Тұрсынбек Кәкішев шығармашылығының зерттелуі


ТҰРСЫНБЕК КӘКІШЕВ ЖӘНЕ ТҰЛҒАТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ



бет4/7
Дата04.12.2022
өлшемі48,17 Kb.
#54772
1   2   3   4   5   6   7
ТҰРСЫНБЕК КӘКІШЕВ ЖӘНЕ ТҰЛҒАТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Тұрсынбек Кәкішев – Сәкентанушы
Ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің ғылыми зерттеулері мен еңбектерінің арасындағы ең көлемдісі, көп еңбектенгені – Сәкен Сейфуллин шығармашылығы жайында екені зерттеушілер тарапынан әбден сараланған. Қазақ әдебиетінде Сәкенді зерттеушілер аз емес. Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығы әдеби тұрғысынан да, ғылыми тұрғысынан да жан-жақты зерттелгені белгілі. М.Әуезов, Т.Нұртазин, Б.Кенжебаев, Б.Шалабаев, М.Қаратаев, Р.Бердібаев, Ш.Елеукенов, М.Базарбаев сынды ғалымдар тарапынан түрлі пікірлермен, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Г.Серебрякова, Х.Бекхожин, Т.Әлімқұлов, Ә.Көшімов, С.Сейтхазин, Ә.Тәжібаев, С.Талжанов, А.Тоқмағамбетов сияқты ақын-жазушылар тарапынан жоғары бағаланған. Ал, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Р.Нұрғали т.б бірқатар ғалымдар Сәкен шығармашылығын әр қырынан зерттеп зерттеу еңбектерін жазды. Ғалым, әдебиетші Т.Кәкішевтің де Сәкен жайлы, оның қазақ әдебиетіндегі орнын айқындау мақсатында жазған зерттеу еңбектері мен мақалалары біршама. Атап айтсақ, «Дала дауылпазы», «Сәкен Сейфуллин», «Сәкен сүйген сұлулар», «Сәкен және Гүлбахрам», «Сахара сұңқары», «Коммунист Сәкеннің ұлтжандылығы», «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік», «Сәкен тарих төрінде», «Сәкен әдебиетші ғалым» (М.Бағылбековпен бірге), «Тар жол, тайғақ кешу» және алаш қозғалысының өзекті мәселелері», «Сәкен және алаш азаматтары» т.б. Аталған зерттеу еңбектерінде Сәкен Сейфуллиннің адамдық болмысы, ақындық болмысы, шығармашылығы, қайраткерлігі, күрескерлігі жан-жақты зерттеліп, талданады.
Өмірінің өзегіне айнала бастаған Сәкен ғұмырнамасына деген қызығушылық ынтасынын ізашарлары болып табылатын «Тар жол, тайғақ кешу» («Соц. Қазақстан», 1960, 24 наурыз), «Сәкен Сейфуллин Керекуде» («Қызыл Ту», 1960, 31 шілде), «Сәкен Сейфуллиннің Қызылжарда болуы жайынан» («Ленин жолы», 1960, 23 тамыз) секілді мақалаларын жариялаған Т. Кәкішев оған алдына белгілі мақсат қойып араласты.
Қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, жаңа заман жаршысы, ақын-жазушы Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы, шығармашылық мұрасы туралы сонау 1920-30 жылдары іргетасы қаланған сәкентану ілімінің жаңа кезеңі осы мерейтойға байланысты ерекше қарқын алды. Сәкен ақталғаннан бастап-ақ жазыла бастаған қаншама эссе-естелік, мақала, көркем шығарма, зерттеулерді атамағанның өзінде, бір ғана Е. Ысмайыловтың ақыннынң 1957 жылы жедел шыққан таңдамалы жинағына жазған алғы сөзі, С.Сейфуллиннің творчестволық өмірі мен поэзиясы туралы «Ақын және революция» (1964) монографиясы, «Білім» қоғамының тапсырмасымен жазылған «Революционер-ақын», орта мектептің 10-сыныбына арналған «Сәкен Сейфуллин» (1963) атты қосымша оқулығында қоғамдық, жазушылық және қайраткерлігін танытып берді. Бұған қоса Ә.Тәжібаев «Өмір және поэзия» (1960) енбегінде лирикасы мен поэмаларын талдады. Т.Жангелдин «С.Сейфуллин» (1960) кітапшасында мұрағаттық құжаттар негізінде коғам және мемлекет қайраткері ретіндегі тұлғасына баға берді. С.Қирабаев «Сәкен Сейфуллин» (1962) монографиясында жазушылық шеберлігі мен ақындық жаңашылдығын зерттеді. Ал көркем прозада С. Мұқанов «Есею жылдарында» (1664), С.Талжанов «Сейфолланың Сәкені» (1959), Ә.Көшімов «Лашын хикаясы» (1965) шығармаларында, драматургияда С.Мұқанов «Сәкен Сейфуллин» (1962) тарихи-батырлық драмасында және «А.Тоқмағанбетовтің «Ақын тағдыры» (1965), X.Бекхожиннің «Сұңқар туралы аңыз» (1958), С.Сейтхазиннің «Біздің Сәкен» (1967) поэмаларында ақын образы сомдала бастады. Г.И. Серебрякова «Простор» журналындағы Сәкен Сейфуллин туралы естелігінде, 1965 жылы Москвада шыққан «Өткен жылдарға саяхат» (Странствия по минувшим годам. 1965) атты кітабында «С.Сейфуллин − бүкіл Совет елінің мақтанышы» деп жар салды.
С. Сейфуллин – ірі мемлекет қайраткері, ол басшылық қызметте жүріп ең шешуші сәттерде ел үшін қызмет атқарған тұлға. Тек өлең-жырлары мен көркем шығармалары арқылы ғана емес, іс-әрекетінде де күрескерлігі айқын байқалғанын аңғарамыз. Оны ғалымның зерттеу еңбектеріндегі журналистік қаламының қарымына көз жүгіртіп те көз жеткіземіз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет