Түркі академиясы халықаралық Ұйымы йүСҮП ҰЛЫҚ хас-хажиб баласағҰНИ


Айтолды патшаға бақыттың қасиеттерін көрсетеді



Pdf көрінісі
бет19/139
Дата03.10.2023
өлшемі1,36 Mb.
#112851
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   139
Байланысты:
Й.Баласағұн.-Құтадғу-білік

Айтолды патшаға бақыттың қасиеттерін көрсетеді
«Мен түсіндім, – күлді Айтолды, – сеземін,
Сен айттың ғой, тыңда сөздің кезегін.
Талай істі түсініп ем сұғынып,
Енді сен де біліп алшы ұғынып.
645. Міне, саған келіп едім мен өзім,
Бұл – өзімді көрсететін мінезім.


67
Бердің орын – мен отырмай бишара,
«Маған орын жоқ» деп қылдым ишара.
Жерге ұрғаным тобығымды – бұл нұсқа,
Меңзеп едім өзім ұқсар болмысқа:
Домаланып тобық тұрмас жай тоқтап,
Бақыт та – сол, сандалады жайтақтап.
Сен қарадың – тарса жұмып көзімді,
Көрсетейін деген едім өзімді:
650. Бақ сияқты көр соқырмын жер басқан,
Кім ілінсе, етегіне жармасқан.
«Сен сөйле!» - деп әмір еттің, бұйырдың, 
Қарап едің, мен жүзімді үйірдім:
Тұспал еттім «мен – осындай пенде»,– деп, 
Тұрлауым жоқ, маған, сірә, сенбе!» – деп».
Тыңда, кәне, түркіше бір нақыл бар,
Көпті көрген айтты ақсақал ақылдар:
«Ей, бақытты! Сенбе бақыт – елеске,
Қапы қалма, ол – бір бос сөз емес пе!
655. Су да, сөз де, бақ та, бәрі – қыртыңбай, 
Дүниені шыр айналар бір тынбай.
Бақ – сенімсіз, тұрағы жоқ жобалар,
Бір лып етіп ұшып кетсе – жоғалар».
Айтты патша: «Ұқтым айтқан сөзіңді,
Ғафу сұрап құтқардың-ау өзіңді.
Қандай өнер, білімің бар, не гәп бар,
Тілің өктем сөйлеп тұр ғой тәкаппар?»


68
Айтты Айтолды: «Өнер-білім жетеді,
Оным жұртқа көп қызымет етеді.
660. Жасым – кіші, ісім – әділ талдасаң, 
Ұлықтар мен бектер өсер қолдасам.
Құлқым – таза, сыртым – сұлу іспетті,
Бар тілегім орындалды – іс бітті.
Қайда болсам, арызым мен тілегім 
Орындалар, – оны да өзім білемін.
Менде – рахат, менен бәле қашқақтар, 
Менде – шаттық, қайғы қашып бас сақтар.
Қор боп өлер маған жау боп тигендер,
Марқаяды маған басын игендер.
665. Маған тиген – өзі ұрылар, жан шығар,
Мені басқан адам өзі жаншылар.
Бұған ұқсас айтам сөздің иінін,
Әз білімдар ұқсын сөздің түйінін:
Бұр мойныңды құттың жүрген жағына, 
Қайғыны құрт – мінсең бақыт тағына.
Құт келгенде бақыт күні туады,
Түмен тілек орындалар тағы да».
Айтты патша: «Ұқтым – айттың мұныңды, 
Бұл – өнерің, айт, білейін мініңді!»
670. Айтты Айтолды: «Зиянкессің сен!, – дейді, – 
Еш кінәм жоқ, оған халық сенбейді.
Мін тағады мені адам, – деп, – тұрақсыз, 
Жүр жамандап, тыңдамаңыз бірақ сіз.


