Тәуелсіз елдің еркін тынысты прозасы Шағын жанрлардағы кейіпкерлер мінезі қазіргі заманның шындық болмысының айнасы


О, доктор, жынданған жоқ бұлар тегін



бет2/4
Дата09.08.2022
өлшемі104,8 Kb.
#38095
1   2   3   4
О, доктор, жынданған жоқ бұлар тегін,
Босқа сен әуреленбе қонбайды емің.
Аулақ бол, емшілікті уақытқа бер,
Ұмыт сен жындылардың келешегін.
Жынды шалың кешегі соғыс туралы қазақы анекдот айтуға да бар. Гиммлер фюрері Адольф Гитлерге соғыстан хабар жеткізеді. - Әдеке! Мына қазақтан құралған Талғар батальоны тағы да елу танкіміздің быт-шытын шығарды.-деп сылқ түсіпті. -Алда әкеңнің тап аузын-ай, ә!- деп Гитлер санын бір соғыпты...- Жазмыштан озмыш жоқ,- деп Гиммлер басу айтып, шақшасын шығарыпты.
Әңгімеде дұрыс, бұрыс айтылған пікірлерді айырып алу оқырман- ның өзіне қалдырылады. Неде болса, оқушы басын өзі ауыртсын. Біразының мән-жайын уақыт түсіндіріп жеткізуі тиіс. Уақыт - емші.
Қазіргі әңгімелердің бірқыдыруы бұрынғы күре жолмен тартып келе жатқан сияқтанады да, ойда жоқта бейтаныс арнаға түсіп кетеді. Серік Байхоновтың «Құлақышын алып қашу» атты әңгімесі жұртта жоқ бас киім кию тарихынан басталады да, оны тартып алмаққа жармасқан бұйрабас ұрыны жазалау орнына марапаттау сияқты бірдеңеге айналады. Бөркін алып қашып жәбірлемекке тырысқан Олжабай де­ген жігітіке Қамажай атты қыз күйеуге шығады. Сюжет онымен тынбайды. Сюжет тағы да бір бұлт өткенде балалы болған ерлі-зайыпты- ның «бақытты боп, мұратына жеттіге» келмейтін тірлігінен бір сұрқайы эпизод пен аяқталад ы. Балпанақтай ұлға арналып дуылдаған той өтеді. «Отырыста қызыңқырап қалған күйеу бала:
Алты мың сомдық құндыз құлақшыным-ай- деп аңырап, отырыс- тың шырқын бұзыпты.
Алты мың емес, төрт мың сом... Қалғанын ойнасқа жұмсадың, - де­ген әйелінің сөзінен кейін ғана аузына құм құйылса керек» [39,221].
Дәстүрлі әдіс бойынша жазылған әңгімеде біреудің бөркіне жармасқан ұры Олжабай тиісті статьямен сотқа тартылып жазаланар еді ғой. Ең жоқ дегенде ары алдына күйіп, жуылып тазаруға тиісті болатын. Іс жүзінде сюжет басқаша қалыптасады және дәлелді қисын табады: Автор бейтарап қалыпта елде жоқ оқиғаны жүйесін тауып әдемі әңгімелеп шығады.
Серік Байхоновтың әңгімесінде моральдық мәселе тікелей қойылмайды. Әңгіменің бұлайша түзілуі, автор түйіндеуінше, өмірдің өз дегенінен туындаған. Олжабай енді басқа ұрлыққа, сырт жүріске көшкен. Оны жасырып сипақтатудың қажеті шамалы. Нағыз реализм дегеніміз боямасыз, типтендірусіз, жинақтаусыз шындық деп түсінуіміз керек сияқты.
Жазушының «Ұрлықы мал» әңгімесінде де суық қолдықты кәсіп етіп көрмеген Жарас атты бала жігіттің бастан кешкен оқиғасы суреттеледі. Жарастың Күләнда деген қызға үйленгісі келеді. Ағасы Қасентай жарайды, мал семірсін дей салған. Жарас осы сөзге жармасады.
«- Үйде ет жоқ болғасын. Күләнданы алып берем дегесін».
Қасентай інісін таяқтың астына алады. Милицияға өзім апарып тап- сырамын деп қорқытады. Ақыры Жарастың өзі милициядан бір-ақ шығады. Кінәсін мойнына алғасын, көп жатпай босайды. Қайнысының түзелгеніне шүкір айтып жүрген жеңгесінің қуанышы ұзаққа бармайды. Күләнданың басқа жігітке күйеуге шығып кеткенін естіген Жарас ұшты-күйлі жоқ болып кетеді. Сөйтсе қаңғырып жүргенде ауруға шалдығып, облыстық ауруханаға түскен.
Бұған дейінгі баянның бәрі соцреализмнің жорға стиліне түсіп аңыратып отырғандай сияқты еді. Бірақ сюжет тағы да бұра тартады.
«Өткен өтті, көп нәрсе ұмытылып кетті. Тек қана шет жақтағы шолақ көшеде жекенің малы әлі де ұрланып тұрады».
Неге? Қалай? Жарастан көретін - ол алыста болыс орталығында сырқаттанып төсек тартып жатыр. Сонда кім ұры? Әрі қарай оқиын десең, әңгімеа яқталып қойған... Бір қызығы, жекенің малы ұрланып тұрадыға дәлел келтірілмесе де, сенесің, былайғы сюжетті өзің дамы- тып кеткендейсің... Автор болған бір жайды әңгімелелеп берді, оқырман қалай түсінсе, солай түсінсін, онда қалам иесінің шаруасы жоқ...
Қалай десек те, қазақ әңгімесінің үйреншікті қонысты сарыжұрт ете бермей, жаңа өpic іздеуін құптауға керек. Өзінен-өзі сауал туады. Әдебиетті әлде не үрей, уайым-қайғы, зіл батпан ойлар иектеп бара жатса, мұның себебі қандай? Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарын- дағы шығармалар көбіне көп тоталитарлық зұлматтың қайғы- қасіреттерін ашына, төндіре суреттегенде бар пәлені әлеуметтік ахуалдан көретін. Постмодерн деп басып ешқандай қорытынды шығар- майтындай. Ол адамзат табиғатындағы әлі мәдениет қалыпқа келтіріп үлгірмеген кінараттарға меңзейтін тәрізді. «Тәрізді» деп екі-ұшты айтқызып отырған оның бұлдыр позициясы. Автор не жазып, не қойып отырғанына есеп бермейді. Немқұрайды, ештеңеге араласқысы жоқ. Өйтпесе постмодернизм философиясы мәнінен айырылып қалатын сияқты.
Нарық әр қырынан жазылуда. Бұрынғы дәстүр бойынша әлеуметтік, психологиялық, адамгершілік мәселелерін қоятын дағды қалмауы былай тұрсын, реализмнің сыншылдық дәстүрі жаңғырғандай.
Сыншыл реализм әлеуметтік әлжуаздықтарды жинақтап сынауға шебер еді ғой. Қаламгер Әділбек Ыбырайымұлының «Астанадан астанаға дейін» атты әңгіме-эссесі (1998) соның бір жұқанасы секілді. Ішінде бір-бір жүргізушіден басқа жолаушысы жоқ қос машина Алматыдан елдің жаңа астанасына қарай қыс ішінде зулатып келеді. Автор сюжетті «жол мұраты – жету» деген сезім желісіне құрады да, шығарма мазмұнын қоғамның өне бойын жайлап кірігіп бара жатқан нарық жайлы толғанысқа бұрады. Жер жаннаты Жетісумен қоштасуға байланысты бас кейіпкердің біраз көңілі толқиды. Бірақ онысы ұзаққа бармайды. Шығарманың жанры «әңгіме-эссе» деп тегін аталмаған. Негізінен нарықтың бастапқы жылдарының тауқыметі туралы толғаныс. Ұзын жолға түскен адам ойы әр саққа кетеді. Лирикалық кейіпкер (автордың өзі) қалың бір ішкі монологқа берілген. «Қолым рульде болғанмен, өзім машинада емеспін. Екінші бір өзіммен тілдесіп кетіппін...» -дейді әңгіме иесі. Көбіне сөзін Қаба дейтін ағасына қаратып сөйлейді.
Әңгімеші елінің жаңа қоғамдық құрылыстағы жете алмай, үлгермей жатқан ағаттықтарына өз жеке басының сәтсіздіктеріне күйінгендей күйінеді. Толғандыратын, зьғырданын қайнататын мәселе шаш етектен. Әуелгісі - Жаңа Қазақстан мен түрік арасы. Ойтолғақ иесі қай түрік ағайынның өктемсіп бара жатқанына наразы. Ондайларға: «Бізге аға болмай-ақ қойыңыздар! «Аға» халықтың «қамқорлығынан өзіміз әрең құтылып отырмыз» - деп бетіне айтқан бір қазақ жігітінің тапқырлығына тамсанады.
Жолшыбай 1995 жылдың жазында көрген қайыршылық суреттердің араға біраз уақыт салса да қайталана беретініне назаланады. «Адами сананы тұрмыстық сана әбден жеңген. Білетіндері, қайткенде де таңдайға талшық етер нәрсе табуы керек. Осыны мықтап түйсігіне түйгендіктен, күйеуі көлдің, әйелі жолдың бойында кетеді. Соңдарынан қиқ етіп жабылған қақпаның есік кертігі ілінбей, жаяу бұрқасынның «буымен» жаман жарбай түйедей ыңырсып жылайды да тұрады».
Бұдан әрі Қаба ағасына сырттай сырын ақтарған кейіпкер рухани мәселелерге көшеді. Бізде бұрын көтерілмеген бір мәселе - жазу- сызуымыздағы жарамсақтық стиль, тон. «Бұқар жыраудан кейінгілердің бәрі бұлталққа салатын сыңайлы... «Әй, Абылай, Абылай!» деп, ханның өзіне тура айтқан батылдықтың бүгінде біздің бойда жұрқанасы да жоқ сияқты»[40, 411]. Рухани дүниеге «періште көңілмен» қарау, тіл мәдениеті, қазақ тілінің тағдыры, басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді игеруге деген ынтасының жоқтығы, бойкүйездігі, туралы автор биліктің де, қалың көпшіліктің де назар аударуына татырлық проблемаларды тұщымы жоғары, мүжіліп қажалмаған тілмен көтере білген.
Нарықтың ел тұрмысын шайқап астан-кестенін шығарған ойраны әңгіме назарына ілінуі нәтижесінде әдебиетімізге тың бейнелер қосылуда. Нарыққа көшкен ауылдың әдебиетте көптен ұшыраспаған «нашар» аталатын типін жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Ойын» атты әңгімесінен кезіктірдік. Мұндағы нашарлар— Зүбіш әжей мен оның немересі мектеп жасындағы Тобаш. Екеуі де - Мұхтар Әуезовтің корғансыздар аталған кейіпкерлерінің бөтен бір сорлысы. Тобаштың әкесі - түрмеде. Хат жазып тұрушы еді, соңғы жылы мүлде хабарсыз. Шешесінің қайда екені беймәлім. Сүтін қорек қылып отырған қарала сиыр суалып кеткен. Ақыры оны бұзауымен, қысқа жинаған шөбімен қоса ұрлап әкетеді. Әженің үш айдан бері зейнетақысы да үзіліп қал­ған. Күнкөріс тауқыметінен әжесі дүние салады.
Шөпсіз қалып өзіне тұра ұмтылған жалғыз-жарым ешкісіне қарап тұрып Тобашқа ой келеді: «Егер мына малдың алдында үйіліп шөп жатса, бұған бұрылып қарар ма еді? Халықта мал секілді емес пе?.. Перзентке де халықтың аштығы керек екен-ау.Тоқ халық та перзентін керек етпес еді...Ал, халқы бас ұрып, құлшылық етпеген перзент перзент пе?».
Әңгіме осы ауыр эпизодпен аяқталады. Баланың былайғы тағдыры қараңғы. Тығырықтан шығып кетер-ау деген үміт ұшқыны сезілмейді. Тобаш мектепке жалаң аяқ барып жүреді. Оқуға киіп баратын шарқайы да жоқ болған соң әжесінің мәсісін киіп қатынаған. Бірге оқитын сыныптастары күлкіге шығарған соң оны да қойды. Қыс ішінде қалай жалаң аяқ жүрмек? Ақыры оқуын тастауға мәжбүр. Бала өзін ешкім жоқтамағына, оқуын тастап бұл қайда жүр, әлде ауырып қалды ма деп іздеп келген жан болмағанына қайран. Ешкімге керегі жоқ екен. Тағы да-бір қорғансыздың күні...
Бір көңіл қоятын нәрсе, Тынымбайдың қорғансызында тұяқ серперлік қауқар бар. XX ғасыр басындағы көрген мазақ-қорлықтан намыстанып әкесінің моласын құшақтап үсіп өлетін Ғазизадай емес, өздерін аш-жалаңаш қалдырғандарды тілімен болса да түйрерлік қауқары бар, «айтары көп». «Құлқы, пейілдері өзгерді», - деп көпшілікті кінәлайды...Бір жолы Қойқа келіннің үйінен телевизор көріп отырып, «бар бәлені жасап отырған осылар емес пе?»- деп мәжіліс құрып отырған бір топ басшыға ұмтылғаны бар. Олар телевизордың ішінде бо­лып қана аман қалды. Болмаса, әжесінің быт-бырақай етіп әлгілерді қайда қуарын бір Алла білсін».
Наразы жұрт іштен тынады... Көркем шығарма саяси қорытынды жасауға бейім. Қалай болғанда да халық көңілін аулағыш әдебиет даусы билік басындағылардың құлағына шалынғаны артықтық ете қоймас.
Тынымбайдың ендігі бір шығармасы «Шұбырынды елдің шұбырынды әңгімесі» шарасыздыққа салынбауды уағыздайды. Қан базарда «Күріш» деген сөзді аузының опырығынан айта алмай «Күріс» деп айқайлайтын Тұрап шал «сауданы өзбектер ғана жасайды» деп, нарық кіргенде де аяқты кеңге салып, аштан өлсем де сауда жасамаспын» деп көпсінген көп қазақтың бірі болатын. Енді арқалаған бір қап күрішін аздап сатып, азын аулақ ақша тапқан соң көңілденеді.
«Е, базар көрдім...Шұбап жүрген ел көрдім...Таныстым... Нем кетті? Үйде омалып отыр бергенде мүйізім шығар ма еді? Деп өзін-өзі жұбатты. Шүкіршілік етті...»
Тұрекеңнің шүкірі көбейгені сондай, күрішінің біразы ұрланғанына да ренжімейді. Жүгім жеңілейді деп оған да риза.
Бұл әңгімеден түйетініміз: елде нарық психологиясы орныға бастаған.
Әңгіме жанрының тәуелсіздіктің он жылы тарапындағы татымды табысы, көкжиегінің кеңейгендігі. Әдебиетімізді социализмнен капи­тализм шегінген бұрын-сонды кезікпеген қоғамның сыры мен сынын сипаттайтын тың тақырыпты шығармалармен байытқандығы. Алды кең, не жазамын десең де қаламыңа жармаспайтын демократияшыл дәуірдің еркін тынысты ауасын жұта отырып, адамның жан әлеміне терендеп сүңгуге жол ашатын пішін, тәсілдерін жаңалап жетілдіргендігі.
Дәуірдің күнделік жазбаларын жүргізетін әңгіме жанры көз алды- мызда қас қаққанша өзгерген өмірдің өзінен сусындап, әдебиеттің адамгершілік туын жоғары көтере отырып, ұлттық идеяны ұлықтап әспетті дәрежеге көтерді, ресмиліктен, ағымдық конъюнктурадан бойын аулақ салып, азаматтық даусын нығайтты.Шағын проза сөз өнерінің аламан бәйгесінде атойлап алға шығып, әдеби болашағымызға жөн сілтеуде.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет