101-6-бап. Тұрғын үй төлемдерін алушының құқықтары Тұрғын үй төлемдерін алушы: 1) қызмет өткеретін арнаулы мемлекеттік органнан немесе Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемесінен өзінің жеке арнайы шотына аударылған ақша туралы мәліметтерді жыл сайын талап етуге; 2) жеке арнайы шотына пайдаланылмаған тұрғын үй төлемдерінің сомасын жинақтауға; 3) тұрғын үй төлемдерін қызмет өткеретін жеріне қарамастан, Қазақстанның кез келген өңірінде мақсаты бойынша пайдалануға; 4) арнаулы мемлекеттік органның немесе Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар мемлекеттік мекемесінің және жеке арнайы шот ашылған банктің келісімімен тұрғын үй төлемдерінің пайдаланылмаған сомасын екінші деңгейдегі бір банктен басқасына олардың нысаналы мақсатын өзгертпестен аударуға құқылы. 101-7-бап. Тұрғын үй төлемдерін алушының міндеттері Тұрғын үй төлемдерін алушы: 1) отбасы құрамы өзгерген кезде бұл туралы қызмет өткеретін арнаулы мемлекеттік органды немесе Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемесін азаматтық хал актісі тіркелген және тиісті куәлікті алған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде хабардар етуге; 2) тұрғынжайға мұқтаж мәртебесінен айырылған кезде, осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемелерді орындаған кезде бұл туралы қызмет өткеретін арнаулы мемлекеттік органды немесе Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемесін тұрғынжайға мұқтаж мәртебесінен айырылған және осы міндеттемелерді орындаған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде хабардар етуге; 3) арнаулы мемлекеттік орган, арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемесі, әскери қызметші және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің немесе әскери қызметшінің жеке арнайы шоты ашылған екінші деңгейдегі банк арасында жасалатын шартқа сәйкес оларды осы Заңның 101-5-бабында көзделген мақсаттарға жұмсауға міндетті.