Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Баласы Абылайдың Қасым туған



бет164/273
Дата07.01.2022
өлшемі3,34 Mb.
#17494
түріБағдарламасы
1   ...   160   161   162   163   164   165   166   167   ...   273
Баласы Абылайдың Қасым туған,

Туғаннан-ақ өзгеден асып туған.

Туғанда анасынан қан шеңгелдеп,

Қызартып екі көзін ашып туған, –

қанішер деп қарады.

Міне, мен Кенесары Қасымов пен оның серіктерінің қозғалысын 1937–38 жылдары осылай бағалағамын және бұл қозғалыс жөніндегі бүгінгі бағамен қайшы келмейді.

Бұл мәселе жөніндегі талас 1940 жылы қайта қозғалды. Газет, журналдардың бетінде Қасымовтың қозғалысы жөніндегі менің пікіріме қарсы Төлешев, Бекхожин, Исмаиылов, Бекмаханов т.б. жолдастар сын пікірлер білдірді. Жұмалиев пен Мұқановқа қарсы өткір сындар айтылды. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1940 жылғы 16-қаңтар күнгі санында жоғарыда көрсетілген «Махамбеттің өлеңдері» атты жинақ туралы Төлешев жолдастың мақаласы жарияланып, менің Кенесары туралы пікірлерімді сынға алды. «Жұмалиев Кенесарының көтерілісі туралы мүлдем теріс пікір білдірген. Жұмалиев: «Кенесары еңбекші тапты қанаушылардың бірі»,– деп есептейді, ал Шестаков оны: «Бұқараның бақыты үшін күрескен...»,– дей келіп Төлешев Шестаковтың беделіне сүйеніп: «Өзінің халқының бақыты үшін және азаттығы үшін күрескен адамды қанішер деуге Жұмалиевтің қандай қақысы бар еді»,– деп ашуланды. Төлешевтен кейін іле «Әдебиет және искусство» журналының 1941 жылғы № 5 санында ақын Бекхожиннің мақаласы шықты, оның өзі де Наурызбай мен Кенесарының ерліктерін мадақтаған «Сабалақ» және «Батыр Науан» дастандарының авторы болып табылады. Ол да менің Кенесарыға берген бағамды сынап: «Қажым Жұмалиевтің басты қателігі сол, ол: Исатай мен Кенесары қозғалысының қозғаушы күштері мүлдем басқа. Исатайдың қозғалысы халық мүддесінен туды, ал Кенесарының қозғалысы халыққа жат еді,– деп пайымдауында» – дейді де, бұдан әрі: Кенесары мен Наурызбай және басқа батырлар халықтың адал ұлдары болды, олар өз отанының патриоты еді,– деп баяндайды.

Кенесарының барып тұрған қорғаушысы Исмаиыловтың, содан кейін Кенжебаевтің және басқалардың көптеген пікірлеріне бұл арада тоқталып жатпаймын. Исмаиыловтың Кенесары үшін жан алып, жан беретін күрескер екенін, оның меншікті қорғаушысы, хан тұқымдарының тұрақты дәріптеушісі екенін қазақстандық барлық қауым біледі. Сондықтан да ол туралы артық өре жайылғым келмейді.

Бекмахановқа келетін болсақ, ол нағыз кенесарышыл ретінде, маған үнемі қарсы шығып, үнемі нақты дәлелі жоқ, қисынға қиыспайтын, тек бос сөзге құрылған, ешқандай айғақсыз ақылдымсыған сын айтумен болды. Ақылға симаса да бұл шындық. 1940-жылдан бастап менің атыма бағытталған сыни пікірлерінің кейбіреулері тіпті мына кітапта да жүр. Тағы бір мақаласында менің: Кенесары мен Наурызбай туралы халық дастандарында басты кейіпкер ретінде суреттелсе де, үнемі жағымсыз жағынан көрсетіледі,– деген пікіріме Бекмаханов өре түрегеліп, бастырмалата жөнеліпті...

