«Мен қазiр өзiмдi-өзiм бiрнеше рет қатарынан оталған ормандағы аман қалған ағаш сияқты сезiнем»,– деген екен.
Бұл сөздi Мұхтардың да өзiне қарата айтуына болатын. Ешқандай әсiрелеусiз айтылған шындық ретiнде қабылданар едi. Сондықтан да шығар, көпке дейiн көңiл сарайы құлазып, қоңылтақсып жүрiптi.
Ол да бiр өткен өмiрдiң татқызған кермек дәмi. Мұхтар бұл жылы тура қырық жасқа толды. Алдағы жиырма төрт жыл өмiрiнiң жиырма жылын Абайға арнады.
Қуанышын да, жұбанышын да содан тапты.
Мұхтардың шын мәніндегi екiншi өмiрi басталды.
Өкiнiшке орай, заман мен тағдыр талқысы мұнымен аяқталмады. Мұхтар Әуезовтiң «қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымына» қатысқандығын дәлелдей алмаған «идеологтар» 1943 жылы Мұхтар Әуезовтi ресми түрде ақтауға келiсiмiн бердi. Бiрақта араға төрт жыл салып бұл «сыбағаны» Әуезовке тағы да тартты.
«Демек, бiздiң бас бостандығымыздың өлшемi – тiкелей түрмеге түспегенiмiзбен ғана өлшенедi: соның өзi өзiмiздi толық азат адамбыз, не iстесек те өз еркiмiзбен iстедiк, не ойласақ та ерiк өзiмiзде деп алдарқатуға жетiп жатыр... Бiрақ та, менiң бас бостандығы туралы түсiнiгiм бұған керiсiнше аса қуатты, тегеурiндi де төзуге болмайтын ызалы идеямен тiкелей байланысты, менiң бас бостандығымды қылмысты әрекеттердi жүзеге асыру үшiн пайдаланып отыр және ол тек қана өшпендiлiктi өршiтуге қызмет етуде, бұған мен де сондай сезiммен жауап беруге мәжбүрмiн»,– деп П. Я. Чаадаев айтқандай, Әуезов те рухани тәуелсiздiктен құтылу үшiн өзiнше ақыл-ой қайратымен қарсы тұрды.
Бұл оның тағдырлы ғұмырындағы ең ауыр талқы едi.
ҮШІНШІ ТАРАУ: ТҰЛҒАЛАР ТАЛҚЫСЫ
(Мұхтар Әуезов және Сәбит Мұқанов немесе «лағынет қамытын алу»)
1.
Өнер адамдарының арасындағы қарым-қатынас, достық тілек-ниеттер әртүрлі жағдайда қалыптасып, өмір өзегіне айналады. Тіпті, қиын-қысталаңы мол, қарбалас күндердің өзінде де көзқарас алшақтығына, өзара қарым-қатынастарының кірбіңіне қарамастан жомарт таланттар бір-біріне қол ұшын беріп, қолтығынан демеп жатады. Мағжан итжеккенде жүргенде және қайтып келген соң С.Сейфуллин мен С.Мұқановтың сондай ізгі қадамдары жан сүйсінтеді. Алайда тұлғаларға тән даралық пен мінез, көркемдік көзқарас, тіршілік танымы үнемі ұштаса бермейді. Әсіресе, өнер адамдарының жолы өзге мамандықтың иелеріне қарағанда бұралаңы мен бұрмасы көп, «соқтықпалы, соқпақсыз» болып келеді. Бұл барша өнер психологиясына тән табиғи құбылыс. Ондай қақтығыстар кейде аса күрделі өнер қақтығысына да алып келеді. Егерде тұлғалардың бұл қайшылығы қоғамдық құрылым мен мемлекеттік саясат тұрғысынан сыпат алса, онда бұл ерегестің соңы ұлт үшін де, жеке бастары үшін де трагедияға айналуы мүмкін. Айлалы қоғам, айлакер саясаткер, арандату құрылымдары тұлғаларды өзара қақтығыстыру арқылы үнемі өз ұпайын түгендеп отырды.
Қазақ руханияты тарихындағы Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов та сондай тұлғалар болды. Сәбит Мұқанов кеңестік идеологияның төл туындысы, таптық көзқарастың ту ұстары, ең бастысы жеңген мемлекеттің үстем табының өкілі болды. Сондықтан да үнемі өктем сөйледі. Ал Мұхтар Әуезов болса «ығысқан идеологияның, жойылған таптың, жазаға тартылған үкіметтің» сарқыты, өмірін «несиеге алған» қалпақ астындағы сынақ тұлғасы еді. Ол еңсесін көтеріп, тік жүруге, ашық та еркін өмір сүруге, пікірін тура айтуға еркі шектеулі мүсәпір пенденің сулығын жамылып жүруі тиіс сияқты көрінді. Кез-келген қоғам дәбірі кез-келген бұрышта оны сұқ саусағымен көрсетуге қақы бар сияқты сезінді. Ал екінші жақтан алғанда екеуі де ұлттық мәдениеттің мәйегі (носителей культуры) болатын.
Әуелі де сол кездің талабына сай құрылған өзара сыннан басталған бұл өкпе-наз кейіннен біраз түсініспеушілікке итермелеген. Кейбір мәжілісте, отырыста Сәбит те шалған. Ол Мұхтарға таптық күрес пен социализмнің теориясын үйретумен болған. Мұхтар да қарымтасын қайырған. Бірақ бұл реніш екеуінің өзара жеке бастарының кірбіңінен асқан жоқ деуге тағы келмейді. Көзқарас қайшылығына, ашық текетіреске де, топтық қоянқолтыққа да барған. Соның нәтижесінде екі тұлғаны шарпыстырып, нәпақа айырған кәсіби мәтібилер де болған. Оларды шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Аттарын атамай-ақ қояйық, бірақ тұлғалар тағдырымен айналысқан қырық жылдың ішіндегі біз білген шындық соған жетелейді. Және көбінің аты қазір ұмытылған, еске түсірудің өзі қиын, кім екені белгісіз жандар.
Сол «Пәлен мен Түгеннің» бірінші тобына ресми мемлекеттік тыңшылар жатады. Кеңес өкіметі тұсында әр мекемеде міндетті түрде құпия тыңшы ұсталып, ол адам қауіпсіздік комитеті тарапынан материалдық, қызметтік көмек алып отыратын. Тұлға дәрежесіне көтерілмесе де, сұғанақтың сұқ саусағы тұтқалы есіктен табылатын. Олар түрме әфсанасындағы Әбдірахман Байділдин, Шаймерден Тоқжігітов сияқты тікелей мемлекеттік мекемедегі басшылық орында істеп, тұлғалардың арасындағы «қақтығыстарды» ұйымдастырып, арандатып, ресми мәліметке жақын жалған ақпараттар тарататын. Мұндай адамдардың арасынан ірі тұлғалар да шықты, классик атанғандар да бар. Екінші топтағылар, сол мекеменің, сол саланың заңды тұлғасы болып табылатын «қызметсіз қызмет» істейдіндер. Бұлардың дені әлдебір мінезімен өкіметке жақпай қалған немесе таланты әлсіз, талабы зор, пәле іздеген қатардағы қызметкер. Олар ешқашанда қызметтен шығып қалмайды, оның есесіне, барлық мәліметті құпия түрде жеткізіп отырады. Былайша айтқанда, халық ауызындағы кәдімгі салпаңқұлақтар. Үшінші топ ең сүйкімсіз топ, яғни, жақын дос-жараның, араласың, ағайының. Олар тұрақты тыңшы емес, «қызық үшін» қызмет етеді. Айқын Нұрқатовтың:
Достарыңызбен бөлісу: |