6. Алтыншы дәріс Грамматика. Грамматикалық тәсілдер мен формалар және олардың мағыналары 6.1. Грамматикалық тәсілдер Біз сөзде лексикалық және грамматикалық мағына болады дегенді айттық.Грамматикалық мағыналар тіл-тілде әр түрлі грамматикалық тәсілдер арқылы беріледі. Ол тәсілдер мыналар: 1) аффиксация тәсілі, 2) ішкі флексия тәсілі, 3) қосарлану тәсілі, 4) көмекші сөздер тәсілі 5)сөздердің орын тәртібі тәсілі, 6) екпін тәсілі, 7) интонация тәсілі. 1. Аффиксация тәсілі. Түбірге немесе негізге аффикстер жалғану арқылы грамматикалық мағынаның берілуі - аффиксация тәсілі деп аталады. Бұл тәсіл әсіресе түркі тілдерінде жиі қолданылады. Мысалы , -шік, -ғыш, -дыр жұрнақтарықосылып, үйшік, жазғыш, жаздыр деген сөздерде лексикалық (деривациялық) мағынаны білдірсе, үйлерімізде деген сөзде -лер, -і, -міз, -де жалғаулары грамматикалық (реляциялык) мағынаны білдіреді. Аффиксация тәсілі, түркі тілдерінен басқа, үнді еуропа тілдерінде де бар. Бірақ оларда сөз басқашалау. Айталық, славян, оның ішінде орыс тілінде сөз септелгенде немесе жіктелгенде көп жағдайда түбірдің фонемалық кұрамы өзгеріп кетеді .;Мысалы: сон - сна, ходить - хожу т.б. Ал түркі тілдерінде олай емес. Түркі тілдерінде сөздердің септелуі немесе жіктелуі түбірдің фонемалық құрамын өзгертпейді. Мысалы: ұйқы—ұйқыға — ұйқыны - ұйқыдан; жүр — жүрмін — жүріңдер т.б. Сондай-ақ, орыс тілінде көптеген аффикстердің әрқайсысы бір-бір мағынаны емес, бірден бірнеше мағынаны білдіре алады. Мысалы, гост+ям деген сөздегі -ям аффиксі әрі барыс септігінің (дател.падеж), әрі зат есімнің көпше түрін білдіреді (гости+ям гостям). Барыс септігінің жекеше түрі — ю (гост+ю). Қазақ тіліңде бұлар (көптік мағына мен барыс септігі) өз алдына бөлек-бөлек аффикстер арқылы беріледі: конақ+тар+ға. Ол аффикстер бірінің үстіне бірі жалғана береді.
Бұл - түркі тілдеріндегі аффикстер негізінен алғанда дара мағыналы сөз болады деген сөз. Алайда түркі тілдерінде бірнеше грамматикалық мағынаны білдіретін аффикстердің де бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Мысалы: жер жырттық, егін салдық дегеңдердегі -қ аффиксі әрі жақтық (1-ші жақ, жіктік жалғауы), әрі көпше мағынаны білдіреді. Кездесеміз, сөйлескенбіз дегендердегі –міз бен -біз аффикстері де дәл осындай. Бірақ түркі тілдерінде бірден бірнеше грамматикалық мағынаны білдіретін бұл тәрізді аффикстер орыс тіліне қарағанда сирек ұшырасады.
Ескертетін нәрсе: түркі тілдерінде бір сөздің құрамыңда бірнеше аффикс қабаттасып келсе, түбірге алдымен жұрнақтар, онда да сөз тудыратын жұрнақтар (ес-кер), содан кейін сөз түрлендіретін жұрнақтар (ескер+іп), ақырында сөз түрлендіретін жалғаулар (ескеріп+піз) жалғанады. Сөз құрамында бірнеше сөз түрлендіретін жалғау қабаттасып келсе, алдымен көптік жалғауы, одан соң тәуелдік жалғауы, мұнан соң септік жалғауы, оның үстіне жіктік жалғауы жалғанады. Мысалы: ауыл+дар+ыңыз+дан+быз.
Орыс тілінде түбір мен аффикс бір-бірімен әбден жымдаса, кіріге қосылса (бег - бежать), түркі тілдерінде олар жай ғана жалғаса қосылып, морфемалардың ара жігі аңғарылып тұрады (жүгір- жүгірді - жүгірген). Осыған орай, орыс тіліндегі түбір мен аффикстердің жымдаса, кіріге қосылуы - фузия (лат. балқу, еру) деп аталса, түркі тілдеріндегі жалғаса қосылу — агглютинация деп, фузия үнді, еуропа тілдеріне тән, агглютинация түркі, монғол, угоро-фин тілдеріне тән.