Қазіргі заманда ғылым мен білім, ақпараттық технология, техника қаншалықты қарыштап дамыған сайын, адамның бойындағы рухани-адамгершілік қасиеттерінің соншалықты төмендеп бара жатқанын күнделікті өмірде көріп отырмыз. Атап айтар болсақ: тастанды бала, қарттар үйі, қатыгездік, табиғатты ластау, ағашты кесу, алдап соғу, жемқорлық, өлтіріп кету, өз- өзіне қол салу, т. б. толып жатыр. Адамзаттың ең асылы –«адам» деп қарайтын болсақ, онда адамның азғындауына не себеп? Әлде заман кінәлі ме?-деген сұрақтар туындайды. Көпшілігі «заманына қарай адамы » деген принциппен өмір суруде. Ал, заманды құрайтын адам емес пе? Міне, сонда барлығы қайтадан адамға келіп тіреледі. Сондықтан күллі әлемді сақтап қалатын бірден- бір жол рухани адамгершілік білім екені даусыз. Ал, адамның жүрегіне нұр құятын, риясыз сүйіспеншілікпен рухани бастауға жетелейтін, ол – ұстаз. Рухани- адамгершілік білімнің негізі болып табылатын «Өзін- өзі тану» жобасының авторы С. А. Назарбаева «Өмір әдебі» деген кітабында: «Рухани кәусар бұлаққа барар жол іздеу әр адамның міндеттерінің міндеті екендігіне сенімдімін» дей келе, оған тек жалпыадамзаттық құндылықтарды оқыту арқылы ғана жетуге болатынын атап көрсетті. Сонымен қатар: «Алланың алдында бәріміз бірдейміз. Әрқайсысымыздың жолымыз, өмірлік міндетіміз бар, бірақ бәрімізге ортақ міндет – жан дүниеміздегі махаббаттың сөнбейтін шырағын жаға отырып, Адам боп қалу!» деп адамшылықты бірінші орынға қояды. Бүгінгі таңдағы жас ұрпаққа беріліп жатқан тәрбиенің түрлерін алып қарайтын болсақ, ақыл- ой тәрбиесін математика сабағы, дене тәрбиесін дене шынықтыру сабағы дамытатын болса, патриоттық тәрбиені тарих сабағында, эстетикалық тәрбие музыка, әдеп сабақтарында беріледі. Ал адамгершілік тәрбиесі тек сынып сағатымен шектеліп қалды. Аптасына бір рет болатын сынып сағатында шешімін таппай жүрген түйінді мәселелердің көп екенін ескерсек, тәрбие бағытына уақыттың қалмайтыны да белгілі. Ал, түсінген кісіге жас ұрпақ тәрбиесі үшін, жалпыадамзат үшін «Өзін –өзі тану» пәнінің алатын орны ерекше. Рухани құндылықтар қоғам талабына сай өзгерістерге ұшырап жаңа нарықтық қоғам салты пайда болды. Бұл жағдайлар адамдардың арасында ізгілік, әділдік, өзара көмек, төзімділік сияқты қарым-қатынастар орнатуына ықпал ететін құндылықтар мен әр жеке тұлғаның шығармашылық мүмкіндіктерінің ашылуы мен оларды жүзеге асыруға түрткі болатын құндылықтарды зерттеу қажеттіліктерін туғызды. Осындай жағдайларда қоғамдық мұраттар мен адамдардың тәлімдік үдерістері өзгерді, сондықтан да білім мазмұнын түбегейлі жаңғырту, әдістерді жаңарту және жастарды оқыту мен тәрбие беру технологияларын жетілдіру қажеттілігі туындады.Қоғамның осындай қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білімі жобасының авторы, еліміздің Бірінші Ханымы Сара Алпысқызы тұңғыш рет мемлекеттік деңгейдегі өскелең ұрпақты жалпыадамзаттық құндылықтарға үйрету мәселесін көтерді. Жоба авторы «Өзін-өзі тану» білім бағдарламасының мәнін ешкімге еліктемей, өзіндік тұлғасын сақтап қалу; өз мүмкіндіктерін, дарынын дамыта білу; міндетті түрде «жақсы» мен «жаманды» ажырата білу; өзінің ниетіне, сөзіне және іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау; өзімен және қоршаған ортамен жарасымды өмір сүру; адамдарға әрқашан қолынан келгенше көмектесу; өзінің ішкі «Менін» жоғалтпай, ар-ұжданымен өмір сүру; қоғамның игілігі үшін еңбек ету, үнемі кемелденіп отыру деп түсінеді. Мұның барлығы – үйлесімді дамыған адамның негізгі өмірлік ұстанымдары, яғни «Өзін-өзі тану» білім бағдарламасы болып табылады.