101-3-бап. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілерді тұрғынжайға мұқтаж деп тану 1. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоспағанда) мен әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді қоспағанда), егер: 1) олардың осы елді мекенде меншік құқығында тұрғынжайы болмаса, тұрғынжайға мұқтаж деп танылады, бұл ретте тұрғынжайға елу пайыздан аз үлестің болуы есепке алынбайды; 2) олардың осы елді мекенде мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған тұрақты пайдалануындағы тұрғынжайы болмаса; 3) олар тұрып жатқан тұрғынжай белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келмесе; 4) отбасы құрамында кейбір созылмалы аурулардың (Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен аурулардың тізімі бойынша) ауыр түрлерімен ауыратын науқастар болып, бір үй-жайда (пәтерде) олармен бірге тұру мүмкін болмаса, тұрғынжайға мұқтаж деп танылады. Бұл ретте арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне немесе әскери қызметшілерге, егер олар өздері қызмет өткеріп жүрген елді мекенде тұруға жарамды тұрғынжайды соңғы бес жыл ішінде иеліктен шығаруды жүргізген болса, тұрғынжайға мұқтаж деп танудан бас тартылады. Бұл жағдайда тұрғынжайға елу пайыздан аз үлесті иеліктен шығару есепке алынбайды. Тұрғынжайға мұқтаж деп тану бөлігінде осы тармақтың күші арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне қолданылады. Арнаулы мемлекеттік орган қызметкері немесе әскери қызметші жұбайының (зайыбының) некеге тұрғанға дейін осы елді мекенде тұрғынжайы болған жағдайда, арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе әскери қызметші жұбайы (зайыбы) есепке алынбай тұрғынжайға мұқтаж деп танылады. 2. Егер ерлі-зайыптының екеуі де арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және (немесе) әскери қызметшілер болып табылса, тұрғын үй төлемдері ерлі-зайыптылардың таңдауы бойынша олардың біреуіне жүргізіледі. 3. Егер ерлі-зайыптының екеуі де әскери қызметшілер болып табылса, қызметтік тұрғынжайды өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы ерлі-зайыптылардың таңдауы бойынша олардың біреуіне төленеді. Бұл ретте ерлі-зайыптылар бұл құқықты іске асырғаннан кейін осы өтемақыны алу орны бойынша қызметтік тұрғынжай және (немесе) тұрғын үй төлемдерін алуға үміткер болуға құқылы емес.