Абдирашидова Дияра
№45 «1Май» жалпы орта мектебінің
9- «Ә» сынып оқушысы
Ғылыми жоба жетекшісі: қазақ тілі мен əдебиеті пəні мұғалімі
Əбдиева Ақтоты Шайхықызы
Түркістан облысы, Сайрам ауданы
Бауыржан Момышұлының бата - тілек, мақал - мәтел, нақыл сөздері Бата (араб, фатиха –алғыс,ризашылық, тілек) – әлем халықтарының баршасында кездесетін, адамзат қоғамы сөздің магиялық құдіретіне күмәнсіз сенген қадым заманда қалыптасқан көне дәстүр. Батаны кім көрінген емес, елге сыйлы, абыройлы адам, ақсақалды қария беретін болған. Бата халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық турасындағы түсініктердің айғағы іспетті. Бата қысылғанда – қуат, қиналғанда – медет беріп, әрбір іс - әрекетіне даңғыл жол ашып, бәле - жаладан қорғайды деп есептелген. Бауыржан шығармашылығының бір саласы - оның өлеңдері мен қанатты сөздері, мақал - мәтелдері. Батыр жазушының өсиет сөздері күні бүгінге дейін елдің аузында. Біздер Бауыржан Момышұлын көбіне халқымыздың дара туған тұлғасы, кешегі Ұлы Отан соғысының хас батыры, атақты қолбасшы, екі тілде бірдей жазған қаламы жүйрік жазушы ретінде білеміз. Қазақтың арқалы ақындарының бірі Хамит Ерғалиевтың: «Баукеңнің телегей – теңіз тағылымы – болашақтың, таяу мыңжылдықтың әңгімесі» деуі тегіннен тегін болмаса керек. Жазушының рухани нәр алған қайнар көздерінің енді бірі – халқымыздың сарқылмас бай әдебиеті. Бауыржанның «… мен әдебиетті жақсы көремін. Көзімді ашқаннан халықтың ауыз әдебиетімен ауыздандым, рухани тұшындым – деген сөздерінен оның қазақ халқының ертеден келе жатқан ауыз әдебиетін сүйетіндігін, бала кезінен ауыз әдебиетінің озық үлгілері саналатын ертегі, аңыздар мен жырларды тыңдап өскендігін көреміз.
Халқымызда «Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деген қасиетті сөз бар. Бала Бауыржанның елінің сүйіктісі, аты аңызға айналған батыр, әрі жазушы Б. Момышұлы болуына - атасы Имаштың берген батасының шарапаты тимеді деу қателік болар.
Атасы Имаштың немересіне өмірлік өнеге болсын деп берген батасы бар:
Алатаудың қыраны мол еді -
Қырағы болсын, құлыным.
Қойнауы суға толы еді -
Бұлағы болсын құлыным.
Елінің тілегі зор еді -
Шырағы болсын құлыным.
Ата тілегі он еді -
Құмары болсын құлыным.
Бұл жер батырлар төрі еді -
Сыңары болсын құлыным – деп, немересінің өркені өсіп, азамат болсын деген көзі қырағы, ойы ұшқыр Имаш атасы, немересі екі - үш ай толғанда, сәби Бауыржанды қолына алып, жас өркен бұтақты қолына ұстатып тұрып:
Құрық деп берсем – құл болма,
Шыбық деп берсем – берсем шіл болма,
Бәрінен де шырағым,
Баяны жоқ ұл болма – деп, немересінің мәнді де мағыналы өмір сүріп, туған еліне аянбай еңбек етіп, баянды ғұмыр сүруіне ақ батасын береді. Бауыржанның бата - тілектері де осы батадан өріс алып тұрғандай.
Бауыржанның баталары өзінше бөлек әңгіме. Баукең батаның қадір - қасиетін білген, мән - маңызын терең түсінген адам. Сондықтан бұрынғы ескі баталарды қайталамай, осы заман ауқымына сай, өмірдің өзекті мәселелерін қоса отырып, өз жанынан шығарған баталары ел ішінде кең тарап кеткен. Солардан аз ғана үзінді келтірейік:
Е, Жаратушы жасаған!
