Психотерапевт– бұл біріншіден дәрігер, жиі психиатр болып табылады. Психотерапевт психолог сияқты сізге эмоционалды немесе жеке мәселелерді шешуге көмектеседі. Бірақ оның көмегі осымен шектеліп қоймайды.Психотерапевтке невроздар, үрейлік шабуылдар, ашу ұстамасы, үрей және қазіргі уақытта ең «танымал» депрессия және тәуелділік сияқты өте ауыр бұзылыстармен барады. Психотерапевттің психиатрдан айырмашылығы неде? Пациенттің шынайы өмірмен байланысты жоғалтпайтын және өзін бақылай алатын бұзылыстарын емдеумен айналысуға психотерапевттің құқығы бар.
Психотерапевттің құралы — психологиялық әдістермен әсер ету (әңгімелесу, тестілеу, бақылау, сауалнама және т.б.) және дәрілік препараттар. Егер психотерапевт пациенттің жағдайы психикалық (эмоционалдық емес) бұзылысқа тән екенін байқаса, міндетті түрде оны психиатрға жолдауы керек. Бұл жағдайда да «жергілікті менталитет» мәселесі туындайды. Егер адам психотерапевтке барса, онда оған «жынды» немесе «әлсіз» деген таңба қойылады, ал «психиатр» деген сөз мүлде қорқынышты естіледі.
Психиатр – психикалық бұзылыстардың диагностикасы, алдын алу мен емін зерттеумен айналысатын дәрігер. Психикалық бұзылыс — психикалық денсаулықтың бұзылысы. Ал психикалық денсаулық — «адамның өз потенциалын жүзеге асыра алатын, жай өмірлік күйзелісті жеңе білетін, еселі еңбектенетін, сонымен қатар өзінің қоғамына үлесін қоса алатын қолайлылық жағдайы» (БДҰ анықтамасы). Іс жүзінде психиатрлар анда-санда немесе тұрақты түрде шынайы өмірмен байланысы үзілген және өзіне немесе жанындағы адамдарға зиянын тигізуі мүмкін науқастармен жұмыс жасайды.