Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!



Pdf көрінісі
бет113/150
Дата25.01.2023
өлшемі15,39 Mb.
#62967
1   ...   109   110   111   112   113   114   115   116   ...   150
Байланысты:
e0be8266bf1c310cf368d6fe2d998af0

1916–1926
(25 июнь)
Қазақ-қырғыз баласын майданға ал деп жарлық шыққалы 
25-інші июньде он жыл толды.
Басынан Алтай, Алай бұлыт шықты,
Баласы қазақ, қырғыз қойдай ықты.
Қан жауын Сарыарқаға қардай жауып,
Жастарым жерге сыймай жаудай бұқты.
Батша қоластындағы құлақкесті құл елді қысырықтай ма-
тап, мұрнын тескен тайлақтай байлап, қойдай айдап, неміс пен 
түрікке қарсы соғысқа апарды. Батшаның жерігі түріктен жер 
тартып алып, неміске қымбатқа бидай сатып, орыстың ақсүйек 
төрелерінің пайдасын көздеген болды. Соғыс осымен шықты.
1916-ншы жылы сансыз жігітті соғыста өлтірді, қолы, аяғы 
жоқ, ақылдан адасқан мешел де мүгедек қылды; елдің шаруасы 
ойрандалды, соғыста ерлер өліп, елде шаруа күйзелді, жетім 
бала, жесір қатын, шал-кемпір көзінің жасы көл болып, жұртта 
қалған ботадай боздады. Ет, нан өзге марттағыдай тапшылан-
ды, жұттағыдай жоғалды. Базардан алатын пұл да зая барып 
дөң асты. Сом да елу тиын болды. Теміржолмен соғысқа әскер 
тасып, ел жаяу да қалды.
Майданда батша әскері жығылады да жатады, жау басы-
нан күш алады да отырады. Батша әскері жаудың алдында 
борандағы қойдай ықты да бұрын алған Галиция жерінен, 
Перемішіл, Ілбоб [Львов] қорғандарынан ат тонын ала қашты. 
Майдандағы шексіз жерде шабылмаған ел, талқандалмаған 
қора-қобсы қалмады, елі жетім де, жесір де, қайыршы да бол-
ды. Жүз мың босқын қорғалауға бұта да таппай, ішуге сусын, 
жеуге дәм таппай, құтырған иттей сандалды. Батша соғысының 
қарғыс атқан күні туды.
Немістің қардай борап, желдей ескені, орысқа қасқырдай 
шауып, тұлақтай сүйреп, қойдай айдап, жүндей сабағаны, 


331
түріктің «дінім» деп атқа мінгені Алашқа да келіп жетті. 
Ұзынқұлақ өтірікті шындай қылып еседі. «Батша соғысқа тағы 
да ат алады» деп ұзынқұлақ өсек Сарыарқаға жайылып кетеді. 
Атты арзанға сатып та, тартып та алады деседі.
Қазақ-қырғыздың малын теміржолдың арбасына тиеп, су-
дай ағызып тасиды да жатады.
Немістің теңдей оқты зеңбірегі, әуедей уы да Алашқа 
келіп жетеді. Татар, башқұртты соғысқа айдаған батша қазақ-
қырғызды да соғысқа салады, «бөтен деп бізді алдына шеп 
қылып ұстайды» деп ұзынқұлақ бақыр соғады.
Қазақ-қырғыз майданда қырылып қалады, қойға көзін сүзген 
қасқырдай қазақ жерін аңдыған егінші орыс бос қалған қазақ-
қырғыздың жерін үлеске алады» деп ұзынқұлақ бақыр соғады. 
Сонда Нармамбет ақын «Сарыарқаны» жырлайды:
Сарыарқа, сарқыраған суың қайда?
Күндіз мұнар, түнде шық буың қайда?
Нажағай сарт-сұрт етіп нөсер құйған,
Көк жасыл, кемпірқосақ туың қайда?
Көк майса, көкорай шалған шөбің қайда?
Көкқасқа кетігі жоқ, түбі майда,
Қызғалдақ қызыл-жасыл көк балдырған,
Балауса бала тайған бар ма сай да?
Көк бұлыт күркіреген зілің қайда?
Тоқыны толықсыған көлің қайда?
Ат та ұма, түйе де құм, қой да шұрай,
Тұлыптай желі толған құлын қайда?
Қалмады Сарыарқада енді қазақ.
Сандал тау, Сары өлкені алды мұжық,
Қолыңнан келер де жоқ, өнер де жоқ,
Баласы байғұс Алаш, қалдың мыжып!
Өлі де болмадың ба, халқым мыжып?
Жұлын сау, омыртқаны, қойды мүжіп!


