Тұрсынбек Кәкішев шығармашылығының зерттелуі


Тұрсынбек Кәкішевтің шығармашылық ғұмырнамасы



бет2/7
Дата04.12.2022
өлшемі48,17 Kb.
#54772
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Тұрсынбек Кәкішев (4)

Тұрсынбек Кәкішевтің шығармашылық ғұмырнамасы

Қазақ әдебиеттану ғылымында кең көлемді зерттеулерімен, ғалымдық адалдығы мен әділдігімен, турашылдығымен, архивтік деректерге сүйеніп жазған еңбектерімен танымал болған ғалым, сыншы, әдебиет тарихшысы Тұрсынбек Кәкішев 1927 жылы 15 тамызда Ақмола облысының Бұланды ауданына қарасты Даниловка руднигинде дүниеге келеген. Ғалымның орта мектепті бітіруі Ұлы Отан соғысының аяқталу жылдарымен тұспа-тұс келеді. Мектепті бітіргесін Т.Кәкішев С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне түсіп, оны 1950 жылы аяқтайды. Университет қабырғасында жүргенде ғалымның қаламының қарымын байқаған С.Төлешов оны редакцияға жастар бөлімінің меңгерушісі ретінде ұсынады. Университет жолдамасымен оқу мен жұмысын қатар атқарып, қазіргі «Рауан» баспасы редакциясының аға редакторы болып қызмет атқарады. 1951 жылы баспасөз бөлімінің шешімімен сол кезең классиктерінің шығармаларын тәржімалайтын аудармашылық 2 жылдық курсқа жіберіліп, оқу барысында Партия тарихы институтына кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істейді. Тұрсынбек Кәкішевтің тартымды, қызықты, архивтік деректер негізінде жазған мақалалары осы институттан бастау алады. Тіл және әдебиет институтына 1958 жылы аспирантураға түсіп, 1960 жылы тиісті мерзімінен бұрын «Қазақ әдебиетінің қалыптасу дәуіріндегі идеялық-творчестволық мәселелері» тақырыбы бойынша кантидаттық диссертация қорғайды. Әрі сол институттың аға ғылыми қызметкері болып тағайындалады. Аталған зерттеу еңбегі 1962 жылы «Октябрь өркені» деген атпен монография болып басылып шықты. Еңбек ғалымның өткір ойларымен қатар қазақ әдебеттану ғылымында тарихи-архивтік деректерді пайдалануды, ғылыми ізденімпаздық мәселелерін негізге алды. Ғалым 1950 жылдардың 2 жартысынан бастап қазақ кеңес әдебиеті тарихынан ұмытыла бастаған тұлғалар жайында мақалалар жазып, Ж.Тілепбергенов, Е.Бекенов еңбектерін жинаумен, жариялаумен айналысты. 1957 жылы Саттар Ерубаевтың мұраларын жинақтап кітап етіп шығарса, Қ.Жармағамбетовпен бірге 1959 жылы Сабыр Шариповтың екі томдығын басып шығарды. Ал 1960 жылдардан бастап Сәкеннің алты томдығын шығаруға белсене араласып, төртінші, бесінші және алтыншы томдарды құрастыру ісімен айналысты.


Т.Кәкішев ғылым алдындағы парызына адал болды. Ол архивті ақтарып жүріп, өз еңбектерімен қатар өзгелердің де шығармаларын тауып алып, жинастырып, жариялап басып шығаруы ел қажеттілігін өтеп отырды. Ғалым қазақ әдебиетінің тарихын жасау жолындағы ғылыми әлеуметтік маңызы жоғары іске бел шешіп кіріскені мәлім. Сол жолда «Қазақ әдебиеті тарихының» үшінші томында арнаулы тарауларды, бөлімдерді жазды. Екінші кітаптың жауапты редакторларының бірі болды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасының «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» еңбегін басқа тілдерге аударуға «Қазақ университеті» баспасы шығарғанда басылым редакциясын басқарды. Және ғылыми конференцияларда, әдебиетшілердің жинақтарын шығару мәселесінде үнемі ат салысып отырды. Тек әдебиет тарихымен ғана айналысып қоймай, бүгінгі әдеби процесстен шет қалмай түрлі сыни мақалалар жазып отырды. Мақалалары тарихи-архивтік деректерімен, өткір шыншылдығымен, ғылыми биік ойларымен ерекше әрі бағалы екені айқын. Ғалымның толассыз зерттеулері, толымды ойлары түрлі ғылыми еңбектерден анық көрініс табады. 1967 жылы «Дәуір суреттері» монографиясы, 1968 жылы архивтік дерек негізінде жазылған «Қызыл сұңқар» тарихи-әдеби очеркі, 1971 жылы қорғаған «Қазақ әдебиет сынының туу және қалыптасу жолдары» докторлық диссертациясы, оның негізінде жарық көрген «Сын сапары» монографиясы, 1982 жылы жарияланған «Оңаша отау» зерттеу еңбегі, Сәкен Сейфуллиннің шығармашылық, әлеуметтік өмірбаяны және ғалымның ғибратты саяхаттары негізінде жазылған сапарнамалары 1978 жылы «Ұштасқан үш өзенмен», 1983 жылы «Жол үстінде 80 күн», 1989 жылы «Жасампаз өлке» (Польша, Қытай, Иран, Түркия, Монголия, Франция қазақ диаспорасымен байланысты) т.б. Т.Кәкішевтің ғалымдық болмысына ғалым К.Ахмет былай деп баға береді: «Т.Кәкішұлының ғалымдық-өнерпаздық ерекшелігі – өзінің зерттеу еңбектерінде аңызына түрен түспеген тың салаларды нақты деректер негізінде індете зерттеуге құмарлығы. Міне, сондықтан оның қаламынан туған дүниелерге ғылыми қауым да, шәкірттер әлемі де, әдебиетті қызықтаушылар да құлақ түріп отырады» [8,8].
Ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің шығармашылық ғұмырнамасы күреске толы, ізденімпаздық пен қажырлықтан тұратын сан жылды құрады десек қателеспейміз. Оны бүгінгі күнгі шәкірттері мен Т.Кәкішевті зерттеуші ғалымдар да жарыса айтып келеді. Әсіресе, оның ғалымдық болмысы, талғампаздығы, әдебиеттану ғылымына, ұлтқа жанашырлығы көпке үлгі. Әдебиетші С.Негимов «Ғылым сардары» мақаласында өзіне ұстаз тұлға ретінде жақын ғалым Т.Кәкішев жайлы, оның ғалымдық табиғаты, ұстаздық қамқорлығы туралы ерекше атап өтеді. Т.Кәкішевтің аудиторияны уысында ұстай білген, өзі білген деректерді, мәліметтерді мөлдірете баяндайтын ұстаздық қырын еске алады. Өзінің ғылым жолына келуіне айрықша ықпал етіп, қолдау көрсеткен ұстазының бұл жанашырлығын С.Негимов тек шәкіртке емес, қазақ әдебиеттану ғылымын дамытуға қосқан зор үлесі деп біледі. Т.Кәкішевті «ғылым сардарына» балайтын С.Негимов оның ғалымдық болмысына былай деп баға береді: «Ғылым сардары, ел ардағы, қазақ әдебиеті сыны тарихының білгірі Тұрсынбек Кәкішұлы республиканың әдеби-мәдени өркендеуіне жойқын үлес қосқан ардагер. Талай рет сапарлас, пікірлес болдым. Мәселен, Абылай хан, Хан Кене, Ақжолтай Ағыбай батыр, Дулат, Шортанбай жыраулар және Мағжан, Сәкен сынды ұлт қаһармандары мен ақындарының мүшелтойларында. «Ер жорықта сыналады» деген қағида бар. Тұрсекең жолда өте көнтерлі, елгезек, «атқа жеңіл, тайға шақ, ұйқысы жоқ, жолға сақ». Асылы, аяулы ұстазымнын болмысына мінездеме берер болсам, ол − бықсық, жалтақ, тайғанақ, жантық емес. Қулығы, арамдығы, мәймөңкесі, ішкі бүкпесі, есебі жоқ. Ойын солқылдата, күндей күркірете, жай отындай жарқырата айтады. «Айна айна емес, халық айна» дегендей, ел осылай таниды» [10,4].




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет