Жұмыстың ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Зерттеу жұмысының нәтижелері тарихи фонетика, тарихи лексикология, тарихи морфологияның теориялық мәселелеріне нақты деректік және дәйектік тұрғыдан талдау нәтижелерімен өзіндік үлес қоса алады. Зерттеу барысында мынадай жаңалықтар мен нәтижелерге қол жеткізілді:
«Мухаббат-наме» ескерткіші тілінің жалпытүркілік лексикасы тұңғыш рет кешенді түрде толық қарастырылды;
ескерткіш тілінің фонетикалық ерекшеліктері жан-жақты сараланып, оның фонетикалық құрамындағы дыбыс сәйкестіктері анықталды, ескерткіш тілі мен қазақ тіліне ортақ лексемалардың фонетикалық айырмашылықтары ашылды;
ескерткіш тілі мен қазақ тіліндегі сөз жасаушы жұрнақтардың грамматикалық мағыналарының қай дәрежеде сәйкес келетіндігі, өзгешеліктері мен ұқсастықтары нақты айқындалды;
ескерткіш тіліндегі сөздер 33 лексика-тақырыптық топқа жіктеліп, олардың құрамындағы қыпшақтық, оғыздық, қарлұқ-ұйғұрлық элементтер ажыратылды;
ескерткіш тілінде қолданылған көп мағыналы сөздердің қазіргі қазақ тіліндегі мағыналарымен ортақтығы, ескі тілдегі мағынаның көмескіленуі, уақыт өте келе жаңа мағынаның үстелуінің себептері айқындалды;
ескерткіш жазылған дәуірде кең мағынада қолданылғанымен, қазіргі тілдік тұрғыдан мағыналары тарылған сөздердің себептері көрсетілді;
ескерткіштің сөздік қоры мен лексикалық қабатының қазіргі қазақ тіліне қатысы қаншалықты екендігі статистикалық жолмен нақты айқындалды.