332
Жолым тар, жолбарыстан қаупім қатты,
Айтуға мүмкін емес бәрін теріп.
Таптадық Сарыарқаны неше жүз жыл,
Байы жоқ, баласы жоқ, сонда да тұл.
Ерініп еңбек қылмай, егін салмай,
Қала салған халыққа болдық қой құл!
Кең дала, кеткенің бе кер бетеге?
Бұл жерде бала туып ер жете ме?
Суырдай іннен босқан сүмірейіп,
Дариғай-ай, мекеннен ел кете ме?!
Соғыстан қанша жыл бұрын-ақ батша өкіметі қазақ-қырғыз 
әкесін өлтірген бе? Алаштың баласына қанқұйлы жау болған 
батшаның қызметшісі – төрелер параны жатып та, тұрып та 
алған. Қазақ-қырғыз төрелердің сүндет аты, байлаулы бұзауы, 
сауатын сауыны болған.
Алаштың жайында қаратопырақ, қау жер болса, аққан өзен, 
шалқар көл, тұщы құдық, мөлдір сулы бұлақ, жайлы жазық, 
тоғайлы орман болса, майлы ет біздің орыстың сыбағасы деп 
отаршыл орысқа тартып алып берген. Кірін жуып, кіндік кес-
кен жерінен, неше жүз жыл ата-бабасын қойған Ұлытауынан, 
Сарыарқаның тұщы су, кербетеге, қауынан құлан, киік жайлаған 
шөлге, ащы су, сорға қазақ-қырғызды қуған.
Тоған қазып байлаған суды, алма баққан бақты, жоңышқа 
еккен жайды, салулы қораны, егісті Ресейден келген орысқа 
тартып алып берген. Ресейде жерлердің бәрі байлардың, 
алпауыттардың қолында болған.
Жерсіз мұжық алпауыттардың қолындағы жерді тартып 
алмақ болып неше қабат бас көтерген. Алпауыттың өзін айдап, 
өлтіріп, жерін тартып алып, отарын жағып жібере бастаған. 
Міне, осы қауіп-қатерден байларды, алпауыттарды сақтап 
алып қалмақшы болып, батша өкіметі ішкі Ресейдегі мұжықты 
қазақ-қырғыз жеріне қойдай айдаған.


333
Соғысқа дейін орыстың егіншісі қазақ-қырғыздың жерінен 
таңдап 25 миллион десетине жер алған. 1913-інші жылы жалғыз 
Жетісудан егінші орыс 4 миллион десетине жер алған. Бақ 
та, жоңышқа да, өзен де, тоған да, жайлау да осы орыс алған 
жердің ішінде кеткен. Келімсек орысты қазақ-қырғыздың мой-
нына артып берген.
Алаштың баласы иттей өліп, шөлде қалған. «Жерім кетті» 
деп қазақ-қырғыз арыз қылса, дала уалаятының жанаралы 
Шмидт: «Сен иттерді шөлге қуам!» – деген.
Ұлт кеңесіне мүше, ақсүйек екінші Марков деген: «Қазақ-
қырғыз Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірдің елі, бұларға Америке-
де қызылтеріге қылғандай қылса да обал жоқ», – деп шыққан.
Америкеде «қызылтері» сондағы жер иесі – ел. Америкеліктер 
солардың жерін, өздерін аңдай атып тастап, тартып алған. Мар-
ков – батшаның сүйген табының жігіті – қазақ-қырғызға осыны 
қылмақ болған.
Өз жерінде төресіне құлақкесті құл, егінші орыс, біздің жер-
ге келіп, жер сауырсын иеленіп, орыстар төреге сүйеніп, өз 
өкіметіне сүйеніп, қызақ-қырғызға кешегі құл – би болған.
Жерін орыс алған қазақ-қырғыз сол орысқа жалданып құл 
болған. Қазақ-қырғыз атар таңынан, шығар күнінен күдерді 
үзген. Келімсек орыс байып өрге өрлеген.
Жақсы жер де, бай тұрмыс та қазақ-қырғыздың жерінде 
деп Ресейде қалған аш егіншілерді хабарландырып, олар 
шегірткедей «қазақ-қырғыз жері, қайдасың?» деп ағылған. 
Қазақ-қырғыздың болыстары, қулары пайда қыла қоям деп
елдің жерін келімсек орысқа жалдаған. Келер жылы «қазақ-
қырғыздың осы жері артық» деп жалдама жерді алдымен 
келімсекке алып берген.
Елді сатқан, қарғыс атқан қулар батша өкіметімен, келімсек 
орыспен таяқты қазақ-қырғыздың арқасына бірге соққан, елін, 
жерін сатып, жүзі қараның тонын киген.
Кедейшілік күн санап өскен. Соғыс басталған кезде бүкіл 
қазақ-қырғыздың үштен екі бөлегі кедей еді. Орта шаруа 
күннен күнге кемиді. Шаруасы күшті аз бір бөлегі аяққа басып, 
өзіне жол салып, байларға қосылады. Қалғаны бұзып-жарып, 
барлы-жоғынан айрылып, кедейдің санын көбейтеді.


334
Батша өкіметі соғыста таяқты жеп, көп ит талаған көк ит 
қалпына түсіп, елден жәрдем жиған. Қызыл кіресіне ақша 
керек екен. Жер сатып жүзі қара болған, ұятты, арды беліне 
түйген, қарғыс атқан қулар қазақ-қырғыздан Қызыл кіреске деп 
ақша жиған, өсітіп қазақ-қырғыздың қулары көттақи болған. 
Елдің арқасын ершік, төсін айыл қылған. Орысы бар, қазақ-
қырғыздың қарғыс атқаны бар, елді осымен ығыр қылған. Сонда 
батшаның 25-інші июнде 1916-ншы жылғы жарлығы шыққан.
Түстікте Қантеңірде, Арқада Тобылға дейін, батыста 
Астраханнан, шығыста Алтайға дейін үйінен өрт шыққандай 
Алаштың ұлы қозғалады. Ерлері ұйқы да жоқ, дамыл да 
көрмей қала барып, дала барып тоқым кеппей жорытады. Кей 
ел Сарыарқаны тастап аумақ та болады. Қарқаралы оязында 
Бақанастан Қожагелді керей Қытайдағы абақ-керей барам деп 
ауады. Текеде, Қостанайда, Атбасарда, Қарқаралыда ел болыс-
тарын сабайды, жарады, өлтіреді. Батшаның жарлығын болыс-
тардан көреді: «Елді орысқа жердей сатқан сендер!» – дейді.
Қазақ-қырғызбен бірге өзбек, түрікпен, тәжіктер де бас 
көтереді. Астрахан губернесіндегі қалмақ пен түстік Қапқаздағы 
қайсыбір майда ұлттар да көтеріліске қосылады.
Өкімет те қарап жатпады. Қазақ батшаға қарсы атқа мінді 
деп Сарыарқада, Ақмолада, Семейде, Текеде, Торғайда
Жетісуда жандаралдар, әскер басы – төрелер шығады. Қарусыз 
елді қойдай айдап, жердей таптап, жаудай тонайды. Жарасына 
пышақ тиген қазақ-қырғыз атқа мінеді. Батша әскері немістен 
көрі қарусыз қазақ-қырғызбен соғысқанды сүйеді.
Жазлық (дұрысы «Жизақ» болуы мүмкін. Құрастыр.) деген 
өзбек қаласын жермен-жексен қылады. Қырғыз ауып Алай 
асып, Күншығыс Түркістан өтеді. Келімсек орыс өкіметтің 
әскеріне қосылып, босқын қырғызды шабысады.
Қырғыз да ұпайын жібермей орыстың қаласын өртеп, қызын, 
қатынын ат көтіне салады, ерлерін бауыздап, қаласын өртейді. 
Ақмолада елге жандарал Кошуро-Масалкий шығады, қазақ-
қырғыз ауылын таптайды, тонайды, атып өлтіреді. Оған қарсы 
қазақ-қырғыз да атқа мінеді. Ер жандарал әскерімен Омбыға 
қайта қашады. Әскер жүздеп шығып ел аралайды. Ақтөбеде 
төрелер аптомобилін тастап қашады.


