«Ақбала есікке шыға келіп, қайғылы түрде:
– Неге түнде келесіз, сізге бұл шын лайық емес, –
деді.
Филип жауап бермек болып, түйіліп қалып, ұялып
Ақбаланың алдында тұрып алды. Ақбала:
– Өсекке, жаман сөзге жем бермеуді сіз білуіңіз ке-
рек қой!? – деді.
– Өсекте менің не жұмысым бар, өзің маған тисең?
– деді.
Жауап болмады. Үйде біреу жалп ете түскендей
естілді. Филип үйге кіріп келді. Симон төсекте жа-
тып сыбыр мен сүйіс есітті».
Ги де Мопассан
378
«Жаңа мектеп» журналының Қыр баласы қазақшалап берген Ги де
Мопассанның «Симонның әкесі» әңгімесі жарияланған 57 беті (№ 6, 1926 ж.,
57–64 беттер. Мәскеу).
Номер журнала «Жаңа мектеп» («Новая школа», № 6, 1926 г., стр. 57–64.
Москва), в котором опубликован рассказ французского писателя Ги де Мопас-
сана «Отец Симона» в переводе Қыр баласы (Сын степей).
379
СИМОННЫҢ ӘКЕСІ
(Ги де Мопассаннан)
Сағат он екіге соқты. Есік ашылды. Таңертеңгі қорадан
шыққан қойдай, дүркіреп бірін-бірі итермелеп, таласып,
қаптан төгілген тарыдай саулап, балалар тысқа шықты. Сабанға
үймелеген қара торғайдай шүпірлеп бәрі бір жерге үймеледі
де, кеңес құрды.
Бүгін мектепке Симон түскен. Балалардың кеңесі осы. Бәрі
де үйінде Симонның шешесі Ақбаланы өсек қылғанды естіген.
Өсек күйедей жұққыш. Бала маймылдай еліктегіш. Бала үлкен
нені істесе, нені айтса, соны сөйлейді. Нені қылса, соны қылады,
шешелері Ақбаланы өсектесе, өсек барып жас ойдан, жас
жүректен орын алады. Бала өсек айтқанын білмей қалады да,
өсекті бағалай да алмайды.
Мектеп балалары бұрын Симонды көрген жоқ. Симон
қорадан шықпай үйінде ойнайтын.
Он төрттегі бір бала тұрып:
– Білесіңдер ме? Симонның әкесі жоқ, – дегенде, бар бала
таңырқап қалып, онан барып қуанысты да, – Симонның әкесі
жоқ, – деп алды да ұшты.
Сонда мектептен Симон шықты.
Симон жасы жеті-сегізде. Тұба түбел киімді, арық аққұба
бала. Танысы жоқ, не қыларын білмей жас бала бұйықты. Си-
мон үйіне қарай жүріп еді, бар бала ере жүріп, жау көзбен
қарап, сыбырласып, Симонды ортаға алды да, Симонға бір
жамандық қылмақ болысты. Бұл көрініп тұр.
Симон ұялып, таңырқап, бұларға не керегін білмей, не
қылатынын ұқпай, тұра қалды. Ана Симонды ала ел меңгерген
бидей қоразданып:
– Атың кім? – деді.
– Менің атым Симон.
– Ал, Симон, онан әрі қалай?
Қорыққан бала:
– Симон, – дейді.
380
Әлгі бала:
– Симон өз атың, әкең аты кім? – деп ақырды. Көзі жасқа то-
лып кеткен Симон үшінші қайта:
– Симон, – деді.
Топ бала қаптай күліп жіберді. Ана бала, топта жығып түйе
алғандай, мақтанып:
– Көрдіңдер ме? Мұның әкесі жоқ, – деді.
Құмға су сепкендей, үн де, түн де жоқ, топ жым болды: бұ
не деген сұмдық? Әкесі жоқ бала бола ма? Балалар жым бол-
ды. Шешелерінің өсегі көкіректерін кернеп кетті, Симонды
өздерінен кем, өзгеше жаман деп нану жүректерінен орын
алды, бәрі де Симонға жаулықпен қарап тұр.
Симон ағашқа сүйеніп қана жығылмай тұр. Симон өкпеден
оқ тигендей болды. Әкесі жоқ. Мұны қалай ұғынарын білмейді,
бір қызық балалықтан айрылды. Сонда да жыландай сұрланып,
болса болсын, болмаса қойсын дегендей:
– Ал, менің әкем бар, – деп айқай салды.
Ана бала тұрып:
– Ендеше әкең қайда? – деді.
Симон тілден айрылды, мұны өзі де білмейді. Топ бала
қуанып жабыла күлкіге түсті. Бөтен сиырды мүйіздеп тастайтын
көп сиырды көріп өскен малға бір табан жақын балалардың
мінезі бір табан сиыр мінезіне аумалы болады. Симонды ба-
лалар да аямады. Сықақ, күлкі қылды. Симон тұрып жесір
шешесімен күнде бірге еріп жүретін көрші баланы таныды да:
– Міне, сенің де әкең жоқ, – деді.
– Жоқ, олай емес, менің әкем бар! – деді.
Симон:
– О қайда? – деді.
– Әкем өлген. Ол бейітте, әне, керек болса! – деді.
Топ балалар, біреудің өліп бейітте жатса, жетім жақсы, әкесі
жоқ Симон жаман болатындай, жетімді жақтап жабыла бәрі де
тағы да күлісті. Үйде күлін шашып, аузын былғап, қатындарын
сабап, әділетсіздік қылатын әкелерін көрген балалар елеген би-
дайдай, қатар түзеп, көп ит болып көк итті талауға кірісті.
381
Біреуі Симонның алдына шығып қарсы қарап тұра қалып,
тілін шығарып:
– Әкең жоқ! Әкең жоқ! – деп айқайлады.
Симон шап беріп баланы шашынан алып, аяғымен тепкілеп,
бетін тістеп алды. Екі бала иттей таласып кетті. Өзгелері
де айырған болып Симонды сабап тастады, жерге жығып
тепкіледі, киімін дал-дал қылып жыртты. Қуанысып жан-
жақтан айқайласты. Біреуі тұрып:
– Енді әкеңе барып айт! – деді.
Сонда Симон жүрегі селт етті. Көп күшті, көп ұрып тастады,
Симон қайыруын қайыра алмады.
Тістеніп, бекініп жыламасқа тырысты. Әкесінің жоғын өзі
де біледі. Жүрек көкірекке көтеріліп буындырды, жас көзді
кернеп кетті, дене дірілдеп босап, жас жылжып ағып жүре
берді. Хайуандық қуаныш топты басты, топ балалар өлтірілген
жауының, қасында билеген тағы адамдай, Симонды айнала қол
алысып билеп:
– Әкесі жоқ! Әкесі жоқ! – деп өлеңдетті.
Бір уақта Симон жылауды қойды. Жын Симонды басты.
Аяғының асты тас. Тасты алып балаларды атқылады. Кейбір тас
тиген балалар жылап үйіне жөнелді. Қалғандары да қорқайын
деді. Топ үріккен қой, бәрі де қаша жөнеліп, тарап кетті.
Жалғыз қалған бала, өзінің әкесі де жоқ. Бір ойға түсті де,
суға кетіп өлейін деп, өзенге қарай жүгірді. Бір жеті болды. Бір
қайыршы ішетін тамақ таппай, суға кеткен еді. Осы қайыршы
Симонның ойына түсті. Симон судан суырып алған қайыршыны
өзі көрген. Тірі күнінде жап-жаман қайыршы, өлгенде Симонға
сүп-сүйкімді көрініп еді. Жиылған көп:
– Бұл өлді, дегенде, – біреу тұрып:
– Бұл бақытты, бізден бақытты, – деген еді.
Симон ақшасы жоқ суға кетіп өлді, әкем жоқ мен де суға
кетіп өлейін деді.
Жүгіріп суға келіп, ағынға қадалып қарады. Бірнеше балық
жүзіп суда ойнап жүр. Судан басын қылт еткізіп шығарып
қап, бетінен шыбынды қағып әкетеді. Бір ойы балыққа ауып
кетіп, балықтың қызығына түсіп, неге келгенін ұмытып та кетті.
382
Уақыт-уақыт басылып, қайта ұйытқып соққан борандай, – әкем
жоқ, суға кетіп өлейінші, – деген ой көкірегін кернеп, жүрегін
тескен ой қайта қайтып келді.
Күн артық ыстық, өсімдіктер де гүлдетіп тұр. Судың беті ай-
надай күн сәулесімен шағылысады. Симон босап кетті. Жыла-
уды қуа жүретін бос белбеулік Симонды басты. Симон көктен
жайылып жатып, күнгейде жылынып жатпақ болды.
Аяғының астынан бір бақа шоршып шыға келді. Шап беріп
ұстайын деп еді, жылп етіп қолынан шығып кетті. Симон тұрып
бақаны қуып кетті, үш ұстап айрылып қалды. Аяғында артқы
аяғы Симонның қолына түсті. Симон бақаның тырбыңдап
құтылам дегеніне қарап күліп жіберді. Бақа жиылып асықтай
болады да артқы аяғын созып жіберіп, тарамыстай тартыла-
ды. Алтын сақиналы дөңгелек көзі бездей безереді, алдыңғы
аяғымен ауаны сипалайды. Бұл шешесі алып берген қуыршақ
бақаны Симонның ойына түсірді. Бұл барып үйін, шешесін
ойлатты. Қайғы қайтып келіп, Симон тағы да жылап жіберді.
Симон тонып кетіп, дір етті, жүгініп отыра қалып, жатарда
оқитын дұғаны оқи бастады. Өксіген жылау құйындай қайта-
қайта ұйытқып соғып нашар денесін жеңіп, дұғаны оқып
маңдыта алмады. Симон ойдан қалды. Көзі түкті көрмеді де,
құр жылай берді.
Бір кезде бір ауыр қол арқасына түсіп, зор дауыс:
– Балам, мұндай қайғы саған неден болды? – деп сұрады.
Симон бұрылып артына қарады. Сырықтай ұзын қара бұйра
шашты, қара сақал бір ұста баласын идіретін қараспен өзіне
қарап тұр. Симон:
– Балалар мені күлкі қылды, мені ұрды... у-ұ...ұу...ұу... менің
әкем жоқ, – деді.
Кісі күліп:
– Бұ қалай? Кісінің бәрінің әкесі бар, – деді.
Симон өксіп-өксіп, үзілген дыбыспен:
– Міне... менің... әкем жоқ, – деді. Ұста тұрып өзіне өзі бой-
лап кетті: Ақбаланың баласын таныды. Ақбала туралы айты-
лып жүрген өсектің шет жағасы мұның құлағына да тиген еді.
– Шырақ, жылама. Шешеңе баралық, әке де тауып алалық,
– деді.
383
Екеуі қол ұстасып жүрді. Ұста мұртынан күлді: жұрттың
айтқаны рас болса, ауылдағы бар қыздың ең сұлуы Ақбала еді,
тағы қыз бір сүрінсе, екінші сүрінер деп ойлады.
Екеуі біп-бияз жұмыртқадай ақ үйге келді. Бала: – Осы, –
деді де, – Апа! – деп шақырды.
Ақбала есіткен, шыға келді. Ұста күлкіден айрылып қалды.
Аққұба, сырғауыл бойлы сұлу ойыншық қыз көрінбеді. Ер-
ден ауызы бір күйген Ақбала, күшігін қаншық түрленіп, енді
ерді табалдырығымнан аттатпаймын дегендей есікті алып тұр.
Ұста тасырқап қалып, қалпағын жұлып қолына алып:
– Міне, мен өзен жағасынан адасып жүрген ұлыңды алып
келдім, – деді.
Симон шешесінің мойнынан құшақтай алып, жылап
жіберіп:
– Жоқ, апа! Мені балалар ұрды, әкең жоқ деп ұрды... мен суға
кетіп өлмек болдым, – деді.
Қар үстіне қан тамғандай Ақбаланың беті қызарып кетті.
Жүрегіне пышақ салып алғандай жараланып, баласын бас са-
лып сүйіп-сүйіп алғанда көзден жас моншақтап ағып жүре
берді. Ұста дағдарып не қыларын білмей тұрып қалды. Сонда
Симон жүгіріп барып:
– Маған әке боласың ба? – деді.
Үн өшті. Ақбала ұятына буынып үннен айрылып, босағаға
жабысып қалды. Бала жауап бермегенді көріп:
– Сен маған әке болмасаң, мен тағы да суға кетемін! – деді.
Ұста тұрып істі сықаққа айналдырмақ болып күліп:
– Жарайды, мен болайын, – деді.
Бала тұрып:
– Атың кім? Тағы да балалар әкең кім? – дегенде мен сенің
атыңды айтпай қайтем? – деді.
Ұлына:
– Менің атым Филип, – деді.
Симон өзіне өзі бойлап, ана атты ойына мықтап түйіп
алғандай болды да, көңілі орын теуіп, жаны жайланып кетіп:
– Енді сен, Филип, менің әкемсің, – деді.
Ұста тап беріп баланы ұстап алып, көтеріп, жұлып-жұлып
екі сүйіп, жерге қойып, асып-сасып қаша жөнелді.
384
Ертеңіне Симон мектепке келіп еді, балалар жабыла күліп,
кекетіп қарсы алды.
Мектептен шыққанда кешегі үлкен бала тағы да мазақ
қылмақ болып еді, Симон бетінен қарап, тақияға тас тастағандай
қылып:
– Менің әкемнің атын сұрасаң? Аты – Филип! Онда қайтесің!?
– деп салды. Балалар жабылып күліп, сиырдай көріп:
– Филип кім? Филип не? Кімнің Филипі? Сен бұ Филипті
қайдан таптың? – деп, даланы жаңғырықтырды. Симон тағы
да не көрсетсе, көрейін деп, түк жауап қайырмады, бет бағып
тұрып алды. Дабдыраған дыбысқа оқытушы шығып Симонды
босатып, бала шешесіне кетті.
Үш ай ұста олай жүрсе де, бұлай жүрсе де Ақбаланың үйінің
жанынан өтеді, тігін тігіп отырған Ақбалаға терезеден бір қарап
кетеді, батып сөзге келмейді. Ақбала да жылы жүзбен қарап
қалады, күлмейді, үйге кірмейді. Ұста мақтанып, мені көріп
қызарды-ау! – деп ойлайды.
Жаман ат күйе, жақса жақын арада ашылмайды. Ақбала
қанша жуса да, ауыл Ақбалаға тағы да өсекті жүктеді.
Ұста мен бала күнде бірге жүреді. Симон жаңа әкесін сүйді.
Симон күнде мектепке барады. Балалардың мазағын елең де
қылмай жүре береді. Бір күні әкең жоқ-ты шығарған үлкен
бала тұрып:
– Сен өтірік айттың, сенде Филип атты әке жоқ, – деді.
Симон аяғына тікен кіргендей болып қалды:
– О қалай? – деді.
Ана бала қутыңдап қуанып:
– О мынадай: сенің әкең болса, о шешеңнің байы болар еді,
– деді.
Симон ақты қара дей алмай, тасырқап қалып, сонда:
– О менің әкем, – деді.
Ана бала күліп, Симонға қарап:
– Болса болар, ол саған шын әке емес, – деді.
Симон мойны босап кетті, ойына терең бойлап, Филип іс
қылатын Лаузан шалдың дүкенін бет алып жөнелді.
385
Дүкен бақтың ішіне бекітулі. Дүкен іші қара көлеңке.
Көріктің лапылдаған жалыны, қолдарына қолақпандай балға
алған, бояудай қып-қызыл темірді соққан бес жалаңаш ба-
луанды көрсетеді, дүкен іші күн көзі кіріп басылғандай
жаңғырығады да дүңкілдейді. Ұсталар ісінен көзін бұрмайды.
Істерін жайлаған терең ойлары – балғамен көтеріліп, балғамен
төмен түседі.
Симон ақырын кіріп келді. Мұны ешкім байқамады. Бәрі де
досын қолынан тартты. Бәрі де жұмысты тоқтатып, қадалып
балаға қарасты. Дүкенде болмайтын тыныштықта Симонның
нәзік дауысы саңқ етті:
– Әкем, Филип, тыңдашы! Мысық баласы бүгін сен маған
шын әке емессің, – деді.
Ұста тұрып:
– О қалай? – деді.
Түктен хабары жоқ Симон:
– Сен менің шешемнің байы емессін, – деді.
Дүкенде дыбыс жоғалды. Филип балға сабындағы қолына
басын сүйеп, терең ойлап, ойға құл болды. Төрт жолдасында үн
де, түн де жоқ, Филипке қарап тұр. Симон сақалардың ішіндегі
шүкедей болып, күтіп тұр. Бір мезгілде бір ұста бәрінің тілсіз
сұрауына жауаптай қылып, Филипке қарап:
– Сөздің шыны керек, Ақбала сұлу да қыздың бағланы,
бақытсыздығына қарамай, өз бетімен шаруасын жақсылап
басқарады, бар жұмысты әдемілеп өзі істейді. Жақсы жігітке
кездессе, онан артық жар табылмайды, – деді.
Қалған үшеуі тұрып:
– Сенің сөзің рас-ақ! – деді.
Тағы да ана ұста:
– Бір сүрініп кеткенге қыз кінәлі ме? Ондай ақсақтық қай
қызға кездеспейді? Жігіт Ақбаланы алам деп алдаған жоқ па?
Мен мұндайдың талайын білемін. Бұларды ешкім көрмейді.
Үшеуі: – Сенің сөзің рас-ақ! – деді.
Тағы да ана ұста:
– Байғұс баласын тәрбиелеп өсірем деп қандай сабылды,
қайранға шығарып тастаған балықтай тырбанды. Ел алапестеп
386
жеке шығарып тастағаннан бері, Ақбаланың үйінде жалғыз
отырып қанша жылағанын бір құдай ғана біледі.
Өзгелері:
– Осының бәрі де рас! – деді.
Отты демдеген көрік солып басылады. Дүкенде тағы да үн де,
түн де жоғалды.
Филип Симонға еңкейіп:
– Бар, апаңа айт, мен кешке барамын. Сөйтті де баланы
дүкеннен шығарып, жолға салып жіберді. Филип іске қайта
кірісті. Бес балға бес төсті төпелеп алып жөнелді. Қызықтырып,
салдыратып, дүрілдетіп істі түнге дейін соқты.
Құлын, тайдың дауысын жапқан сақа айғырдың үніндей,
Филип балғасының дүңі өзге болғаны үндетпейді. Филип
балғасы кірпік қаққанша неше қайта соғады, дүңі тауда күн
күркірегендей дүңкілдейді. Филип жігерленіп, бар ынтасымен
соғады, үстіне темірден ұшқан ұшқын жаңбырдай жауады. Фи-
лип келіп Ақбала есігін қаққанда, аспанда жұлдыз шырағын
түгел жаққан еді. Филип сақалды қырып, таза киімін киген.
Ақбала есікке шыға келіп, қайғылы түрде:
– Неге түнде келесіз, сізге бұл шын лайық емес, – деді.
Филип жауап бермек болып, түйіліп қалып, ұялып
Ақбаланың алдында тұрып алды. Ақбала:
– Өсекке, жаман сөзге жем бермеуді сіз білуіңіз керек қой!?
– деді.
Сонда [Филип] оянып кетіп:
– Өсекте менің не жұмысым бар, өзің маған тисең? – деді.
Жауап болмады. Үйде біреу жалп ете түскендей естілді. Фи-
лип үйге кіріп келді. Симон төсекте жатып сыбыр мен сүйіс
есітті. Симон бір мезгілде балуан қол өзін көтергенді білді. Си-
монды көтеріп тұрып:
– Сен енді жолдастарыңа: менің әкем Филип Реми, ол елге
мәлім ұста, саған кім тисе, соның үнін өшіреді деп айт! – деді.
Ертеңіне мектеп толған бала, оқу жаңа басталмақ еді.
Кішкентай Симон орнынан түрегеліп, жыландай сұрланып,
ерні желбіреп, дауысы қоңыраудай сылдырлап:
– Менің әкем ұста Филип Реми, маған тигеннің үнін өшірем
деді, – деп соқты.
Енді ешкім де күлмеді. Елдің бәрі де Филип Ремиді біледі.
Филип Ремидей әкесі болса да, ханға сәлем бермес еді.
Ауд. Қыр баласы.
«Жаңа мектеп» журналы, № 6, 1926 ж..
Мәскеу.
|