Педагогикалық процесс – оқушы тұлғасының жағдайын өзгертуге бағытталған, мазмұны жағынан толықтырылған және арнайы ұйымдастырылған тәрбиешілердің жүргізуші және бағыттаушы әрекетінің және баланың белсенді әрекетінің негізіндегі өзара әрекеттесу процесі. (Б.Т.Лихачев) Педагогикалық процесс – белгіленген мақсатқа жетуге бағытталған және тәрбиеленушілердің қасиеттері мен сапаларын алдын-ала анықталған жағдайға өзгеруіне әкелетін тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің дамып отыратын өзара әрекеттесу процесі (И.П.Подласый). Біртұтас педагогикалық процесс – жан-жақты үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыруға бағытталған мұғалім мен оқушылардың өзара әрекеттесу процесі (Н.Д.Хмель - Қазақстанда біртұтас педагогикалық процестің теориясын қалыптастырушы ғалым). Сонымен, біртұтас педагогикалық процесс – ол мұғалім мен оқушылардың өзара әрекеттесу процесі болып табылады, оның барысында әлеуметтік тәжірибе тұлғаның қасиеттеріне алмасады.
Біртұтастық – ол педагогикалық процестің синтетикалық қасиеті, ол оның дамуының жоғары деңгейін, онда қызмет ететін субъектілердің саналы әрекетінің нәтижесін сипаттайды. Біртұтас педагогикалық процеске оны құраушы компоненттердің ішкі тұтастығы, олардың үйлесімділігі тән.
Біртұтас педагогикалық процестің негізгі белгілері – мақсаттылық, екіжақтылық және тұтастық. Мақсаттылық - БПП әр уақытта белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталады, яғни нәтижесі алдын-ала болжамданады. Екіжақтылық – процестің нәтижесінің тиімділігі мұғалім мен оқушының әрекеттерінің өзара байланыстылығына және белсенділігіне байланысты. Тұтастық – процестің нәтижелілігі оның шеңберінде іске асырылатын тәрбие мен оқытудың үйлесімді ұйымдастырылуына байланысты.
Біртұтас педагогикалық процесс келесі компоненттерден тұрады: мақсат, мазмұн, әдіс-тәсілдер және формалар, нәтиже, мұғалім әрекеті, оқушы әрекеті. Оны келесі сызба арқылы көрсетуге болады.