486-тапсырма. Киелі 7 санына байланысты ұғымдарды жазып шығыңыздар.
487-тапсырма. Берілген үлгі бойынша сан есімнің мағыналық түрлеріне жаттығыңыздар.
Үлгі: екі, екінші, екеу, екі-екіден, екілерде, екіден бір. Үш...,төрт..., бес..., алты..., жеті....
488-тапсырма. Мәтінді оқып мазмұндаңыздар. Терминдерге назар аударыңыздар. Мәтіннен есімдіктерді тауып, астын сызыңыздар.
Беті мұқият өңделген кішкене допты домалатсақ, ол біраз қашықтыққа барып, тоқтайды. Ал нашар өңделген столдың кедірбұдыр бетімен домаланған доп ұзаққа бара алмайды. Егер бір дененің қозғалысына екінші дененің әсері аз болса, онда оның жылдамдығы да аздап өзгереді, ал әсері күшті болса, тез арада үлкен өзгеріске ұшырайды.
Денеге басқа денелердің тарапынан әсер болмаса, ол жылдамдығын өздігінен өзгерте алмайды. Дененің өз тыныштығын немесе жылдамдығын тұрақты сақтау құбылысын инерция деп атайды. Жер бетінен басқа дененің әсерінде болмайтын денені табу мүмкін емес. Денеге басқа денелердің әсері жоқ дегеннің өзінде де, Жердің әсері болады.
Денелердің өзара әсерлері – олардың қозғалыстарының басты себебі. Бір дененің механикалық күйі, басқа дененің әсері болмайынша, еш уақытта өзгермейді. Бұл тұжырым – динамиканың негізгі қағидаларының бірі. Оны ағылшын физигі Исаак Ньютон былайша тұжырымдаған болатын: «Тыныштықтағы немесе түзу сызықты бірқалыпты қозғалыстағы дене басқа денелердің тарапынан қандай да бір әсер болғанға дейін, бастапқы күйін тұрақты сақтайды». Бұл
тұжырымды Ньютонның бірінші заңы деп атайды. Ендеше денеге ешқандай күш әсер етпесе, ол тыныштық күйін немесе бір- қалыпты түзу сызықты қозғалысын сақтайды.
Біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырдан бастап, 20 ғасыр бойы гректің ұлы ойшылы Аристотель мен оның жолын қуушылардың идеясы үстемдік етті. Олардың көзқарасы бойынша дененің тұрақты жылдамдықпен қозғалуы үшін, оған үнемі басқа дене әрекет етуі керек деп есептелінді; дененің табиғи күйі тыныштық деп саналады.
Алғаш рет итальян ғалымы Галилео Галилей (1564– 1642 жж) ғасырлар бойы қалыптасқан бұл қағидадан бас тартты. Ол өзінің жүргізген керемет тәжірибелері негізінде Аристотель мен оның жолын қуушылар ілімінің жалған екендігін дәлелдей білді. Ол денелердің горизонталь жазықтықтар бойымен қозғалысын зерттей отырып, егер денеге басқа денелер әрекет етпесе немесе олардың әрекеті теңгерілген болса, онда дене
тыныштықтағы күйін сақтайды, не түзуге сызықты және бірқалыпты қозғалысын жалғастырады деген қорытындыға келген болатын. Бұл – өздеріңе таныс инерция заңы. И. Ньютон инерция заңын механика негізінде енгізді, сондықтан, бұл заңды Ньютонның бірінші заңы деп атайды. Бұл заңның дұрыстығын біз қалай тексере аламыз? Нақтылы жағдайларда, қарастырылатын денеге түсірілетін сыртқы әрекеттен арылу мүмкін емес. Алайда, тәжірибелер денелер өзара әрекеттесуге (мысалы, аздап еңкейтілген үстел бетіндегі дене жермен, атмосферамен, еңкіш бетпен өзара әрекеттеседі) қатынаса отырып, тыныштық қалпын сақтауы немесе бірқалыпты түзу сызықты қозғалуы мүмкін екендігін көрсетеді. Бұл жағдайда өзара әрекеттесудің теңгерілуі туралы айта аламыз. Үйкеліс аз болған жағдайда, мысалы, сырғанатылған тас мұз бетімен ұзақ уақыт бойы қозғала алады. Үйкеліс неғұрлым аз болса, тас солғұрлым едәуір жерге дейін сырғанайды. Бірақ бұл денелер аздаған тең әрекетті күш әрекетінен, өздерінің жылдамдықтарын өзгертулері мүмкін.
(Ә.Қ.Шоқанов. «Жалпы физика курсы» I бөлім)
Достарыңызбен бөлісу: |