3 Тұрсынбек Кәкішев – Алаштанушы Қазақ әдебиетіне кең көлемді зерттеулерімен, көптеген архивтік деректер негізінде жазған еңбектерімен танымал болған белгілі ғалым, сыншы, әдебиетші Тұрсынбек Кәкішевтің зерттеушілік талғамы, ізденімпаздығы, ғалымдық болмысы оның құнды ғылыми мұраларынан анық көрініс табады. Ғалым еңбектерінің тартымды да қызықты болуы, табанды ізденістерінде, тарихи деректерді бұрмаламай нақты жеткізетін турашылдығында, тың салаларды зерттеудегі ғалымдық адалдығы мен әділдігінде жатыр. «...Тұрсекең сөйлейді. Ешкімнің бет-жүзіне қарамайды. Ойындағысын ақтарады. Ұзақ жыл шұқшия зерттеп, әбден көзі жеткенін айтады. Қилы тағдырларды одан әрі қиындатқан жоқ. Қиын гәптерді орынсыз оңайлатқан да жоқ. Арсы-күрсі күрес үстінде өтіп жатқан өмір майданы оның қаламынан барша болмысымен өз қалпында көрінді. Еш боямасыз шыңғырған шындық қалпында көрініс тапты. Алпыс жылдай ғұмырын ақиқат жолындағы арпалыстарға арнады» - деп еске алады жазушы Әбіш Кекілбаев [12].
Кең көлемді зерттеулерінің бір тобы Алаш қайраткерлеріне арналады. Алаш қозғалысына байланысты алуан-түрлі деректің, сан-түрлі пікірдің болғанына қарамастан, ғалым терең ізденісімен тарихи тұлғаларымыздың ұлтымыз үшін жасаған ерлігін ашып көрсетіп, ақиқатқа араша түсіп, ғылым алдындағы адалдығын анық байқатып, оқырман жүрегіне тартымды мақалаларымен жол табады. Ғалым мақалаларын оқып отырып, архивтен алынған тың деректерге, нақты дәлелдерге көз жеткізесің. Талмас ізденіс пен терең тағылымға толы жазылған мақалалар көбіміз көз жұмып келген талай шындықтың бетін ашады.
Әсіресе, Алаш қайраткерлері жайлы талай бұрмалауға түскен тарихи ақиқаттың астарын ақтаруда ғалым барынша табандылық көрсетеді. Алаш қозғалысының ақ-қарасын ажыратуда ғалым «Қағидаға айналған қателерді түзетейік» (1988), «Алаштың ақиқатын ашық айтайық» (1988), «Санадағы жаралар» (1992), «Сәкен және Алаш азаматтары» (1994), «Кер заманның кереғар ойлары» (1995), «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» (К.Ахметовамен бірге) (1996) сынды т.б көптеген еңбектер жазып шықты.
Алаштың ақиқатын, растығын осы жинағым дәлелдесе арманым жоқ қой деп ақтарылады. Қағидамызға айналып кеткен қателерді түзеуге барын, жанын салады. Аталған еңбекте ғалым «...менің толғауымдағы кейбір ой-пікір, тіпті тарихи деректер кәзіргі көзқарас пен тұжырымға сай келмей, қиғаш кетіп жатуы ғажап емес. Ол үшін әрине кешеңдеп жетілген ой-сананы айыптаудың орны бола қоймас, бірақ ештеңе тындырмағандардан, тыныштығын күйттегендерден сүріне жүріп жол іздеген дұрыс қой деп жатырмын. Мен үшін қампиған даңқтан елді елең еткізетін титымдай алаштың ақиқаты қымбат» − деп жазады [14].
Аталған еңбек «Ақиқаттың ауылын іздегенде» және «Ар мен жан тірегі» деген екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімдегі «Қияс қисындар қияметі» атты мақаласында ғалым ақиқаттан алыстап жалғандыққа бет бұрып кетуімізге ықпал жасаған сол тұстағы солақай саясат екенін айқын көрсете отырып дәлелдейді. Ғалым бұл мәселеге негіз болған төрт себепті айтады. Әуелі, қазақтан шыққан ғылыми, әдеби, жетекші қызметкерлерді, қоғам зиялыларын жік-жікке бөліп, бір-біріне қарсы қойып, ыдырату саясаты арқылы ғылыми негіз керек болғанын өзек етеді. Екіншіден, араларында араздық туған ұлт интеллигенциясы қоғам алдындағы мақсат-мұраттарын біріктіре алмай, шенқұмарлық пен алауыздықтың жетегінде кеткендігін көрсетеді. Үшінші себеп, осы бір сұм саясат 1929, 1937 жылдардағы репрессиялардың «дайындығы» болғанын айтады. Яғни, бұл әрекеттердің барлығы ілік іздеуге себеп болып, әрқайсысына идеологиялық сипат беріліп, тарихты бұрмалады. Әрі ұстау, жазалау мақсатында бұл деректер мен ақпараттар жинала берді. Сөйтіп, ғылыми жалғандықтың бастауына айналды. Төртіншіден, жеке адамға табыну кезінде қалыптасып қалған қағидалар қазақ интеллигенциясы тарихының арнайы зерттелмеуіне өз ықпалын тигізді. Сол себепті «Алаш интеллигенциясы» деген айдар тағылып, буржуазиялық оқымыстылардың әдейі таратқан тұжырымы негізінде жартымсыз санақтың өзінде біршама сауаты болған ел ең надан, мәдениетсіз елге айналып шыға келді. Жоғарыда аталғандай, «Алаш интеллигенциясы» деген желеумен С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов, С. Асфендияров сынды зиялылар басында әр жіктің «көсемі» ретінде, кейін «халық жауына» айналған соң, аман қалғандары аузын бағып, басын шұлғудан басқа амалдары қалмады. Осындай жағдайларда қазақ интеллигенциясының тарихынан, қоғамдағы рөлінен көз жазып қалғанымызды ғалым баса айтады.
Ал «Қазақ зиялыларының тағдыр-талайы туралы» мақаласында ғалым тарихи тұрғыда бұрмалауға түскен қазақ зиялыларының тағдыры жөнінде көптеген деректер келтіреді. Сол тұстағы европоцентрицтік көзқарастардың қазақ интеллигенциясы жөніндегі біршама ақпараттардың жалған сипат алуына мұрындық болғаны шындық. Мақалада ғалым бұрмаланған мәселенің ең үлкені – қазақ халқының мәдени өрісі мен рухани байлығы, интеллектуалды күш-қуаты жайындағы жалғандық екеніне тоқталады. Халықтың сауаттылығы жөнінде тың мәселелерді көтереді, архивтік негізге сүйеніп негізгі халқы 87,17 пайыз болған қазақтардың сауаты ең аз дегенде алты, алты жарым пайыз болуға тиістігін дәлелдейді. Тарих бетінде қоғамда ерекше рөл атқарған «Қазақ» газетінде «Алаш» партиясының бағдарламасының жобасы жарияланып, оны Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Омаров, Есенғали Тұрмұхаметов, Әбділхамит Жандыбаев, Ғазымбек Бірімжанов бірлесіп жасағандығы айтылады. Және солақай саясаттың салқыны аталған тұлғалардың әрі жалпы қазақ интеллигенциясына қалай әсер еткендігі, жалғандық сипатқа қалай ие болғандығы нақты деректер арқылы сарапталады. Қазақ атауының екінші атауына айналып кеткен алаш этнонимінің қорқынышты, зиянды, қаралағыш атауға қалай айналып кеткендігі, қай тұста қарсы мәндегі түсінікке айналғанын анық көрсетеді. Қазақ зиялыларының тағдырын жан-жақты талқылай отырып, бүгінгі күні көбімізге белгісіз болып келген тың ақпараттар бойынша шындыққа көзімізді жеткізеді.
Ғалымның архивтік зерттеулер негізіндегі қаншама еңбектерін ескерсек, оның ақиқат ауылын іздеуде, алаштың «ақтаңдақтарын» ақтап алуда өз ұлтына деген асқан махаббат жатқанын аңғару қиын емес. Оны ғалым жайлы өзге де әдебиетшілердің, ғалымдардың естеліктерінен, пікірлерінен байқап, көріп те отырмыз. Жан-жақта шашырап жүрген қазақты «жалғызым» деп жүрегінен орын берген, алаш үшін әдебиет майданында қаймықпай, аянбай тер төккен Тұрсынбек Кәкішев есімін алаштан бөліп қарау, мүмкін емес. Өйткені, алаштың ақиқат шымылдығын ашуда, туған халқының тарихи шындығын әділ таразылауда ғалымның еңбегі ерен.
Ғалымның зерттеу жұмыстарын оқи отырып, Алаш қозғалысы жайлы тарихи тың деректерге ұшырасамыз. Оның бәрі дәлелі мен дәлдігі дөп келетін, тарихи фактілерге сүйеніп жазылғанына көз жеткіземіз. Расында, алашты тарихи тұрғыда әділ бағалай алмауымыз ғалым айтқандай, көріп тұрған нәрсені көрдім деп айта алмауда, «ақты – ақ, қараны – қара» дей алмауымыздан, әртүрлі сыңаржақ пікірлердің ығына жығылуымыздан шығар. Алайда, Тұрсынбек Кәкішевтің алаштанудағы ерен еңбегі, үзіліссіз жазылған көптеген зерттеулері алаш зиялыларына деген құрметімізді арттыртпаса, кемітпек емес.
Тарихта өз кезеңінде халықтың саяси күші ретінде саналған «Алаш» қозғалысы, «Алаш» партиясы, «Алашорда» үкіметінің құрылуы, әлеуметтік, саяси, тарихи негіздері және Алаш қайраткерлерінің тағдыры жөнінде тарихшылар мен әдебиетшілер тарапынан түрлі ғылыми көзқарастар кездеседі. Аталған тақырып төңірегінде Н.Мортыненконың құрастыруымен «Алашорда» (1992), М.Қойгелдиев «Алаш қозғалысы» (1995), К.Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» (1995), Д.Қамзабекұлы «Алаш және әдебиет» (2002), Д.Сүлейменова «Алашорданың батыс бөлімі – өлке тарихының құрамдас бөлігі» (2007), К. Ілиясованың құрастыруымен «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» (2007) т.б зерттеулер жарық көрді.
Бүгінгі тәуелсіздік тұсында тарихи шындықты таразылап, ұрпаққа сауатты ұсыну тарихшылар мен әдебиетшілердің алдында тұрған басты міндет. Алашқа қатысты зерттеу жұмыстары бар. Алайда оның саяси бұрмаланып келген тарихын халыққа ақ-қарасын ажыратып ұсынған ғалымдар шектеулі. Алаш қозғалысына, Алаш қайраткерлеріне, «Алашорда» үкіметіне қатысты архивтік деректер негізінде зерттеулер жүргізіп, өнімді еңбек еткен ғалымдардың бірі – Тұрсынбек Кәкішев. Ғалым өз сөзінде: «Ең сойқанды, қара сойылды қателік алашқа байланысты өрістеді. Қазақтың бүкіл интеллектуалды қуаты, ақыл-парасаты құрбандыққа шалынды. Алаш қозғалысы, алаш идеологиясы, «Алашорда» үкіметі дегендердің аражігін ажыратпай, ақ-қарасын айқындамай бас салып соға берудің нәтижесінде тарихи құбылыстар айрықша қатты бұрмаланды, шындықтың шырайы қашты. Оның сойқаны бүкіл елдің психологиясын, ниет-пиғылын бұзды, жарамсақтар мен нигилистерді сахнаға шығарды» [16,62] − деп түйеді.
Ғалым «Қазақ зиялылары» атты еңбегіндегі «Тоналған тарих» мақаласында «Алаш» партиясы мен бағдарламасы, «Алашорда» үкіметі жайлы тарихи көзқарасын айқын көрсетеді. Алашқа байланысты айтылып келе жатқан мәселелерді нақты шешу керектігін, оны заман мен уақыттың талап етіп отырғанын, дәлелсіз айыптау мен қисынсыз кінәләудан арылу керектігін баса айтады. Шексіз жалғандықтан, өтіріктен ұлттық рухани байлығымыздан ажырап бара жатқанымызды негізгі түйіндер арқылы қорытады.
Біріншіден, алашшылардың Ресейден бөлініп кету туралы ойларының мүлдем болмағандығы;
Екіншіден, орыстарды Қазақстаннан қуып шығып жерді қайта алуды көздемегені, қайта бос жатқан, иесіз жерлерді қайтіп берсе деген ниетте болғандығы;
Үшіншіден, Ресей федерациясы құрамында оқып, елдігін көркейтіп, ұлттық сана-сезімін дамытуға, күшейтуге тырысу сөкеттігі жоқ мәселе екенін назардан тыс қалдырмау керектігін атап өтеді. Себебі, ғалым әділетсіздікке, шектен тыс бұрмалауға ұшыраған тарих беттерін шындық деңгейімен дөп беруді көздейді.
Аталған мақалада ғалым «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметіне қатысты күрмеуі шешілмей келе жатқан түйіткілді мәселелерге де өзіндік көзқарасын білдіреді. Өйткені, бұл түйіндер шешілмейінше, әдебиет, тарих, өнер салаларындағы қателердің түзелмейтіні анық. ««Алаш» партиясы программасының жобасы 1917 жылдың 21 қарашасында «Қазақ» газетінде жарияланды. Ал партия 1917 жылдың шілде айында құрылыпты-мыс. Жер-жерлерде қазақтардың басы құрылған топ «Алаш» партиясының съезі болды деп даурығуымызды әлі қойған жоқпыз. Ал шындығына келсек, яғни партия құрылуының заңдылығы талап ететін шарттарға келсек, онда оның жарғысы болмай ма, сол устав пен программаны жүзеге асыратын комитеттері мен жергілікті ұйымдары болмай ма? Оларды басқаратын хатшылары болмай ма? Архив қарап жүріп осының біріне де кездескен емеспін, тарихи деректерді көрген жоқпын. Көрдім-білдім дегендерді де кездестірген емеспін. Сонда қалай, «Алаш» партиясы қазақтың аузында ғана болып, дүниеде тұрақты орны болмай, ғайыпта өмір сүрген бе?» [16,86] – деп заңды сұрақты қоя отырып жауап береді.