Ең алдымен, пьесадағы герой атаулының шешелерінен бір рет емес, үш рет қайта тууы ешкім нанбайтын іс. Бірінші актіде – бәрі де молда, екінші актіде – бәрі де чиновник, үшінші актіде – жаңағы молдалар мен чиновниктердің көбі коммунист!.. Түстегі шатасқан сандырақтаған болмаса, шындықты тарихта, бұндай сорақылық ешбір елдің коммунист партиясының тарихында, ешуақытта болмаған ғой? Бірен-саран (единицы) алдаушылар болғанын өзіміз де көрдік. Табынымен алдаушыларды қашан көрдік?.. Көркем әдебиетте, Горькийдің «Ағайынды Артомановтарында» екі-үш ұрпақтың жалғаса герой болуы бар, ал, мына «Дос – бедел Дос» сияқты шешелерінен бір емес, үш-үштен қайта туған адамды, әсіресе, геройды, түсінде шатасып көрмесе, өңінде көру мүмкін емес.
Тарихты герой ғып сөйлету, өзге елдің әдебиеті түгіл, қазақ әдебиетінде де Мұхтардан көп жыл бұрын салынған жол. Бір мысал, Ілияс Жансүгіровтың «Дала» атты поэмасы. Онда да ақын тарихпен сөйлеспей ме? Онда да тарих ақынға қазақ ауылындағы феодализмнен, капитализмнен, социализмнен нелерді көргенін айтпай ма?.. Бірақ, онда, тарих мына «Бедел – Достағыдай» босқа шатасып, ақылға сыймайтын былшылдарды айтпайды емес пе? Шын тарихты айтып, яғни, әртүрлі әлеуметтік формация тұсында, әр кезеңде болған тап қайшылығын, тап тартысын айтады емес пе? Ақыры, сарқып кеп, пролетариаттық революцияға, социалистік құрлысқа құяды емес пе?..
Міне, ояу адамның, өмірмен байланысы бар адамның, оның ішкі қайшылығын түсінетін, қорытынды жасайтын және өзгеше емес, маркисисше, лениншілше жасайтын адамның, адамзаттың тарихын түсінуі осылай емес пе? Мұхтардың пьесасындағы «тарихтың» шындықтағы тарихпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бұл, шатысқан, сандырақтаған тарих! Біреулер бұны «метафизика» дейтін сияқты. Дұрыс емес бұл. Метафизиканың қорытындысы қисық болғанымен, Маркстің тілімен айтқанда, «аяғымен емес, төбесімен тұрған» өмір шындығы бар. Ал мына пьеса да ол да жоқ. Бұл миф және жәй түріндегі миф емес, блеф түріндегі миф!..
Мұхтардың өзі ХХ ғасырда жасап келе жатқан адам. Пьесасының материалы да түгелімен осы ғасырдың материалы. Россия жағдайындағы ХХ ғасыр: пролетариаттық революцияның, ол революцияны коммунистердің басқаруының ғасыры, Россияда социализм құрылып боп, коммунизмге көшу ғасыры. Ендеше, (мысалы – Бейімбеттің «Шұғасы», Сәкеннің «Айшасы» т.т.) жеке адамдардың тағдырын жазбай, «Бедел-Достағыдай» бүкіл бір ұрпақтың елу-алпыс жылдық тағдырын жазған адам, олар ішінде қайнап өскен тіршілікті қалай аттап өте алады? Өте алмауын өзі де сезген Мұхтар, бұл мәселеге пьесасында лажсыз барады да, ішіне кіре алмай арам тер боп, айнала босқа шапқылайды.
Олай дейтінім, Беделді, яғни, Мұхтарды молдалықтан, ұлтшылдықтан құтқарған Октябрь болса, сол Октябрьдің осы пьесадағы ролі қайда? Октябрь тәрбиелеген қазақ коммунистері қайда? Орман (адам аты – Т.Ж.) ба ол? Не қылық, не ісімен коммунист ол? Жаппасқа: «– Беделге қарсысың?» – деп ұрсумен ғана ма?.. Орманың өзі де молда емес пе, бір уақыттағы? Өзі де ұлтшыл емес пе? Жапппасқа ұрсудан басқа өз өміріндегі былықтарын жуардай не істеді ол?. Түгі де жоқ қой ондай? Ендеше, несімен коммунист? Түкірдім мен ондай «коммунистерге»!.. Мен ғана түкірген жоқпын ондай «коммунистерге», бүкіл партия боп түкірген, яғни, сыры ашыла партиядан қуылған, өзіңде білесің, ондайлардың талайын.
Пьесасында бұны істемеуі керек еді, Мұхтардың. Екінің бірі ғана керек еді Мұхтарға: не, Октябрьге жоламай-ақ, «Шұға» сияқты жеке адам тарихын ғана алып, оны либерально-просветительдік түрде аяқтап шығуы керек еді, әйтпесе, октябрьді араластырғысы келсе, өз мәнінде, сенімді түрде араластыруы керек еді. Пьесада «о» да болмай, «бұ» да болмай, түстегі сандырақ болған да шыққан!..
Ал, осы сандырақ қалай шыққан? Әлдеқалай ма бұл? Әйтпесе, тамыры бар ма? Ахмет Жұбановтың айтуынша, (жуық арада жолықтым) бұл: «Мұхтардың алжуға айналуының белгісі». Москвадан Алматыға біздің театрдың репертуарларын көруге әдейі келген Штейн, Гончаров, Осипов үшеуінің жазып берген және көп алдында айтқан сөздеріне қарағанда, бұл – «метафизический бред» (қайран қалатын бір нәрсе, Министерство культуры СССР-дің репертуарын басқаратын Осипов Алматыға барып жазушылар жиналысында осы пікірді айтқан. Бір ай бұрын диферамба оқығандар түгел отырып, ешқайсысы қарсы шықпаған. Олардың мақтауының құны қанша екенін осының өзі-ақ көрсетеді).
Мен өзім «алжу» деген сөздің де, «метафизика» деген сөздің де жаны бар ғой деп ойлаймын. Бірақ, бұл физический Мұхтардың емес, творческий Мұхтардың алжуы. Сол барып, оны «метафизический бредке» еріксіз қамап отыр. Бұл алжуда үш себеп бар:
Бірінші себеп: – жеңілуі: советтік құрлысқа, социализмге қарсы жүрген уақытын (1932 жылға дейін) былай қойғанда, одан бергі – «Совет әдебиетінің платформасына түстім» деген жылдардың өзінде, 1957 жылы он шақты күнге, «Түркістан» совхозына барып келгеннен басқа, бұл кісі әдейілеп барып, не бір өндіріс орынының, не бір колхоз, совхоздың есігін ашқан емес қой. Ендеше, социалистік құрлыстың үнемі сыртында боп келе жатқан адам ғой. Қолында құрылыс материалы жоқ ешбір шебер архитектордың, ешбір үйді сала алмауы сияқты, қандай данышпан жазушы болса да, материалын көрмеген, білмеген өмірден ештеңе жаза алмауы заңды нәрсе ғой. Ескі, өзі білетін тақырыпқа бірнеше құнды шығарма берген талантты, білімді Мұхтардың, совет тақырыбынан, социалистік революция тақырыбынан, жазушылық бойына лайықты бір де нәрсе бере алмай келуі осыдан.
Екінші себеп – біріншіден ауырлау: Мұхтар қазақ әдебиетінде осы тақырыпқа ең көп мақала жазған адамның біреуі. Соның бәрін жинағанда, бедел есебінде, марксизм класиктеріне, әсіресе, Маркс пен Ленинге сүйенген бір де бір мақаласын көрдің бе? Көп жағдайда олардың еңбегіне сүйену түгіл, аттарын да атамайды ғой. Марксизм-ленинизм ғылымына сүйеніп, әдебиетке солардың көзімен, яғни тап тартысының көзімен, қарау, бұл кісіде жоқ қой. Бұның жететін биігі – мәдени просветительдік қана ғой. Сондықтан да маған, соғыстан бұрынғы бір жиналыста сөйлегенін естіген Семен Липкин: «Сіздің Радищевтарыңыз осы екен ғой»,– деген. Сөздің қысқасы, марксизм-ленинизмді ғылым деп зерттеп жүрген, оны қолданып жүрген Мұхтарды көрген емен.
Бұл арада «Абай» романы ше?– деген сұрау туады. Оның биік дәрежедегі көркем шығарма екеніне ешкім таласқан емес. Мен де оған таласқан емеспін. Құнанбай және оның тобы арқылы ол кездегі қанаушы таптың да бейнесі айқын көрінеді. Төңірегіндегілердің бәрі кәкір-шүкір болғанымен, гуманист Абай да сенімді жасалған. Осындай көркем де, сенімді де, шын да көрсетілетін картиналардың ішінде, ХІХ ғасырдың орта кезінде тап боп ұйымдасып, тап боп байларға қарсы шыққан Дәркембай тобы сияқты, заманына амалының түк байланысы жоқ, жасанды, жалған картиналар да жүреді. Ондай ұйымдасқан саналы тап, өткен ғасырдың ортасында қазақтың көшпелі, оқымаған ауылы түгіл, оқуы бар, отырықшы орыс крестьянында да болған емес. Марксизм-ленинизм қағдидасында крестьяндар саналы түрде еш уақытта саяси жетекші бола алған емес. Ол революцияны бастаушы емес, қостаушы ғана. Осындай өрескел социологиясы бола тұра «Абай» романының Абайға да, Мұхтардың өзіне де, қазақ халқына да абырой әперуі рас.
Үшінші себеп: алғашқы екеуінен келіп шығады. Социалистік құрылыстың жетістіктері мен қиындықтарын көзімен көріп таныспаған соң, араласпаған соң, сыртынан ғана қараған соң, марксизм-ленинизм ғылымымен қаруланбаған соң, советтік темаға, әрине, шығарма жаза алмайды. Ал осы кемшілігін жоюға тырысушылық бар ма, Мұхтарда? Қатты сынға қарау, көңіл бөлу, сабақ алу, ісіне қолдану бар ма? Менімше, жоқ сияқты. Дәлелдерім:
1) 1932 жылы тұтқыннан босанып, газет бетінде ескі жолын сөккеннен кейін, «таныдым» деген совет әдебиетінің жолымен алаңсыз тартып кетудің орнына, «Алма бағы», «Шатқалаң», «Іздер», «Тастүлек» сияқты шындыққа жанаспайтын, көркемдік құны нашар халтуралармен жұрттың көзін алдады, «Бекеті», «Айманы» сияқты халық әдебиетінің әдемі шымылдығына жасырына қойды.
2) Өзіңе белгілі – 1943 жылы, Орталық комитет маған тағы да Жазушылар Одағын басқар деп ұсынғанда, мен жалғыз ғана тілек қойдым, оным, со жылға дейін судимосы мойнында жүрген Мұхтардан бұл лағынет қамытын түсіру. Бұл тілекті үкімет пен партия қабылдады да, Жоғары Совет председателінің кабинетіне бүкіл президиум боп жиналып, азаматтық бетіндегі қара күйені сүртті. Сонда: «Абай» туралы жазып жүрген екі томды романның бірін аяқтадым, екіншісін де тез аяқтап, одан кейін Октябрь революциясы қазақ даласына қалай орнауын жазам»,– деді. Президум қол шапалақтады. Онысы да алдау боп шықты.