Соқырішек бір қарағанда пайдасыз, ағзаға түк қажеті жоқ нәрсе болуы мүмкін. Адамға зияны шаш етектен, түптеп келгенде, ота жасап алып тастайтын ішек сияқты көрінеді. Алайда аппендициттің биологиялық қызметі зор. Әсіресе, адамның иммунды жүйесін қалыптастыруға зор ықпал етеді.
Тоқ ішекте адамның иммунды жүйесін қалыптастыратын жасушалар мен микрофлоралар, пайдалы бактериялар жиналғаны белгілі. Егер тоқ ішек ағзаға түскен патогенді бактерияларға қарсы күресе алмаса немесе қандай да бір жағдайлармен (көбінесе, іш өту, диарея) пайдалы бактериялар шайылып кетсе, дәл осы соқырішектегі пайдалы бактериялар көмекке келеді. Америкалық зерттеушілер Рэндал Боллингер мен Вильям Паркердің 2007 жылғы зерттеуінде соқырішектің ішінде пайдалы бактерия-көмекшілердің көп болатынын анықтаған.
Соқырішектің әсіресе ішек инфекциясы кезінде көмегі зор. Бірақ ішек инфекциясы ыстық аймақтарда, тропикалық елдерде көп тарағандықтан, біздің аймақ аса қауіпті емес.