1.2 Туристік саланың инновациялық дамуын басқаруды зерттеу әдістемесі
Бүгінде инновациялар болжанатын және бақыланатын бюрократиялық процеске айналған әрі кез-келген саладағы өндірістің объективті қосымша факторы болып табылады. Сондықтан, әр түрлі кәсіпорындардың басқару тізбегінде R&D&I процесінде R&D&I менеджменті жүйесін қолдайтын және орындайтын жоғары басшылық пен қызметкерлердің болуы маңызды және оған келесі ерекшеліктер тән: инновациялардың дамуын болжау, мониторинг жасау, технологиялық мүмкіндіктерді пайдалану, тәуекелдер мен белгісіздікті басқару, R&D&I процесінің ашықтығы, инновациялық қызметпен айналысатын қызметкерлерді ынталандыру, технологиялық үдерісте мүдделі тараптармен тұрақты өзара байланыс орнату.
R&D&I процесі өзгермелі әрі күтпеген жағдайлармен сипатталады және ол PDCI (Plan-Do-Check-Act) әдіснамасын қолдана отырып, R&D&I менеджмент жүйесі арқылы ұйымдастырылады. Мұндағы PDCA әдіснамасы «Жоспарлау – Жасау – Тексеру – Әрекет ету» дегенді білдіреді [75-77]:
– жоспарлау: жоғары басшылықпен және әлеуетті нарық талаптарымен белгіленген технологиялық стратегияға сәйкес R&D&I нәтижелеріне жету үшін оның мақсаттарын белгілеу керек;
– жасау: R&D&I жүйелеу рәсімін енгізу;
– тексеру: R&D&I мақсаттарын есепке ала отырып, R&D&I процесін басқару, бақылау және нәтижелер туралы хабардар ету;
– әрекет ету: кәсіпорында R&D&I процесін тұрақты жақсарту үшін шешім қабылдау.
R&D&I процесін жүзеге асыру бір-бірімен өзара байланысты болғанымен, 5 әр түрлі бағытта жүзеге асырылуы мүмкін:
Бірінші бағыт нарықтың жаңа қажеттіліктерін қанағаттандыру және бар өнімді немесе процестерді жақсарту үшін технологиялық қадағалау мен болжаудың, ішкі және сыртқы талдау мен идеяларды жүзеге асыру барысындағы әлеуетті нарықты зерттеудің нәтижесі болып табылады. Бірнеше идеяның ішінен технологиялық және экономикалық тиімділігі бары таңдалады және олар R&D&I жобаларын дайындаудың негізін құрайды, әрі қарай олар бірінші кезеңге, яғни, негізді жобалауға өтеді, одан кейін тестілеу кезеңіне жіберіледі. Егер технологиялық өндіріс сатысында пайда болған мәселелер өз шешімін тапса, жоба жаңа өнімнің маркетингі және технологиялық қызметіне беріледі.
Екінші бағыт біріншімен тығыз байланысты, ол R&D&I процесінің әр түрлі кезеңдері арасындағы үздіксіз кері байланысты анықтауды көрсетеді, мысалы, маркетинг, жобалау және сынау, жобалауды жақсарту және жасалатын өнімнің сапасын жоғарылату үшін тұтынушы және оның талаптары, нарық қажеттіліктері туралы ақпарат пайдалануы керек.
Үшінші бағыт инновациялар мен зерттеулер арасындағы байланысты ескереді, туындаған мәселелердің шешімін табу үшін R&D&I процесінің негізгі кезеңдерінде технологияларды дамытудың ішкі және сыртқы тәжірибесі талап етілуі мүмкін. Бірақ, мәселелердің шешімі табылмаған жағдайда, тиісті ғылыми зерттеулер жүргізу керек. Төртінші бағыт R&D&I жобаларын пайдалануды көрсетеді. Бесінші бағыт R&D&I процестері мен зерттеу нәтижелерінің арасындағы кері байланысты қамтамасыз етуді көздейді.
Басшылық R&D&I менеджмент жүйесін әзірлеу және енгізуде келесі талаптарды орындауы қажет: R&D&I саясатын әзірлеу, R&D&I мақсаттарын анықтау, талдау жүргізу, R&D&I менеджменті бөлімшесін құру, қажетті ресурстармен қамтамасыз ету, R&D&I бюджетін қарастыру және бекіту, алынған нәтижелерді қорғау және пайдалану бойынша саясатты анықтау.
Әзірленген R&D&I саясаты, біріншіден, кәсіпорын мақсаты мен бірқатар талаптарға сәйкес болуы керек, екіншіден, R&D&I менеджмент жүйесінің нәтижелілігін тұрақты арттыруға бағытталуы тиіс, үшіншіден, сапа саласындағы мақсаттар өлшенетін болуы шарт, төртіншіден, R&D&I саясаты сапа саласындағы саясатпен келісілуі міндетті болып табылады, бесіншіден, R&D&I бойынша мақсаттардың орындалуына талдау жасау қажет. R&D&I саясаты кәсіпорын қызметкерлеріне дейін жеткізілуі және түсінікті болуы тиіс, себебі, адам ресурстары бұл жүйеде шешуші рөл атқарады. Әсіресе, қызметкерлер белсенділігін арттыру мен R&D&I-ға қатысушы қызметкерлерді ынталандыру мәселелері өзекті. Бұл ретте қызметкерлердің қажетті құзыреттілігін анықтау және R&D&I процесіне қатысатын әр түрлі кәсіпорындармен ақпарат алмасу маңызды.
Кәсіпорын R&D&I процесіне қойылатын талаптардың сәйкестігіне жету мақсатында тиісті инфрақұрылымды жұмыс күйінде ұстап, қолдап отыруы шарт, оларға ғимарат, жұмыс кеңістігі мен олармен байланысты еңбек құралдары, R&D&I процестерін орындауға арналған жабдық (техникалық, бағдарламалық құралдар); көлік, байланыс, ақпараттық жүйелер сипатындағы қамтамасыз ету қызметтері жатады. R&D&I менеджмент бөлімшесінің қызметі R&D&I құралдарын пайдалана отырып, мәселелер мен мүмкіндіктерді сәйкестендіруді, идеяларды талдау мен іріктеуді, жобалар портфельдерін жоспарлау, бақылау және басқаруды, нәтижелерді басқару, бақылау, құжаттауды және оларды қорғау мен қолдануды, өлшеу, талдау және жетілдіруді қамтиды (5-сурет).
Сурет 5 – R&D&I процесін басқару құралдары
Ескерту – Әдебиет негізінде автормен құрастырылған [75-77]
5-суретке сәйкес, R&D&I менеджментінің бөлімшесі өз қызметінде келесі басқару құралдарын қолдануы тиіс:
Достарыңызбен бөлісу: |