буындылар. Ай. 1. Түнде жерге жарық сәуле беріп тұратын планета. Ай ичра ғунчайи хандан йаратты 88 (Ай бетінде гүл қауызын жаратты); 2. Жылдың он екіден бір бөлігін қамтитын мезгіл, 30 күндік мерзім. Түн ақшам ким көрүнди байрам айы 39 (Түн. Ақшам. Көрінді мейрам айы). Ат. Атақ, даңқ. Жеханға егү атыңны йайайын 58 (Жаһанға игі атыңды жаяйын). Ат. Үйірге түспейтін, піштірілген, ақталған жылқы. Ашар йилдин сениң йилганда атың 117 (Сенің атың желгенде желден озады). Бек. Феодалдық қоғамдағы үстем тап өкілі, ел билеген әкім, хан тұқымы. Бурун алқысса бек мадхин айайын 105 (Әлқисса, алдымен бек мадағын айтып алайын). Бел. Дененің кеуде мен бөксе аралығын жалғастыратын бөлігі. Бойуң сарв-о санавбар тек, белиң қыл 193 (Бойың тіп-тік қарағайдай, белің қылдай). Бой. Адам мен жан-жануарлардың дене тұрқы. Бойы бирла сачыны тең йаратты 12 (Бойы мен шашын өлшеп тең жаратты). Ел. Халық, жұрт, қауым. Қылур Йүсүпни Мысыр елинда султан 28 (Жүсіпті Мысыр еліне сұлтан қылды). Ит. Сүтқоректі жыртқыштар семьясына жататын асыранды үй хайуаны. Орамуң итлариниң иттихады 363 (Көшеңнің иттерімен сыйлас болу). Көз. Көру мүшесі. Көзүм көрди жамалиң шевасини 549 (Көзім көрді жамалыңның сиқырын). Көк. Түпсіз тұңғиық әлем, аспан. Агар мадхиң битиса көк дабири 135 (Егер саған мақтау жазса, көк жазғышы). Күн. Әлемге жарық, қызу беретін планета. Агар күн тоғмаса хам йақту қылғай 63 (Егер күн шықпаса етер еді жарық). Қан. Дененің барлық клеткаларына қорек беріп тұратын, тамырларды қуалап ағатын қызыл сұйық зат. Черикта қан тамар қамчың учиндин 124 (Ұрыста қан тамады қамшыңның ұшынан). Қат. Қабат, қатпар. Йети қат зар-нигар айуан-и вала 7 (Жеті қабат алтындалған зәулім сарайды [ғаламды]). Қой. Күйіс қайыратын, тығыз жүнді, уақ мал; төрт түлік малдың бірі. Ачық мыш бөри қойға кирү йаңлық 132 (Аш бөрінің қойға тигеніндей тиеді). Қол. Адамның бір нәрсені ұстайтын, жұмыс істейтін дене мүшесі. Аның дек йирга қол сунды елик ким 315 (Сондай жерге қол создым жетемін деп). Мал. Төрт түлік үй жануарлары. Етман мал үчүн мадх-о сана мин 612 (Мал үшін мақтамаймын, мадақ етпеймін). Мең. Адамның сыртқы денесінде кездесетін кішкене қара дақ, қал. Аның ким ал иңинда мең йаратты 11 (Оның ал қызыл өңінде мең жаратты). Оқ. Дәрімен атылатын қарудың жез гильзаларына ыңғайлап орнатылған домалақ немесе сопақша қорғасын. Вагар оқ атсаңыз бағрым нишана 494 (Егер оқ атсаңыз бауырым нысана). От. Тағы от ичра Азар оғлын асрар 30 (Тағы от ішінде Азар ұлын аман сақтады). Өр. Таулы, дөңді жерлердің етегінен биіктеп көтерілетін, ылдиға қарама-қарсы жер, еңіс. Буйурды өрга шадырван урулды 41 (Бұйырды. Өрге шатыр тігілді). Саз. Үн, әуез, ырғақ. Хүсайни пардаси үзра түзуб саз 43 (Хұсайын пернесі саз түзіп). Сан. Белгілі бір заттың, құбылыстың есеп мөлшері. Неча ким йоқтурурбыз сан ичинда 158 (Қаншалықты сан ішінде болмасақ та). Сөз. Бір нәрсе жайында айтылған әңгіме. Жехан бунйадыны сөз үзра қойған 6 (Жаһанның жаратылуын сөз жүзіне қойған). Су. Өзен, көл, т.б. түзетін түссіз мөлдір сұйық зат. Қайу йирга буйурса, су урурлар 22 (Қай жерге бұйырса, сонда жауын жауады). Сыр. Өзеннің аты. Қамуғын Сыр йақасында битидим 616 (Барлығын Сыр жағасында жаздым). Тал. Майысқақ бұтақты, жіңішке жапырақты ағаш, бұта. Аниңдек ким су үзра тал нихали 390 (Суға түскен тал шыбықтың сәулесіндей). Таң. Күн шығар алдындағы мезгіл. Ижазат берсаңиз таң йақтусы тек 71 (Ұлықсат берсеңіз, таң жарығындай етіп). Той. Қуанышты жайға байланысты ел шақырылып өткізілетін ырду-дырдулы жиын, ойын-тамаша. Кирар разм ичра тойға кирү йаңлық 131 (Ұрысқа кіргенде тойға кіргендей кіреді). Тон. Киімге байланысты жалпы атау. Ким атлас тон йарашур болса ма´лам 104 (Құрметті кісіге атлас тон жарасады). Түн. Тәуліктің кешкі уақыттан таңертеңгілікке дейінгі аралығы, қараңғы бөлігі. Түн ақшам ким көрүнди байрам айы 39 (Түн. Ақшам. Көрінді мейрам айы). Екі буындылар. Ара. Екі орта, аралық. Чечак чимган ара болмас тикансиз 304 (Көгалда гүл болмас тікенексіз). Алма. Ел арасына кең тараған жеміс ағашы. Қолум сим алмаңызға йетмади хеч 200 (Қолым күміс алмаңызға еш жетпеді). Қарақ. Көздің қарашығы. Қарақлары қарақчы, өзи 'аййар 250 (Көзіңнің қарашығы – қарақшы, өзің аяр). Қырым. Ачық сөзи Қырым шахдиға охшар 507 (Ащы сөзіңнің өзі Қырымның балына ұқсайды). Қыран. Бүркіт, қаршыға, қырғи, ителгі сияқты алғыр құстардың жалпы атауы. Латафат мүлкиниң сахиб қыраны 337 (Сұлулық патшалығының сақыпқыранысың).
Достарыңызбен бөлісу: |