Тілегімізді қабыл ет.
Иманымызды кәміл ет.
Дозақтағы оттан сақта,
Қаңғыған оқтан сақта.
Парақор соттан сақта.
Кірлі сумен жуыстан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта,
Адалдықты арбаған ақыннан сақта – дейді.
Мақал - мәтел – өмір тәжірибесі. Қиналған, қысылған сәттерін мен шақтарың, сол қысылшаң кезден қалай құтылғаныңды ойыңмен өрнектеп, сөзбен кестелесең, тұжырымдап қысқа бейнелесең, нақылға айналады. Қол астында пәлендей мың солдат болып, оның пәлендей отбасының тағдыры және сенің мойнында болса, ойланбай отыра алмайсың. Сонымен бірге солдатты өлімге жұмсау да оңай емес. Қарамағымдағы жауынгерлер маған тек бағынышты ғана болған жоқ. Олардың ішінде ақылгөйлері де көп болды.Кейде солардың ауыздарынан маржандай асыл сөздер атқылап жатады. Мен елден естігендерімді оймен елеп - екшей бердім. Екшегенімді ерінбей қағазға түсірдім.
Опасызда Отан жоқ.
Табандылық – батылдықтың қорғаны.
Намысты нанға сатпа.
Өзін аяған – дұшпанға дос.
Өмір үшін өлгенше күрес.
Өлтірсең, өлімнен құтыласың,
Өлтірмесең, өлімге тұтыласың.
Тірескеннің тізесін бүктірген – ер,
Белдескеннің белін сындырған – ер,
Жағаласқанның жанын жаһанамға жіберген – ер.
Қанатты сөздер – тұжырымды ой, әуезді ұйқасқа құрылған өрнекті сөз тіркестері. Кейде халық оны ауызекі тілде аталар сөзі, өсиет - нақыл деп те атайды. Қанатты сөздер – мақал - мәтелдерге өте ұқсас. Оларды ішкі мазмұны жағынан бірінен ажырату қиын. Қанатты сөздердің көбінесе авторлары белгілі болады. Өткір де тапқыр, ойлы, бейнелі қанатты сөздер ақын - жазушылардың тіл шеберлігін арттырады, суреттегелі отырған кейіпкерлердің айқын тұлғасын кескіндеуге септігін тигізеді.
Бауыржан Момышұлының нақылдары сан алуан тақырыпқа арналған: соғыс және бейбіт өмір, тәртіп пен тәрбие, парыз бен қарыз, тіл мен әдебиет, салт пен дәстүр тағы сол сияқты болып жалғаса береді. Бірақ, көбі жас ұрпақты отанына деген махаббатқа тәрбиелейтін нақыл сөздер. Айтылған сөздерінің көбісі өз тағдырына байланысты. Баукеңнің нақыл сөздеріне айналған оның басынан кешкен жайттары ғана емес, өмірден көріп - білгені, көкірек көңіліне түйгені, жүрегіне ұялағаны, қоғамға, болашаққа деген ой - пікірлері. Ал, бұл ойларды жинақтап, мақал - мәтел деңгейіне дейін көтеріп, болашаққа өсиет ретінде жазып қалдыру – тек Бауыржан Момышұлы сияқты талантты тұлғаның ғана қолынан келетін іс. Тәртіптің өзі кейде тәртіпсіздік туғызады.
Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше,
Шындықтың уын ішіп өлген артық.
Ептілік пен батылдықты қосса, айлакерлік шығады.
Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі.
Тарихи кесек тұлғалар тұғырында Бауыржан Момышұлы өнегесі баға жетпес байлыққа жол сілтейді. Жас ұрпақты жігерлендіреді. Батылдыққа баулиды. Адамдыққа тәрбиелейді. Бауыржан атамыздың ғибраты санаға сіңіп, көңіл көгіне жетті.