Дала жазуларының тарихы. Б.з.б. 8 ғасырларда көшпенділер даласына Брахми және Кхарошхи жазулары таралған. Бұлар Көне Үндістаннан келген. Ғұн заманынан қалған қысқа жазуларды оқу мысалы, Қытай жазбаларындағы «шаньюй» (Моде шаньюй) деген сөздің Ғұн тілінде «Сеңгір» деп дыбысталатынын анықтап берді. Бұл – «биік», «асқақ», «жоғары» деген мағына береді де қазіргі Түркі тілдерінде, мысалы Қазақ тілінде «Сеңгір таулар», «Заңғар көк» сияқты тіркестерде кездесіп отырады. Көне Қытайлықтардың б.з.б. дәуірлердегі «Хунну жазуы» деп отырғаны осы жазу. Кейін б.з.б. 3 ғасырлардан бастап далалыққа Соғды жазулары тарады. Ол ежелгі Қаңлы мемлекетінде б.з.б. 3 және б.з. 5 ғасырлары аралығында кеңінен қолданылған. Мысалы қазіргі Қазақстанның оңтүстігінен табылып отырған «Күлтөбе жазулары» б.з.б. 2-1 ғасырларға жатады.
Көне Түркі жазуларынегізінен 6-10 ғасырлар аралығында Ұлы Түркі қағандығы және Көк Түркі қағандығы, Хазар қағандығы кезінде қолданылған. Таралу аймағы Моңғолия-Сібір далаларынан Тибет жеріне дейін және Еуропадағы Венгрия, Чувашия аймақтарына дейін кездесіп отырады. Көне Түркі жазуларының орнына далалыққа көне Ұйғыр жазулары келді. Бұл жазуларды кейде манихей жазулары деп атайды. Оның таралуы Манихей дінінің таралуына байланысты болды. Кейін бұл жазуларды Ислам дінінің ықпалымен енген Араб жазулары ығыстырып шығарды. Кейін осы Араб жазуларының орнына қазіргі Түркі халықтары Латын және Кирилл әліпбилерін қолданады.
2.2. Көне Түркі жазуларының жалпы сипаттамасы. Көне Түркі жазулары немесе Көне түркі алфавиті - дыбыстық жазу түрі, яғни сөздегі дыбыстарды таңбалап жазады. Негізінен 6-10 ғасырларда үлкен аймаққа таралған Көне Түркі жазуларын ғалымдар үш топқа бөліп қарайды:
1. Енисей ескерткіштері. 2. Талас ескерткіштері. 3. Орхон ескерткіштері. Орналасу жері болмаса, бұлардың қолданылған жылдарының айырмасында және жалпы жазу таңбаларының қолданылуы арасында елеулі айырмалар жоқ. Алайда Түркі жазбаларының жазылу мерзімдеріне қарағанда алғашқы Енисей-Лена бойынан, Сібірден, Байкал аймағынан Моңғолия далаларына, Орхон жеріне, одан Қазақстан мен Қырғызстан, Шыңжаң жеріне қарай біртіндеп таралғанын көрсетеді. Ал жазылу үрдісі, таңбаларының қолданылуы ұқсас, оқылуы біркелкі.