119-2-бап. Ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша талап ету құқығын беру ерекшелiктерi Осы Заңның 98-1-бабының күшi Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Жаңа тұрғын үй саясаты туралы" 1993 жылғы 6 қыркүйектегi N 1344 Жарлығын iске асыруға байланысты туындайтын құқық қатынастарына ғана қолданылады. Ескерту. 119-2-баппен толықтырылды - ҚР 2004.07.09 N 587 Заңымен.
120-бап. Қызметтiк тұрғын үйден шығару ерекшелiктерi Осы Заң күшiне енгiзiлгенге дейiн берiлген қызметтiк тұрғын үйден тұру үшiн жарамды басқа тұрғын үй берiлместен: 1) мүгедектерді (өздері жасаған қылмыс салдарынан мүгедек болған адамдарды қоспағанда); 2) Ұлы Отан соғысының қатысушыларын, сондай-ақ жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарды; 2-1) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 1), 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында санамаланған, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерін; 3) мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi, әскери қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде, өндiрiстегi жазатайым жағдайдың салдарынан қаза тапқандардың немесе хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердiң отбасыларын; 4) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы органның аумақтық бөлімшесінің қорытындысы бойынша Чернобыль апатының, Семей полигонындағы ядролық сынақтар жарылыстарының, сондай-ақ басқа да азаматтық және әскери мақсаттағы ядролық объектiлердегi төтенше жағдайлардың салдарынан денсаулық жағдайы нашарлаған азаматтарды; 5) қызметтiк тұрғын үй берген кәсiпорында немесе мекемеде кемiнде он жыл жұмыс iстеген адамдарды; 6) қызметтен босатылған, өздерiне соған байланысты қызметтiк тұрғын үй берiлген, бiрақ сол кәсiпорынмен немесе мекемемен еңбек қатынастарын тоқтатпаған адамдарды; 7) жасы бойынша немесе денсаулық жағдайы бойынша, сондай-ақ штаттардың қысқаруына, кәсiпорынның немесе мекеменiң таратылуына байланысты жұмыстан босатылған адамдарды; 8) қызметтiк тұрғын үй берiлiп, қайтыс болған қызметкерлердiң отбасы мүшелерiн; 9) көп балалы отбасыларын шығаруға болмайды. Ескерту. 120-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2002.03.21 N 308; 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.05.2020 № 323-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.