Мұхтардың «Дос – бедел досы» туралы берген телеграммамды алған боларсың. Онда: «Хат та жазам»,– деген едім. Тез жазуға қолым тимеді, бөгетім – «Қытай очеркі». Ленинградқа қашуыма бір себеп, сол да болған еді. Телефоннан, жиналыстан... дегендей аулақ кетіп, очеркке (осы сөзді Сәкен «Шолу» деп атаған еді, сол дұрыс сияқты, қабылдау қажет сияқты) шұқшия кіріспек ем. Ол ниетім дұрысқа шығып, сарыла отырудың салдарында, қазір еңсеріп тастадым. Енді аздап дем алмақ болып ем, есіме саған хат жазам дегенім түсе кетті. Л.Н.Толстойдан біреу: «– Сіз көп жазасыз, сонда қашан, қай уақытта тынығасыз?»,– деп сұраса, шал: «– Бір жұмыстан екінші жұмысқа ауысқанда»,– деп жауап беріпті-міс. Сол айтқандай, жазғандарымның дәрежесі қандайлығын әділ оқушының сынына тастап, өз айтарым: мен жазбай отыра алмайтын кісімін ғой. Бұл жағынан шын еңбекші екенімді өзің жақсы білесің. Бұл хат та сол «жазбай отыра алмаудың» салдарынан туған нәрсе.
Қытай шолуы туралы аз сөз: кейбір жазғанына қанағаттанып, кейін олқысыну – бүкіл жазушы атаулының басында болу керек. Өзімше: «егерде дүниеде Сәбит Мұқанов деген жазушы болса, ол тәуір бірдеме жаза қалса, алда да тәуір бірдеме жаза алатын болса, сол жазғандарының, жазатындарының ішіндегі ең тәуірінің бірі осы «Қытай» болуға тиісті; олай дейтінім, бұл шолуда мен ұлы қытай халқының еңбек сүйгіштік, еңбектенген ісіне ұқыптылық, шеберлік, образын жасай алған сияқтымын. Материалдарым бай. Соларға сүйіне, қызыға жазып отырып, көп қағазды шимайлап тастаппын. Тегі, бұл 15-20 баспа табақтық кітап боп қалуы мүмкін.
Тақырыпқа оралайын: Мұхтардың атап отырған пьесасының басы, мен Ленинградқа жүрерден 2-3-ақ күн бұрын «Қазақ әдебиетінде» (№28, 11 июль) жарияланды. Аяғы, мен жүргенше үлгермейтін болды. Менің бір «жыным», газет-журналда үзіліп басылғандарды жинап ап бір-ақ оқымасам шатасып қаламын. Бұнда да сөйтермін деп жүріп кеттім. Кешікпей пьесаның аяғы басылған 29-санды алдым да, бір күнімді соған әдейі қиып, тың отырған қалпымда, қолыма қарындашты ала отырып оқып шықтым.
Бұған дейін оқымауыма бас айыпты адам – Мұхтардың өзі: биылғы майдың басында, Абай театрының үйінде болып өткен Қазақ ССР Жоғарғы Советінің мәжілісінен Мұхтар екеуіміз түстен кейін шыға бердік. Абай көшесінде екеуіміз қоштасарда: «– Сәбит, – деді маған Мұхтар – ертең сағат бесте мен Москваға ұшам, сағат дәл үште Мәриям екеуің біздің үйге келіңдер». Аталған уақытта Мәриям екеуіміз барсақ, сен, Ғабиден, Шәкен ... деген сияқты бір топ адам дағдылы қарттарыңды ойнап жатыр екенсіңдер. Біз бара, хозяйка «ас дайын» деді де, бәріміз Мұхтардың әдеттегі дастарқанынан ішіп-жей бастадық. Тостар сөйлене бастады... Сонда Шәкен тұрып: «Біз Мұхаңның жаңа ғана жаңа пьесасын оқыдық. Бұл, ең алдымен сугубо партийная пьеса, екінші – қазақтың ғана емес, советтің ғана емес, бүкіл драматургияның тарихына кірген жаңалық бұл. Егер осы пьесаны қоюға маған сенсе, мен өзімді аса бақытты кісі сезінер едім»,– деді. Өзім оқымаған пьесаға Шәкен берген бағаны (өзі тәуір артист бола тұра, Шәкеннен құнды пікір шыққанын көрген емен) тыңдай, елеңдей отыра, өзгелерді ерте шақырып пьесасын оқып, жалғыз ғана мені 3-ке шақыруы көңіліме келді. Бұны ішімнен «Едігенің ескі кегі» дегендей, не ескі жікке, немесе, ойыма келген сөзді өзгелердей бүкпей айта салуымнан қорқу деп түсіндім (Соңғы жорамалым расқа шықты, оны кейін айтам).
Тамақтан жұрт тарағанда, мен аэропортқа бармай қалдым. Тахауи Ахтанов (ол – Мұхтарға поклонниктің бірі ғой) менімен бірге қайтты:«Қалай екен?»,– деп сұрап едім: «Менің ақылым жетпейтін нәрсе ме, болмаса, түкке тұрмайтын бірдеңе ме – түк түсінсем бұйырмасын»,– деді.
Кейін, союзда оқығанда, Әлжаппар хабарлағанымен, бармағаным рас. Бұрын алалап оқыған кісіге жарамсақтанып нем бар? Және Тахауидің сөзіне қарадым да: ол сөз рас болса, арандап қалармын – дедім (Бұл жорамалым да расқа шықты. (Оны) бәрің жабыла мақтағансыңдар: егер сонда мен де болсам, осы хатқа жазғалы отырған сөздерімді айтар едім де, сендер – «жақсы», мен – «жаман» боп шыға келер едім. «Құдай» мені ол «пәледен» сақтады). Артынан өзіңнен сұрағанда: «Жақсы пікірдеміз, тек Әбділдә оңашада: «Бұл Мұхтардың өлім күйі» деді»– дедің. Одан кейін театрда оқығанда, жұрт жабыла тағы мақтапты, бірі – Гольдблат. Ол маған: «Ужасная пьеса, плоха, прежде всего как пьеса, а в идейном отношении, черт знает что-такое!»,– деді.
Пьесаңы өзім оқығанша естігендерім осылар. Өзім пьесаны бір емес, екі оқыдым, өйткені, ұнау-ұнамауын былай қойғанда, алғаш оқығанда автордың не айтқысы келуін олдә-білдә түсінген жоқпын! Екінші рет оқығанда, одан кейін ойланғанда да түсініп жарыған жоқпын. Ендігі сөз түсінбеу себептерім туралы және түсінгенімнен жасаған қорытындыларым туралы.
Ең алғаш, газетте басылған пьесаның Октябрьдің 40 жылдығына арналуын көргенде, газет аннотациясының пьесаны аспанның ар жағына шығара мақтауын көргенде: «Мына байғұсқа жаңа, социалистік өмірден құнды нәрсе жазуға болмай-ақ жүр еді, енді сәті түскен екен ғой!»,– деп қуанып кеттім. Пьесаны оқи бастасам, Мұхтардың өз өмірі: 57-жылы өткізілген юбилей, баяндамашы боп ішінде мен жүрмін. «Баяндамаммен ой салған екем ғой, бұл кісіге!..»,– деп тағы қуандым. Орысша айтқанда, «Увы!», босқа қуанған екем. «Прологтың» аяғында ұйқыға кетіп, түс көруден бастап Мұхтар да шатасты, «түсін» жәй ғана көріп қоймай сандырақтады!.. Пьесаның өн-бойы, түгелімен осы сандыраққа ғана құрылған!..