Мәдениеттердің өзара қарым қатынасы
Көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара байланысы шаруашылық, мәдени және саяси байланыс
Көшпелілер мен отырықшылар арасындағы байланыс мәселесі тарих ғылымында әр түрлі пікірлер туғызып отыр. Біраз зерттеушілер көшпелілер мен отырықшылар қарым-қатынасын олардың арасындағы қырғи қабақ қақтығыстар, соғыстар, жаулап алу әрекеттерімен байланыстырады. Бұл ретте көшпелілер белсенді рөл атқарды деп есептейді. Енді бір топ зерттеушілер бұл қарым-қатынастағы көшпелілердің орнын төмендетіп көрсетуге тарысады. «Көшпелілер отырықшылардың мәдени жетістіктерін қиратушылар, не болмаса өздеріне қабылдап алушылар болды» деген пікірлер де жиі кездеседі.
Көшпелі және отырықшы жұрттардың арасындағы қатынас әр заманда, әр түрлі аймақта әрқалай болды. Олардың карым-қатынасында қақтығыс, соғыстармен қатар бейбіт сабақтастық, шаруашылық, сауда, мәдени өзара әсерлер аз болған жоқ. Мал өнімдеріне мамандандырылған көшпелі экономика егіншілік өнімдерін, қолөнер бұйымдарын отырықшылардан алса, отырықшылар мал өнімдерін, кейбір қолөнер заттарын, қолөнерге қажетті шикізаттарды көшпелілерден алып отырды. Мұндай сауда, айырбас қатынастары, әсіресе отырықшы халықтар мен көшпелі елдер көршілес орналасқан шекаралық, аймақтарда пәрменді түрде іске асып отырды.
Отырықшы елдерге жылқы малы, оны мініске, жегуге үйрету көшпелі малшы тайпалардан келді. Атты әскер дәстүрі, садақтың түрлері, қылыш, ат әбзелдері де көшпелілерден келген. Мысалы, VI ғасырда түркі тайпалары пайдаланған темір үзеңгілі ер тоқым келесі ғасырларда бүкіл Еуропаға таралды. Отырықшы елдер көшпелілердің қару-жарағына, киіміне еліктеді. Мысалы, VII—VIII ғасырлардағы түркілердің кісе белдіктері Қытайдан Иракқа дейінгі аралықта пайдаланылған. Таң әулеті кезіндегі Қытайда көшпелілердің киімі кең таралды, Еуропада орыс, поляк, венгр ақсүйектері киім киісінде, шаш қоюында көшпелілер үлгісіне еліктеді. Көшпелілерде б.з.д. 1-мыңжылдықта пайда болған өнердегі «аң стилі» Қытайдан Дунайға дейінгі аралықтағы отырықшы елдерге де кең таралды.
Достарыңызбен бөлісу: |