69
Мін санама – мен құбылсам сөзге еріп, 
Жаңа сипат алмақшымын өзгеріп.
Ескі нәрсе – ерсі, көзің үйреніп,
Көз үйренсе, – қарайды екен жиреніп.
Жаңа нәрсе тапсаң – ескі алғысыз,
Жақсы тапсаң – жаман назар салғысыз.
675. Дәмді нәрсе жаңалыққа жиналар,
Дәмдіні іздеп адам осы қиналар.
«Тұрақсыз!» деп маған күйе жағады,
Соны мін ғып атап, айдар тағады.
Бір алып ер ашық айтқан бар ойын,
Бұ сөзіме айғақ етіп қарайын:
«Барлық нәрсе жаратылған жоғалар,
Не қаласа Жаратушы - со болар.
Бар тіршілік желдей жүйіткіп еседі, 
Ешкім жетіп ұстай алмас деседі.
680. Қуанба: құт келсе – кетіп қалады
Сенбе баққа: бергенін тез алады.
Бақ тұрақсыз емес болса осынау, 
Қандай жақсы өтер еді, досым-ау!
Бақ болмаса келіп-кетер зыр қағып, 
Күн түнермей тұрар еді нұр жағып».
Айтты патша: «Мұны білдім, бірақ та, 
Өзгермейтін кезің бар ма тұрақты?»
Айтты Айтолды: «Сөзім – осы кесетін, 
Мінезім бар желкиіктей есетін.


70
685. Ала алмайды мені қуған қу ұстап,
Ұстай алса – қалады жел уыстап.
Мені ұстаған қатып қалса бас алмай,
Бітті сөзім – мен қалармын қаша алмай!»
Айтты патша: «Айтшы, кәне, ұғалық,
Берші санап, олар қандай бұғалық?
Қатты ұстайтын, – айтты патша, – сені не?
Түрі қандай, түсінейін мәніне».
Айтты Айтолды: «Мені ұстайтын кісен-ді, 
Ол – бірнешеу, ол да айтатын іс енді.
690. Ұстамды адам болсын мені іздеген,
Көңлі тыныш, тілі майда «Сіз!» деген.
Сақтап өзін, жөнсіз асып-таспасын, 
Татымайтын жаман іске баспасын.
Қолда барды ұстай білсе, шашпаса, 
Іс-қылығын биік ұстап, аспаса.
Әжетіне үлкендердің жараса,
Кішілерді жылы сөзбен ораса.
Кеуде керіп жұртты таптап кетпесе,
Кішілерді аяқ асты етпесе.
695. Бостан-босқа бас салмаса шарапқа,
Барды шашпай, салып тұрса сарапқа.
Құр ойынға жүмсалмаса тіл мен қол, 
Мінез-құлқы тауып алса тура жол.
Баянсыз бақ сырында осы сұрақ бар,
Осындай бақ қаша қоймас, тұрақтар».


71
Осы бір ой мына сөзбен берілген, –
Шайыр сөзі өте шебер өрілген:
«Тұра қашар бақ қиікке ұсайды,
Егер келсе – тізгіндеп ап, тұсайды.
700. Ұстай білсе – бақыт қашпас, тұрақтар,
Қаша қойса, біржолата босайды».
«Ұқтым, – деді патша, – бақ жүр сыр сақтап, 
Мен сүйіп ем – ол барады сырғақтап.
Қандай жақсы, бақыт, келіп қолдасаң,
Сен опасыз, сен тұрақсыз болмасаң.
Сен опасыз құр айнуды білесің,
Жапа жасап, опа еткендей қүлесің.
Ата-анамнан артық күтіп-бағасың,
Аялайсың, алдап күлім қағасың.
705. Көрмеген боп, іле үйіріп жүзіңді,
Өзгертесің сөз бен қылық, ізіңді.
Сен жинайсың – шашылар сол тапқаны, 
Келсе біреу, сен жабасың қақпаны».
Айтты Айтолды: «Патшам – құты бағымның, 
Бәрін айттым жақсы, жаман жағымның.
Кім «ұстайын» десе мені жүгендеп,
Оның жолын айтып бердім түгендеп.
Жүген салып ұстамаса – иікпей,
Тайып тұрам, жеткізбеймін киіктей».
710. Тыңда, міне, қарт сөзінің дәйегін,
Сынаушы қарт айтар сөздің мәйегін:


72
«Келеді бақ, кетер – бағып, ермесең,
Қайтып алар берген жемін термесең.
Ұста бақты, қолың жетсе серік қып, – 
Қайтып кетер – ұстамасаң берік қып».
Айтты патша: «Ұқтым, дұрыс есебің,
Бұл «Айтолды» деген атың не сенің?
Мәнісі не, сырына бір қанайын,
Айта қойшы, білейін де, нанайын».
715. Айтты Айтолды: «Бір данышпан қалаған, 
Қылығымды айға теңеп, балаған.
Ай туғанда жіп-жіңішке болады,
Күнде ұлғайып, көтеріліп, толады.
Ай толғанда жарық қылар әлемді,
Жарық көзі жарқыратар әр елді.
Түгел толып, кемеліне жетеді,
Сосын тағы жіңішкеріп кетеді.
Нұры азайып, бірте-бірте жоғалар,
Қайта туып, тағы аспанды жағалар.
720. Мен де өзгерем, бұл сипатта бола алам:
Бірде бар боп, бірде жоқ боп жоғалам.
Бір сорлыға тік қарасам еңкейіп,
Жүзі жайнап шыға келер көркейіп.
Біреу байыр, атын жаяр, жоқты алар, 
Мен болмасам – соның бәрі тоқталар.
Шашып алар жиғандарын алқына, 
Қайта түсер бұрынғы «таз қалпына».


73
Келді ақынның сөзін тыңдар кезегі, 
Шайыр сөзі біліксізге көз еді:
725. «Келер бақыт – атаққа адам кенелер, 
Жаңа туған айдай нұрын себелер.
Бақ – тұрақсыз, оған көңіл аударма, 
Толған айдай бақ та қайтып жөнелер».
Тағы айтайын бір мәнді сөз жайында, 
Сен сеніммен мағынасын пайымда!
Айдың орны ылғи тұрар өзгеріп,
Тұрағы жоқ білетұғын біз көріп.
Ай Саратан шоғырына кіреді,
Бір тынбайды, шыр айналып жүреді.
730. Әр жұлдыздың шоғырында жатады
Содан шығып, туады да батады.
Мен жүремін ай сияқты деңгейде: 
Төмен түссем, көкке шығам мен кейде.
Жүріп-тұрам: келермін де кетермін,
Мен дүние кезіп жүріп өтермін.
Міне, осыдан дана кісі қастерлеп, 
«Айтолды» деп ат қойыпты астарлап.
Мен «Бақыттың» жақсы, жаман әр ісін, 
Айтып бердім кеселі мен дәрісін.
735. Ашып айттым, байқа сөздің ұшпағын, 
Қусаң – қу да, не қолыңда ұстағын!»
Айтты патша; «Мен еетідім сөзіңді, 
Сөзің – айқын һәм жараттым өзіңді.


74
Сендей ерді тілеп едім ұдайым,
Со тілекті берді бүгін Құдайым.
«Берсе Құдай тілекті» – деп пікір қыл, 
Бере қалса, онысына шүкір қыл.
Осы бүгін бітті тілек-арызым,
Енді ылғи да шүкір ету – парызым».
740. Тыңда сөзін көп ойлаған дананың,
Өзі жазып кеткен екен және оның:
«Шүкір қылсаң, ей, несібе иесі, 
Аса түсер игілігің тиесі.
Адам өзін ұмытқаны жарамас,
Шүкір етсең, Алла теріс қарамас.
Көп шүкір ет, несібең аз болғанда, 
Қадірін біл нәсіп асып толғанда.
Шүкір етсең, бар несібең тасады,
Бірің он боп, үйді байлық басады».
745. Патша мақтап: «Сен жұмыста жүргенде, 
Күндіз-түні бол, – деп айтты, – іргемде! «
Көп дүние, мүлік берді тіреп бір,
Сыйлап алтын, күміс берді күреп бір.
Айтты патша көп сөз жұмыс жайында, 
Жұмсасын деп ақыл, білім, ойын да.
Сыйлық алып Айтолдыдай ер текті,
Шын беріліп қызыметке, тер төкті.
Сынап алғаш Айтолдының қадамын,
Тапты патша ең жетілген адамын.


75


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   139




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет