Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


«Пьесаның сөздерiнде де оғаштық бар ма деймiн. Дәукең бiр сөздiң ретiнде Раяға қарап: «Сен комсомолдың уставына тиемiсiң?»,– дейдi. Тап осы сөздi айтқызбаса да болады »



бет65/273
Дата07.01.2022
өлшемі3,34 Mb.
#17494
түріБағдарламасы
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   273
«Пьесаның сөздерiнде де оғаштық бар ма деймiн. Дәукең бiр сөздiң ретiнде Раяға қарап: «Сен комсомолдың уставына тиемiсiң?»,– дейдi. Тап осы сөздi айтқызбаса да болады »,– деп кiбiртiктеп сыни пiкiр бiлдiредi.

Несi бар, сүйiндiретiн сөз. Жас жiгiтке пьеса ұнаған. Пiкiрiн де жасырмаған. Бұл да белгiлi дәрежеде тәуекелге бел буған. Бiрақ сол тәуекел өзiн-өзi ақтады ма? Қайдам. Әдебиетте, өнерде есiмi ұмытылып кеткен осынау адамға ұрпақтардан айтылар алғыс шексiз болар едi-ау, әттең... Газеттiң сол санының үшiншi бетiндегi (реплика 4-бетке берiлген – Т. Ж.) «Жансүгiров Iлиястың жинағы туралы» «Барып тұрған зиянды контрабанды» – деген атышулы мақаланың соңындағы «Кәрiжан Даукенов» деген қолдың қойылғанын көргенде жүрегiң мұздап сала бередi. Iлиястiң «көзiн жою үшiн» Мұхтарға араша түсудiң, не керiсiнше, Әуезовті аман сақтау үшiн Жансүгіовті оқтың ұшына байлаудың қандай қажеттiгi болды екен? Осы мақаласыз да жыр дүлдiлi Құлагердiң тағдырын құшар, құшпас. Алайда, аз әбiгер әкелген жоқ. Қаралауға, тергеуге мұрындық беретiн «үш айғақтың» бiрi ретiнде iске тiркелмегенiне кiм кепiл. Iлиястың өзiне тiкелей бағытталған баспасөздегi екiншi материал бұл.

Ал үшiншi куә кiм? Ол адам да «көп күттiрмептi». Себебi, келесi санда Iлиясты «халық жауларының» қатарына қосып, әшкерелей бастады. Демек, ол «Қақпанға» iлiккен. Бейiмбет екеуiнiң тағдыры орлайлас. Тамыз айының ортасынан былай олар көз жаздырып кеттi.

Мәңгiге.


Адамның тағдырында да кездейсоқ құбылыстар жиi кездеседi. Iлиясты көзi тiрiсiнде ең соңғы рет көрген жазушы – Мұхтар Әуезов екен. Ол екеуiнiң қылаусыз достығы қос семьяның арасындағы тосын да күрделi байланыстың жалғасуына, дос адамның үй iшiне деген қамқорлықтың өзге арнамен де дамуына ықпалын тигiзген сияқты. Әрине, оның әдiп-астарына төрелiк айтуға ешкiмнiң қақысы жоқ. Заман байлаған түйiншектiң жiбiн тек сол заман ақиқатының үкiмi ғана шешедi.

Фатима Ғабитова – ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясына тиiстi бақыт пен сорды қатар басынан кешкен ер мiнездi әйел. Осынау адамның тағдыры өзiнше жыр. Дара тақырып. Бiз көкейкестi ойымызға дәйек ретiнде Фатима Ғабитқызының балаларының рұқсатымен ол кiсiнiң күнделiгiнен үзiндi ұсынып отырмыз. Мұнда бiрталай тағдыр тауқыметi ашық айтылған. Белгiлi себептермен кей жерiн, кiсi аттарын қысқарттық. Шындықтың барлығы әдебиеттiң, адамдар арасындағы қатынастың бiрлiгiн нығайтпайды. Екiншiден: сол ақиқатты айту үшiн де жазушы болу аз, заң жүзiнде де тиiстi мұрагерлiк баптарға сәйкес құқың болу керек. Ондай өкiлдiк бiзде жоқ. Ең бастысы Iлияс Жансүгiровтің бимәлiм тағдырынан мағлұмат аламыз. Бiзге қажетi де сол.