Кейбір әдебиеттанушылардың осы уақытқа дейін Кенесарыны мақтаумен айналысып келе жатқанын айтуға тиіспін. Оған мысал ретінде, 1948 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының атынан тікелей М.Әуезовтің жетекшілігімен жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихының» І томын алуға болады, методологиялық жағынан зиянды бұл еңбекте Маррдың маркстік танымға қарсы көзқарасы, Радлов, Диваев т.б. буржуазияшыд ғалымдардың қате тұжырымдары орын алған, сондай-ақ Кенесары мен оның серіктестері дәріптеледі, Кенесары туралы дастанды халықтық дастан деп жалған көрсетеді. Мәселен, 311-бетте: «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ұлттық тәуелсіздік үшін күрескен қазақ халқының аса үлкен күресі – Кенесары Қасымов бастаған халықтық көтеріліс»,– деп жазылған. Сондықтан да Әуезовтің редакциясымен жарық көрген бұл том – Бекмахановтың саяси зиянкес кітабімен қатар тұрады. Орталық комитеттің шешімімен бұл кітап шұғыл түрде талқыға салынып, қайта қарауды қажет етеді. Өйткені бұл том нағында кеңес студенттерінің оқулығы болып саналатындықтан да, іс жүзінде оларды бізге жат рухта тәрбиелейтін болады.

Кенесарыны әспеттеудің және әдебиеттанудағы одан да басқа ұлтшыл идеялардың тұпнұсқалық қазығы – М.Әуезов болып табылады. Оның 1932 жылға дейінгі әрекетін айтпағанның өзінде, ол бұл идеяны 1933 жылдан қазіргі күнге дейін жүргізіп келеді. Жолдастар, «Правдадағы» мақаладан кейін Кенесары туралы өзінің зиянды ұстанымын жалғастырып келе жатқан М.Әуезовтің әрекетін аса өрескел саяси қателік деп есептеймін. Таяуда ғана, 1951 жылы 7-көкек күні Қазақ ССР ғылым академиясының қоғамтану ғылымдары институттарының біріккен ғылыми Кеңесінде Мұхамедхановтың қорғауы болды, онда Абайдың ақындық мектебі және Кенесарыға қатысты көптеген мәселелер талқыланды. «Кімді Абайдың шәкірті деп танимыз?»,– деген мәселе кеңінен қозғалды...

Әуезов сонда Көкбайдың «Кенесары – Наурызбай» дастанын Абай мектебінің үздік өкілінің шығармасы ретінде атап өтті... Дастанда Наурызбай кімді өлтіреді? Орыстарды. Кімнің қаласын өртке орайды? Орыстардың. Көкбай Кенесарыны неге мадақтайды? Бір жолда 99 өзбекті өлтіргені үшін. Қасымовтарды ақын не үшін мақтайды? Қырғыз бен қазақ елінің бейбіт тұрғындарын қатыгездікпен, аяусыз қырғаны үшін. Міне, Әуезов кімді Абайдың шәкірті, халық ақыны деп есептейді. Әуезовтің бұл пікірімен келісеміз бе, Әрине, жоқ...».

Бұл ретте осыдан төрт жыл бұрын М.Әуезовтің Қ.Жұмалиевке қарата:



«Өзінің таңдап алған саласындағы пайымды, табанды ғылыми-зерттеу бағытындағы ізденістерінің нәтижесінде Қ.Ж.Жұмалиев қазақ орта мектептеріне арнап бірқатар оқулықтар жазды. Солардың ішіндегі әдебиет теориясы туралы, ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихы туралы оқулықтары толық орта мектептерге арналған негізгі оқу құралы болып табылады. Жұмалиев жолдас 1943 жылдан бастап жоғары оқу орындарына арналған «Қазақ әдебиеті тарихының» көп томдығының аса жауапты тарауын («Қазақтың батырлық эпостары» туралы) жазуға табанды түрде атсалысып келеді. Қ.Жұмалиев жолдас жазған «Эпос туралы» тарау аталған «Тарихтың» фольклор жөніндегі І томына енді. Сонымен қатар соңғы жылдары Жұмалиев жолдас «Абай поэзиясының тілі» атты диссертациялық тақырыбын игерумен жүйелі түрде айналысты. Ғылым үшін аса маңызды осындай қиын да игілікті істі ұзақ жылдар бойы жүйелі зерттеудің нәтижесінде тақырыпты сәтті игеріп шыққан автор өзінің толысқан ғалым екенін танытты»,– деген сөзі еске түседі.

Сондағы шынайы пікір, шын тілек, тілеген ақ жол қайда қалды? Осыдан бір жыл бұрын ғана сондай жылылықпен жазылған:



«... Жолдас Қажым! Қазақ әдебиет тарихының екінші томына арнап жазған Махамбет, Шернияз, Ыбырай турасындағы еңбектеріңіз, жалпы алғанда, жаңа томның көрнекті, ірі бөлімдерінің бірі боп бағаланады. Көлем жағынан да, сапа жағынан да томға елеулі еңбек қосқан автордың алдыңғы қатардағы бірі деп бағалаймыз. Еткен еңбегіңізді осылай өз салмағымен, орнымен атаудың үстіне, енді осы бөлімдер және де армансыз бола түсу үшін әр тақырып туралы бірнеше тілек-талаптар айтпақшымыз»,– деген «өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» қазақы ағайындықты Қ.Жұмалиевтің төмендегі сөзінен аңғару қиын.

Қ.Жұмалиев: «Осы мәжілістегі М.О.Әуезовтің сөзіне келетін болсақ, ол мені де, қатысып отырғандарды да қанағаттандырған жоқ. Турасын айтайын, Кенесарыға байланысты мәселеде өрескел саяси қате жібергендерге екі-ақ жол қалды: біріншісі – большевиктік турашылдықпен өзінің қателіктерін мойындап, оны түзету, ал екінші жол – өзінің сорлы менмендігінің тұтқынында қалып, жеккөрінішті қорқау кейпінде қалу» (сонда).

Бұдан басқа, үшінші жол бар болатын. Осы тартыстың нәтижесі бойынша: М.Әуезов – Қ.Жұмалиев емеуірін еткен «сорлы менмендігінің тұтқынында, жеккөрінішті қорқау кейпінде қалып» қоймай, оның өзі сияқты жиырма бес жылға жер аударылып кете баруы да мүмкін еді.

Қ.Жұмалиев те «қарызданып қалмай» «Абай жолы» романы арқылы М.Әуезовтің «ұлтшылдығын әшкерелегені» редакция алқасына ұнап қалса керек:



«Шығып сөйлеген профессор X. Жұмалиев жолдастың сөзі әрі мазмұнды, әрі ғылыми дәлелді болды. Ол Кенесары-Наурызбай қозғалысына байланысты әдебиет зерттеу еңбектеріндегі қателіктердің туу себептерін айта келіп, Бекмаханов, Әуезов, Исмаилов жолдастарды батыл сынады. – Профессор Әуезовтің Абай мектебінің көрнекті өкілі деп жүрген Көкбайы қазақ халқының зұлым жауы Кенесары мен Наурызбайды мадақтап поэма жазған. Сондай-ақ Әуезовтің Абай шәкірттері деп жүрген кейбір ақындары қазақ халқының дана ақыны Абайдың шәкірті деп айтуға татымайды,– деді Х. Жұмалиев жолдас»,– деп іштарта көрсетті.

Тістескен тамырлар бір-бірін улап барып, ажырасты. Олардың бұл шарпысуларынан ғылыми таластан көрі пенделік салғыласу басым түсіп жатты. Оны тарихшы Т.Т.Шойынбаев айтқан мына дерек те растайды. Сол бір арбасқан күндері қызметтен қуылған Қ.Жұмалиев қаражаттан қысылып, үйіндегі әппақ жиһазын несие дүкеніне өткізеді. Дүкеннің терезесінен соны көзі шалып қалған қаламгер: «Ә, солай ма екен?»,– деп еркін тыныс алыпты. Т.Т.Шойынбаев таңдана: «Сіздердің дұшпандықтарыңыз осындай ма еді?»,– деген сұрағына: «Қайдан білейін, қыртыңдап қоймаушы еді»,– депті де бұрылып кетіпті.



Осы дикуссияның жай-жапсарын «Ленинші жас» газетінің 1951 жылғы 4 көкектегі редакциялық мақаласы халыққа былай жеткізді:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   160   161   162   163   164   165   166   167   ...   273




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет