Білім мен ұғымның айырмашылығы мен
пайдасын айтады
Ей, білімдар, бір сөзім бар ойымда:
Ой мен ұғым, білімділік жайында.
Ақыл – шырақ қара түнде, білім – нұр,
Саған сәуле жарқыратып құйып тұр.
285. Ақыл, білім жетілдірер, көтерер,
Сый-құрметке осы екеумен жетер ер.
Сен сенбесең – мен айтайын дәлелді:
Ақыл нұры жарық еткен әр елді.
Бір білімдар айтқан бізді ұғар деп:
«Білімді адам тозақтан да шығар» деп.
Ел байыды – заң әділ боп ақталды,
Ізгі кезден ізгілікті ат қалды.
39
Міне, қара ақыл қуған баланы:
Жасы жетпей тебіренбес қаламы.
290. Ақылды адам қартайса алжып қалады,
«Ес кетті» – деп тоқтайды екен қаламы.
Егер өлсе ессіз адам – кемі жоқ,
Одан басқа кеселінің емі жоқ.
«Надан адам кім?» – десеңіз, бұ, әсте,
Жұрдай болған ақыл, білім үлесте.
Ақыл үшін құрметтейді бір басты,
Ессіз адам, байқа, түкке тұрмас-ты.
Қарап тұрсаң: бәрі – дұрыс, не ізгі:
Ақыл-білім барлық істің негізі.
295. Ақылы бар болады екен Асыл тек,
Білімі бар ел билейтін болар бек.
Жер үстінде адам өмір өткізер,
Бар нәрсеге білім қолды жеткізер.
«Асыл» дейді тарқатса ақыл желісін,
Бектер билер білімменен ел ісін.
Түмен түрлі мың жетістік кіргізіп,
Атақ алды ақылмен іс жүргізіп.
Аз ақылды «аз» – деме: көп пайдасы,
Аз білім де осы – қымбат жай да осы.
300. Төрт нәрсені «аз екен» – деп тынбағын,
Дана айтқан сөз – зейін салып тыңдағын:
Төрттің бірі – от, жау ғой – бірі бұзақы,
Үшінші – ауру: тіршіліктің тұзағы.
40
Тағы бірі – білім: онсыз бола ма?
Бұл төртеуін оңай іске балама.
Әрбірінің пайда мен көп зарары,
«Алым», «берім» сияқтысы бар әрі.
Қызықтырар білім көздің құртындай,
Ой орданың келіп қонған жұртындай.
305. Жұпар, білім – өзара ұқсас, жолдас-ты,
Өзгелерден жасыруға болмас-ты.
Жасырсаң да – жұпар исі аңқиды,
Сөз танытар біліміңді сан қилы.
Білім – байлық таусылмайтын, бітпейтін,
Ұры-қары, қу жоқ оны үптейтін.
Кісіні ұғым кісендеп-ақ тастайды,
Жаман іске кісенделген баспайды.
Кісен салар сүйген атқа, пыраққа:
Көз алдынан жібермейді жыраққа.
310. Кісенделген болмас көзден тасада, –
Тұсақталған алыс кетпес боса да.
«Ақыл» деген – жан дос сөзің өтетін,
Білім – бауыр мейірбанды өте тым.
Білімсізге білім жау ғой сорақы,
Жұмыс та – жау: екеуі де – соры екі.
Түркіше бір мақалда айтар осыны:
Сен ұғып ал «осы екен, – деп, – жосыны»:
«Білімді ерге білім дос боп кетеді,
Ол наданға қарғыс болып жетеді.
41
315. Білімді ердің білім – киім, асы да,
Білімсіздің ісі – бәле басына».
Ей, ақылды, алыс ұста ашуды,
Ей, білімді, білме қаһар шашуды.
Ашу, қаһар асығыс іс қылдырар,
Онда өмірің зая кетер, құлдырар.
Ашу ісі – өкінішті жаза еді,
Қаһар шашқан адасады, жазады.
Байсалды бір мінез керек еленер, –
Өмір сонда күн нұрына бөленер.
320. Әділ, тура, ақ көңілге не жетсін,
Парасат пен білімді де қажетсін.
Түйсікті бол білімді де таңдай біл,
Жақсы атқарып іс тетігін аңдай біл.
Жарар іс пен жарамасты байқастыр,
Керек іс пен керексізді жайғастыр.
Ажыратып, таңдап, талдап түс-дәмді,
Барлық іете әрдайым бол ұстамды.
Сонда түгел іс орнына түскен-ді,
Білімділер жейді жақсы піскенді.
325. Осындай жан мақсатты өмір сүреді,
Жалғанда екі іс бөгелмей жүреді.
Қаһар, ашу – ерге жаман қылық-ты,
Бұл екеуі жанға жәбір қылыпты.
Не дер екен білетін бек тыңдаған,
Оның сөзін іске асырмай тынбаған:
42
«Келсе қаһар – білім болар шығымсыз,
Ашу келсе – адам болар ұғымсыз.
Ызалыға білім үйрет ұғынар,
Ашу қысқан жаман іске ұрынар».
330. Тыңда, не дер білген кісі сөзге бай,
Сөзі шындық білімдінің жанға жай:
«Біраз нәрсе жат боп көзге ілінер,
Оны істеген адам өзі бүлінер.
Соның бірі – өтірік сөз, жалған тіл,
Енді бірі – сөзден шықпай қалған, біл!
Тағы бірі: іздеп ішсе шарапты,
Зая кеткен барлық өмір – харап-ты.
Енді бірі – жөнсіз іс пен жат қылық,
Мұндай әдет көрген емес шат қылып.
335. Және бірі – пасық қылық, әрине,
От тұтатып бықсытатын әр үйде.
Сосын бірі – ызғарлы тіл сөгетін,
Адам өліп осы тілден шөгетін.
Болса бұлар бір-бірімен біріккен,
Одан ырыс тұра қашқан, үріккен.
Тағдыр тантып, бұдан миы ашиды,
Мінезі айнып, содан көңіл шошиды».
Ей, жақсы жан! Жақсылық қыл кісіге,
Жарасымды-ау жақсылардың ісі де.
340. Ақкөңіл жан не дер екен ұнайтын,
Ел сұрайтын, түсініп ап сынайтын;
43
«Қанша жасап бұ жақсылық қартаймас,
Қанша мақта бұ жамандық ортаймас.
Тез қартаяр Жаман азып шөкімдей,
Жүрер Жақсы ұзақ жасап өкінбей.
Күнде Жақсы тілек тілер, тыңаяр,
Күнде Жаман жүз есе азар, мұңаяр».
Достарыңызбен бөлісу: |