101-4-бап. Тұрғын үй төлемдерін тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату негіздері 1. Тұрғын үй төлемдерін алушылар орын ауыстырған кезде тұрғын үй төлемдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрады және қайта басталады. 2. Тұрғын үй төлемдері: 1) қызметкер арнаулы мемлекеттік органнан немесе әскери қызметші әскери қызметтен шығарылған; 2) осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындамаған жағдайларын қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе әскери қызметші тұрғынжайға мұқтаж мәртебесінен айырылған; 3) арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе әскери қызметші қаза табуына немесе қайтыс болуына, заңда белгіленген тәртіппен хабар-ошарсыз кеткен деп танылуына немесе қайтыс болды деп жариялануына байланысты жеке құрам тізімдерінен шығарылған; 4) арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алудан бас тартқан жағдайларда тоқтатылады. 101-5-бап. Тұрғын үй төлемдерін пайдалану мақсаттары Тұрғын үй төлемдерін алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген тиісті шарттар негізінде жеке арнайы шотындағы ақшаны: 1) тұрғынжайды меншікке, оның ішінде төлемдерді бөліп төлеумен немесе ипотекалық кредитті (қарызды) пайдалана отырып меншікке алу; 2) тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу немесе кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу; 3) бұрын алынған ипотекалық кредитті (қарызды) өтеу; 4) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кезінде жарналарды төлеу; 5) тұрғын үй және тұрғын үй-құрылысы кооперативіне қатысу кезінде жарналарды төлеу; 6) қызметтен шығарылған адамдарды қоспағанда, "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатынан басқаға талап етуге болмайтын тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі жинақтарды толықтыру; 7) "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарында қолданады.