«Бұл жобаны біз «Өзін-өзі тану» деп атадық, – дейді Сара Алпысқызы – өйткені адам әуелі өзін-өзі, өзінің мүмкіндіктерін, өзінің өмірдегі орнын танып білмесе, ол тағдыр қолындағы ойыншыққа айналады. Егер де «біз кімбіз?», «қайдан пайда болдық?», «бұл өмірге не үшін келдік?» және «қайда барамыз?» – деген терең философиялық сауалдар төңірегінде мәселе қозғасақ – ол өзіміздің көзқарасымызды, өзіміздің ішкі «Менімізді» адамгершілік жағына қарай өзгертуге жасаған алғашқы қадамымыз болғаны…»Әлемдік кеңістік аясындағы адам өмірі дегеніміз не? Бір ғана сәт, қас-қағым уақыт қана. Бізге берілген осындай ғана ғұмырды өзіміз үшін және өзгелер үшін ешқандай қиындықсыз өткізу маңызды емес пе?!Жас ұрпақты өкінбейтіндей етіп, қателіксіз, уайым-қайғысыз, зорлық-зомбылықсыз өмір сүруге, өмірлері қуаныш пен шаттыққа толы болуға үйрету – біздің қасиетті парызымыз. Нағыз ұстаз бейнесін Әбу Насыр Әл-Фараби сөзімен түйіндесек: «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздық қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен оның ғылымына, шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді». [2]Осындай ұстазға тән мінез-құлық ізгілікпен ұштасып, бала жүрегінің төрінен орын алған жағдайда жас ұрпақтың рухани бай, адамгершілігі мол, жан-жақты үйлесімді дамыған, елін сүйер абзал азамат болары сөзсіз.Жас ұрпақ отбасында, ұжымда, қоғамда бірлесе өмір сүру жайында үлкендер әлемінен лайықты өнеге алады. Мұндай өнегеге нелер жатады? Ең алдымен, адамның өз-өзімен және қоршаған ортамен, атап айтсақ, Әлеммен, өзге тіршілік иелерімен, өз пейілдерімен, сезімдерімен және іс-әрекеттерімен жарастықта өмір сүруі, өзінің өмірдегі орнын таба білуі болып табылады.«Өзін өзі тану» рухани адамгершілік білім беру бағдарламасының тарихи негіздеріне көз жүгіртіп, қарайтын болсақ, әлемдік рухани тұлғалардың философиялық ойларынан, яғни, Сократтың заманынан бастау алатынын көруге болады.Ежелгі Грек философиясының көрнекті өкілі Сократ біздің дәуірімізге дейінгі 470 жылы Афинада дүниеге келді. Сократ философиясының басты обьектісі - адам, осы тұрғыдан алғанда, оныадам туралы қазіргі заманғы ғылым, философиялық антропологияның негізін қалаушы деуге болады. Сократ философиясының мақсаты адамды ізгілікке тәрбиелеу деп түсінді және адам оған өзін тану және өзін сынау арқылы жете алады деп сенді. Оның әйгілі «Менің білетінім – мен ештеңе білмеймін, басқалар оны да білмейді», «Өзіңді-өзің танып-біл!», «Әр адамның бойында күн бар, нұр бар, тек оның нұрлануына мүмкіндік беріңдер» деген қағидаларының негізгі мазмұны да осы. [3]Адамзат тарихында ғылыми ойдың үздіксіз даму барысында адамның өзін танымақтық жөніндегі ілімнің алғашқы қадамы көне грек философтарынан басталса да, оны өз заманында ғылыми жүйеге түсіріп, қалыптастырған Фараби еңбегі ерекше көзге түседі.