Фатима Ғабитова: «1937 жылы жазғы демалысымызды екiге бөлiп, алғашқы кезде Алматы мен Фрунзе аралығындағы Дегерес жайлауында болып, қалған уақытта Тәжiкстанның Орджоникидзеабад ауданында өткiзбек едiк. Өйткенi, жыл сайын жазда демалатын орнымыз Алматыға жақын болғандықтан қонақтан-қонақ болып, еркiндеп демала алмайтынбыз. Және жұмыс iстеуге де қолайсыз едi. Iлиясқа мұндай жағдай, тiптi, ұнамайтын.

Октябрь мерекесiнiң 20 жылдығына арнап қазақ драма театры «Исатай – Махамбеттi» дайындауы себептi, Iлияс жайлауға кешiгiп, бiзден 20 шақты күннен соң, тек июльдiң орта кезiнде ғана келдi. Ол бiрнеше жылдар бойы жазып жүрген «Бақытты Жамал» дейтiн поэмасын өзiмен ала келген болатын. Сол Дегерес жайлауында «Бақытты Жамалды» баспаға дайындадық.

Августың он бiрiнде Жазушылар Одағының парторгi Әбдiқадыров Қалмақанның Iлиясты Алматыға шақырған «бұйрығын» алдық. Августiң 13-i күнi, таң қылаң бергенде, Алматыға балаларымызбен тұтас көшiп келдiк. Жол соқты боп барлығымыз да шаршап қалған екенбiз. Жайлаудан қайтқан жүктердi түсiре салып, төсегiмiзге құладық.

Бiраз демалған соң бөлмемнен шыққанда Iлияс үйде жоқ едi. Ол өзiнiң бұрынғы әдетiмен сағат төртте ғана қайтты. Жанында Мұхтар бар едi. Тамақ алдында үшеумiз жайлаудан алып қайтқан қымызды iштiк. Түскi тамақтан соң Мұхтар мен Iлияс өз бөлмесiне кеттi. Мен балалардың жанында болдым. Кешқұрым шайдан соң Iлияс екеумiз Мұхтарды бiраз жерге шығарып салдық. Үйге қарай беттегенiмiзде мен Iлиястан: «Қалмақанды көрдiң бе, неге соншама тығыз шақырыпты?»,– деп сұрадым. Ол: «Ғаббас алыныпты (ұсталыпты – Т. Ж.), сол туралы шақырыпты», – дедi. Тағы бiрталай алынғандардың аттарын атады. Үйге жақындағанымызда бiздiң есiктiң алдында қараңдаған бiрнеше кiсiнiң тұлғасын байқадық. Үйге кiргенiмiзде олар да бiзге iлесiп iшкерiге кiрдi. Шикiл сары бiреуi Iлиясқа ордерiн ұсынды.

Барлық бөлмелер түннiң жарымы ауғанша тiнтiлiп, Iлиястың кабинетiндегi барлық қолжазбаларды, кiтаптармен бiрге алып кеттi. Тек террассадағы архивтер сақталатын үлкен сары шкаф жайлаудан қайтқан жүктермен жабылып, көрiнбей, тiнтiлмей қалыпты»,– дейдi.

.Сондай зауал шақта:

Қара түн дүние тұман басқан,

Албасты тұншықтырып уын шашқан.

Күркiреп, көк жөтелiп жасын атса,

Шарт етiп сатыр – күтiр жарылды аспан,–

деп 1937 жылы булыққан жыр дүлдүлi Iлиястың Құлагердiң тағдырын құшқан күн – 13-тамыздың түнi, 14-тамыздың таңы екен.

