Тіл біліміндегі зерттеудің әдістері Әдіс – қойылған ғылыми мақсатқа жетудің жоспары. Ол жоспар зерттеушінің тілдік құбылыстарды зерттеудегі әрекеттерін үйлестіреді, бір жүйеге түсіреді. Кез келген жоспар қойылған мақсатқа жетуде бірнеше кезеңдерден, әрекеттердің бірізділігінен тұрады. Басқаша айтқанда әдіс – зерттеудің, танымның жалпы қағидаларына негізделген бірізді кезеңдердің жиынтығы. Кез келген зерттеу объектісі мен зерттеу әдісі арасында біржақты байланыс бар. Тілді зерттеуде жоғарыда айтылған тілдің барлық қасиеттерінің (субстанционалды, функционалды, прагматикалық) ерекшеліктерін есепке алған жөн.
Әр ғылымның тек өзіне ғана тән арнаулы зерттеу жолы, амалы бар. Мысалы, тіл білімінде салыстырмалы әдіс, салыстырмалы-тарихи әдіс, сипаттамалы әдіс, салғастырмалы әдіс, статистикалық әдіс, құрылымдық әдіс т.с.с. әдістер бар.
Енді осы әдістердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.
Сипаттамалы әдіс Сипаттамалы әдіс – тіл білімі әдістерінің ішіндегі ең кең тараған әдістердің бірі. Бұл әдіс зерттеліп отырған нысанның өткендегі тарихын ескермей, оның белгілі бір дәуірдегі қалпын немесе синхрондық күйін ғана сипаттайды. Осы әдіс бойынша жазылған еңбектер аталмыш әдістің атымен аталады. Мысалы, сипаттамалы фонетика, сипаттамалы грамматика т.с.с.
Сипаттамалы әдістің кемшілігі – бұл әдісте тіл тарихы мен басқа тілдердің тілдік материалдары зерттеуден тыс қалады.
Салыстырмалы әдіс Лингвистикалық зерттеулердің алғашқы ғылыми әдістерінің бірі – салыстырмалы-тарихи әдіс болды. Ол әдістің негізін ХІХ ғасырдың басында Ф. Бопп, Р. Раск, Я. Гримм қалады. Бірақ та бұл зерттеулер атомарлы түрде, яғни жүйесіз түрде жүргізілді. Бұл танымдық зерттеулердің әдісі зерттеудің мақсат-міндеттерімен тығыз байланысты болады. Сондықтан танымның әдіс-тәсілдерін зерттеу мақсаттарынан тыс қарастыру мүмкін емес.
Жоғарыда айтылғандай тілдерді салыстыра зерттеу нәтижесінде тілдердегі ерекшеліктер мен ұқсастықтарды анықтауға болады. Салыстыру барысында кейбір дәл нәтижелерге келуге болады.
Біріншіден, салыстырғанда бір тектес заттарды салыстыруға болады. Ал тілдерде әр деңгейдегі бірліктерді, олардың әр тілдердегі қызметін, лексикалық, грамматикалық категорияларды, сөйлем модельдері және олардың сөйлемде қолдану тәсілдерін салыстыруға болады.
Екіншіден, әр тілдегі құбылыстардың ең маңызды және қажетті белгілерін, одан кейін барып қана қосалқы белгілерін зерттеу қажет. Салыстыру әдісінің негізгі мақсаты барлық тілдік деңгейлерге қатысты тілдік құрылымдардың айырмашылықтарын емес, оларға ортақ қасиеттерін табу. Басқаша айтсақ, тілдердің әмбебап қасеиттерін айқындау.
Салыстырмалы-тарихи әдістің мақсаты – туыс тілдердің арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды көрсету. Тілдерді салыстыру арқылы олардың бір-біріне қаншалықты жақындығын, даму заңдылықтарын, өзгеруін, ататілге жақындығын т.с.с. айқындауға болады. Бұл әдіс тілдердің генетикалық туыстығына негізделеді.
Мысалы, қазақ тіліндегі ауыз сөзі қырғызша – ооз, татарша – авыз, өзбекше – оғиз, т.с.с. Бұл сөздер мағына жағынан бірдей, ал дыбысталу жағынан айырмашылықтары бар. Соған қарамастан бұл сөздер ұқсас. Ұқсастықтар мен айырмашылықтар дыбыстардың алмасуларынан көрінеді. Мысалы, сөз басында а-о дыбысына өзгеруі, сөз ортасында у-в өзгеруі т.с.с. Бұл сияқты дыбыс алмасулар түркі тілдерінің даму заңдарына сай келеді.
Тарихи-салыстырмалы әдіс – бір тілдің тарихи қалыптасқан варианттарын салыстырады, яғни бір тілдің кейінгі кездегі тілдік фактілерін сол тілдің өткен кезеңдегі тілдік фактілерімен салыстырып, олардың даму заңдылықтары, өзгерістері анықталады, олардың қазіргі тілдегі фактілерден айырмашылықтары көрсетіледі. Бұл әдіс тілдің өзгеру және даму жолдарын, олардың заңдылықтарын, оған әсер еткен ішкі және сыртқы факторларды айқындайды.
Осы әдісті қолдана отырып тіл тарихын, тілдің деңгейлерін (фонетика, грамматика, лексика) жеке-жеке зерттеуге болады. Осыған орай тіл білімінде тарихи фонетика, тарихи грамматика, тарихи синтаксис т.с.с. бөлімдер бар.