119-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан шарт арқылы тұрғын үй беру 1. Осы Заң қабылданғанға дейiн қолданылып келген тұрғын үй заңдарына сәйкес жасалған шарттар осы Заңда мұндай шарттар жасау көзделмеген жағдайларда да орындалуға тиiс. 2. Тұрғын үй-жай беру туралы шарт жасасқан мемлекеттiк кәсiпорынның тұрғын үй қоры мемлекеттiк коммуналдық тұрғын үй қорына берiлген жағдайда шартпен келiсiлген тұрғын үй беру мiндетi бұл қорды өз иелiгiне қабылдаған жергiлiктi атқарушы органдарға жүктеледi. 3. Мемлекеттiк тұрғын үй қоры мен аяқталмаған тұрғын үй құрылысы басқа құрылыс салушыға берiлген кезде оған бұрынғы құрылыс салушының шартпен келiсiлген тұрғын үй беру мiндеттерi жүктеледi. 119-1-бап. Қазақстан Республикасының астанасында мемлекет мұқтажы үшiн жер учаскелерiн мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты бұзған кезде меншiкке тұрғын үй беру ерекшелiктерi Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен. Қазақстан Республикасының астанасында мемлекет мұқтажы үшiн жер учаскелерiн мәжбүрлеп иеліктен шығарған кезде иеліктен шығарылатын жер учаскесiнде орналасқан тұрғын үйдiң меншiк иесiнің таңдауы бойынша тұрғын үйдiң нарықтық құны мөлшерiнде өтем төленедi не меншігіне тұрмысқа жайлы тұрғын үй берiледi, егер азаматтарға заңмен өзге де жеңiлдiктi нормаларға кепiлдiк берiлмеген болса, оның пайдалы алаңы мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын тұрғын үйдiң пайдалы алаңынан аспауға тиiс. Шарттық мiндеттемелерге орай нақ сол немесе басқа жер учаскесiнде бұзылғандардың орнына жаңадан салынған тұрғынжайлардан бұрынғы меншiк иелерiнiң (жалға алушылардың) меншiгiне (жалға) басқа тұрғын үй беру құрылыс салушының келiсiмiмен ғана жүзеге асырылады. Ескерту. 119-1-баппен толықтырылды - ҚР 2001.07.10 N 227 Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.