Бұл зауал таңы қазақ поэзиясы үшiн де қаралы таң едi. Кейiнгi өмiр жолының ауыр-ауыр белеңдерiнен өтiп, бес бiрдей баланы бетiмен қаңғытып жiбермей, басын қосып адам ғып тәрбиелеуiнiң өзi осынау батыл тұлғалы әйелдiң өжеттiгi ғана емес, ерлiгi де едi. Ананың ерлiгi. Осындай қасiреттiң дәмін татқан ананың азап арқалап, уайыммен кешкен ғұмырының «себепкерлерi» туралы ашына есiне алуы да заңды. Төмендегi естелiгiн он ойланып, тоқсан толғанып адам аттарын өзгертiп барып жариялауға бел будық. Мәселе – жекелеген адамның күнәсiнiң ауыр-жеңiлдiгiнде емес. Мүмкiн, күдiк пен жан ашуының екпiнiмен өзiн-өзi тежей алмай, артық-ауыс сөздердi қосып жiберуi де. Басты мәселе – сол ауыртпалықты абзал ана, нәзiк жанды әйел қалай жеңе бiлдi, гәп сонда. Алпысыншы жылдары Қазақстан Жазушылар одағы «ар алдында тазару» мақсатымен ашық партия жиналысын өткiздi. Сонда Фатима Ғабитова да сөйледi. Бiз күнделiкке жазылған сол сөздi қысқаша келтiремiз. Iлиястың семьясының бұдан кейiнгi тағдырынан, Мұхтардың өмiрiнен мағлұмат бередi.



Фатима Ғабитова: «Мен бұл мәжiлiсте халықтың шын ұлдарына, партияның айнымас мүшелерiне жала жауып, ардақты, ғазиз жандардың жазықсыз жаза тартуына, үй-iштерiнің жәбiрленулерiне, тiптi, жазықсыз сәбилердiң көшеге лақтыруларына себепшi болған және Iлиястың қолжазбаларының жағылуына, орны толмайтын асқақ үндi ғажайып «Көбiк шашқан», «Құрманғазы», «Мақпал» дейтiн поэмалардың рәсуа болып жұлмалануына себепшi болған, сталиндiк зорлық-зомбылықтың аса рақымсыз арандатушысы туралы сөйлемекпiн.

Мен – Iлияс Жансүгіовтіңң әйелiмін, отыз жыл мұғалiм болдым, осы күнi дербес пенсионермiн. 20 жыл «халық жауының әйелi» деген жексұрын атпен өмiр сүрдiм. ХХ партия съезiнен кейiн ғана менiң семьям ол жексұрын аттан азат болды.

Мына бүгiн ХХII партия съезiнен кейiн көрген (бұрынғы – Т.Ж.) жәбiрлерiмдi айтуға, жәбiрлеушiлердiң атын атауға мiнбеге шығып отырмын. Өйткенi Майлин, Сейфуллин, Жансүгiровтердің ажалына себепшi болғандар жаза тартпай, әлi де жауапты қызметтерде болғандықтан, бiздiң граждандық правомызға қол сұғып, бiзбен есептеспей келедi. Мысалы: ерлерiмiз ақталған күннен бастап алатын пенсиямызды үш жылдан соң әрең алдық. Сыртымыздан заңсыз түрде Қазақ Совет Министрлiгi авторлық правомызды сатып алды. Тағы-тағы сондай көргендерiмiз толып жатыр. Бiрақ мен бұл мәжілісте пенсиялар, авторлық праволар жайлы айтпақ емес едiм, тек ыңғайы келген соң айтылып кеттi. Менiң бүгiнгi айтарым – түлкi терiсiн жамылған қорқау қасқыр туралы.

1937 жылдың 13/VIII – сында Iлиясты НКВД алып кеттi. Iлияс алынған соң бiр-екi күн өтiсiмен ...евтiң Iлиясты қаралаған мақаласы газет бетiне жарияланды. Мен, әзір осы мәжілiсте ...евтың Iлиясты қаралап жазған мақаласын қандай материалдарға сүйенiп жазғанын естiгiм келедi. Ешбiр материалға сүйенiп жазбай, тек НКВД: «Қаралап, жала жауып жаз!» – деген соң жазса, бұл адам бейнесiндегi жыртқыш неге сталиндiк зорлық зомбылықшылар қатарында жазасын тартпайды?!. ...евтiң екi жүздi, табансыз, адамгершiлiгi өте төмен адам екенiн дәлелдейтiн мына бiр жайларды да бұл мәжілісте айтып кетудi лазым көремiн.

Iлияс алынысымен ...ев менiң квартирама көшiп келдi. Төрт бөлмелi квартирамның үш бөлмесiнде ол, бiр бөлмесiнде 4 баламен, ауру анаммен мен қалдым. Күнде ...ев: «Квартираның ордерi менде, басқа жаққа көшiңдер» – дейтiн болды. Мен ол күндерде аяғымды әзер алып жүремiн, босанар мезгiлiм де таяп қалған кез едi. Өзiмнен басқа көшiп-қонуға жәрдемдесетiн жан жоқ. ...евты бала күнiнен бiлушi едiм. Алғашқы оқуға орналасарында жетпегенiн жеткiзiп, өзiм нағашысы Мұстафаға жәрдем берiп, оқуға орналастырып едiм. Бұл 1925 жылы Қызылордада болған жай.

...евтан: «Мен босанып больницадан қайтқанша балаларым осы бiр бөлмеде тұра тұрсын. Больницадан келiсiмен бiр жерге көшермiз, тiлеуiң берсiн...», – дедiм. Сонда ...ев: «Сiздің балаларыңыз бен бiздiң балалар бiр есiктен қалай кіріп-шығып жүредi? «,– деп, бетiме ежiрейе қарады. Және сол күнi союздың жүк таситын машинасымен Гүлжамалдың ауыз үйiне көшiрiп тастады. (Гүлжамал Бейiмбеттiң әйелi). Ауыз үйге өзiмiз алты жан ептеп сыйсақ та, жүгiмiз сыймады. Заттарымыз далада шашылып жатты. Гүлжамал екеумiз төсенiштердi екiншi этаждағы ауыз үйiмiзге шығардық. Менi ұйқысыз толғақ қысты. Гүлжамал екеумiз босанатын жерге жаяулап бара жатырмыз. Больницаға жетпей көшеде босандым. Алматыға бiрiншi қар жауған едi. Врачтар он күн бұрын босанғанымды айтты.

Больницада он күн жатып, ұлымды алып қайтып келемiн. Үйге жете бергенде есiгiмiздiң алды қағазға толғанын көрдiм. Байқап қарасам, Iлиястың қолжазбалары. Есiм шықты, ептеп жиыстырып алдым, көбi су болған, жыртылған. Мен больницада жатқанда ...ев террасада қалған бiрнеше қолжазбалармен толы ящиктердi де есiгiмiздiң алдына төктiрген екен. Сонда «Мақпалдар», «Құрманғазылар» рәсуа болды.

1947 жылы, жаз айларында жанында үлкен ұлы бар ...ев Меркеде 10 жылдық қазақ мектебiнде завуч болып тұрғанымда маған келдi. Тiлi соншама майда: «Менiң сiзге көрсеткен жәбiрлерiмдi кешiңiз, мына балаңызды алдыңызға алып келдiм», – дедi. Тағы менiң қара басымдағы қасиеттерiмдi тiзiп, ендi менiмен бiр туыстай болып өмiр сүруге бел байлағанын айтты. Ғажап, бұл маған не үшiн келдi екен деп ойландым. Есiме Мұхтар түстi. Бұл сұм менiң Мұхтармен жақсы екенiмдi бiлiптi де, Алматы барып Мұхтардың қанатының астына кiру үшiн алдымен менiмен татуласуды ойластырғанын сездiм. Сол күндерде өзiмнiң күнделiк дәптерiме мына бiр сөздердi жазып қойыппын. «Кешiрiлмейтiн кiнә»:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   273




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет