Шаруашылық-экономикалық жағдайы Шаруашылық-экономикалық жағынан алғанда, қағанат екі негіздің — мал шаруашылығын көшпелі әдіспен жүргізуге негізделген қоғамның және бұл кезде феодалдық қатынастар едәуір дамыған отырықшы-егіншілік қоғамның ұштасуы болды.Бұл кезде феодалдық қатынастар Византия мен сасанилер Иранында дамыған болатын. Соғыс және сауда бәсекелестігіне қарамастан (бәлкім, соның арқасында да болар), феодалдық қоғамдық қатынастар Кавказ өңірінің Хазар патшалығының көшпелі ортасына, тиректер мен Алтайдың ертедегі түркілері жеріне өтіп ұлғая түсті.
Батыс түрік (сондай-ақ Шығыс түрік) кағанатының халықаралық шаруашылық және саяси байланыстар аясына тартылуында Соғды мен Жетісудың соғдылық көпестері ерекше рөл атқарды. Жетісудың құжаттарда көбінесе «соғды» қалалары деп аталатын қалалары ежелгі түрік дәуірінде тоқтап қана өтетін мекендер болған жоқ. Қалалардың соғды халқы да, түрік халқы да саудамен, қолөнермен, диқаншылықпен бірдей дәрежеде шұғылданды. Қала мен дала қағанат құрамында бірін-бірі толықтыратын және біріне-бірі өзара керек болып отыратын біртұтас шаруашылық-саяси организмнің екі бөлегі болды.Транзит сауда айырбасы да, ішкі сауда айырбасы да ақша айналысын туғызды, сөйтіп Батыс түрік қағанатының вассалдық шет аймақтарының да, орталығының да халқы осы айналыс өрісіне тартылды.
Қоғамдық -экономикалық қатынастары Қағанатта қоғамдық-экономикалық қатынастардың дамуы Еуразияның басқа аудандарындағы осы сияқты үрдістерге байланысты жүріп, феодалдық қатынастардың орнығу арнасында жүргенімен, оның өз ерекшеліктері де болды.
Батыс түркілері мемлекетінің бірінші басшысы — қаған, жоғарғы билеуші, билеп-төстеуші, әскербасы болды. Ол нақты алғанда Шығыс түрік қағанатына тәуелді болды, бұл оның таққа отыруына өз келісімін беретін немесе бермей де қоя алатын еді. Бірақ іс жүзіңде шығыс түркілері де өздерінің інілеріне талай рет бағынышты болды. Алғашында қаған тағына мұрагерлік бойынша қағанаттың сол қанатынан ашина фратриясының өкілдері отыратын, бірақ бұл тәртіп тұғлұқтар мен оншадыпыттар топтарының арасындағы өзара тартыс күресінде мезгіл-мезгіл бұзылып отырды. Кей кездерде қағанатта бірнеше қаған болып, олардың өкілеттік дәрежесі әр түрлі болды. Қаған мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси істерінің бәріне басшылық етті, ру басшыларын тағайындады. Ол әулеттік фратриялардан шыққан шонжарларға сүйенді.
Суябқа жақын жазғы резиденция — Цзедань қағанның ордасы болған.
Қаған тек билеуші ғана емес, сонымен қатар қағанаттың барлық жерінің иесі де болуы мүмкін. Алайда көшпелі қоғам жағдайында (дала халқын алатын болсақ) билік негізінен алғанда жерге емес, ол жерді пайдаланатын адамдар ұжымына жүргізілді. Техника мен жер суарудың тым қара дүрсін болуы жағдайында ауыл шаруашылығына жарамды жерлер тапшы, ал мал жайылатын жерлер кеп болды. Көәшпелі коғам жылжып көшіп, тіпті үдере көшіп кете алады, ал егіншілік ұжымы жөнінде бұлай деуге болмайды. Мал шаруашылығы ұжымдарының көшіп-қонып жүруі қағанаттың жоғарғы өкіметіне енжар қарсылық жасап, қағанат әскерлерінің қолы жетпейтін алысқа үдере көшіп кетуіне мүмкіндік беретін еді. VII ғасырдың бас кезінде Батыс Түркі қағаны Ябғудың ордасында болған будда монахы Сюань Цзанның жазғандары қаған руының байлығы туралы біраз ұғым береді. Қағанды аң аулап жүрген жерінде кездестірген саяхатшы аңшылар киімдерінің сәнділігіне таң-тамаша қалады. «Қаған жасыл жібек желбегей киген, — дейді ол. — Оның қасына ерген екі жүзден астам тарханы бар, олар қамқа желбегейлер киген, шаштарын бұрымдап өрген. Басқа сарбаздары аңтерісінен тігілген ішік киген, бөріктері жұмсақ матадан тігілген, қолдарына айбалта, садақ, ту ұстаған. Аттары өңшең сайгүлік. Түйе, ат мінген адамдардың көптігіне көз сүрінеді». Одан әрі қағанның киіз үйі туралы айтқанда, оның алтынмен сәнделгені соншалық, тіпті «көз қаратпайды» дейді ол.
Мемлекетте қағаннан кейінгі екінші адам ұлық болған. Қағанаттағы жоғарғы лауазымдар — ябғу, шад және елтебер — қаған руының өкілдеріне тиесілі еді; оларды қаған вассал тайпаларды билейтін лауазымдарға қойған. Сот қызметтерін бұрықтар мен тархандар атқарды. Бектер — тайпа бастық- тары мен өкілдері — жергілікті жерлердегі қағанның басты тірегі болған. Тағы бір бөлім — үй-қаған барынша назар аударарлық. Деректеме оны былай деп сипаттайды: «Дәрежесі ябғудан төмен қағандар болады. Сондай-ақ бір үй болып тұратын бір атадан тараған көп адамдар да өз басшысын үй-қаған деп атайды; түркілер үйді үй деп атайды, демек бұл үй қағаны деген сөз»'°.
Әңгіме бұл жерде қауымның негізгі экономикалық бөлінісі партиархаттық отбасылық қауым жөнінде болып отыр. Қағанаттың қанауда болған бұқарасы мал өсіретін ерікті ұсақ қауым мүшелері болды. Батыс түрік қағанатында олардың қалай аталғаны белгісіз, бірақ шығыс түрік әлеуметтік терминологиясына ұксастырып, оларды «қара бұдун» («тобыр», «қара халық») деп атаған деп топшыланады. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда тайпалар да, бір жағынан, ақсүйек тайпалар, ал екінші жағынан, оларға бағынышты, вассалдық, тәуелді тайпалар болып бөлінген.
Бағынышты тайпаларға және қарапайым көшпелі бұқараға жүктелген міндеткерліктер туралы жазба деректер аз. Солай бола тұрса да, басты міндеткерліктердін бірі әскери міндеткерлік (басқаша айтқанда «қанмен төлейтін салық») болғаны белгілі; бұл міндеткерлік бойынша, вассал тайпалардың барлық жауынгер-еркектері тайпа көсемі армиясының құрамына кіреді. Соғыстың негізгі ауыртпалығы, демек адам шығынының ең көбі бағынышты тайпалардын мойнына түседі. Кейде «келімсек» деп аталған бұл тайпалар соғыс шайқастары кезінде «алдағы шеп» ретінде пайдаланылған, яғни алғы шепке қойылған. Бұл дәстүр барлық жерлерге тараған. Бағыныштылық арқашанда алым-салық төлеумен қатар жүріп отырған. Оның үстіне бағындырылған тайпалардан, сондай-ақ соғыс қимылдары кезінде тұтқынға алынғандардан құлдар тобы қалыптасқан. Бірақ ертедегі түркілердегі «кұл» деген терминді жалпыға мәлім «классикалық» түрде түсінуге болмайды. Құл тайпалар — үстем тайпаға мал және аң терісі, т.б. түрінде салық төлеп тұруға міндетгі вассал тайпалар.
Түріктердің көршілес тайпаларға шапқыншылық жасағандағы мақсаттарының бірі кұлдар алу болған, бұл орайда, әдетте, ұлдар мен қыздарды алған. Мысалы, түріктің Баһадүр-қағанының 620 жылы бірнеше мың қыз баланы тұтқынға алғаны мәлім. «Жорықтарда тұтқынға алынған ұлдар мен қыздар, яшма мен жібек — мұның бәрі қаған меншігіне түседі», — делінеді сол кездегі құжаттардың бірінде. Түріктің Білге қағанының 720 жылы басмылдарды жеңуін баяндай келіп, автор түркілер «олардың (басмылдардың) ұлдары мен қыздарын алып, кейін қайтты» деп хабарлайды. Деректемелерде мұндай мәліметтер жиі кездеседі. Тұтқын балаларды үлкен отбасылы қауымда әдетте «бала қылып алып», шаруашылыққа пайдаланды. Мұның бәрі қағанатта құлдықтың басқа түрлері болғанын (мысалы, қол- өнерші, қала салушы, т. с. с. құлдар еңбегі болғанын) теріске шығармайды, бірақ құл еңбегін пайдаланудың негізгі түрі үйдегі, яғни отбасындағы құлдық деп есептеуге мүмкіндік береді.[1] Тәуелділердің тағы бір бөлімі болды. Білге қаған ескерткішінің мәтіндерінде бектерге және халыққа арналған сөздер бар. Онда мынадай жол кездеседі: «... менің шын жүректен шыққан сөзімді сендер (бәрің) осыған (ескерткішке) қарай отырып, он жебе ұлдарына және олардың таттарына жеткізіңдер!» Ертедегі түрік жазуларында таттар деп батыс түріктеріне тәуелді Жетісу аумағындағы отырықшы қоныстар мен қалалардың соғды тілдес тұрғындары айтылатын болуы керек; түрік қағандарына бағынышты болған бұлар саудамен де, ауыл шаруашылығымен де шұғылданған.
Батыс Түрік қағанатында әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастардың ала-құла, үстемдік ету мен бағыну түрлерінің алуан түрлі болуына қарамастан, Батыс Түрік қағанатында таптардың құрылу және ертедегі феодалдық қоғамдық қатынастардың біршама тез қалыптасу үрдісінің жүргені анық. Қарапайым халық “қара бұдұн”, ал әлеум. құрылымның ең төм. сатысының тәуелді тобы “тат” деп аталған (қ. Тат). “Татсыз түркі болмас, бассыз бөрік болмас” деген көне мәтелге қарағанда түркі шонжарлары қарамағында таттар саны аз болмаған. Батыс Түрік қағанатында көшпелі мал шаруашылығы басым сала болды. Сонымен бірге Іле, Шу, Талас өзендері бойында егін ш. дамыды. Ежелден егіншілікпен айналысқан. Орталық Азия мен Шығыс Түркістандағы аймақтар да Батыс Түрік қағанатына қараған. Ұлы Жібек жолының Батыс Түрік қағанатын басып өтуі мұнда қалалық мәдениеттің өркендеуіне ықпал жасады. Құлан, Навакет, Суяб, Тараз, Меркі, Испиджаб қалалары сауда, қолөнер орталықтары ретінде әйгіленді. Қағанаттың халықаралық экономикалық және саяси байланыстар аясына тартылуына соғдылық көпестер үлкен рөл атқарды. Жетісуда егіншілік мәдениеті, құрылыс өнері, түрлі қолөнер кеңінен дамыды.
Түріктер теңге соғуды игерді. Теңгелер түрік қағандары атынан соғылғанымен, олардағы сөздер соғды тілінде жазылды. Батыс Түрік қағанатында жазба мәдениет дамып, әдеби дәстүр қалыптасты. Батыс Түрік қағанатының халқы Көк тәңіріне, Ұмай анаға, Жер анаға, Су анаға тағзым етті. Қағанатқа Ұлы Жібек жолы арқылы әлемдік діндерді уағыздаушылар ене бастаған. 626 жылы қаған ордасына Үнді елінен Будда дінін уағыздаушы Прабхакарамитра он шақты серігін ертіп келген. 627 жылы келген қытайлық будда мамасы Сюань Цзянь түрік қағанының будда діні жөніндегі көзқарасы туралы жазып қалдырған. Сондай-ақ, Батыс Түрік қағанатында зороастра, несториан, манихей діндерін жақтаушылар да болған. Бұлардың қызметі халықты түрлі діндерге тартып, қағанаттың негізі—дәстүрлі діни наным-сенімді әлсіретуге, сол арқылы мемлекетті ыдыратуға бағытталған. Батыс Түркі қағаны Шегу (610—18) мен Тон жабғу (618—30) қағандар тұсында күшейіп, мемлекеттің шекарасы кеңейе түскен. Шегу қаған шығыстағы шекараны Алтайға дейін жеткізіп, бүкіл Тарым жазығы мен Памирге дейінгі аймаққа өз билігін жүргізген. Шегуйдің інісі Түн жабғу қаған мемлекеттің батыстағы шекарасын кеңейту саясатын жалғастыра отырып, өзінің қысқы тұрағын Суябқа көшіріп, ал Мыңбұлақ деген жерді жазғы қонысына айналдырған.
Жаңа жорықтар қағанат аумағын Әмударияның жоғарғы ағысы мен Гиндукушқа дейін жылжытуға мүмкіндік берген. Мұндай кең байтақ жерді берік ұстап тұру үшін Түн жабғу әкімшілік басқару реформасын жүргізген. Шығыс Түркістан мен Орталық Азиядағы жергілікті билеушілерге түркілік лауазымдар беріп, оларды өзінің орынбасарлары етіп тағайындаған. Сондай-ақ, қағанатқа бағынышты елдерге қатаң саяси бақылау орнату мақсатында қағанның қазынасына түсетін алым-салықты жинайтын өзі бекіткен бақылаушыларды (тудундарды) жіберіп отырған. Орталық Азияда өз ықпалын арттыру үшін Самарқан билеушісіне өз қызын тұрмысқа берген. Тохарыстанға өзінің ұлы Тарду шадты билеуші етіп қойды. Белсенді сыртқы саясат жүргізіп, 625 жылы Парсы еліне қарсы Византиямен келісімшартқа отырған. Түн жабғу император Ираклийдің Кавказға жасаған жорығына (628 — 29) қатысып, жаулап алған жерлерден Горе (Дербент) мен Тбилиси сияқты қалаларды өз үлесіне алады. Тон жабғудың әскери жетістіктеріне риза болған Ираклий Тбилиси қаласы түбінде оған өз тәжін кигізіп, қызы Евдокияны тұрмысқа беретінін мәлімдеген. 630 жылы түркілер Арменияға басып кірген. Бірақ қағанаттағы ішкі қайшылықтарға байланысты Кавказда көп тұрақтай алмай, кері қайтып кеткен. Толассыз жүргізілген жорықтар мен алым-салықтардың ауыртпалығына наразы болған халықтың бой көтерулерін сыртқы жаулар өз пайдасына пайдаланып отырған. Кейбір тайпалар Тан империясы қол астына өтіп кетіп отырған. Тан империясы оларға барынша қолдау көрсетіп, басшыларына шен-шекпен, мансап беріп, әскери күшке айналдырып, қағанатқа қарсы жұмсады.
Шығыс Түрік қағанаты Бесбалық қаласын басып алған соң, Ертіс бойындағы қарлұқтар, іле-шала дулулар орталық билікке қарсы көтеріліске шықты. Осы ахуалды пайдаланып, иеліктер арасындағы соғысты тоқтату керек деген желеумен ықпалды әскербасы Күлбагатур (Сыбихан Мохэду) 630 жылы Тон жабғуды өлтіріп, өзін қаған деп жариялайды. Көп ұзамай, 631 жылы дулу мен нушеби тайпаларының билікке таласы кезінде Күлбагатур өлтірілген. 630-34 жылдары қағандық Орта Азиядағы, Сырдария аймағындағы иеліктерінен айырылды. дулу мен нушебилер арасындағы 638 жылғы қантөгістен соң, олардың арасындағы шекара Іле өзені арқылы өтіп, қағанат оң және сол қанатқа бөлінді.
Тайпааралық соғыстар 17 жылға (640 — 57) созылды, бұл қытай әскерлерінің баса-көктеп кіруіне қолайлы жағдай туғызды. 656 жылы Ашина Хэлу қаған қытай әскери қолбасшысы Су Динфаннан жеңілгеннен кейін Батыс Түрік қағанаты Тан империясының ықпалына түсті. Бұдан кейінгі жерде Батыс Түрік қағанатын Тан империясы әкімшілік аймақтарға бөліп, бұрынғы түрік қағандарының қытайланған ұрпақтарынан басқақтарды — “қуыршақ қағандарды” тағайындап отырды (қ. Ашина Буяжен, Ашина Мижелі, Ашина Суйцзы). Дегенмен олардың ішінде Дучжы (Дучжи хан, Ашина Дучжы) қаған (басқақ) отарлық езгіге қарсы шығып, елді бостандыққа жеткізуге ұмтылды, бірақ мақсатына жете алмады, 679 жылы қытайлықтар оны алдап қолға түсіріп, қорлап өлтірді. Батыс Түрік қағанатының соңғы 23-қағаны Синь (Ашина Синь) 704 ж. түргештердің басшысы Үшлік қытайлықтарды Жетісудан қуып шықты.. 704 жылы Батыс Түрік қағанатының орнына Түргеш қағанаты құрылды