Тіл білімінің атасы



Дата27.01.2023
өлшемі15,81 Kb.
#63348
Байланысты:
Тіл білімінің атасы


Тіл білімінің атасы
Халқымыздың ұлы перзенті, ағартушы ұстаз, қазақ әліпбиінің авторы, қазақ тілі мен әдебиетінің негізін қалаушы бұл - Ахмет Байтұрсынұлы. Араб әліпбиінің негізінде жетілдірілген қазақ әліпбиін ұлт ұстазы 1910 жылдан бастап жаза бастады, яғни тоғыз дауысты, он тоғыз дауысты дыбыс жүйесінде негізделген қазақ әліпбиін түзді. 24 таңбадан тұратын әліпби тілге жеңіл, жазуда ұғымды, емлесі оңай болды. Сондықтан да ел арасында Ахмет жазған әліпби «төте жазу», «төте оқу» деген ұғыммен аталып кетті. Ұлтын шын сүйген ұлт ұстазын «тіл білімінің атасы» деп айтуға толық негіз бар.
Ахмет Байтұрсынов әуелі қазақ тілі емлесінің реформаторы. 1929 жылы Мәскеудегі «Коммунистік академия» баспасында жарық көрген «Әдебиет энциклопедиясының» бірінші томында: «Ахмет Байтұрсынұлы аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогы. Ол қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматиканың және қазақ әдебиет теориясының негізін салушы,- деп баға берілді. Көрнекті жазушы М. Әуезов: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі Ахаң салған әдебиеттегі ұраны, қазақ баласына істеген еңбегі тарих ұмытпайтын ұлы іс»- деп бағалады.
Екіншіден Ахмет Байтұрсынұлы араб әліпбиінің негізінде жетілдірілген қазақ әліпбиінің авторы. Ол жайлы 1974 жылы Мәскеудегі «Отандық түркологтардың библиография сөздігі кітабында: «Ол араб әліпбиі негізінде жетілдірілген қазақ әліпбиінің авторы, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, сол сияқты әдебиет теориясы мен мәдениет тарихы оқулықтарын жазды» деп тарихи тұрғыдан дәлелденді. Қазақ балалары сауатын ұлы ағартушының әліпбиімен ашып, ана тілін «Тіл құралы» кітабымен меңгеріп жатты. Осы күні ұлы ғалым түзген әліпбиді Қытай, Иран, Әзірбайжан елдерінде түркі тілдес халықтардың 30 млнға жуығы пайдаланады. Қазақ тарихында өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейінгі тарихы осы әліпбиде сақталған. Тіл жанашырының тағы бір үлкен жетістігі қазақ тіл білімін зерттеген көсем сөз иесі екендігі. Қазақ тілінің грамматикасы, қазақ тіл білімінің салалары қазақ тілінің емлесі, тілге қатысты барлық айтар ойын «Айқап» журналында және өзі редакторлық еткен «Қазақ» газетіндегі мақалаларында жариялап отырды. Әрбір қазақ баласының қазақ тілін жетік меңгеруінің қамын ойлап, осы тілде білім беруінде оқытушылардың жайын да ойлады. Ұлы ғалым өз сөзінде: «Кітапсыз оқытушы қарусыз әскер» деп, оқыту ісінің жайын назардан тыс қалдырмады. «Қазақ» газетінің 1913 жылы №11 санында жарық көрген «Оқу жайында» мақаласында : «Қазақ тілін жазып, оны меңгергеннен соң орысша үйрену қажет» деген еді.
Ахмет Байтұрсынов тіл білімі саласында және әдебиет теориясында жаңа терминдер жасады және халқымыздың әдебиетін жеке бөліп қарастырмай, әлем халықтарының әдебиетімен ұштастыра, байланыстыра жасады.
Ойымды қорыта келгенде, тіл білімінің атасы, ұлт жанашырының қалдырған мол мұрасы бүгінде таусылмас азыққа айналып отыр. Алтынсарин бастамасын ілгері дамытып, қазақ тілі мен әдебиетін көркем әрі бай тіл етіп жасап қалдырды. Сан мәрте тұтқындалып, орыс ояздарының озбырлығына шыдап, Архангельскі азабы мен Мәскеудің Бутыркасында қорлық көре жүріп, жазу ісімен айналысып, қазақ халқының болашағына жарқын әрі даңғыл жол салып кетті. Өзге замандастары мансап пен атақ абырой іздеп жүргенде ағартушы ұстаз қазақ халқының қамын ойлап, қайда жүрсе де оқу ісімен айналысып жүрді, ол түрме ме, қараңғы қапас па оған мүлде назар аудармады. Ахметтің шығармаларынан әсер алмай оқу мүмкін емес. Оның әрбір сөзі алтын, сөйлемі күміспен өрнектеліп, айтар ойы астарлы, мағынасы қанық болып тарихта алтын әріптермен жазылып қалды. Алтынсарин бастамасын ілгері дамытып, артына өшпес мұра қалдырған ұлт ұстазының ерен еңбегін ешқашан ұмытпаймыз.

Алматы қаласы Түріксіб ауданы
44 мектеп – гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Абдраманова Жансая Бексейтовна

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет