Тілдік жоспарлау теориясының негізін қалаушылардың бірі Дж. Фишман тілдің өмір
сүру көрсеткіштерін бағалауда осы факторға назар аудару қажеттігін алғаш айтқан болатын.
Ұрпақаралық тілдік трансмиссияның тілді сақтаудағы маңызын қазақ тілі мен оның
иелерінің мысалында талдап көрейік. Соңғы ғасырда қазақ ұлты екі түрлі саяси режимді,
идеологияны бастан өткерді. Жиырмасыншы ғасырдың басым бөлігі (70 жыл) әлеуметтік
және өмір сүру қажеттіліктерін өтеу үшін орыс тілінің ғана қажеттілігін үгіттейтін идеология
аясында өтті. Орыс тілі қоғамдық тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз етудің басты құралы
ретінде қарастырылды. Ұлттық мәдениет пен тілді, құндылықтарды насихаттау қоғамның
бірлігіне сызат түсіру ретінде бағаланды. Қалалық жерлерде
тұратын қазақтардың өзі
әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін ана тілін сақтап, балаларына жеткізу мақсатын
қоймады. Әлеуметтік орындарда өзінше ерекшеленуді қаламай, бір отан – бір ел – бір тіл –
бір сәйкестілік аясында өмір сүруді қалады. Қазақ халқының өкілдері өздерін тілдік
сәйкестендіруге жүгінбей, тек этностық сәйкестендіруді қалдырды. Ал тәуелсіздік алған
кезден бастап (1991 жыл) жаңа тілдік саясат пен жоспарлаудың нәтижесі ретінде
республикадағы тілдік жағдаят өзгеріске ұшырады. Қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп,
жаңа мүмкіндіктерге ие болды. Бірінші кезекте қазақ тіл иелерінің саны артты. Ол екі түрлі
жолмен жүзеге асты: қазақ ұлты демографиялық бумды бастан өткеріп, соңғы он жылдық
көлемінде қазақ саны 5 миллионға артты. Олардың көбі ауылдық жерден қалаға қоныс
аударып, орыс тілді қала халқын қазақтандыруға үлес қосты. Екінші жолы,
шетелдерден
қазақтардың отанына оралу үдерісі мемлекеттік қолдау тауып, 1991 жылдан бастап 2011
жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде елімізге алыс және жақын шетелдерден 210 225 отбасы
немесе 824 170 этникалық қазақ көшіп келген [2]. Олар орыстандыру саясатын бастан
өткермеген, ұлттық мәдениет пен құндылықтың негізін сақтаған әлеуметтік топ ретінде қазақ
тілінің қолданысының артуына үлес қосты. Қазақ тілі иелерінің саны артқаны анық, енді осы
үдерісте ұрпақаралық тілдік трансмиссияның рөлі қандай болды. Ол шешуші фактор бола
алды ма? Ұрпақаралық тілдік рансмиссия ережесі сақталды ма?
Тілді баласына меңгертер алдын ата-ана сол тілді білудің экономикалық және
әлеуметтік артықшылықтарына назар аударады. Оның ішіне тілде білім алу мүмкіндіктері,
білім беру ресурстарының жеткіліктілігі, балабақша, мектеп секілді мекемелердің
қолжетімділігі, сол тілге қатысты мемлекеттік биліктің көзқарасы мен саяси ұстанымдары,
тіл иелерінің әлеуметтік жағдайы, еңбек нарығындағы сол тілді білетін мамандарға
сұраныстың көлемі секілді мәселелер ескеріледі.
Дегенмен, осы жолда да қазақтар ұзақ
уақыт бойы ана тіліне емес, «кеңестік бір ұлттың тіліне» басымдық беріп келді. Оның
бірнеше себебі бар:
1. Кеңестік идеологияның жемісі. Кеңес Үкіметі бір ұлттың, бір халықтың мекеніне
айналуы тиіс деген ұстаным болды. Соған сай әр этнос өз тарихы мен тілінен, мәдениетінен
алшақтап, Кеңес Үкіметінің халқына ортақ құндылықтарды бағалай бастады. Осы
стереотиптік түсінік тәуелсіздік алған алғашқы жылдары да пайдаланылды.
2. Ұзақ уақыт бойы қазақ халқы орыс тілін әлемдік, жаһандық білімге қол жеткізудің
жолы ретінде қарастырды. Классикалық шығармаларды орыс тіліндегі аудармасы арқылы
оқып, орыс тілінің көмегімен ғылым мен техниканың, өнердің түрлі саласын бағындыруға
болады деп ойлады.
3. Орыс тілді тұлға әлеуметтік жағынан қамтылған, мәдени басымдығы бар, қоғамдық
пікірталаста басым пікірге ие беделді тұлға ретінде бағаланды. Тіл оның иесінің қоғамдық
беделімен өлшенді.
4. Халықта орыс тілінен алшақтау арқылы «үйреншікті аймағынан» шығу қорқынышы
болды. Орыс тілі үйлесіммен, ыңғайлылықпен байланыстырылды.
Алайда соңғы жылдардағы еліміздегі саяси өзгерістермен бірге жаһандану үдерісі
жоғарыдағы стереотиптік ұстанымдардың жойылуына немесе көмескіленуіне әкелді. Тілдік
саясаттың негізгі нысанына айналған қазақ тілі
қоғамның барлық саласына кіріп, елдегі
тілдік жағдаятты өзгерте бастады. Нәтиже біз күткеннен нашар болғанымен, тілдік
жағдаяттың өзгеріске ұшырауы күрделі әрі ұзақ мерзімді талап ететін құбылыс екенін
ескеруіміз керек. Ол әртүрлі факторлардың кешені негізінде жүзеге асады. Екіншіден,
жаһандану әлем халықтарының қорғаныш реакциясын туындатты. Жұтылып кетуден
қорыққан этностар өзіндік құндылықтарына арқа сүйей бастады. Оның үстіне, ғаламтор
мүмкіндіктерінің артуына байланысты әлемді бәріне ортақ танымал белгілерден гөрі
экзотикалық бағыттағы ерекше тілдер мен дәстүрлер, мәдени құндылықтар қызықтыра
бастады. Этностық ерекшеліктерді жариялау, оны өзгелерге таныту «сәнге айналды» әрі
сұранысқа ие. Сол себепті жастар өз мәдениеттеріне бұрыла бастады. Бұл мәдени кодтардың
жиынтығы ретінде бағаланатын туған тілдің маңызын арттыруға мүмкіндік берді.
Қазақ
елінің бренді мәдениеті мен тілі, дәстүрі екенін қазақ халқының «сәнқой» жастары
қабылдады. Оның дәлелі – жастардың киім үлгісіндегі ұлттық нақыштардың көбеюі, қазақ
тіліндегі жазбалары бар киімдердің сәнге енуі, дизайнерлік қызметте де ұлттық белгілердің
қолданылуы, этностильдің сәнге айналуы.
«Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы, өзге де шетелде білім алуға берілген
мүмкіндіктер арқылы жастар жаңа ілім меңгеру жолында орыс тіліне жүгінбей-ақ түпнұсқа
тілде, көбіне ағылшын тілінде оқуға болатынына көз жеткізді. Бір тілді меңгеру үшін екінші
тілден бас тартудың қажеттілігі жоқ екені де белгілі болды. Осының нәтижесінде қазақ
қоғамында қазақ тілінде оқып өсіп, кейін орыс және ағылшын немесе өзге шет тілдерін еркін
меңгерген, коммуникация орнатуға қабілетті әрі өздерін үнемі жетілдіріп отыратын сауатты
жастардың саны артты. Оларды күнделікті өмірде, мемлекеттік қызметтерде, бизнес
жолында, академиялық ортада кездестіріп жүрміз. Қазаққа білім орыс тілі арқылы ғана
келеді деген ұстанымның қазіргі заманға сай еместігіне көз жеткізген
жастар қазақ тілін
білуді әлеуметтік мүмкіндіктермен ғана емес, рухани дамумен байланысты қарастырады.
Қазақ тілді тұлғалардың қатарында бизнесті айналдырып, қызметті иіріп отырғандары
бар. Бұл олардың әлеуметтік бейнесін дайындап, беделін көтерді. Қазақ тілді тұлға білімсіз,
ауылдан келген, іскери қарым-қатынас орнатуға қауқарсыз тұлға сипатынан ажырады. Қазақ
тілді тұлғаның әлеуметтік бейнесін жақсартып, «бизнес өкіліне» айналдыруға қосқан Қытай
Халық Республикасынан келген қандастарымыздың үлесі мол деп ойлаймыз. Олар пысық әрі
бейімделгіш. Түрлі салада өздерін сынап көруге, қарапайым бизнес бастауға, сауда-саттық
жасауға жасқанбайды, еңбекқорлықтарымен ерекшеленеді. Мысалы, ешқандай капиталсыз
бастап, миллиондаған айналымы бар бизнес құрған азаматтарды білеміз. Қытай Халық
Республикасынан тауар әкеліп сатып әлеуметтік жағдайларын көтергендері көп. Бұл елімізде
қазақ тілімен ғана коммуникацияға түсіп, әлеуметтік жағдайды реттеуге болатынын
дәлелдеді. Дегенмен, олардың барлығы орыс тілін білмей, бизнес жүргізудің өте қиын екенін
айтады. Ол осыған дейінгі және қазіргі кезеңдегі қиындықтар, алдағы уақытта жойылып
кететін кедергі деп ойлаймыз. Өйткені осындай қазақ тілді тұлғалардың өздері-ақ бір-бірімен
бәсекелестікке түсіп, орталарын қалыптастырып жатыр.
Адамзаттың қазіргі даму сатысында ұжымдық ойлауға емес, индивидуалдылық сипатқа
басымдық беріледі. Әр тұлға жеке дамуға, өзіндік ойлау жүйесін қалыптастыруға ұмтылады.
Сондықтан отбасылық, ұжымдық, ұрпақаралық тілдік трансмиссияның маңызы азайды.
Ақпараттың
көптігі әсер етсе керек, білім, құндылықтар, мәдени код тігінен емес (атадан-
балаға), көлденең (заманауи ортада) беріле бастады. Жастар білімді үлкендерден, ата-анадан,
ұстаздан емес, өз бетімен ізденіп, қазіргі зерттеулердің негізінде алуға ұмтылады. Білім беру
жүйесі де осы бағытқа ауысып келеді. Әлемдік өркениеттегі осы жылжу ұрпақаралық тілдік
трансмиссияның маңызын төмендетті. Тілді ата-анадан ғана емес, қоршаған әлемнен
үйренуге болатынына басымдық берілді.
Достарыңызбен бөлісу: