Диссертациялық зерттеудің мақсаты – Астана қаласы мен Ақмола облысы туристік саласының инновациялық дамуын басқару бойынша теориялық негіздемелер және тәжірибелік ұсыныстар әзірлеу. Диссертациялық зерттеу мақсатын жүзеге асыру келесі міндеттерді шешуді қажет етті:
туристік саланың инновациялық дамуын басқарудың теориялық негіздері мен тұжырымдамаларын зерделеу;
туристік саланың инновациялық дамуын басқарудың шетелдік тәжірибесін зерделеу;
Астана қаласы мен Ақмола облысы туристік саласының инновациялық дамуын талдау;
Астана қаласы мен Ақмола облысының туристік саласын инновациялық дамытуды басқарудың факторларын бағалау;
Астана қаласы мен Ақмола облысы туристік саласының инновациялық дамуын басқарудың ұйымдастырушылық-басқарушылық механизмін жетілдіру;
Астана қаласы мен Ақмола облысы туристік саласының инновациялық дамуын басқарудың моделін әзірлеу.
Зерттеу объектісі –Астана қаласы мен Ақмола облысындағы туристік сала кәсіпорындары.
Зерттеу пәні – туристік саланың инновациялық дамуын басқаруды зерттеу барысында туындайтын ұйымдастырушылық-басқарушылық қатынастар.
Зерттеудің теориялық-әдістемелік базасы.Диссертациялық зерттеудің теориялық негізін туристік саланы басқару мен оның инновациялық дамуы бағытындағы шетелдік және отандық ғалымдардың ғылыми еңбектері құрайды. Зерттеудің авторлық тұжырымдамалық моделін эксперименттік тестілеу үшін құрылымдық теңдеулерді модельдеу әдісі пайдаланылды, бұл ретте зерттеу нәтижелері үшін SPSS IBM 20 және SmartPLS бағдарламаларының көмегімен факторлық және дисперсиялық талдау сияқты ақпаратты өңдеудің статистикалық әдістері қолданылды. Зерттеуде қолданылған негізгі әдістер – салыстырмалы талдау, контент-талдау, SWOT-талдау, эксперттік сауалнама, ранжирлеу, Дельфи әдісі.
Зерттеудің ақпараттық базасы Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасына, мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамаларға, монографияларға, ғылыми мақалалардың, мерзімді басылымдардың және электрондық ресурстардың ресми материалдарына, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының статистикалық деректеріне, Қазақстан Республикасының туристік саласы бойынша анықтамалық материалдарға, Жаһандық инновациялық индексіне, Саяхат және туризмнің бәсекеге қабілеттілік индексі мен Саяхат және туризмнің даму индексіне негізделген.