335
Қысқа қарсы Торғай елі Ғабдығаппарды хан сайлап, батшаға 
қарсы соғыс ашты. Батыстағы қанжауын соғыстан қашқан 
орыстың сойқаны қазақ-қырғызбен соғысуға жерік болды. 
Торғайдың елін шауып, қорасын өртеп, он мыңдаған әскер 
қыста елде болды. Қазақ-қырғызбен соғыспайды. Қазақ жерінде 
соғыс бітіп қалса, өздерін со күні неміске қарсы айдайтынды 
біледі де, қазақ-қырғыз елінде момын елді шауып, «соғысып 
жатырмыз» деп жүре береді.
Келімсектер батша әскеріне қосылады, қазақ-қырғызды 
бірге шабысады, қазақ-қырғыз да келімсекке өштеседі. Малын 
қуып алады, өзін де бұта түбінде бауыздап кетеді. Келімсектер 
пішеніне, егініне әскер ерітіп баратын болады. Петроград жігіт 
алуды 15-інші сентәбірге [қыркүйекке] қалдырады.
Батшаның әскері Ақмолада 42, Баянауылда 20, Атбасарда 100 
қазақ-қырғызды атып өлтіреді. Өзін өлтіріп, малын қазынаға 
алады. Тарбағатай, Алтай найманы көрші Қытайға ауады. 
Ауған елді бөгеуге әскер шығады. Ел мұнымен соғыса кетеді.
Батшаның әскерімен әдейілеп соғысқан Түркістандағы 
қырғыз болды. Қырғыздар батшаның әскері қолданған 
жолды, көпірді, телеграмды талқандайды. Аттанып келіп 
келімсектердің қаласын шабады.
Ұсталар жиылып қару-жарақ соғады. Қарақолға баратын те-
леграмды тілсіз қылып, Белебот (Беловод. Құраст.) қаласының 
орыстарын бауыздайды. Зағордағы прістабты маялайды, ол 
ерткен бар әскерді жерлейді. Ауғыста Жаркент оязындағы 
Қарқара мен Оқұт арасындағы бар келімсектердің бар қаласын 
шауып, өртеп, адамдарын қырып, әйелін ат көтіне салады.
Қырғыз Қарақолды қамайды, батшаның әскері әзер-әзер, 
өлдім-талдым деп күшке қорғап қалады. Келімсектердің Мары, 
Ибан қалалары жермен-жексен болады: қырғыз күлін шаша-
ды, адамын бауыздайды. Күлісобке қаласында 650 орыстан 
35-ақ қалады! Қарақолда қырғыз 24 қазақ-орысты (ХХ ғасыр 
басында қазақтар атты казактарды осылай атаған. Құрастр.) 
Әулиеата, Қазалы ояздарында қазақ-орыстың төресін де бауыз-
дайды, әскерге де қасқырдай шабады, теміржолдың бекетіне де 
соқтығады, кісі өлтіріп, ұстап та әкетеді.


336
Күзді күні өкімет қазақ-қырғызбен ұрысып қалып, жоғалған 
адамын санаса, жалғыз Жетісуда қазақ-қырғыз екі мың орысты 
бауыздап, мың қатын-қызды күң етіп алып кеткен екен; 1300 
қораны өртеп, 1000 қораны талап ойрандап кетіпті.
Жетісудің жандаралы қазақ-қырғыз шапқан келімсектердің 
қаласы 94, өртеген қорасы 5373, жаралаған адамы 684, өлтіргені 
– 1905 деп үкіметке білдіреді. Әсіресе Ыссықкөлдің аймағы 
қанға тояды: келімсектен онда 1803 кісі бауыздалады, 1202 орыс 
аяқсыз жоғалады, 904 қора өртенеді.
Қырғыз батшаға жігіт бермей қояды да төбелесе береді. Таш-
кеннен, Самарқаннан, майданнан зеңбіректі, оқжаудырғышты 
әскер бөлімдері қырғыз жеріне ағылады. Майданнан атты 
қазақтарды (казактарды. Құраст.) қырғыз үшін қайырады. 
Келімсекті қырғызға қарсы қаруландырады.
Құрқол қырғыз қарулы әскермен қарсы алмайды, қашады. 
Алай өтеді, Қытай кетеді. Қырғыз қашқанда орыс та жауынан 
кекті алады: Ыссықкөлдің қабағында батшаның әскері мың 
қырғызды бауыздайды, қашқан елдің бар малын олжалайды, 
нәрсесін үлеседі, қорасын өртейді, Тоқпақтың аймағында 200 
қырғызды өлтіреді, 388 кісіні құлданады да, «қашып бара жа-
тыр» деп 200-ін атып салады.
Келімсектің қаласы – Белоботта 100 қырғызды ұстап алып, 
Піспекке (Бішкек) алып жүріп, жолда атып-атып тастайды. 
Қырғызды бауыздап, қорасын өртеп, «жақсы іс қылып жүрміз» 
деп жандарал батшасына білдіреді. «Қырғыздың малын, мүлкін 
барымталадық» деп те жазып қояды.
Қырғыздан жарты мүлиен (миллион. Құрастр.) сиыр тартып 
алады да қалай бағарын білмейді. Батша өкіметінің Қарақол, 
Піспек оязында шапқан қырғыздың 53 мың үйі болады. Бұ – 
қырғыздың үштен бірі.
Қытай ауған қырғыз 1917-нші жылғы 28-інші феуралден 
[ақпаннан] кейін жеріне қайтты. Малдан таза айрылды, ауған 
елдің жүзден сексені өлді де, жиырмасы ғана қайтып келді.
Ауған ел егіннен, бақтан, жоңышқадан таза айрылды. 
Өртенген қора, ойрандалған үй орнына келді, аш та, жалаңаш 
та өзі болды.


337
Қырғызбен соғыста орыс әскерінен де тышқан мұрыны 
қанапты: 3 әскер басы, 53 әскерлік өліпті, 77-сі дерексіз 
жоғалыпты.
Осындай соғыс бола ма?! – Бір жағы жасаулы әскер, екінші 
жағы – қарусыз ел!
Батша өкіметі қарусыз елді жеңеді, Батыстан көрген 
қорлықтың өшін қырғыздан алады. Қырғызды құрытып тастап, 
келімсек орысқа жерді босатпақ болады.
Мемлекет кеңесіндегі байлардың өкілдері бұратананы не си-
пап мәпелейтіні бар? Оларды бекер майдандағы қара жұмысқа 
алады. Соғыстың өзіне, қанын төксін, алу керек деп соқты. 
Төңкеріске қарсы жандарал Көрнеліптің (Корнилов. Құрастр.) 
таяныш әскері түрікпен еді. Өзге бұратанадан да сондай әскер 
жасап алып, соны орыстың байына, ақсүйегіне құлақкесті құл 
етпек болды.
Қазақ-қырғыз соғысқа барып қан төгіп, қайтып келіп 
орыстың байы мен ақсүйегіне құл болса, қандай жақсы болар 
еді деп бай, ақсүйек партияларының мүшелері өксиді. 1905–
1907-нші жылдарда төңкерісті қамшысымен дүрелеп, атымен 
таптаған Қапқаздың аз аталы елінен әскер болған нысқұс, әсетін 
жігіттері болған. Қазақ-қырғызды да осылардай қылмақ болды. 
Батшаның міністрлері: «Бұған біз қарсы емеспіз, бірақ осы соғыс 
заманында қара жұмыстан басқаға алуға болмайды, мүмкін 
емес. Өйткені, түрікпен қарсы соғысып отырып, мұсылманның 
бәрін соғысқа аламыз десек, батшаға қарсы қозғалыс мұнан да 
ересен көтерілер еді», – деген.
Батшаға қарсы қазақ-қырғыздың көтерілісі талай аймақты 
алады. Елдің қарусыздығы болмаса, қазақ-қырғыз қалай 
соғысудың әдісін де біледі, ел көрші мемлекет жеріне де ауа-
ды. Қазақ-қырғыз батшаның өкіметін таңынан тартады. Өкімет 
қазақ-қырғыз үшін майданнан әскер алады. Онда орыстың өзі 
иттей таланып жатады.
Орысқа қызмет қылмаған, орыстың етегінен жем жемеген, 
елін де, жерін де бір асым боққа сатпаған ел баласы елімшіл, 
жерімшіл көтерілісте елді бастайды. Болыстардың көбі 
үкіметке есебін бермейді. Тартыншақ түйе болады. «Жарайды-


338
жарайды, тақсыр», деп елден жігіт алуға әдіс пен қарсылықты 
қазақ-қырғыздың болыстары шығарады. Жетісуда бір болыс 
жандаралдың өзіне қарсы сөйлегені үшін бұғауланып, баулау-
дан орын алады.
Қазақ-қырғыздың батша өкіметіне қарсы соғысы жерін тар-
тып алғаннан, қара жұмысқа аламынан шығады. Батша үшін, 
орыстың ақсүйегі, төресі үшін қазақ-қырғыз бір тамшы қанын 
да қиғысы келмейді. Жерін алған, өзін соғысқа айдаған батшаны 
иттің етінен қазақ-қырғыз жек көреді, «бүйтіп қор болғанша
өзінің жағасынан алып өлейік!» – дейді.
Өзге жердегі қорлықтағы ел де 1916-ншы жылғы қазақ-
қырғыздан тәлім алса, өзін құлақкесті құл қылған өкіметке 
қарсы көтеріледі. Қазақ-қырғыз осы көтерілісте көп адамын 
өлтіріп, шаруасын күйзелтсе де, келешекте қандай ел екенін 
білдіреді.
1905-інші жылғы Мәскеудегі жұмысшы көтерілісі де 
жұмысшыны көп шығындатқан. Осы көтеріліс келешекке 
үлгі болды. Мұны одан да жақсы өткізіп, онан да қатты жауға 
қарсылық керек еді деп Ленин айтқан. 1917-нші жылғы өктәбір 
[қазаннан] 1905-інші жылғы декәбірден [желтоқсаннан] тәлім 
алған. Қазақтың 1916-ншы жылғы көтерілісін де осылай ұғыну 
керек.
Қазақ-қырғыз жігіт алғанға қарсы болмаса, батша өкіметі 
Азиядағы көп елді әскерлікке алып, бірінің етін біріне жегізіп, 
бірін-біріне қосқан иттей қосар еді де, біріне бірін талатар еді. 
Не қазақ-қырғыздың әскерін ит қылып айтақтап Ресейдегі 
төңкерісшілерге қосар еді, қазақ-қырғыз да Көрнеліптің 
түрікпені сықылды төңкеріске қарсы сойыл соғар еді.
Қазақ-қырғыз өзбек, тәжік, өзге елдің батша өкіметіне қарсы 
тұрып, соғыс ашқаны тарихтан алады. Бұрын өзін жебе сауған 
өкіметке орыстың елі де қазақ-қырғызша қарсы тұрып көтеріліс 
жасаған. Қазақ-қырғыздың көтерілісін орыстың төрелері 
қазақ-қырғыздың жерін алуға әдейілеп жасады деген пікір – 
адасқан. Қазақ-қырғыздың жерін алған соң, өзін қара жұмысқа 
тізген соң, парашыл төре, орыс, бұған жеңге қазақ-қырғыздың 
қарғыс атқаны елдің арқасын жауыр қылған соң қарсы тұрып, 


339
көтеріліп соғыс ашқан. Қазақ-қырғыздың көтерілісі – қалың 
елдің дариядай толқыны. Дауыл болса ғана дария толқиды. 
Қалың елді қарғыс атқан билесе, қанды саясат қолданса, бұған 
қарсы ел де толқиды. Бұ сықылды қозғалысты қорлықтағы 
өзге жұрттар құлағына сырға қылып таққаны оң болады. Жер 
үстінде бай мен жарлы табының тартысы күн санап өрттей 
дулап келеді. Өрт қырға жайылып барады. 1916-ншы жылғы 
қазақ-қырғыздың көтерілісі осындай өрттің тамызғысы болып 
шығады. Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, 
бұғаудан босамайды, ер құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, 
малына да, басына да ие болмайды.
Нармамбет ақын 25-інші июн жарлығын былай деп жыр-
лайды:
Сарыарқа сайран жерім-ай!
Салқын да самал белім-ай!
Сандалай тауың тізілген,
Өлкелі өзен-көлім-ай!
Сансыз қара айдаған,
Шалғынан бие байлаған.
Сар қымызды сапырып,
Шілдеде мас боп ақырып,
Кемпір-шалдар ойнаған
Сарыарқаны өрт алды.
Мезгілінен ерте алды.
Көк тарлауы қуармай,
Көкала түтін қаптады.
Ішкен асым батпады.
Жүрегімді дерт алды.
Мал садақа, жан пида,
Бала сұрап ер алды.
Ата-анада зәре жоқ,
Мұнан үлкен бәле жоқ.


340
Боздақтарым сандалды!
Жалпы қызмет келді ғой,
Жан басында билік жоқ,
Жалқау қалған біздің ел
Ғылым да жоқ, бірлік жоқ,
Құламасқа не қалды?
Мал мен жаннан түңілдік,
Жыламасқа не қалды?!
Батсаның жарым бұл ісі,
Дағдыр қосқан жұмысы,
Ұнамасқа не қалды?!
Мойында, жұртым, мойында!
Бар ма еді бұл іс ойыңда?
Шыдамақа не қалды!
Жан қысылды, жат еттік,
Бір жасаған иені.
Болыс, тілмаш, ауылнай
Жығылғанда сүйеді:
Қанды балақ қаршыға
Тоятына қаз берсе,
Қанатына «мәз» берсе,
«Отылошке», ауыру
Деген пайда тиеді.
«Пәдіретшік» көп шықты,
Құтқарамыз деп шықты.
Бетке сүртіп күйені,
Жалап, жұтып жеп шықты.
Жасы қате жазылған,
Отыз бірден артықтар,
Араласып кетті ғой
Мертік пенен шартықтар.


Ауру кетіп, сау қалды,
Алды-артында дау қалды.
Кім табады жүйені?
Барған жігіт жұмыста,
Қалған жігіт зауытта
Кіре сала тынышта.
Әйт-шу деп жүр түйені.
Жаз құлындап жүретін
Бұ жануар буаз деп,
Бір жымыңдап күлетін,
Базарға саттық биені.
Қой, қозыға қол салдық,
Бұрынғыдан мол салдық.
Бұған да қырсық тиеді.
Азаматтар құл болып,
Асық жарлар тұл болып,
Жүректері күйеді.
Балам қайда кетті? – деп
Кемпір шеше жылайды.
Кемпірінен жасырып,
Шал да көзін бұлайды.
Балам жетім, келін тұл,
Құдай қашан иеді?!
Қыр баласы, Шестаков
Мәскеу, 1926 жыл.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   109   110   111   112   113   114   115   116   ...   150




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет